Дінін 20 тиынға сата жаздаған адам
Дінін 20 тиынға сата жаздаған адам
6 жыл бұрын 4509

Бір мұсылман жұмыс барысымен Лондон қаласына көшіп келеді. Ыңғайлы болғаннан кейін негізінен қоғамдық көлікпен жүруді әдетке айналдырады. Ең қызығы, ол үнемі бір автобусқа мініп, бір жүргізушіге кез болатын. 

Арада бірнеше апта өтеді. Жұмысқа кетіп бара жатқан мұсылман жігіт әдеттегі автобусына отырады. Жол ақысын төлеп, орнына отырғаннан кейін ғана көлік жүргізушісінің 20 тиын артық беріп қойғанын байқайды. Мұсылманға ішінен бір дауыс: «Тиынды қайтар! Бұл сенің хақың емес» десе, екінші бір дауыс: «Ешкім байқамайтын болмашы тиын ғой. Автобус мекемесі халықтан қаншама ақша алып жатыр, сенің тиыныңа қарап қалмаған шығар... Өзіңе қалдыр да, Алланың сыйлығы деп біл» дейді. 

Автобус аялдамаға тоқтайды, ал мұсылман шығып бара жатады. Есікке жетіп қалғанда кілт тоқтап, жүргізушіге бұрылып: «Сіз маған артығымен қайырыпсыз» деп, 20 тиынды қайта ұсынады. Ақшаны алып тұрған автобус жүргізушісі жымия қарап: «Сіз біздің елге жаңадан көшіп келген мұсылман емессіз бе? Ислам жайлы білу үшін, сіздердің мешіттеріңізге барып жүрген жайым бар. Шындығында, сізді тексеру үшін ақшаны әдейі артығырақ берген едім» дейді. 

Автобустан түскен мұсылман қорқыныштан қол-аяғы дірілдеп, құлап қала жаздайды. Жақын тұрған бағанға сүйенген күйі көз жасын төгіп, көкке қарап: «Уа, Алла! Сенің дініңді 20 тиынға сата жаздадым ғой! Кешір мені!» деп дұға қылады. 

Бауырлар! Расымен де, Исламды басқаларға көркем түрде көрсетіп, әділдігіміз бен шыншылдығымыз арқылы оларға үлгі болудың орнына, жоғарыдағыдай жағдайға түсіп жатамыз. Қандай сәт, қандай кезең болмасын, Алланың бізді төбемізден бақылап тұрғанын ұмытпайық!

0 пікір