Пенде Алланы неліктен жақсы көру керек?
Пенде Алланы неліктен жақсы көру керек?
6 жыл бұрын 7162
Имам әл-Ғазали

Біліп ал! Үмбет, халықтың бір ауыздан Алла тағаланы жəне Оның елшісін (с.а.у.) сүюі парыз. Бізге Алла тағаланы жақсы көру керектігін растайтын мына аяттар дəлел: 

«Адамдар арасында əлдебір хикметтерді Алладан кем көрмей, сиынатындар да табылады. Алланы сүйгендей, оларды да сүйеді. Ал мүминдер Алланы ғана сүйеді» (Бақара: 165).

«Ей, иман келтіргендер! Егер сендерден кім діннен безсе, олардың орнына Алла Өзін жақсы көретін, оларды Өзі де жақсы көретін басқа бір қауымды əкеледі» (Маида: 54).

Бұл аяттар махаббаттың жəне оның əртүрлі болатынын дəлелдейді. Алланың елшісі (с.а.у.) өз хадистерінде Алланы сүю иманның шарты екенін айтады.

Əбу Разин Тукай пайғамбардан (с.а.у.): «Уа, Алланың елшісі! (с.а.у.) иман дегеніміз не?», – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.у.): «Алланы жəне Оның елшісін басқа нəрселерден артығырақ сүюің», – деп жауап береді (Ахмад).

Әнас ибн Мəликтің келесі хадисінде: Алланың елшісі (с.а.у.): «Мені отбасынан, малы мен адамдардан артығырақ жақсы көрмейінше, пенденің иманы кемелденбейді», – деп айтқан. Басқа риуаятта: «Тіпті өзінен де артық жақсы көрмейінше», – делінген (Бұхари, Мүслим).

Расында Алла тағала бұл жайында: «Сен айт: Егер əкелеріңді, балаларыңды, аға-бауырларыңды, əйелдеріңді, жекжаттарыңды, жиған қазыналарыңды, тоқырап қалуынан қорқатын саудаларыңды, жақсы көретін үйлеріңді Алладан, Оның пайғамбарынан жəне Құдай жолында күресуден де жақын деп білесіңдер, онда Алладан бір пəрмен келгенше күте тұрыңдар», – деп хабар берген (Тəубе 24).

Сол сияқты, Алланың елшісі де (с.а.у.) сүюге бұйырған: «Сендерді шексіз нығметімен ризықтандырғаны үшін Алланы жəне Алланың маған болған махаббаты сияқты, мені жақсы көріңдер» (Ибн Абастан Термези келтірген). Келесі риуаятта бір адам: «Уа, Алланың елшісі! Мен сізді жақсы көремін», – дейді. Пайғамбар (с.а.у.): «Бəлекеттерге дайын бол», – деді», – деп келеді (Термези).

Омар ибн Хаттаб (р.а.): Алланың елшісі (с.а.у.) Мусғаб ибн Умаирге жүзін бұрып қарады. Оның үстінде қойдың терісінен жасалған киім бар еді (Бұл көрініс оның дүние махаббатынан бас тартқанын көрсетеді). Сонда пайғамбар (с.а.у.): «Алла тағала жүрегін нұрландырған мына пендеге қараңдар! Мен əуелі де оның ата-анасының құзырында ең тəтті тағам, ең шырын сусын ішіп-жеп отырғанын көрген едім. Енді Алла жəне Оның елшісінің махаббаты, оны сіз көріп тұрған жағдайға түсіріпті», – деп айтты», – деген. 

Əзірейіл періште (өлім періштесі) Ибраһим пайғамбардың рухын алғалы келеді. Ибраһим пайғамбар оған: «Сен шын достың өзінің шынайы жолдасын өлтіргенін көрдің бе?» – деп сұрайды. Алла тағала Ибраһим пайғамбарға: Ғашық өз сүйгенімен қосылғысы келмегенін көрдің бе? – деп уахи жібереді. Сонда Ибраһим: «Ей, ажал періштесі! Енді жанымды ала бер», – депті деген риуаят бар. Мұндай ақиқатқа Алла тағаланы барлық жүрегімен сүйген пенде ғана жетеді. Өлім сүйгенін қосатынын білген жүрек қуаныш табады. Ондай жүрек өлімінен басқаны керек қылмайды жəне өзге нəрселерге көңілді бөлмейді.

Муғаз ибн Жəбəл: «Алланың елшісі (с.а.у.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделерінің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нəсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!», – деп дұға қылатын» – деген хабарды жеткізген (Термези).

Әнас ибн Мəлик: «Бір бəдауи пайғамбардың (с.а.у.) құзырына келіп: «Ей, Алланың елшісі! Қиямет қашан болады?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.у.): «Қиямет күні үшін не əзірледің?» – деді. Сұраққа сұрақпен жауап береді. Бəдауи: «Мен ол күн үшін көп намаз бен көп ораза əзірлей алмадым. Бірақ мен Алла мен Оның елшісін жақсы көріп, дос көремін», – дейді. Пайғамбар (с.а.у.): «Адам өзінің сүйген (нəрсесімен) бірге болады», – деді» деген хабарды келтіреді (Бұхари, Мүслим).

