Қасиетті Режеп айы келді!
Қасиетті Режеп айы келді!
9 жыл бұрын 34320
Бағашаров Қ. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Дінтану жəне мəдениеттану кафедрасы.

Қасиетті Режеп айы да келіп қалды (29 наурыз, 2017 жыл - 1 режеп). Қазіргі қазақ тілінде ол Ережеп деп те кездеседі. Әлемдегі барша мұсылмандар үшін Режеп айының орны бөлек. Өйткені ол Ислам дініндегі қатар келетін қасиетті үш айдың алғашқысы. Қалған екеуі Шағбан мен Рамазан деп аталады. Бұл айлар Жаратушы иенің пенделеріне ерекше рақымдылықпен қарауымен, аса мейірбандық танытуымен ерекшеленеді. Сондықтан әлем мұсылмандары бұл айларға аса құрметпен қарап, құлшылықтарына ден қояды.

Режеп, Шағбан, Рамазан айларының қасиеттілігі Құранда аталуымен анықталған. «Тәуба» сүресінің 36-аятында: «Расында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін» делінген.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) қоштасу қажылығында: «Бір жылда он екі ай бар. Бұлардан төртеуі харам айлар, үшеуі қатар келген Зилқағда, Зүлхижжа және Мұхаррам, төртіншісі Режеп», – деп жеке-жеке атап көрсеткен (Имам Бұхари).

«Алла тағалам, бізді Режеп пен Шағбан айында берекеге кенелтіп, Рамазанға аман-есен жеткізе гөр» деген дұға да ардақты пайғамбарымыздың бұл айларға ерекше көңіл бөлгенін көрсетеді (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259).

«Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы» деген хадисті естігенде, сахабалар бұл айдың неліктен Алланың айы деп аталу себебін сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп түсіндірген: «Ережеп – Алланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала үшін сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда пайғамбарлардың тәубелері қабыл болып, әулиелер дұшпандарынан қорғалған. Бір кісі Ережеп айын оразамен өткізсе, Алла тағаланың мынадай үш жақсылығына ие болады:

1. Өткен күнәларын кешіреді;

2. Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды;

3. Қиямет күні Алла тағала оның шөлін қандырады».

Әнас ибн Мәліктен (р.а.) риуаят етілген осы хадистің жалғасы былай өрбиді:

Осы мезет бір қарт кісі орнынан түрегеліп, өзінің Ережеп айында түгелдей ораза ұстауға шамасы келмейтіндігін мұңая жеткізгенде: «Ережеп айының басында, ортасында және соңында ауыз бекітсең, бұл айды түгелдей оразамен өткізгендей сауапқа кенелесің», – деген жауап естіп қуанады.

Тақуалыққа бір табан жақындау мақсатында бұл айда нәпіл ораза ұстау турасында мынандай деректер де кездеседі:

«Кімде-кім Ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған Фирдаус жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар» (Абдуллаһ ибн Зүбәйірден (р.а.)).

«Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді» (Әнас ибн Мәліктен Мұса ибн Имран жеткізген).

Режеп айында қасиетті екі түн бар. Ол екі түн Рағайып және Миғраж деп аталады. Рағайып түні алғашқы аптаның жұмасына (наурыздың 30-нан, 31 не қараған түні, 2017 ж), ал Миғраж түні жиырма жетінші түнге сай келеді (Сәуірдің 23-нен, 24-не қараған түн, 2017 жыл). Рағайып түнін «жақсылық пен игілікке толы әрі аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз.

Негізі Режеп айы Ислам діні келмей тұрып та қасиетті деп есептелген. Ислам діні бұл айға деген құрметті тіптен күшейте түсті.

Құрандағы: «Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? – деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу – үлкен күнә, – де. Ал адамдарды құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) мүмкіндік бермей, ол жерден адамдарды қуу – Құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау – кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшрік кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны – тозақ, онда олар мәңгі қалады» («Бақара», 2/217), – деген аят осыны аңғартуда.

