Пайғамбарымыз ﷺ шашын қалай күткен?
Пайғамбарымыз ﷺ шашын қалай күткен?
8 жыл бұрын 26528
Бердібек Мәсенов

Күнделікті өмірде шаштың да адамға көрік беретіні сөзсіз. Таңертең тұрғанда, қайткенде де шашымызды тарауға тырысамыз. Гель секілді оған жағатын дүниелер де қазір біршама. Әсіресе, әйел кісілер айранға дейін жағып, әр нәрседен шашға неше түрлі күтім жасап жатады. Бұл әдістердің қаншалықты пайдалы екенін біле бермейміз, дегенмен ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) шаш күтімі де үмбетіне үлгі.

Алла елшісінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) шашы ұзын болған. Шаш қоюы әркелкілік байқатқан. Кей уақыттарда шашы құлақ сырғалығына дейін түссе, кей уақыттарда сырғалықтан да сәл төмен түскен. Кейде мүбәрак шашы иығына да жететін. Тарау түрлері де өзгеретін. Ибн Аббастың (р.а.) риуаятынан байқалғандай, ол кезеңде Хижаз аймағында екі түрлі шаш тарау үлгісі кең тараған. Әхлі кітап өкілдері кекілдерін алға қарай тарайтын. Сол күнгі пұтқа табынушылар шашты ортадан екіге бөліп тараған. Расулалла болса бастапқыда әхлі кітаптың үлгісін дұрыс көріп, кекілін алдыға түсіріп тараған. Хижаз аймағында пұтқа табынушылық жойылғаннан кейін шашын алдыдан екіге жарып, оңға және солға қарай тараған.

 

Шашына зәйтүн майын жағатын

Екі әлем сәруары (алайһис салату уә сәлләм) шаш күтіміне де мән беріп, бұл жайында үмбетіне кеңестер айтқан. «Шашы барлар шашына құрметпен қарасын» деген. Шашқа құрметпен қарау деген сол – оны жуу, майлау және тарау керектігі. Расулалла тек кеңес беріп қоймай, өзі де шашын арнайы күткен. Шашын әркез зәйтүн майымен майлап, артынан матамен орайтын. Бұл мата майды өзіне сіңіргендіктен, сәлдесіне май жұқпайтын. Зерттеулер бойынша, зәйтүн майы микроорганизмдердің көбеюінің алдын алып, қайызғақты болдырмайды. Хадис шәріптерде де зәйтүн мен майдың жетпіс түрлі ауруға ем екені білдірілген.

 

Балқарағайды кесуге тыйым салды

Расулалла басын балқарағайдың жапырағымен жуатын. Бұл өсімдікті жұрт ол уақыттарда моншаға түскенде де қолданатын. Бір хадис шәріптерде Қайс ибн Асым (р.а.) мұсылмандықты қабылдауға келген кезінде, Пайғамбарымыз оған су мен балқарағай ағашының жапырағының ұнтағымен тазалануды бұйырды. Бұдан бөлек, қыздарынан Зейнеп қайтыс болғанда, мәйітін жуғандарға да «Зейнепті су және балқарағай ағашы жапырағының ұнтағымен үш, бес рет не қажетінше жуыңдар. Бірақ соңғы рет жуғанда суға кафур не сол секілді бір иіс қосыңдар. Аяқтаған кездеріңде маған хабар беріңдер» деген. Балқарағай ағашының жапырағының ұнтағы тазалайтын жерге қойылып, сол жерге уқалап отырып жағылады. Содан кейін үстіне су құйылады. Немесе судың ішіне балқарағай ұнтағы қосылады.

Расулалла ерекше мән берген балқарағай ағашы зерттеулер бойынша денсаулыққа өте пайдалы. Балқарағай ағашының құрамында бар заттар

жұқпалы аурулардың жазылуында, тамыр ішінің анатомиялық қалпын сақтауда, микроптардың көбеюін тоқтатуда әрі оларды жоюда ықпалды екені дәлелденген. Тағы бір жағынан, реті келгендіктен айта кету керек, Пайғамбарымыз балқарағай ағашын кесуге тыйым салған. Тіпті «Кімде кім балқарағай ағашын кессе, Алла ол адамды тозаққа тастайды» деген.