Хадисті риуаят қылған Әнас (р.а.): «Мұсылманды ислам нығметінен соң басқа нəрсенің осынша қуандырғанын көрмедім», – деген. Əбу Бəкір Сиддиқ (р.а.): «Кім Алла тағаланың махаббатын татып көрсе, дүниемен ісі болмай қалады жəне адамдардан оқшауланады», – дейді. Хасан Басри: «Кім Раббыны таныса, Оны сүйеді. Кім дүниені таныса, одан жүзін бұрады. Мүмин өмірін ұйқыда өткізбейді, бəлкім ақыретін ойлап, қайғыда болады», – деген.

Əбу Сүлеймен əд-Дарани: «Алла тағаланың пенделерінің ішінде сондайлары бар, оларды жəннаттар мен ондағы нығметтер Алланың махаббатынан тоса алмайды. Ал енді олар үшін дүние зейнеті қалай бөгет болсын?!» – дейді.

Келесі риуаятта Иса пайғамбар үш топты кездестіргені жайында баяндалады. Бірінші топтағы адамдардың реңі шаршаған, жүдеген еді. Иса пайғамбар олардан: «Мынадай хəлге қалай тап болдыңдар?» – деп сұрайды. Олар: «Тазалықтан қорқудың салдарынан», – дейді. Иса пайғамбар: «Қорыққан адамға амандық сыйлау, Алланың ақысы», – дейді. Кейін олардан өтіп, басқа үш топқа кезігеді. Олардың бейнесі əуелгі топтағылардан да жүдеу еді. Иса пайғамбар: «Не үшін мынадай күйге түстіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Жəннатқа деген ынтызарлығымыз», – дейді. Иса пайғамбар: «Сендер үміт қылған нəрсені беру, Алланың ақысы», – дейді. Мұнан соң келесі топқа жолығады. Бұлардың хəлі, əуелгі екі топтағылардан да нашар еді. Бірақ жүздері нұрланған адамдар болды. Иса пайғамбар: «Мынадай күйге жеткізген не нəрсе?» – деп сұрайды. Олар: «Біз ұлық жəне құдіретті Алланы сүйеміз», – десті. Иса пайғамбар қуанған хəлде: «Сендер Аллаға жақын пендесіңдер. Сендер Аллаға жақын пендесіңдер», – деп қайталайды.

Абдулуахид ибн Заид: «Мен қарда тұрған адамның қасынан өтіп жатып: «Суық емес пе?» – деп сұрадым. Ол маған: «Кімді Алланың махаббаты машғұл етсе, суықты сезбейді», – деді» – деген əңгімені айтады. Сирри əс-Сақати (Алла оны рақым етсін): Күллі үмбет қиямет күнінде өз пайғамбарының есімімен шақырылады, яғни: «Ей, Мұсаның үмбеті, ей Исаның үмбеті, ей Мұхаммедтің үмбеті!», – делінеді. Ал енді Алланы сүйген пенделер: «Ей, Алланың достары, Алла тағаланың құзырына қош кел дің дер!», – деп шақырылады. Олардың жүректері қуаныштан жарылуға əзір тұрады», – дейді.

Һарам ибн Хаииан (р.а.): «Мүмин ұлық жəне құдіретті Раббысын таныса, əлбетте Оны сүйеді. Егер оны сүйсе, оған толық бет бұрады. Егер Раббыға толық бағытталудн лəззат алса, дүниені сүймейді, ақыретке немқұрайды қарамайды. Бұл жағдай оның дүниедегі қайғысы болса, ақыреттегі рақатына себеп болады», – деген хабарды баяндайды.

Яхия ибн Муғаз (р.а.): «Алланың кешірімінің кеңдігі сонша, оған барлық күнəлар батып кетеді. Сонда Оның разылығы қандай болмақ?! Алланың разылығының кеңдігі сонша, барлығы батып кетеді. Олай болса, Оның махаббаты қандай болмақ?! Алланың махаббатынан ақыл-есінен адасады. Олай болса, Оның достығы қандай болмақ?! Оның достығы Өзінен басқасының барлығын ұмыттырады. Олай болса, оның мейірімділігі қандай болмақ?!» – деген.

Келесі риуаятында: « Уа, Алла Сенің қасыңда көрінбей ғұмыр кешемін. Саған мадақ айтып құлшылық етемін. Мені бала кезімнен жолыңа салдың, Өзіңді танытып суғардың. Өзіңнің ізгілігіңнен бердің. Түрлі оқиғаларды басыма бердің. Кемшіліктерді жасырдың, тəубе қылдырдың, оқшауландырдың, ынтызарлыққа салдың, махаббатпен амал қылдырдың, сөйтіп мені сынаққа салдың. Мені хауызыңа жібер, шөлімді басайын. Саған құлшылық етіп шынығайын. Сенің əміріңе бойсұнайын, Сөзіңді үнемі қалап тұрайын! Балалық шағымнан Саған құлшылық етіп, əдет қылдым, енді сақал-мұртыма оқ түскенде қайтып Сенен кетпекпін?! Мен бұл дүниеде қанша уақыт қалса-дағы зікір айтамын, саған мінəжат қыламын. Себебі мен саған ғашықпын. Əрбір ғашық өз махаббатын тілейді, одан басқа ешкімді көрмейді», – деп айтқан.

Осы сияқты, Алла тағалаға деген маған махаббат жайында айтылған көптеген хабарлар бар. Олардың көптігі сонша, шегі көрінбейді. 

Аударған Жалғас Сәдуақасұлы

0 пікір