Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сырт келбеті қандай болған?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сырт келбеті қандай болған?
7 жыл бұрын 10179

Риуаяттарда Пайғамбарымыздың сыртқы келбеті былайша суреттеледі:

Ол ірі денелі, бітімі сымбатты келген, айбатты кісі болатын.

Жүзінен нұр шашырап тұратын. Бет-әлпеті аса дөңгелек те, толық та емес-тін. Адамдардың арасындағы ең жылы жүздісі еді. Қуанған кезде, жүзінен сәуле төгілгендей әсер беретін. Қуанышты екендігі осыдан аңғарылатын. 

Бойы ұзын емес, орта бойдан сәл жоғары болатын. Бойшаң адаммен қатарласа қалса, Пайғамбарымыз одан еңселі болып көрінетін. Кең иықты, буындары мен омыртқалары ірі еді. Шапанын шешкенде, денесі қалыпқа құйылған күмістей болып көрінетін. Екі жауырынының арасында ай шеңберіне немесе көгершіннің жұмыртқасына ұқсайтын, түсі денесі түстес, жұдырыққа ұқсас пайғамбарлық мөрі бар болатын. 

Қарны шығыңқы емес, көкірегімен бір деңгейде тұратын. Кіндігінде үш қатпар бар еді. Көкірегінің үстіңгі жағынан кіндігіне дейін жіңішке сызық тәрізді түктері болды. Сондай-ақ, иығының үстінде, қарында (шынтақ пен иық арасы) және көкірегінің ең үстіңгі жақтарында түк бар-ды.

Саусақтары салалы, алақаны кең, аяқ-қолдары түзу еді. Табаны жалпақ, бірақ майтабан емес-ті. Балтыры жіңішкелеу келген еді. 

Басы сәл үлкендеу, толқынданып тұратын шашы кейде құлағының жартысына дейін, кейде иығына дейін жететін. Шашын кейде ортасынан бөлгенде, кекілі екі көзінің ортасына түсіп тұратын. Кейде төртке бөліп өріп, екі өрімді оң құлақ жағынан, екі өрімді сол құлақ жағынан төмен түсіретін. Кең маңдайлы еді. Қою қара шашын тараған кезде, маңдайы жарқырап көрінетін. 

Қасы жіңішкелеу, екі қасының ортасындағы тамыры көңілі алабұртқан кезде білеуленіп кететін. Көзі үлкен, мойылдай қап-қара еді. Кірпігі ұзын, көзін жұмған кезде бір-бірімен қамасып тұратын. Алдындағысын көргені тәрізді, арттағы нәрсені де солай көргіштігі бар еді. Көбіне басқа адамдардың көрмегендерін көріп, естімегендерін еститін.

Пайғамбарымыз мұрынды, бет сүйегі атжақты келген сұлуша болатын. Аузы сәл үлкендеу, әсем орналасқан еді. Алдыңғы тістері сирек әрі аппақ болатын. Сөйлеген кезде аузынан нұр төгілгендей әсерге бөлейтін. Аузынан хош иіс шығатын. Бірде әлдебір құдыққа мүбәрак түкірігінен тигізген кезде, хош иіс тараған еді. Денесін жара басқан Утба ибн Фарқатқа қасиетті сілекейінен жағады. Осыдан бастап ешқандай иіссу қолданбаса да, Утбаның үстінен өмір бойы хош иіс аңқып тұрады. Әнәс ибн Мәліктің үйіндегі құдық та осындай себептен Мәдинаның суы балдай құдығына айналды.

Сақалы қаба, иегінің үсті ғана ашықтау болатын. Осы тұста ғана ағарған үш-төрт түк бар еді. Шашынан да төрт-бес талын күмістей қырау шалғаны болмаса, өмірде шашын ешқашан боямаған. Өйткені шаштары тұтас ағармаған.

Пайғамбарымыздың терісі тым жұмсақ, терлеген кезде денесінен хош иіс шығатын. Өзі тершең болатын. Үммі Сүләйм кейде оның терін бір ыдысқа жинап, иіссуларға қосып араластырып, хош иістің жаңа бір түрін жасайтын.

Қолынан да әрдайым хош иіс аңқып тұратын. Пайғамбарымызбен амандасқан адамның қолынан кешке дейін осы иіс шығып тұратын.

Шапшаң жүретіндіктен, қатар жүргенде жай адам ілесе алмайтын.

Мәнерлеп сөйлейтін, даусы ашық еді. Бір сахаба былай дейді: «Бізге Минада уағыз айтқан кезде, тынысымыз кеңіп, сарайымыз ашылатын. Тіпті үйімізде отырғанда да, осы дауыс құлағымыздан көпке дейін кетпейтін». Кей кезде Мәдинадағы үйлерге Пайғамбар мешітінен шыққан Расулаллаһтың даусы жетіп тұратын. Пайғамбарымыз арабтардың ішінде ең анық, айқын сөйлейтін адам еді.

0 пікір