Ештеңе істегісі келмейтін жасөспірімдерге не істеуге болады?
Ештеңе істегісі келмейтін жасөспірімдерге не істеуге болады?
7 жыл бұрын 5692
Аударған Шынар Әбілдә

Катерина Демина – кеңес беруші психолог, балалар психологиясының маманы, ата-ананың көкейінде жүрген біраз түйткілді мәселені мақаласында қамтуға тырысқан. 

Соңғы жеті жыл ішіндегі бақылауым. «Ештеңе істегісі келмейтін» бір буын өсіп шықты. Ақша да, карьера да, жеке өмірдің де қажеті жоқ. Олар тәулік бойы компьютерге қадалып отыра береді. Қыздарға да қызықпайды.  Мүлде жұмыс істегісі келмейді. Қазіргі өміріне дән риза – әке-шешесінің үйі, темекі мен сыраға жететін ақша. Бітті. Бұларға не болған? 

Сашаны психологқа анасы ертіп әкелді. 15 жастағы бозбала. Кез келген сұлудың арманы дерсің. Сымдай тартылған, сымбатты, шешен, боқтамайды, көздері де жанып тұр, сөздік қоры да бай, теннис ойнайды, гитараны да тарта алады. Анасы «Неге ол ештеңе істегісі келмейді?» деп шошиды. 
«Ештеңе дегеніңіз не?» деп сұрадым мен. Дегенмен ол тамақ ішеді, ұйықтайды, қыдырады, ойнайды, кино көреді ғой. Саша жасөспірімдерге тән қалыпты дүниелерді жасағысы келмейді. Яғни:
1. Оқығысы келмейді. 
2. Жұмыс істегісі келмейді. 
3. Курсқа барғысы келмейді. 
4. Қызбен жүргісі келмейді. 
5. Анасына қолғабыс еткісі келмейді. 
6. Анасымен демалысқа барғысы келмейді. 

Анасы үрейленеді. Дардай жігіт өсіп шықты. Бірақ одан еш пайда жоқ. Анасы өмір бойы сол үшін жұмыс істеді, өзіне көп нәрседен шектеді, кез келген жұмысқа жегіле беретін, баласын түрлі үйірмелерге жаздыртатын, қымбат секцияларға апаратын, шетелдегі тіл үйрететін лагерьлерге жіберетін, ал ол – түске дейін ұйықтайды, сосын түн жарымына дейін компьютердегі ойындарды ойнайды. Баласы өссе, анасы көңіл алаңым азаяды деп ойласа керек. Мен сұрақтарымды қойып жатырмын. Отбасы қандай? Бүтін бе? Кім ақша табады? Оның жұмысы не? 

Анасы көптен бері ажырасып кеткен. Бала бес жастан бері әкесіз. Әкесі де осындай жатып-ішер жалқау еді. Тектен жалқаулық беріле ме? Анасы жұмыстан қолы босамайды. Үнемі жұмыста. Өйткені, өзін, баласын, анасын асырауы керек. Үйге түн жарымында келеді. Қатты шаршайды. 

Үйді шешесі қарайды. Сашаға да қарайды, үй шаруасын да жүргізеді. Бірақ Саша тіл алмайды. Әжесін тыңдамайды. Сөз де қайтармайды. Тек естімегенсиді. Болды. 

Мектепке барады. Өзі қалаған кезде. Армияға барады ғой. Бірақ бала оған еш алаңдамайды. Жақсы оқуға тырыспайды. Дегенмен, мұғалімнің бәрі ақылды екенін айтады. Қабілеті зор дейді. Мектебі де тарихы бай, мемлекеттік мектеп. Ондай мектептен шығып қалмау үшін үнемі репетитор жалдап, сабақтарын реттеп отыруға тура келеді. Сонда да тоқсандығы екілік. Шығарып жіберуі мүмкін. 

Үйде мүлде ештеңе істемейді. Ыдысын да жумайды. Әжесі дүкеннен ауыр сөмкелер тасиды. Бұған бәрібір. Тамақты компьютердің алдында отырып жейді. «Бұған не болғанын айтыңызшы? - дейді анасы. «Мен бар өмірімді ұлыма арнадым ғой». 


