ЖЕҢІСТЕН АЛАСТАЙТЫН 6 АДЫРАСПАН
ЖЕҢІСТЕН АЛАСТАЙТЫН 6 АДЫРАСПАН
4 жыл бұрын 5090

АДЫРАСПАН – жын-шайтаннан, жаман нәрседен аластайтын шөп де сенеді халқымыз. Ал төмендегі сипаттар керісінше адамды жеңістен аластайды:

  • Комплекс
  • Қырсықтық
  • Сенімсіздік
  • ЭГО
  • Сасық көкірек
  • Жалқаулық

Бұлар байдың да, кедейдің де, студенттің де, кәсіпкердің де – барлығының бойынан табылатын жаман мінездер. Ал бұл мінездер бар жерде, жеңіс адамды айналып өтеді.

Ең қиыны, әрбір адам «иә, мен қырсықпын» немесе «жалқаумын» деп мойындай бермейді. Ал негізінде, бұл сен және сенің ар-ожданың арасындағы әңгіме. Осы тақырыпты ұзақ зерттедім, көп оқыдым, сондықтан бірден айтамын, адыраспандардан арылудың жолдары өте қиын.

КОМПЛЕКС. Комплекс туралы «Ішкі комплекс – жеңіс үшін таптырмас қазына» деген тарауда егжей-тегжейлі жаздым. Есінде болсын, комплекс – диагноз және таптырмас қазына. Егер онымен күресе білсең, ол сені алға қарай итермелейтін мықты күшке айналады.

СЕНІМСІЗДІК. Сенімсіздік әдетте, балалық шақтан бастау алады. Сондықтан құрметті ата-аналар, балаңызға тәрбие бергенде оны өзіне сенімді етіп өсіріңіз. Ол өз мүмкіндіктеріне, ақыл-парасатына, күшіне сенімді болуы керек. Ертеңгі күні, әрдайым балаңыздан орнына шешім қабылдап, оның артынан жүгіріп жүрмейсіз ғой... 

Өмір жолында адамдардың барлығы да қиындықтарға тап болады, әрбіреуі онымен күреседі. Бұл өмірде сен ғана өзіңе сенімсізсің, сенің ғана қолыңнан келмейді, ал басқалар мықты деп ойлама. Әр адамның бойында қорқыныш, үрей, өзіне деген сенімсіздік болады, оны жеңіп шығу, жеңіске жету жолын жалғастыруға мүмкіндік береді. Ата-анаңды, қоғамды, тағдырды бұл үшін кінәлама, ал да жаса, яғни, күрес! Бір-екі рет ұрынғаннан кейін иммунитет пайда бола бастайды, сенімділік артады.

ҚЫРСЫҚТЫҚ. Қырсықтық екіге бөлінеді: адам мінезіндегі қырсықтық және үйренуге деген қырсықтық (жаңаны қабылдамау).  

ЭГО, САСЫҚ КӨКІРЕКТІК. Эго, сасық көкіректік – адамға осы жаман мінездердің тигізетін залалы - нашақорлық, алкоголизммен тең. Одан асып түспесе кем емес. Осы жаман әдеттерді біздің қазақ кейде «мінез» дейді. «Мінезі ауыр», «мінезі үшін жұмыстан шығып қалды», «мінезі бар жігіт қой» және т.б. Білесіз бе, осы «мінез» үшін талай адам генерал болған жоқ, осы «мінез» талай адамды банкротқа ұрындырды, мінездің кесірінен талайы әкім бола алмайды. Оқыған адам, ақылды, өз ісінің шебері, белгілі бір жеңіске қол жеткізуі керек еді, бірақ нәтиже жоқ, мінез кедергі болады.

Кезінде Осман империясында ЭГОның кесірінен "өзімді көрсетемін" деген (немесе "мен ғана" дейтін менмендік) сезімнің кесірінен дұрыс шешімдер қабылданбай қалуы мүмкін деген себеппен генералдарды соғысқа жібербес бұрын, олардың ЭГОсымен күресу үшін дәретхананы жуып шығуды тапсырады екен. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ бұл мысалда әңгіменің шындығы маңызды емес, алуға болатын сабағы маңызды. Сарайдағы адамдар генералдардың дәретхана жуатынын біліп, "генералдардың сошалықты төмендеп кеткені ме, әлде қатты қателескені ме" деп ойлапты. Адамдардың ол ойын көздерінен оқып қойып, әп-сәтте ЭГОсы "ұстап қалғанын" түсінген генерал, дәретхананы сақалымен жуып шығады екен. 

ЖАЛҚАУЛЫҚ ПЕН ЕРІНШЕКТІК.  Жалқаулық пен еріншектіктің айырмашылығын білесің бе? Бір қарасаң, бірдей секілді. Бір ғана мысал келтірейін. Ерлан – жалқау. Қанша айтсаң да әрекет етпейді, жұмыс істемейді, айтқаныңа көнбейді, бұл жерде жалқаулық ауру, індет сияқты. Ал осы Ерлан: «Әке, мен ерініп тұрмын» десе, әкесі оның тас-талқанын шығарып, ерінудің неге алып келетінін көрсетеді. Көп ерінсең, жалқау боласың.  Демек, жалқаулық – еріншектіктің ең жоғарғы сатысы...

«Екінші болма» атты кітаптан.
Авторы: Қуаныш Шонбай.
(Ықшамдап алынды).

0 пікір