Қасиетті үш айда жасалған жақсылықтар мен ғибадаттарға сауап еселеніп жазылады. Ғалымдардың айтуынша, жай кезде Құранның әрбір әрпі үшін он сауап жазылса, Режеп айында ол сауап жүзге, Шағбанда үш жүзге, ал Рамазан айында мыңға шығады. Жұма түндерінде мыңдап, ал Қадір түні отыз мыңға шығады. Осы тұрғыдан келгенде, сауапқа ынтық жандар үшін бұл айларды шүкіршілік, салауат айтып, жалбарына тілек тілеп, нәпіл құлшылықтармен тиімді өткізудің берері мол.

Режеп айының келуімен алдағы Рамазан айының да лебін сезе бастаймыз. Рамазан айына деген рухани дайындығымызды пысықтай түсуде алдыңғы бұл айлардың берері мол.

13 пікір
  • Бір кісі Ережеп айын оразамен өткізсе, Алла тағаланың мынадай үш жақсылығына ие болады дегенде бір ай бойы ораза ұстау керек пе немесе шамасы келгенше ұстай ма?
    9 жыл бұрын
    • Осы ай бойы ұстау міндетті емес. Басында, ортасындағ, соңында ұстасаңыз жеткілікті. Қаншай күн ұстау да өзіңізге байланысты. Оразаларыңыз қабыл болсын!
      9 жыл бұрын
      • Кешірім өтінемін сұрап мазаларыңызды алғаныма. Бүгін режеп екенін білмей қалдым, ертең немесе арғы күні ұстасам басында ұстаған болып есептеле ме? Рахмет!
        9 жыл бұрын
        • Болады
          9 жыл бұрын
          • Саламатсыз ба.бугин ораза устагам.бирак билместиктее саресин тан намазы шакырылганнан кеин иштим.оразам кабыл бола ма.жане ауыз ашар уакытын айтсаныз Алматы бойынша.
            9 жыл бұрын
  • Осындай малиметтерди алдын-ала жарияласаныздар нур устине нур болар еди!
    9 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум, сайт қызметкерлері!
    «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы», деп басталатын хадистің қаншалықты әлсіз екенін айтып кетсеңіздер (тоқыма емеспе)? Имам Ерсін Әміре, ибн Хаджар Аль Асқалянидің кітабынан раджап айы жайындағы құлшылықтар жайлы айтқанда, бұл хадистің негізі жоқ екенін айтып кетті. мына ссылкада толық мәлімет: https://www.youtube.com/watch?v=FfyibyNgBS4
    9 жыл бұрын
    • Енді бұл хадис сахих деуге келмейді. Имам Ғазали өзінің кітаптарында осы және өзге де әлсіз хадистерді қолданған. Бірақ, бұл хадистерді сауапты амалдар жасауға қолдануға болады.
      9 жыл бұрын
      • Сахих емес екендігі белгілі болдығой, сұрайын дегенім амал жауға болатындай деңгейде әлсізбе? Болмаса ол сүннет емес, бидғат амалдарға айналып кетуі мүмкінғой. Имам Ғазалидің кітаптарыда имам Аль Ъирақидің сондағы хадистерге берген үкімдеріне қарап оқылады емеспе?
        9 жыл бұрын
  • Мұндай қосымша ғибаттарға құлшындырған хадистер сахих болмаған жағдайда, ғибадаттың түп негізі Исламда бар-жоғына қараған жөн болар. Дәл тарауих намазын жамағатпен оқу жақсы бидғат аталғаны секілді дінімізде негізінен бар болған нәпіл намаз, ораза, кешірім тілеу, қосымша сүрелер оқып жүру секілді қосымша амалдар жасауды да сол бидғаттың жақсысына жатқызған дұрысырақ. Бұл хадистер сахих болмағанымен, мұсылмандарға көп талпыныс-құлшыныс беріп жатқаны анық. Әрдайым нәпіл ғибадаттарын тұрақты жасап жүрмеген адамдар ең болмаса осы күндер мен түндерде қосымша ғибадат жасап жатса, артық сауап алып жатса бір ғанибет емес пе?! Сондықтан Аллаһ үшін ғибадат жасайын деген адамдарды керісінше артқа тартқанша, жоқтан бар деп осы күндері ғана болса да ғибадат жасауларына кедергі болмайық! Айналамызда қаншама күнәлі істер еш тоқтаусыз жасалып жатқанда соларға тыйым салуға тырыссақ бәрімізге дұрыс болар еді...
    8 жыл бұрын
  • Дұрыс
    8 жыл бұрын
  • Ассалаума алейкум жогарыда айтылган хадистерди мында жокка шыгарып отыр кимге сенемиз????
    http://muslim.kz/ru/article/1702-mesyats-radjab-ochishenie-ot-zablujdeniifunction-return-thisthis.html
    7 жыл бұрын
  • [27.03, 18:06] Elaman Jamagat: Ережеп айы исламның хижра күнтізбесінің жетінші айы болып табылады. Бұл ай Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) уақытында соғысқа тыйым салынған  қасиетті айлардың бірі ретінде қарастырылған.