 Бала
Келесі жолы бала жалғыз келді. Шынында да жақсы бала. Сүйкімді. Сәнді әрі қымбат киінген. Бірақ тым анайы емес. Тым жақсы бала. Сурет сияқты. Қыздарға арналған журналдағы суреттей. Гламур ханзада. Маған сыпайы жауап қайтарады. Өзінің ашық екенін көрсетіп отыр. Серіктесуге даярлығы сезіледі. Өзімді америкалық сериалдардың кейіпкеріндей сезініп кеттім. Боқтай салғым келді. Жарайды, мұнда кім маман екенін көрсетелік. 
Ол шешесінің айтқанының бір сөзін қалдырмай айтты. Тура қайталады. «Мен жалқаумын. Менің жалқаулығым мақсатыма жетуге кедергі келтіреді. Сосын мен жинақы емеспін. Бір нүктеге қарасам, солай бір сағат отыра берем» дейді. 
Өзің нені қалайсың? 
Ештеңені қаламайды. Мектепте іші пысады. Сабақтары түкке тұрғысыз. Бірақ мұғалімдері жақсы.  Жақын достары жоқ. Қызы да жоқ. Жоспар жоқ. 
Яғни, өркениет білетін 1539 тәсілдің бірін де қолданып ешкімді бақытты етуге тырыспайды. Мегажұлдыз болуды армандамайды. Оған байлық керек емес. Карьера да қажет емес. Ешбір жетістік қызықтырмайды. Оған мүлде ештеңе қызық емес. Бізде онсыз да бәрі болғаны қандай жақсы дейді. 
Біртіндеп түйткілдің сұлбасы салбырап шыға бастады. Шамамен үш жастан бастап Саша оқыды. Алдымен, дайындық сыныбында. Жүзу, ағылшын тілі. Сосын мектеп, ат спорты қосылды. 
Қазір математикалық лицейдегі оқуынан бөлек МГИМО жанындағы ағылшын тілі курсына барады. Екі спорт секциясына. Репетиторға. Аулада ойнамайды. Теледидар көрмейді. Уақыт жоқ. Шешесі айта беретін компьютерді тек демалыста қолданады. Онда да күнде емес. 
 Неге оған ештеңе керек емес? 
Ол жасайтын істің бәрін Саша өзі таңдаған. Оқу оқымасаң не істегің келер еді десем, гитара тартар едім дей береді. Тартсам дейді. Осыны еске сақтап алайық та ары жылжиық. 

Оған не болды? 
Мұндай адамдар аптасына үш реттен кездеседі. 13-19 жас аралығындағы бозбалалар. Ештеңе істегісі келмейді. Әр жағдайдан ортақ бір суретті көрем. Белсенді, мінезді, күш-қуаты тасыған ана, орыны бос қалған әке. Үйде не әжесі, не күтуші. Көбіне әжесі. Отбасылық жүйе бүлінген: анасы еркектің рөліне кіріп алған. Ол - ақша табушы. Барлық шешімді сол қабылдайды. Сыртқы әлеммен де сол байланыста. Қорғайды. Қажет болса. Бірақ үйде шеше жоқ. Ол жұмыста. Саятшылықта, ауыр қызметте. 
Үйдегі отбасының отын әжесі маздатады. Бірақ ол «ортадағы» балаға әсер ете алмайды. Бала тыңдамауы да мүмкін. Қарсы сөз айтуы. Егер әкесі мен шешесі болса, онда анасы кешке әкесі жұмыстан келген соң шағымданар еді, әкесі жазалар еді – бар махаббат осы. Ал, мынадай жағдайда шағымдануға болар еді, бірақ кім жазалайды? 
 Анасы баласына бәрін беруге тырысады. Ең сәнді үйірмелер, ең қажетті дамыту ойындары, кез келген сыйлық, қалағанын әперу. Ал баласы бақытты емес. Сосын бір қайырма қайталана береді: «Ештеңе істегім келмейді». 
Ішімде бір сұрақ мазалайды. Қай уақытта қалауы керек? Егер шешесі ол үшін бәрін қалап, армандап, жоспарлап, жасап қойса? Бес жаста бала үйінде ойыншық көлікпен ойнап отырып, неше түрлі дыбыс шығарып, көпір салып, үй салып ойнап жатқанда оның өмірлік тілектері ояна бастайды, бастапқыда сұлбасы ғана, кейіннен нақты көрініс бере бастайды. Үлкен өрт сөндіргіш көлік әпер дейді. Кешке әке-шешесі келгенде тілегін айтады. Олар жаңа жылға дейін күт дейді. 
Бала күтеді. Төзеді. Армандайды. Түнде түсінде көреді. Ол көліктің барлық тетігін іштей ойластырады. Осылай ішкі әлемімен байланыс орнатуды үйренеді. 
Ал Сашада қалай болды? Қалады ма, анасына смс жаза салады. Анасы интернет арқылы тапсырыс береді, кешке қолына ұстатады. Немесе керісінше, ол ойыншықтың саған не керегі бар? Сабағыңды істедің бе? Логопедтің әліппесін оқып тауыстың ба? Бір дейді де – ертегінің басын үзіп жібереді. Бұдан кейін армандау қиын. 
Бұл балаларда бәрі бар: су жаңа смартфон, ең соңғы үлгідегі джинсылар, жылына төрт рет теңізге шығып демалу. Жай әншейін ойнауға уақыт жоқ. Ал, іш пысу – барып тұрған шығармашыл күй, ол болмаса адам өзіне іс таппай қиналар еді. 
Баланың іші пысып, сағынуы керек. Сонда қозғалу, қимылдауға, әрекет жасауға ниет туар еді. Ал, оның Мальдивыға барғысы келе ме, жоқ па деген шешімді қабылдауға да рұқсаты жоқ. Шешесі бәрін шешіп қойды. 