 

Жалбызтікеннің гүлін де қолданды

Пайғамбарымыз (алайһиссалату уә сәлләм) шашын жуғанда, жалбызтікеннің (алтей) гүлін де қолданған. Деректерде «Пайғамбарымыз басын жалбызтікен мен аққаңбақ ұнтағымен жуатын» деген сөздер өтеді. Жалбызтікен гүліндегі май шашты сақтауға көмектеседі. Бұған қоса, шашқа көрік те береді.

Расулалла аққаңбақты (качим) да ұнататын. Хазірет Айша анамыз бір риуаяттарда «Пайғамбар алайһиссалам қажылық не ұмра үшін ихрамға кіргісі келгенде, басын жалбызтікен не аққаңбақ шөбімен жуатын. Артынан аз мөлшерде зәйтүн майымен майлайтын» деуде. Екінші бір жағынан кейде шашы жайылып кетпеуі үшін шайыр мен бал қолданатын. Аққаңбақта шайырдың болуы Пайғамбарымыздың таңдауындағы дұрыстықты білдіруде. Шайыр шаштың жинақылығына көмектесіп, сумен жуғаннан кейін құрамындағы сабынмен шайыр кетіп, сөйтіп шашты тірілте түсуде.

 

Шашын бояған ба?

Кейбір риуаяттарда Расулалла шашын бояған делінсе, кейбір риуаяттарда боямағандығы айтылуда. Нақты белгілісі мынау, сахабаларымызға шаш пен сақалды бояуға кеңес берген. Өйткені ол дәуірде кітап иелері сәндену құлшылыққа жат деген пікірмен шаш боямайтын. Алла елшісі болса, кітап иелерінен өзгешеленуді қалағандықтан, шаш пен сақалды бояуға кеңес беріп, былай деген: «Иудей мен христиандар (шашы мен сақалын) боямайды. Сендер керісінше істеңдер (боятыңдар)». Алайда ғалымдар бұл хадисте өткен бұйрықтың міндетті уәжіп емес, істелгені ұнамды мұстахаб екенін білдірген.

Бояқтың түрі де маңызды. Айталық, Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) шашты қараға бояуға тыйым салған. Айтқандай, Меккені азат еткен күні хазірет Әбу Бәкірдің әкесі Әбу Куһафаның шашы ағарғанын байқаған Расулалла (с.а.у.) «Мына ақ шашты өзгертіңдер әрі қарадан абай болыңдар» деген. Абдуллаһ ибн Масғуд тa Алла елшісінің он түрлі нәрсені ұнатпағанын, ақ шаштың түсін өзгерту де осылардың бірі екенін білдірген. Бұған қоса, ғалымдар шашы ақ адамның егер ол жас болса, шашын қараға боятуын ерсі санамаған. Тек кәрі кісілер үшін ақ шашты қараға боятуға тыйым барын білдірген. Өйткені кәрі кісілер ақ шаштарын қараға боятқан жағдайда, жас көрініп жұртты алдауы мүмкін. Бірақ жастардың жағдайы бұдан бөлек. Шашты қараға боятуға рұқсат етілген келесі бір жағдай дұшпанпен күрес кезінде. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) шашты қараға бояуға тыйым салғанмен, «Шаштың ағын өзгерту үшін қолданған нәрселердің ең жақсысы қына мен кетем (шашты қараға бояуда қолданылатын өсімдік түрі)

деу арқылы қына мен кетемді кәдеге жаратуға болатынын айтқан. Бұған қарасақ, шашты қараға бояту мәкрүһ болумен қатар, басқа түске бояу мұстахаб (ұнамды) болып табылады.

 

0 пікір