    Сондай-ақ, бұл ай Рамазан айына бастар жол болып табылады, өйткені Шағбан айы келіп жеткеннен кейін Рамазан айы да оған ілесе келеді. Сондықтан Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Ережептің туған айын көргенде Алла Тағалаға былай деп дұға ететін:

    «Уа Алла, Ережеп және Шағбан айларын біз үшін кайырлы ете гөр және бізге Рамазан айына жетуді нәсіп ете гөр (яғни, Рамазан айының жақсылықтары мен берекеттеріне кенеліп, көп сауап алуымыз үшін сол Рамазан айына дейін өмірімізді ұзарта гөр)»

    Дегенмен, Шариғат бойынша бұл айда нақты құлшылық түрі белгіленбеген. Алайда кейбір адамдар бұл айда шариғаттың сенімді шарттарымен, талаптарымен қамтылмайтын немесе кейбір жалған, сенімсіз риуаяттарға негізделген өздерінің арнайы рәсімдері мен әдеттерін ойлап тапқан. Біз мұнда осыған қатысты дұрыс ұстанымды түсіндіріп өтуді жөн деп таптық.

    Ләйлатул Миғражды атап өту

    Әдетте біз бәрімізге белгілі ұлы Миғраж оқиғасы (яғни, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көкке көтерілуі)Ережеп (Ражаб) айының 27-нші түнінде болды дейміз. Сондықтан кейбір адамдар бұл түнде “Ләйлатул Миғраж” түнін (көкке көтерілу түні) тойлайды.

    Шынында да, Миғраж оқиғасы біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өміріндегі ең керемет оқиғалардың бірі болды. Оны Құдіретті Алланың Өзі шақырған болатын. Ол Меккеден Бәйтул-Мақдиске дейін сапар шегіп, сол жерден Алланың құдіретті күші арқылы көкке көтерілді.Тіпті періштелердің өзі бара аламайтын жерде Жаратушысымен тікелей байланыста болу құрметіне ие болды. Бұл Алла Тағаланың жалғыз Мұхаммед Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ғана бұйыртқан ерекше құрметі еді. Бұл одан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) басқа ешкімнің қолы жетпеген рухани жетістіктің шарықтау шегі болды. Күмәнсіз, оның (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы теңдесі жоқ құрметке кенелген түні — әлемдегі ең ұлық түндердің бірі болды.

    Бірақ, Ислам дінінің тарихи және діни оқиғаларға қатысты өзіндік белгілі талаптары бар. Оның әр түрлі фестивальдар мен мерекелік күндерді, түндерді атап өтуге қатысты көзқарасы басқа діндердің көзқарастарынан толықтай ерекшеленеді.

    Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде де өткен шақта орын алған қандай да бір оқиғаны мереке етіп атап өту жайлы еш айтылмаған, мейлі ол қаншалықты ұлы әрі атаулы оқиға болса да. Оның орнына Ислам діні жылына тек екі мерекені белгілеп берген. Біріншісі – Ид-ул-фитр (Ораза айт), екіншісі – Ид-ул-Адха (Құрбан айт). Бұл қос мереке мұсылмандардың жыл сайынғы үлкен ғибадат (құлшылық)  түрін орындайтын күндерімен байланысты белгіленген. Ораза айт Рамазан айынан кейін белгіленген, ал Құрбан айт мұсылмандардың жыл сайынғы қажылық парыздарын орындауымен байланысты бекітілген. Бұл мейрамдардың ешқайсысы өткен шақта дәл осы күндері болған қандай да бір нақты оқиғаның құрметіне арналмаған. Мұндай бақытты мейрамға – мұсылмандардың зор күш сала отырып, керемет бір іс тындырған күні нақты себеп болады. Біздің ата-бабаларымыздың жетістіктеріне келер болсақ, оларды ұлықтап, еске алу белгілі бір күн мен түнде ғана шектеліп қалмауы тиіс. Керісінше сол жетістіктерін біз күнделікті өмірімізге кірістіріп, ілімдерінен сабақ алып, көрсетіп кеткен ұлық үлгілеріне қарап, іздерінен еруіміз керек.

