Жұбайыңыздың жүрегін жаулағыңыз келсе...
Жұбайыңыздың жүрегін жаулағыңыз келсе...
8 жыл бұрын 19405
Данияр Жігітбек

 Мұхаммед Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) – идеал күйеудің керемет үлгісі. Оның өмірбаянымен танысып, жанұялық өмірде өзін қалай ұстағанын оқып білсек, көптеген проблемалардың алдын алған болар едік. Махаббат оты қайта маздап, сезімдеріміз қайта түлеп, бақыт құшағында тербелетін едік.

Ол әйелдерінің көз жасын сүртіп, жұбататын, олардың сезімдерін бағалай білетін, қамқорлық танытатын, олардың өкпе-наздарына көңіл бөлетін, көңілдерін көтеретін, бірге серуендейтін, олармен жарысып ойнайтын, олардың дәрежелерін құрметтеп, ақылдасатын, қиын кездерде оларды қолдайтын, махаббатын білдіретін. Және Ол жанұялық өмірде жұбайларымен осындай мәміле жасай білгеніне өзін бақытты сезінетін.

Ерлі-зайыптылар физикалық, психлогиялық және рухани жағынан бір-біріне өте жақын болулары керек.

Бұл мақалада біз жанұялық өмірдегі нәзіктік, романтикаға жету үшін ұстануымыз қажет қарапайым ережелерді ұсынбақпыз. Үлгі болсын деп, мысалдарды Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянынан алдық.

 

  • Бір-бірлеріңізді сезіне біліңіздер

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде Айша анамызға (Оған Алла разы болсын) былай деді: «Мен сенің маған қашан разы болғаныңды және қашан ренжігеніңді білем». Айша анамыз: «Оны қалай білесіз?» – деді. Пайғамбарымыз «Сен маған разы болғаныңда «Мұхаммедтің Раббысымен ант етемін» деп серт бересің. Ал маған ренжігеніңде «Ибраһимнің Раббысымен ант етемін» дейсің», –  деді. Айша анамыз: «Рас айтасыз. Мен сізге ренжігенде, сіздің есіміңізді атамаймын», – деп жауап берді.

Жұбайлар бір-бірінің көңіл-күйлерін тани білулері керек. Күйеуі жан жарының еңсесі түсіп, көңілі жабырқаған сәттерін бірден байқауы қажет. Сол сияқты әйелі де жұбайының қалауы мен талап-тілегін қас-қабағына қарап таба білсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Өмірлік серігіңнің ішкі күйін сезіне білуің көптеген кикілжің мен түсініспеушіліктердің алдын алады. Әрине, жай сезініп қоймай, сізден күтілген қажеттілігін өтеуге тырысуыңыз да маңызды. Сүйгеніңіз жабырқап, көңілі түсіп отырса, жанында болыңыз, жұбатыңыз. Әңгімелесіңіз, мұқият тыңдаңыз, жүзіне күлкі ұялатуға тырысыңыз. Сүйіктіңізге ешқандай проблеманың жоқтығын сездіруге тырысыңыз. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сезіне білсе, арадағы сезім одан әрі беки түсер еді.

 

 Оны жұбата біліңіз

Бірде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайы Сафия (Оған Алла разы болсын) онымен бір сапарда болғанда, көштен қалып қояды. Соны байқап, жанына барған Пайғамбарымыз оның жылап отырғанын көреді. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолымен жұбайының жасын сүртіп, барынша жұбатады.

Бұл қасиет ерлі-зайыптыларға тән болуы қажет. Олардың қиындықта да, қуанышта да, бір-бірінің жанынан табыла білуі маңызды. Ер адам жан жары өзін қауіпсіз сезіну үшін бар жағдайды жасауы керек. Әйелі де күйеуінің жүрегіне жылулық сезімін орната білуі қажет. Сүйіктілеріңізбен нәзік қарым-қатынаста болыңыздар.

 

Басыңызды әйеліңіздің тізесіне қойып, жатыңыз

Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті жұбайы, асыл анамыз Айшаның (Оған Алла разы болсын) тіпті, ол хайыз күйінде болған кезінде де тізесіне басын қойып жататын. Сол күйде Құран оқыған кездері де болған.

Ал біз ше? Әйеліміздің жамбасына басымызды сүйеп демалып жаттық па?

