Періштедей пәк жастар
Періштедей пәк жастар
8 жыл бұрын 4986
Асқар Болатбекұлы

مَا مِنْ شَابٍّ يَدَعُ لَذَّةَ الدُّنْيَا وَ لَهْوَهَا وَ يَسْتَقْبِلُ بِشَبَابِهِ طَاعَةَ اللَّهِ إِلَّا أَعْطَاهُ اللَّهُ أَجْرَ اثْنَيْنِ وَ سَبْعِينَ صِدِّيقًا ثُمَّ قَالَ يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى أَيُّهَا الشَّابُّ التَّارِكُ شَهْوَتَهُ لِي المُبْتَذِلُ شَبَابَهُ لِي أَنْتَ عِنْدِي كَبَعْضِ مَلَائِكَتِي

«Дүниенің ләззаты мен сауық-сайранын тәрк етіп, жастық шағын бір Аллаға мойынсұнумен өткізген әрбір жасқа жетпіс екі сыддықтың[1] сауабы беріледі. Содан кейін Алла Тағала ол жасты мақтан тұтып, оған былай деп тіл қатады: Әй, Мен үшін нәпсіқұмарлығын тыйған жас! Әй, бүкіл жастық шағын Маған арнаған жас! Сен Менің дәргейімде базбір періштелерім сияқтысың».

(Хазірет Омар (р.а.) жеткізген, Әбу Нуғайм, Хилятуль-әулия, 4-139, 5-237. Әлі әл-Муттақи, Кәнзул-Уммаль, 15-1201, 43106-43107-хадис)

 

Хадиске түсіндірме

Бұл хадистегі тақуалықты ту еткен жастарға қарата айтқан Алла Тағаланың мақтау сөзі дүниенің бар қызығына бергісіз мадақ. Он сегіз мың ғаламды жоқтан жаратқан құдіреті күшті Алладан мақтау естуден асқан бақыт бар ма?! Құранда Алланың разылығы мен мақтауына бөленген жандардың негізінен пайғамбарлар, сахабалар және оларға ізбе із ерген ізгі жандар екенін көреміз. Сондай-ақ, бір құдси хадисте Алла Тағала: «Құлым Мені іштей есіне алып, мадақтаса, Мен де оны дәл солай есіме аламын. Егер ол Мені көпшіліктің ортасында есіне алып, мадақтаса, Мен оны одан да қайырлы көпшіліктің[2] алдында мақтан тұтамын», – деп, Өзін әсте есінен шығармай ұлықтап жүретін құлдарын дәргейіндегі періштелердің алдында мақтан тұтатындығын білдірген[3].

Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) да бір хадисінде: «Алланың үйлерінің бірінде бас қосып, Құран оқыған әрі оны өзара талқылап оқып, түсінуге тырысқан қауым жан тыныштығы мен Алланың шексіз мейіріміне бөленеді және періштелер оларды айнала қоршап алады. Дәргейіндегілерге Алла оларды мақтайды», – деп, Хақ сөзін оқу үшін өзара бас қосқан жандардың да Алланың мақтауына бөленетіндігін айтқан[4]. Тақырыбымызға арқау болған жоғарыдағы хадистен де Алла үшін асау нәпсісін тізгіндеп, ғұмырының ең қызықты да, жарқын шағын Хақ жолына арнаған әрбір жастың да Алланың мақтан тұтатын құлдарының қатарында болатынын аңғарамыз.

Сондай-ақ, осынау хадисте Хақ Тағала жалған дүниенің арзан сауық-сайранынан баз кешіп, Раббысының разылығына бөленуді ғана мақсат тұтқан жасқа жетпіс екі «сыддықтың» сауабын беретіндігін айтады. «Сыддық» деген сөзді естігенде ойымызға ең әуелі Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жан досы, ерлер арасынан оған ең алғаш иман еткен, Айша анамыздың әкесі Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) оралады. Оның адал, шыншыл, Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) әр сөзін растаушы деген мағыналарды білдіретін «Сыддық» атануы тегін емес. Ол шынымен де сондай болған. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ол жайлы: «Исламға шақырғандарымның арасынан Әбу Бәкірден басқасының бәрі сәл де болса абдырап, тартыншақтық танытты. Алайда, Ислам жайлы айтқанымда Әбу Бәкір еш іркілген жоқ», – деп, оның өзіне деген адалдығын жоғары бағалаған[5].