    Осы қағидаларды ұстана отырып, Ләйлатул Миғражға қатысты мынадай мәселелерді есте сақтауымыз қажет:

    Біз Миғраж оқиғасы дәл мына түні болды нақты кесіп айта алмаймыз. Кейбір риуаяттар бойынша бұл оқиға Ережеп айының 27-түнімен байланыстырылғанымен, сонымен қатар басқа уақытпен сәйкестендіретін өзге де риуаяттар бар. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) белгілі өмірбаяншысы Әл-Зуркани осы орайда 5 түрлі пікір қалдырды: Раби-ул Әууәл, Раби-у Сәни, Рәжәб, Рамазан және Шәууәл. Кейінірек, түрлі риуаяттарды талқылау барысында, ол Миғраж түні Зулхиджа айында орын алуы мүмкін деген алтыншы пікірін қосты.

    Субконтинентті Үндістанның Әлләма Абдулхақ Мухаддис Дехлауи есімді белгілі ғалымы ислам айларының мәні жайында егжей-тегжейлі кітап жазған. Ләйлатул Миғраж оқиғасын талқылай келе ғалымдардың көпшілігі «Миғраж түні Рамазан немесе Раби-ул Әууәл айында болған» деген пікірді ұстанғандығын атап кеткен.

    Сондай-ақ, Миғраж оқиғасының қай жылы орын алғаны да белгісіз. Тарихи кітаптарда Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келгеннен кейінгі 5-інші және 12-нші жылдар аралығында болды келеді.

    Қазір Миғраж оқиғасы Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  пайғамбарлығының бесінші жылында орын алған деген пікір айтылады. Бұл Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы оқиғадан кейін 18 жыл өмір сүргендігін білдіреді. Тіпті, Миғраж пайғамбарлықтың 12-ші жылында орын алған десек те, ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл оқиғадан кейін 11 жыл өмір сүрген болады. Дәл осы ұзақ уақыт ішінде, 11 немесе 18 жыл болуы мүмкін, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан Миғраж оқиғасын тойламаған және тойлауға да ешқандай нұсқау бермеген. Ешкім де Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Ләйлатул Миғраж деп аталатын түнде белгілі бір құлшылық түрлерін жасаған немесе өзінің ізбасарларына, ізінен ілесушілерге оны белгілі бір жолмен, әдіспен атап өтуге кеңес берген деп дәлелдеп айтып бере алмайды.

    Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін де оның сахабаларының бірде-біреуінің бұл түнді арнайы құлшылық түрі атқарылатын түн ретінде атап өткендігі туралы хабар келмеген. Олар Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) шынайы берілген, тақуа, ең жақсы ізбасарлар болды, өздерінің бүкіл өмірлерін Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір сүннетін және басқа да ислам ілімдерін сақтап қалуға жұмсады. Әйтсе де, олар Миғраж оқиғасын арнайы бір түнде, арнайы бір үлгіде атап өткен емес.

    Атап өтілген барлық жайттар Ережеп айының 27-нші түнін, Ләйлатул Миғражды атап өту —  Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінен емес екендігін, тіпті оның асыл сахабаларының тәжірибелерінде де ешқандай негізге ие емес екендігін дәлелдейді. Егер бұл түнді атап өту мақтаулы істерден болатын болса, онда бұл оқиғаның нақты уақыты  Пайғамбармен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын), Үмбетімен және оның сахабаларымен мұқият сақталып, оған нақты бағыт-бағдар берілген болушы еді.

    Сондықтан, Ләйлятул-Миғражды тойлау сүннет болып табылмайды. Егер қандай да бір амалды Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немесе оның сахабаларының сүннет деп қабылдағандығы сенімді риуаяттарда келмесе, біз кез-келген амалды сүннет тұрғысынан қарастыра алмаймыз; кереғар жағдайда бұл ойдан шығарылған бидғат болуы мүмкін. Ал Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осыған қатысты мына сөзді атап өтті: «Кімде-кім дінімізден болмаған нәрсені дінге енгізетін болса, ол жарамсыз болады».