Бір қарағанда бұл іс маңызды көрінбеуі мүмкін, алайда жүректерді жақындатуда рөлі ерекше! Күйеуінің осындай әрекетін көрген әйелі өзіне деген ыстық махаббатты сезінеді. Үйіңізге кіргеніңізде, басыңызды оның тізесіне қойып, жанында жай жата тұрыңыз. Сонда бұл әрекетіңізді жарыңыздың жоғары бағалайтынын сезесіз.



Сүйіктіңіздің шашын тараңыз

Айша анамыз (Оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашын жуып, тарайтын. Бұл жұбайлардың бір-біріне қаншалықты жақын болулары керектігін көрсетеді. Махаббаттың артатыны сонша, сүйіктіңіз үшін бір нәрсе істегіңіз келіп тұратын дәрежеге жетесіз. Тіпті оның шашын тарап беруге де асығасыз. Арадағы махаббатты сақтау үшін бар нәрсені істеңіздер. Сол қарапайым істер екеуара қарым-қатынасқа үлкен психологиялық әсер етуі мүмкін. Кейде оның шашын тарап беріңіз, киімін киюге көмектесіп жіберіңіз, аптап ыстық күнде салқын сусын әкеп беріңіз, бір-бірлеріңізге бір нәрсе дайындаңыздар.



Ыдыстың бір жерінен ішіп-жеңіздер

Айша анамыз (Оған Алла разы болсын) бір ыдысты алып, сусын ішетін болса, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол ыдысты алып, сүйікті жары Айшаның ерні тиген жерді іздейтін. Сосын дәл сол жерге ернін қойып, сүйіктісінің ерні тиген жерден өзі де суды қанып ішетін. Сондай-ақ, Айша анамыз бір асты тістеген болса, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны сүйіктісінің қолынан алып, жан жары тістеген жерден өзі де тістеп жейтін.

Әйеліңізбен бірге кейбір істерді бірге істеңіз: тек бір дастарханда бас қосып қоймай, асты бір ыдыстан бірге жеңіз. Бұл жүректеріңізді едәуір жақындата түседі. Сіз әйеліңізбен барлық істе бірге болсаңыз, ол сізге жеп отырған тамағыңыздан да сүйіктірек бола түседі.

 

 Жұбайыңызды сүйіңіз

Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайын жиі сүйетін болған, тіпті ораза ұстап жүрген кезде де сүйген. Әйеліңізді сүйіп тұруды әдетке айналдырыңыз. Үйден шығарда сүйіңіз. Үйге оралғанда, қалай қатты сағынғаныңызды көрсетіп, тағы сүйіп алыңыз. Ол үй тірлігімен әлек болып жүргенде, тосыннан сый жасаңыз – сүйіңіз. Солай өз махаббатыңызды білдіруіңіз керек. Махаббат өміріңіздің отыны іспеттес. Егер некеңіз, қарым-қатынасыңыз баянды болғанын қаласаңыз, қолайлы сәтте махаббатыңызды көрсетіңіз.

Жұбайлық қарым-қатынаста физикалық іс-әрекеттер үлкен рөл ойнайды. «Іс-әрекеттер сөзден әсерлірек» деген бәріміз білетін сөз бар ғой. Оны қалай жақсы көретініңізді көрсетіңіз. Шариғат жұбайлардың бір-біріне жақын болуына, романтикаға, нәзіктік қарым-қатынасқа шақырады. Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйеліңіздің алдындағы жұбайлық борышыңызды өтеуіңіз – сіз үшін садақа» деген сөзін ұмытпаңыз.

 

  Асты қолыңызбен аузына апарыңыз

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жанұяңыз үшін нені сарп қылсаңыз да, оның сыйын аласыз, тіпті ол әйеліңіздің аузына қолыңызбен салған бір тілім ас болса да» деген еді. Жұбайлар нәзіктік тұнып тұрған осындай болмашы істердің өзіне немқұрайлы қарамағаны жөн. Бұл өзара сыйластықтың нышаны іспеттес. Ыңғайы келген кезде, жұбайыңызды өз қолыңызбен тамақтандырыңыз. Бұл арадағы махаббат жалынын маздата түседі.

 

Үй шаруасында көмектесіңіз

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үй шаруасында әйеліне көмектесетін. Өзіне қажетті нәрсені әйелінен талап етпей-ақ өзі жасай салатын, өз киімінің тазалығына мән беретін.