Иә, Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) соңынан ерген өзге сахабалары бір төбе болса, Әбу Бәкір (р.а.) өз алдына бір төбе еді. Өйткені, дінімізде сыддықтық пайғамбарлықтан кейінгі ең жоғары дәреже болып есептеледі. Құранда Хақ Тағала: «Кімде-кім Аллаға және расулына лайықты түрде мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Алланың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, (пайғамбарлардың ең жақын да, адал достары) сыддықтармен, шейіттермен және (сенімі, ниеті, ойы, сөзі һәм іс-әрекеттері түзу) ізгі жандармен бірге болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші!»[6], – деп, сыддықтардың пайғамбарлардың ең жақын да, адал достары екенін айтқан. Ендеше, біз кейінгі буын мұсылмандар пайғамбардың жан досы болу сынды осынау биік дәрежеге қол жеткізе алмасақ та, жас шағымызда қу дүниенің ләззаты мен сауық-сайранынан баз кешіп, Раббымызға тиісінше мойынсұнсақ, «сыддықтықтың» сауабын аламыз. Шынтуайтында, бұл – ерекше мейірімді Алланың бізге деген шексіз шарапатының бір нышаны.

Иә, қызыққа толы жастық шақта дүниенің ләззаты мен сауық-сайранынан баз кешу кез келгеннің қолынан келмейтін іс. Бұл тек асау нәпсімен тынбай күресіп, оны жеңе білген жігерлі жастың ғана қолынан келеді. Алла жолындағы ең үлкен күрес нәпсімен күрес. Ал нәпсімен күрес – оны өзінің жаратылыс мақсатына сай жақсылап тәрбиелеу деген сөз. Өйткені, лайықты тәрбие көрмей жүгенсіз кеткен нәпсі адам баласын үнемі жамандыққа шақырумен болады. Құранда Жүсіп пайғамбардың тілімен осынау ақиқат былай баяндалады: «Шынында, нәпсі (адамға) әрдайым жамандықты бұйырады». Осынау ақиқатты жақсы білген ардақты пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) дұға-мінәжаттарында: «Уа, Раббым, мені қас-қағым сәтке болса да нәпсіге еріп кетуден сақтай гөр!» – деп[7], ұдайы жалбарынатын еді. Адамның табиғатын, қыр-сырын оны жоқтан жаратқан Алладан артық ешкім білмейді. Ендеше, асау нәпсіні тәрбиелеудің жолын іздеген әр адам, әсіресе, жас буын Жаратқанның қасиетті Құрандағы және пайғамбар сүннетіндегі нәпсі тәрбиесіне қатысты теңдессіз нұсқауларын басшылыққа алуы керек.

Ғалымдардың айтуынша, адам баласы – табиғатында екі қырлы бір сырлы ғажайып жаратылыс. Оның бір қыры періштеге ұқсаса, енді бір қыры шайтанға жақын келеді. Яғни, адам рух пен тәннен немесе ұждан мен нәпсіден тұрады. Егер адам баласы тәнін рухына, нәпсісін ар-ұжданына билетсе, періште дәрежесіне, тіпті, Хақ алдында одан да жоғары дәрежеге жете алады. Ал керісінше болған жағдайда, әзәзіл шайтан немесе қу құлқынын күйттеген хайуан деңгейіне, тіпті, одан да төменге құлдилап кете барады. Осынау ақиқат Құранда былай баяндалады: «Шүбәсіз, Біз (күллі жаратылыс арасынан) адам баласын ең көркем бейнеде, ең керемет қалыпта жараттық. Содан кейін оны ең төменге құлдилатып, жаратылыс атаулының ең қоры қылдық. Алайда, иман етіп, игілікті істер істеген жандардың жөні бөлек, олар үшін түгесілмейтін, қисапсыз сый-сыяпат бар»[8].