    Маңызды ескерте кететін нәрсе, біз Ережеп айының 27-түні – Құранмен немесе Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) арқылы белгіленген, арнайы амалдар жасалатын «Ләйлатул Қадір» немесе«Ләйлатул Бараат» түндері сияқты емес екендігін түсінуіміз керек.

    Әйтсе де, намаз, Қасиетті Құранды оқу, зікір айту сияқты құлшылық ретінде танылған барлық құлшылық түрлерін орындау кез-келген уақытта үлкен сауаптармен бағаланады, әсіресе, түннің соңғы сағатында және Ережеп айының 27-түні де осы санатқа кіреді. Сондықтан, егер кімде-кім осындай ниетпен дәл осы түні кез-келген белгілі ғибадат түрін жасайтын болса, ешкім оған кедергі келтіре алмайды, және онысы үшін сауапқа (осы жасаған ғибадаты үшін берілетін сый, ин ша Алла) ие болады. Бірақ бұл түні жасалатын ғибадат түрлерін «Ләйлатул Қадір» немесе«Ләйлатул Бараат» түндері жасалатын ғибадаттар сияқты сауабы көбірек немесе мақтаулы амалдар деп санауға болмайды, өйткені бұл сенім сенімді Құран аяттарына немесе Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  сүннетіне негізделмеген. Сол үшін, бұл түнді жиналып атап өту және адамдарды арнайы рәсімдер орындалатын жиындарға шақыру дұрыс емес.

    Кейбір адамдар осы түні орындалатын арнайы құлшылық түрлерін ұсынады. Шариғатымызда бұл түнге қатысты ешқандай арнайы құлшылық түрі қарастырылмағандықтан, мұндай тұжырым, пікірлердің еш күші болмайды және оларға еш амал етпеген жөн.

    Кейбір мұсылмандар Ережеп айының 27-сі күні ораза ұстау керек деп санайды. Кейбір риуаяттарда бұл күні тұтылған оразаның игі іс екендігі айтылса да, ғалымдар бұл риуаяттарды Шариғаттың ережесі ретінде қарастырылуға  жеткілікті сенімді емес, өте әлсіз әрі шындыққа жанаспайтын риуаяттар ретінде қарастырған. Керісінше, Сәййидинә Омардың (Алла оған разы болсын) бұл күні адамдарды ораза ұстаудан тыйғандығы, тіпті сол күні ауыз бекітіп қойғандарына мәжбүрлеп тамақ жегізгендігі туралы сенімді риуаят бар.

    Нәпіл оразаларды кез келген күні тұтса болады (жылдың тыйым салынған алты күндерінен басқа), сол себепті 27 Ережеп күні ораза тұтуға өз алдына тыйым салынбаған. Алайда бұл күнгі оразаның басқа күндердегі оразадан сауабы артығырақ деген сенімге тыйым салынған. Бұл күні ондай сеніммен ораза тұтуға болмайды. Дегенмен, кімде-кім бұл күнгі оразаны әдеттегі нәпіл ораза ниетімен тұтса, онда оған ешқандай қарсылық жоқ.

    Мүфти Таки Усмани

    Darulihsan.com сайтынан қазақ тіліне аударған Tamshy.kz

    P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шетелдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Tamshy.kz сайтына тиесілі.

    Басқа да әлеуметтік желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Tamshy.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

    By ardak4|Апрель 4th, 2
    [27.03, 18:22] Elaman Jamagat: туралы таралған сенімсіз хабарлар

    08.04.2016   Басты бет, Ислам, Мақала, Хадис  Пікірсіз

    بسم الله الرّحمن الرّحيم

    الحمد لله رب العالمين والصلاة و السلام علي رسولنا محمد و علي اله و صحبه اجمعين

    Бүгін ақшам кіруімен асыл дініміздегі қасиетті төрт айдың бірі – Қасиетті Рамазанның жаршысы Рәжәб айымен қауыштық.