Егер жұбайлардың әрқайсысы күнделікті тұрмыста бір-біріне көмек қолын созатын болса, бұл олардың бір-бірін бағалай білу қабілетін біртіндеп арттырады. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар бір-біріне жүк түсірмеуге тырысуы қажет. Бір-біріне қарайласып, әркім қолынан келетінін істеп бақса, нұр үстіне нұр болмақ. Әйелі күні бойы үй тірлігінің қамымен болады. Күйеуі соны байқап, әйелінің жағдайын түсіне білсе, бұл әйелінің көңіліне жылылық сыйлайды. Тура сол сияқты әйелі де күні бойы ауыр еңбекте болған күйеуінің күйін ұғынуға тырысса, бұл арадағы махаббатты арттырары сөзсіз.

 

Онымен әңгімелесіңіз

Әйеліңізбен түрлі оқиғаларды талқылаңыз, көңілді әңгіме-дүкен құрыңыз, қалжыңдасып, бірге күліп алыңыз. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызбен (Оған Алла разы болсын) түрлі тақырыптарда әңгіме қозғап, пікірталастар жүргізіп, уақытын көңілді өткізгендігі жайлы көп хабарларда айтылады.

Жарқын әңгімелер, өзара әзілдесулер жанұялық гармонияны сақтауда үлкен рөл ойнайды. Қазіргі уақытта бір-бірімен әңгімелесу – жұбайлардың немқұрайлы қарайтын нәрселерінің бірі болып кеткендей. Күйеуі достарына телефон шалып, уақытын босқа өткізіп, болмайтын нәрсеге күліп жатады. Ал әйелі күні бойы құрбыларымен қылжақтасып, пайдасыз әңгіме айтуы мүмкін. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы мұндай болмауы керек. Жұбайыңыздың көңілін көтеріңіз, бар назарыңызды оған аударыңыз. Егер күліп, қалжыңдасқыңыз келсе, әйеліңізмен әзілдесіп, көңіл көтеріңіз.

Қарбалас күн тәртібіңде әйеліңіздің жанында отырып, әңгімелесуге уақыт таба біліңіз. Үлкен ерлік жасаудың қажеті жоқ, жай әзілдесіп, жан жарыңызды шаттыққа бөлеңіз.

 

   Бақытты сәттер жайлы әңгімелермен бөлісіңіз

Бірде эфиоптықтар мешітте садақ атып жаттығып жатқанда, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз әйелімен бірге сол жерде тұрды. Оның үстіне жамылғысын жапты, басқа шаруасына қарамастан әйелінің жанында қалды. Тек әйелі кетуді қалағанда ғана, ол да кетуге таянды.

Күйеуі өмірінің қызықты сәттерімен, пайдалы тәжірибесімен үнемі бөлісіп отыруы керек. Кейде өз істеріңізді жинастырып қойып, сол уақытты әйеліңізге арнауыңыз керек. Өзінің жанында болу үшін маңызды істерін шетке ысырған күйеуінің бұл әрекетін көрген әйелінің жүрегі елжіреп, оған деген махаббаты мен құрметі артады.



Әйеліңізбен жарысып ойнаңыз

Бәрімізге Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызбен (Оған Алла разы болсын) жүгіріп жарысқан оқиғасы мәлім. Айша анамыз жастау кезінде Пайғамбарымызды жеткізбей, басып озады. Бірақ кейін бірер жылдардан соң, біршама салмақ қосқан жұбайынан Пайғамбарымыз озып кетеді де, «бұл алдыңғы жолғы жеңілісімнің есесін қайтаруым» деп әзілдейді.

Жұптасқан ері мен әйелінің осылайша бір-бірімен ойнауы арадағы сезім алауын одан сайын лаулата түседі.

 

Оны әдемі есімдермен атаңыз

 Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызды (Оған Алла разы болсын) «Ууайш» (Айшатай), «Аиш» немесе «Хұмайра» (қызылшырайлы) деп атайтын. Бірақ кейбір ғалымдар ««Хұмайра» деген сөз жүзі кішкене күнге күйіңкіреген әйелдердің сұлулығын сипаттау үшін қолданылған сөз, сол үшін Пайғамбарымыз осы сөзді қолданған», – дейді.

Әйелдеріңізді көркем есімдермен атаңыз, еркелетіңіз. Махаббатыңыз осы қарапайым ғана істе де көрінсін.