Ата-аналар жиі айтатын сөздер
Мен бастапқы кезде ұзақ уақыт бойы ата-аналарды тыңдаймын. Олардың көңіл толмаушылығын, алаңын, ренішін, өкпесін, тұспалдарын. «Біз оған бәрін бердік, ал ол...» деген шағымнан басталады бәрі де. «Оған жасалған жақсылық» тізімі көңіл көншітерлік. Кей заттарды өмірімде бірінші рет естимін. Мысалы, 15 жасар баланы мектепке қолынан жетектеп апару керектігін білмегенмін. Меніңше, 3-сыныптан кейін ондай қажеттілік тумауы тиіс. Мүмкін қыздарға 4-сынып шығар. 
 Бірақ аналардың үрейі мен алаңы неше түрлі жағдайға душар етеді екен. Оған жаман балалар тап берсе ше? Оған жаман нәрсе үйретсе ше? Темекі тарту, боқтау, ата-анаға өтірік айту, есірткі деген сөз көбіне айтылмайды, тым қорқынышты болса керек. 
«Қандай заманда өмір сүретінімізді білесіз ғой» деген сөз жиі айтылады. Кейде шынымен де түсінбеймін. Заманның бәрі бірдей секілді. Соғыс жүріп жатқан кездерден басқасы. 
Менің кезімде тақырдан 11 жасар қыздың жалғыз жүруі қорқынышты болатын. Жүрмейтінбіз. Ол жерден өткен қауіпті екенін білетінбіз. Сексуалды маньяктар да болған, кіреберістерде ұрлық та жасалатын. 
Болмағаны – ашық баспасөз еді. Сондықтан қылмыстық жағдаяттарды адамдар таныстарынан ғана білетін. «Бір кемпір айтты» деген сымсыз телефон жақсы істейтін. Талай жұрттың естуінен өткен ақпарат ақырында қорқынышты болмай қалатын. Адамды басқа ғаламшарлық тонғандай естілетін. Бәрі еститін, бірақ ешкім көзбен көрмеген. 
 Ондай қылмысты үйдегі теледидардан көрсеткенде – ол шындық сенің үйіңдегі шындыққа айналады. Бірақ көпшілік адам шын қылмысты көзбен көрмеген де ғой. Рас па? 
Адам психикасы күнделікті өлімді көруге әзір емес. Мұндай жағдай жанға жарақат салады. Одан біздің заманның адамы қорғана алмайды. Сондықтан біз бір жағынан тым тұрпайы, есепшілміз, екінші жағынан баланы сыртқа ойнауға жібермейміз. Қауіпті дейміз. 
Мұндай қорғансыз бала көбіне бала күнінен тым пысық, еркін боп өскен ата-анада болады. Тым ересек, тым жауапты, өмірді тым ерте танығандар. 
Бірінші сыныптан үйге бір өзі келе беретін. Кілті мойнында ілініп тұратын. Сабақты өзі оқитын. Тамақты өзі жылытатын. Әке-шешесі кешке таман «Сабақ оқыдың ба?» деп сұрауы мүмкін. Жаз бойы лагерь, не әжесінің ауылына кететін. Онда да ешкім қадағаламайтын болады. 
Сосын бұл балалар өсті де, заман алмасты. Бәрі өзгерді: өмірлік ұстаным, құндылық, бағыт-бағдар. Жүйке шымырлайды. Бірақ бұл буын үйреністі. Аман қалды. Тіпті жетістікке де жетті. Шетке шығарылған, көңіл бөлінбейтін алаңдаушылық ұмытылды. Соның бәрі жиылып келіп жалғыз ұрпағының басына төніп тұр. 
Ал, баласына тым салиқалы айып тағылады. Ата-анасы оның болмысына жауаптылықтан мүлде бас тартады. «Мен оның жасында» деген сылтау бар. «Мен оның жасында өмірден не қалайтынымды нақты білгенмін. Ол 10 сыныпта ойыншық ойнауды ғана біледі. Мен үшінші сыныптан бастап сабағымды өзім оқығанмын. Бұл болса сегізінші сыныпта жетектеп әкелмесең, сабақ оқымайды. Менің ата-анам математикадан не өткенімізді білмейтін, ал мен әр есебін шығарып берем» дейді.  «Бұл заман не боп барады?» деген реніш бар. Баласы әке-шешесінің жолын қайталауы тиістей. 