    Қазіргі таңда мұсылмандар арасында Рәжәб айының ерекшелігі мен бұл айда орындалатын құлшылықтардың артықшылығы туралы көптеген хадистер ғаламтор желісі арқылы кеңінен таралуда. Бүгінгі мақаламызда, осы хабарлардың қаншалықты сенімділігі мен амал ету тұрғысынан қаншалықты жарамдылығы турасында қарастыратын боламыз.

    1) Әнәс ибн Мәлік (радиаллаһу әнһ) Алла Елшісінің ﷺ былай дегенін жеткізеді:

    «Алла үшін айлардың жақсысы ережеп айы. Рәжәб Алланың айы. Кім оны ұлықтаса,расында Алланың ісін ұлықтаған болады. Кім Алланың ісін ұлықтаған болса, ол нығметтерге толы жаннаттарға кіреді. Оған Алланың разылығы түседі. Шағбан менің айым. Кім оны дәріптесе, расында менім ісімді дәріптеген болады. Кім менің ісімді дәріптеген болса, қиямет күні мен оның алдынан қарсы аламын және де ол үшін ахиреттің сыйы боламын. Рамазан айы менің үмметімнің айы. Кім бұл айды құрметтесе, оның бағамын дәріптесе және оның шегінен шықпаса, күндізін оразамен, түнін құлшылықпен өткізсе, Рамазан айы шыққанша күнәлі істерден сақтанса, Алланың одан сұрар күнәсі қалмайды»

    Хадисті имам Байқаһи (рахимахуллаһ) «Шуабул-иман» (3/374) кітабында келтірген. Сондай-ақ,«Фадаил-ауқат» (10 б.) кітабында да кездеседі. Хадистің дәрежесі «маудуғ». Хадистің иснадындағы жеткізушілерді хадис мамандары«жалғаншы, әлсіз, хадисі тасталған» деп бағалаған.

    2) Алла Елшісі ﷺ айтады:

    «Кімде кім Рәжәб айында бір күн ораза ұстайтын болса, ол бір жылдық оразаға ұқсайды. Ал кімде-кім жеті күн ораза ұстайтын болса, оған жеті тозақтың есігі жабылады. Ал кімде-кім сегіз күн ораза ұстайтын болса, оған сегіз жаннаттың есігі ашылады. Ал кімде-кім он күн ораза ұстайтын болса, оған Алла сұрағанын береді. Ал кімде-кім он бес күн ораза ұстайтын болса, көктен бір дауыстаушы: «Шындығында Алла Тағала сенің өткен күнәларының бәрін кешірді, ісің алға басты, жамандықтарын жақсылыққа ауыстырылды», — деп дабыстайды». Кімде-кім осы игіліктерді ары қарай арттырғысы келсе, Алла да көбейтеді.»

    Хадистің бірнеше нұсқалары бар. Олардың бірінде он бес күн делінсе, басқа риуаятта он сегіз күн делінген. Хадисті имам Табарани және басқалар келтірген. (Мажмул-Кабир, 5538; Тарихул-Бағдад, 8/331).

    Имам Заһаби (рахимахуллаһ) хадисті ойдан тоқылған деп бағалаған. (Мизанул-иғтидал, 3/54; Мәжму уз-Зауа-ид, 3/188)

    3) Алла Елшісі ﷺ айтады:

    «Рәжәб айының алғашқы күні ораза тұту үш жылдық күнәнің кешірілуінің өтемі болады, екінші күні ораза тұту екі жылдық күнәні кешіреді, үшінші күні ораза тұту бір жылдық күнәның кешірілуіне себеп болады, ал, одан кейінгі әрбір күні тұтқан ораза бір айлық күнәнің кешірілуіне себеп болады.»

    Хадисті әбу Мухаммад әл-Хәлләл (рахимахуллаһ)өте әлсіз иснадпен жеткізген. Хадисті келтіруге болмайды. (Жамиғус-сағир, 5051).

    4) Алла Елшісі ﷺ айтады:

    «Егер кімде-кім Рәжәб айында басқа бір мұсылманның ісін жеңілдетуге көмектессе, Алла оған Жәннаттан сарай нәсіп етеді.»