Ендеше, Хақ алдында періштедей пәк болу да, яки, шайтан және хайуаннан төмен мақұлыққа айналу да пенденің өз қолында. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?!» – дегендей, адам баласы, әсіресе, жастар қауымы бойындағы бар ерік-жігерін тойымсыз нәпсіні тәрбиелеуге жұмсап, сол арқылы «адам» деген ұлы атқа лайық болуға тырысып бағуы қажет.

Тақырыбымызға арқау болған жоғарыдағы хадисте бүкіл жастық шағын Хақ жолына арнаған жастың Алла алдында бейне бір періштедей ардақты болатындығы жайлы айтылады. Алла Тағала бұл хадисте неліктен жас құлын ерекше атаған?! Өйткені, қауқары қайтқан егде кісіге қарағанда шаһуаты мен күш-қуаты тасыған жастың нәпсіге ерік беру мүмкіндігі әлдеқайда көп. Оның үстіне бұл жалғанда адам баласын, әсіресе, жастарды тынбай азғырып, хақ жолдан тайдыратын қызылды-жасылды дүние, көрсеқызар тойымсыз нәпсі және қырық айлалы әзәзіл шайтан сынды қауіпті дұшпандар да жоқ емес. Сынаққа толы сындарлы өмірдің осындай сан қилы сынақтарына қарамастан асау нәпсіні ақыл мен ар-ұжданға билете білген, Жаратқан иесін танып, пенделік парызын бұлжытпай орындау арқылы өзі ғана түзеліп қоймай, өзгелердің де түзеліп, тура жолға түсуі үшін жан-тәнімен еңбек еткен әрбір жастың Алла алдында алар орны елден ерек болмақ. Себебі, Алла Тағала жалындаған жастық шағын Өзінің ақ жолына арнаған әрбір жас құлын жамандық атаулыдан қашық етіп, періштедей ардақ тұтады. Мұның мысалын күллі үмбетке теңдессіз үлгі-өнеге бола білген саңлақ сахабалардан көре аламыз. Неге десеңіз, Алла елшісіне (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) алғаш иман етіп, қолдау көрсеткен сахабалардың дені жастар еді. Мысалға айтсақ, жас сахаба дегенде ойымызға ең алдымен Мұсғаб ибн Умәир оралады. Мұсғаб Меккедегі ең бай әрі беделді отбасынан шыққан, сымбаты мен ақылына ел сүйсінген жастардың бірі һәм бірегейі еді. Анасы оны үлдемен-бүлдеге орап, бар жылы-жұмсағын алдына тосып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай алақанына салып аялап өсірді. Мұсғаб Мекке көшелерімен жүріп өткенде, оған сырттай ғашық болған жас арулар кестелі орамалдарын бұлғап, назарын аударуға тырысатын. Алайда, ол надандық жайлаған қоғамда туып өссе де, ешкімнің ар-намысын қорламайтын көркіне ақылы сай тәрбие көрген жан еді. Ол пайғамбарды жақыннан танып, ақиқат кәусарынан сусындағаннан кейін жақындарының қарсылығына қарамастан, қызылды-жасылды дүниеден баз кешіп, жан-тәнімен хақ дінге бет бұрды. Содан бірер жылдан кейін Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) оны дін жаю үшін Мәдинаға жіберді. Мұсғаб Мәдинаға келгелі көп ұзамай-ақ онда Ислам жайлы естімеген бірде бір шаңырақ қалмаған еді. Осылайша ол Алла берген зор қабілеті мен парасатының арқасында аз ғана уақыт ішінде Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сенімін