Осы кезде баласының не істегенін қалар еді деп сұраймын. Бір қарағанға қызық тізім шығады:
1. Бәрін өзі істесе. 
2. Мүлтіксіз тыңдаса. 
3. Бастама жасаса. 
4. Өмірінде керек болатын үйірмелерге қатысса. 
5. Қамқор, сезімтал болса, өзімшіл болмаса. 
6. Әлдеқайда мақсатшыл, пысық болса. 
Соңғы пункттерін жазғанда көңілім құлазып кетеді. Осындай тізім жасап отырған анасына да оңай емес. Ол кереғарлықты сезе қояды. «Мүмкін емес нәрсені жазып отырмын ба?» дейді. 
Өкінішке қарай. Не ән саласың, не билейсің. Не бәріне мақұл дей беретін үздік-ботаник, не күш-қуаты тасыған, бастамашыл, алғыр үшпен оқитын бала. Ол не көңілге қарап, қолдау білдіреді, не үндемей, басын изей береді. Сіздің жаныңыздан өтіп кетіп, өз арманына жетеді. 
Балаға дұрыс тәрбие беру деген оны келешектегі барлық жамандықтан сақтап қалу деген ойды кім айтып жүр? Сан салалы дамытушы үйірмелердің пайдасы әркелкі. 
Бала өміріндегі ең маңызды кезеңді өткізіп алады: құрдастарымен ойнауды. Ұлдар өзіне өзі ойын ойлап таппайды, жаңа аумақтарды ашпайды (ол жер қауіпті ғой), төбелеспейді, айналасына команда жинағанды білмейді. 
Қыздар «әйелдер ортасы» туралы ештеңе білмейді, бірақ олардың шығармашылығы әлдеқайда жақсы, қыздарды көбіне қолөнер үйірмелеріне береді, оның үстіне қыз баланың бойынан әлеуметтік байланысты үзу қиындау. 
Балалар психологиясынан бөлек мен орыс тілі мен әдебиетін мектепте оқытамын. Шет тілін оқытамын деп ата-аналардың көбі орыс тілін ұмыт қалдырған. 
Қазіргі заман баласының сөздік қоры Адамжегіш Эллочканың сөздеріндей ғана. Жүзге жуық қана. Есесіне бала үш шет тілін біледі, арасында қытай тілі де бар, бәрін түпнұсқадан үйренген. 
Мақал-мәтелді де бала сол күйі түсінеді, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», мақал қарын тойдыру туралы ғана деп. Сөз тудыруды білмейді. Іштегі көңіл күйін тек саусақпен білдіртеді. Себебі, тілді сөйлегеннен және кітаптан үйренуге болады. Сабақта, не спорт үйірмелерінде емес. 