    Хафиз ибн Хажар (рахимахуллаһ) хадистің иснадын негізсіз, яғни жарамсыз деп атаған. (Табаинул-әжәб, 27)

    5) Алла Елшісі ﷺ айтады:

    «Рәжәб айында көбірек Алладан жарылқау тілеңдер! Себебі, Алла Тағала (бұл айдың) әрбір сағатында адамдарды оттан азат етеді.»

    Хадис имам Дәйләмидің (рахимахуллаһ)«Муснадул-Фирдаус» атты хадис еңбегінде келген. Хафиз имам Суюти (рахимахуллаһ) хадисті ойдан тоқылған деп бағалаған. (Тәнзи-уш шариға, 2/333; Зәйлул лә әли әл-мәснуғә,2/617)

    6) Алла Елшісі ﷺ айтады:

    «Рәжәб айының жиырма жетінші күні ауыз бекіткен адамның алпыс жылдық күнәлары кешіріледі.»

    Алла Елшісінен жеткен мынадай мәтіндегі хадис жоқ, алайда, Әбу Һурайра (радиаллаһу әнһ) осыған ұқсас асарды айтады. Алайда, хафиз ибн Хажар аталмыш риуаятты сенімсіз деп атаған. ((Табаинул-әжәб, 45)

    7) Алла Елшісі ﷺ айтады:

    «Шындығында жаннатта бір өзен бар. Ол сүттен аппақ, балдан шырынды, ол өзенді ражжаб (Ережеп) деп атайды. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала сол өзеннен сусындандырады.»

    Хадисті имам Байһақи «Шуабул-иман»-да (3/367), ибн әл-Жәузи «әл-Ғулул-мутанаһия»-да (2/555), ибн Хиббан «Мәжрухиин» кітабында (2/238) келтірген. Хадистің иснады тым әлсіз.

    Сондай-ақ, осы айдың алғашқы жұма түні Рағайып намазына қатысты кейбір ақпараттар халық арасында кеңінен тарқалып жүр. Бұған қатысты Ерсін әбу Юсуф ұстаздың «Рағайып намазы бидағат па?» дәрісінен тыңдай аласыздар.

    Сонымен қатар, бұл айда белгілі бір түндері «пәленше рәкәт намаз оқу, әр ракатта белгілі бір сүрелер мен зікірлерді айту» керектігі турасында баяндалған көптеген хадистер бар. Олардың барлығы жалған, ойдан тоқылған болып саналады.

    Алла Елшісі ﷺ айтады:

    «Кімде-кім менің атымнан қасақана жалған сөз айтса, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін»(Бухари, Илм, 38; Муслим, Зухд, 72)

    Бұл хадис мутауатир дәрежеде жеткен әрі имам Науауи (рахимахуллаһ) «Шарх Муслим»-де (1 том, 26 бет) екі жүзге жуық сахабадан тоқыма хадистен сақтандырған осы тектес хабарлардың жеткенін жазады.

    Имам Суюти (рахимахуллаһ) «Тахзир әл-хауас мин әказиби әл-қуссас» (167 бет) кітабында айтады:

    «Ақиқатында,жалған хадис жеткізуші адаммен мәміледе оған жекіп сөйлеу қажет әрі оны азаппен қорқыту керек. Сонымен қатар, ол адамдар арасынан жазғырылған күйде қуып шығып шеттетіледі және оған сәлем берілмейді. Алла разылығы үшін адамдарға оның жалғаншы екенін жариялау керек, әрі басшыға әлгі адам жайлы баяндап, айтып жүрген сөздеріне тыйым салау үшін үкім шығарылуы қажет.»

    Назарда ұстау керек нәрсе, тоқыма хадистерді тарату және оған амал ету харам болып табылады, әрі оны тек адамдарға хадистің жалған екендігі жайында баяндау үшін ғана қолдануға рұқсат етіледі. («Тадрибур-рауи», 1 том, 461 бет)

    Сондықтан адамдарды осы тектес хадистерді таратудан және адамдарды сол хадистерге негізделіп амал етуге шақырудан сақтануымыз керек.

    Сөз соңында, Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мадақтар болсын!

    Қолданылған әдебиеттер:

    1) hadithanswers.com сайты

    2) Мухаммад әбу Исмағил әл-Сомалидің «Әл-жамиғул-хадиис әд-дағифати уә маудуғати фии шәһри рәжәбә» кітабы
    7 жыл бұрын