Бірде Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамыздың (Оған Алла разы болсын) көзіне қарап «Көздерің неткен көркем, қардай аппақ еді» деді. Ол әлемді оның көздерімен көргендей болды.

Ері мен әйелі әрдайым бір-біріне жылы сөздерін арнап отырулары керек.

 

Ол үшін сәнденіңіз

Атақты сахаба Ибн Аббас былай деп айтатын: «Менің әйелім мен үшін сәнденгені сияқты, мен де ол үшін сәнденемін. Мен ондағы ақыларымды толық пайдаланып, оның мендегі ақыларын қолдануына кедергі жасағым келмейді. Алла Құранда айтады ғой: «Олардың да (әйелдерің) сендерде ақылары бар» (Бақара, 2:258) деп.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бәрі керісінше болып кеткендей. Бір жағынан, әйелі сыртқа шығар кезде ғана сәнденсе, екінші жағынан күйеуі өзіне қарамай, алба-жұлба боп жүреді, таза, жинақы жүруге тырыспайды. Егер де ерлі-зайыптылар әрбір күнін неке күндері сияқты мейрамға айналдырғылары келсе, өздерінің күтіміне қарасын, әдемі киімдерін киіп, ең алдымен өз жарына ұнауға тырыссын.

Әйелі күйеуінің көз жауын алатын киім кисе, күйеуі де өз кезегінде әйеліне ұнайтын киімді таңдаса, бір-біріне деген сүйіспеншілігі, ынтызарлығы артқан болар еді.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иіссуларға арналған арнайы құтысы болатын және оны үнемі қолданатын. Жұбайлардың әрқайсысы үстілерінен жақсы иіс шығып тұруына көңіл бөлуі керек. Тәніңізді, киіміңізді тазалықта сақтаңыз. Пайғамбарымыз үйге кірерде тісін мисуакпен тазалап, иіссу себетін. 

 

 Арадағы құпияларды әшкере етпеңіз

Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелімен арада болған нәрсені елге жаятын адамды ең жеккөрінішті пенде ретінде сипаттаған. Жұбайлар арасында не болса да, ол екеуара құпия боп қалуы керек. Әйелін достарының алдында сөз қылған күйеуі не деген ұсқынсыз еді! Екеуара қарым-қатынасқа байланысты құпияларды сіздерден басқа ешкім білмеуі керек. Сондықтан да әйеліңіздің/күйеуіңіздің іс-әрекеттерін жұрт алдында сөз қылмаңыз, бұл – аманат. Әйеліңіз – сіз үшін, сіз – әйеліңіз үшінсіз. Бір-бірлеріңізге арқа сүйеп, арадағы сенімдеріңіз берік болуы қажет. 

 

Бір-бірлеріңіздің жанұяларыңызды бірдей құрметтеп, жақсы көріңіз

Жұбайлардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын тағы бір фактор – бір-бірлерінің ата-аналарына махаббатпен, қамқорлықпен қарай білулері. Бірде Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бәрінен де кімді қатты жақсы көретінін сұрайды. Сонда Ол «Айшаны» деп жауап береді. «Ал ер кісілерден кімді ең қатты жақсы көресіз» деп қайта сұрағанда, Ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Әбу Бәкірді» деп жауап береді.

Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірдің есімін атауы оның үлкен кемеңгерлік пен ақыл иесі екенін көрсетеді. Ол осынау бір ғана жауабымен сүйікті жарына және оның жанұясына деген махаббатын, адалдығын көрсете білді. Енді осыны естіген Айшаның қалай қуанғанын елестетіңізші!

Әйеліңізді ата-анасының алдында мақтаңыз, ол кісілермен сыпайы мәміле жасаңыз, әйеліңіз мұны өте жоғары бағалайды.

 

Ең әуелі Алламен арадағы байланысты нығайтуларыңыз жанұялық өмірдегі өзара байланыстарыңыздың нығаюына кепілдік болады. Соны ұмытпаңыздар.


PS:

Бұл мақаланы жазуда Муфтий Фарраз әл-Махмудидің «Как быть нежным и заботливым по отношению к супругу» атты материалы негізге алынды. 

2 пікір
  • Өте әдемі мақала екен. Шығарған да, жеткізгенде жандарға Алла разы болғай, қос дүние бақытын нәсіп еткей!
    8 жыл бұрын
  • Алла разы болсын! Бакытты отбасылар көбейген сайын еліміз көркейеді.
    8 жыл бұрын