Балалар не айтады? 
«Мені ешкім тыңдамайды. Мен үйге достарыммен қайтқым келеді. Күтушімен, жүргізушімен емес. Теледидар көретін, компьютер ойнайтын уақытым жоқ. Бір де бір рет достарыммен киноға бармадым. Тек ата-анаммен, олардың достарымен барам. Мені достарымның үйіне жібермейді. Оларды да келтіртпейді. Анам портфелімді, қалтамды, телефонымды тексереді. Мектепте бес минут кешіксем, анам дереу телефон шалады. 
Бұл бірінші сыныптың оқушысының хаты емес. 9-сыныптың баласы айтып отыр. Мұндай айыптауларды екі санатқа бөліп қарастыруға болады: шекараны бұзу (қалағанымды кидірмеу, портфель тексеру) және тұлғаны басып-жаншу (ештеңе істеме). Әке-шешесі баланың жөргектен өсіп кеткенін байқамайтындай. 
Бірінші сыныптың баласының қалтасында не барын тексеру керек те шығар, тым болмаса жуғанда кетіп қалмасын деген себеппен. Ал, 14 жастағы бозбаланың бөлмесіне есік қағып кірген дұрыс. Жай қаға салып, кіріп бару емес, ол кір дегенше кірмей тұру, оның шекарасын сыйлау. 
«Басыңды жу, жылы куртка ки» деген сөздер балаға әлі кішкентайсың дегенді сездіреді. Сенің өз дауысың жоқ, сен үшін бәрін мен шешем дегенді білдіреді. Мүмкін баланы шынында да тұмаудан сақтандыру керек шығар, мүмкін шынымен шашын жуу керек те шығар. 
Жасөспірім үшін ең маңызды дүние құрбы-құрдастарымен араласу дегенді естімеген ата-аналар бар дегенге сенгім келмейді. Жасөспірім болды дегені ата-ананың шектеуінен, қамқорлығынан шықты деген сөз. Ата-ана бала үшін ең бірінші ақиқат болуын доғарады. 
Баланың шығармашыл қуаты қалай шектеледі? Егер өзі қалаған нәрсеге тыйым салынса, онда ол мүлде ештеңе істегісі келмейді. Ештеңе істегің келмеудің қаншалықты қорқынышты екенін ойлап өкріңізші? Не үшін? Бәрібір рұқсат етпейді, тыйым салады. Бұл қауіпті не зиынды деп түүсіндіреді. Одан да бар да сабағыңды оқы. 
Біздің әлем шын мәнінде мүлтіксіз емес. Қауіпті болуы да мүмкін. Онда жаманат пен хаос бар. Бірақ біз өмір сүріп жатырмыз ғой. Өзімізге сүюге рұқсат береміз. Жұмыс пен тұратын жерімізді өзгертеміз. Ішкі және сыртқы дағдарыстарды бастан кешеміз. Неге өз балаңызға өмір сүруге мүмкіндік бермейсіз? 
Баламен мәселе туындайтын отбасылардағы ата-аналар өзін қауіпсіз сезінбейтін секілді. Олардың өмірі тым күрделі, күйзеліс көп, ағза шыдамайды. Сондықтан баласының тыныштық пен үйлесімділікте өмір сүргенін қалайды. 
Ал, балаға тыныштық керек емес. Оған дауыл, боран, жетістік пен ерлік керек. Оған қолы жетпесе, диванға жатады да, көз қуаныштың бәрінен ләззат алуын доғарады. 

Не істеу керек? 
Әр кездегідей: талқылап, жоспар құрып, жоспарды орындау. Бұрын балаңыз не сұрап еді, сосын ұмытып кетті, соны еске түсіріңіз. Баланың жан саулығы үшін құрбы-құрдастарымен серуендеу пайдалы болар еді дер едім. 
Мағынасыз теледидар қарау балаларымыз үшін де керекті дер едім. Олар да трансқа кіріп, медитативті жағдайды бастан кешіреді. Өзін тани бастайды. Әртістер, жұлдыздар, шоу-бизнес туралы емес. Өзі туралы. 
Компьютер ойындары, әлеуметтік желі, телефон әңгімелері де солай. Бұл тым қиын. Бірақ шыдау керек. Баланы шектеу керек. Белгілі бір уақыты, мерзімі болсын. Бірақ мүлде рұқсат етпеуге болмайды. Баланың ішкі өсуіне зиян. Бұл дұрыс емес. 
Қазір осы сабақты көңіліне тоқымаса, оның реті кейін келеді: орта жастағы дағдарыс, 35 жаста моральді күйіп кету, өзі үшін, отбасы үшін жауапкершілік алудан бас тарту. 
Себебі, ойыны қанбады. Мақсатсыз көше кезбеді. Кезінде топас сериалдар көрмегені үшін. Бивис пен Баттхетке күлмегені үшін. 
15 жасында әке-шешесінің тілін алмаған бір баланы білем. Бөлмесінде жатып алып теннистің добын тарсылдата беретін. Қатты емес. Ақырын ғана. Әке-шешесін ол тықылдату емес, баланың іссіз жатуы мазалайтын. Қазір ол 30 келді. Үйленген. Жұмыс істейді. Белсенді жігіт. 15 жасында өзінің қабығында бола тұру керек болған. 
Екінші жағынан, бұл балаларға тым көп ауыртпашылық артып қойған. Бар жұмысы – оқу. Отбасы үшін дүкенге бармайды. Еден жумайды. Электр құрылғыларды жөндемейді. 
Сондықтан іштей көбірек еркіндік беріп, сыртқы жағдайларды тыя тұрар едім. Яғни, бала өзі не киетінін шешсін, оқудан басқа немен шұғылданатыныңды өзің біл, бірақ – үй жұмыстарының тізімін қолға беріп, осыны бітіріп қой деу керек. Айтпақшы, ұлдар керемет тамақ пісіре алады. Үтіктеуді де жақсы біледі. Ауыр затты қалай тасиды десеңші...

 

0 пікір