ақтай білді. Әрине, мұның бәрі оңайға соққан жоқ. Ол басына қатер төнген кездерде де Алланың діні үшін шыбын жанын шүберекке түйе білді. Бірде Мәдинадағы ең беделді тұлғалардың бірі Сағд ибн Мұғаз Меккелік жас сахабаның жаңа дін уағыздап жүргенін естіген бойда: «Мәдинада ешкімнің бүлік шығаруына жол бермеймін», – деп, қылышын асынған күйде ашуына мініп, Әсәд ибн Зурараның үйіне жетіп келеді. Тап сол кезде Мұсғаб бір топ адамға уағыз айтып отырады. Сағд ибн Мұғаз Мұсғабты көрген бойда ашуға булығып, оған доңайбат көрсете бастайды. Сонда Мұсғаб байсалды қалпынан айнымаған күйде өзіне арыстанша төнген Сағдқа: «Дат, бауырым, дат! Алдымен менің сөзіме құлақ ас! Егер ұнатсаң, қабыл аларсың, ұнатпасаң, қылша мойным талша, маған не істесең де өз еркің», – дейді. Мұндай байсалды жауап күтпеген Сағд ашуын ақылға жеңгізіп, Мұсғабқа құлақ асады. Ақыры Мұсғабтың нұрлы жүзі, ақылға қонымды жылы сөзі мен қисынды дәлелдері оның жүрегін жібітіп, көңілін тыншытады. Сөйтіп, Сағд ибн Мұғаздың көптен сусап жүрген көкірегі иләһи ақиқатқа қанығып, мұсылмандардың қатарына қосылады. Жас шағында дін қабылдап, бар қажыр-қайратын дін жолынан аямаған жанның тағы бірі Меккедегі жасырын дағуат кезеңінде ат төбеліндей алғашқы мұсылмандардың Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) уағыз-насихатын тыңдап, көктен түскен иләһи уахидан сусындауына жағдай жасап, ерекше қонақжайлық танытқан әл-Әрқам ибн Әби әл-Әрқам сол кездері небәрі он алты жаста, ал жұбайы өзінен бір жас кіші болған екен. Меккенің қаныпезер мүшіріктері әр мұсылманың ізін аңдып, астынан ит жүгіртіп, үстінен құс ұшырған қилы заманда әл-Әрқам ибн Әби әл-Әрқам жан жарымен бірге шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерінің аядай отауында ақиқатқа сусаған мұсылмандардың ертелі-кеш басын қосатын еді. Оның шаңырағында Меккедегі ең алғашқы мұсылмандар мен ел алдында беделі бар бірқатар тұлғалар исламды қабылдады. Осылайша, оның Ислам тарихынан «Дәруль-Әрқам» деген атпен орын алған нұрға шомған жас отауы көктен жаңа түскен иләһи уахи тәлім етілетін исламдағы ең алғашқы мектеп-медресеге айналған.

Ендеше, біз, бүгінгі мұсылман үмбеті, әсіресе, жастар қауымы бүкіл ғұмырын ақиқат жолына арнаған саңлақ сахабалардың ғибратты өмірінен сабақ алып, қолымыздан келгенше соларға ұқсап бағуымыз керек. Сонда ғана Құдайға құл, пайғамбарға лайықты үмбет болу бақытына кенеліп, сахабалар сынды екі дүниеде де Раббымыздың разылығы мен шексіз шарапатына бөленеміз.

[1] Сыддық – Аллаға және пайғамбарға жан-тәнімен иман еткен әрі шын берілген адал әрі шыншыл жан.
[2] Яғни, періштелердің
[3] Бұхари, Таухид 15; Мүслим, Зикр 2.
[4] Мүслим, Зикр 38.
[5] әл-Бидәя, 3-30, Сира, 1-269.
[6] «Ниса» сүресі, 64 аят.
[7] Әбу Дәуіт, ән-Нәсәи.
[8] «Тин» сүресі, 4-6 аяттар.

3 пікір