Орамалдың кедергі еместігін дәлелдеген 8 спортшы қыз
Орамалдың кедергі еместігін дәлелдеген 8 спортшы қыз
6 жыл бұрын 10446
Марфуға ШАПИЯН

Батыстың Ислам діні, орамал жайындағы стереотиптерін бұзып, түрлі кедергілерден өтіп, бүгінде әлемді өзінің талантымен, талабымен мойындатып жүрген орамалды қыздарымыз баршылық. Олардың арасында түрлі жарыстарға қатысып, орамалдың өмірлік мақсаттарға жетуге кедергі келтірмейтінін дәлелдеп, өзге де мұсылман қыздарға үлгі болып жүрген спортшы қыздарымыздың орны ерекше. 

            Ибтихадж Мухаммад, семсерлесу

Америкалық жас семсерлесуші Ибтихадж 2014 жылы әлем чемпионы атанды. Ал 2016жылы ол мұсылмандар арасынан Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш америкалық орамалды қыз болатын. Және қатысып қана қоймай, үздік нәтиже көрсетіп, жеке семсерлесуде екінші турға дейін жетті. Сонымен қатар, командалық есепте қола жүлдеге ие болып, тарихта есімі тұңғыш олимпиада медаліне қол жеткізген америкалық мұсылман ретінде жазылды.  

 

Амайя Зафар, бокс

Америкалық боксшы Амайя Зафардың жасы бар болғаны 16-да. Боксты жанындай жақсы көретін спортшы қыз орамалдан бас тартпай, өз құқығын қорғай отырып, бокспен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік алды. Амайяның бокстағы алғашқы кездесуі 2017 жылдың 29 сәуірінде өтті. Ал MPRNews-ке берген сұхбатында жас спортшы боксты да, Исламды да қатты жақсы көретінін, орамалдан ешқашан бас тартпайтынын айтты.  Бүгінде Амайя 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатысу үшін мемлекет құрамасына енуге дайындалып жүр. Бірақ ол үшін Амайя Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығынан (AIBA) орамалмен қатысуға рұқсат алуы керек екен.   

 

 Стефани Курлоу, балет

Австралиялық Стефани Курлой балерина болуды бала кезден армандаған. Алайда 2010 жылы биші қыз Исламды қабылдап, орамал тағуға рұқсат беретін би мектебін таппағаннан кейін балетпен қош айтысады.  Бірақ арманынан бас тартпаған Стефани 2017 жылдың қаңтарынан өз балет мектебін ашу үшін ақша жинай бастайды. 

Балетті ерекше жақсы көретін кішкентай Стефанидің оқиғасы көптеген адамдарға әсер етіп, әлемдік спорт киімдерінің бренді  Björn Borg-тің назарына түседі. Осыдан кейін балетпен айналысуға қайта мүмкіндік алған Стефани өз сұхбатында: “Мен алғашқы орамалды балерина болып, адамзатты түрлі түсініспеушіліктерден құтқарып, әлемді біріктіргім келеді. Адамдарды қанаттандырсам, олар арман қандай биік болса да, орындалатынына сенсе екен деймін”, - деді. 

 

Захра Лари, мәнерлеп сырғанау

Лари – Біріккен Араб Әмірліктерінің мәнерлеп сырғанаушысы. Ол 2011 жылы халықаралық жарыста өнер көрсеткен Парсы шығанағынан шыққан тұңғыш спортшы болатын. 2017 жылы «мұз ханшайымын» Nike компаниясы өзге елдерден келген мұсылман спортшылармен бірге Nike Pro Hijab атты жарнамасына қатыстырды. Лари – орамалымен кәсіби мәнерлеп сырғанаушы болып, айналасын таңғалдырған алғашқы спортшы.

 

Амна Әл-Хаддад, ауыр атлетика

Біріккен Араб Әмірліктерінен шыққан Амна Әл-Хаддадтың спорттағы алғашқы баспалдағы кроссфиттан басталған болатын. Кейін ауыр атлетикамен кәсіби түрде айналысқан спортшы 2012 жылы CrossFit Asia жарысында орамалмен қатысқан алғашқы әйел еді. Ал 2015 жылы Азия чемпионатында ауыр атлетикадан 6 алтын, 3 күміс жүлде алып, жанкүйерлерін таңғалдырды

 

Рахаф Хатиб, жүгіру

Бұл спортшы қыз Американың Мичиган қаласында тұрады, үш баланың анасы. Ол осыған дейін 7 марафонға қатысып, түрлі жүлделерге ие болған. Сонымен қатар, ол Women’s Running журналының мұқабасына алғаш шыққан орамалды әйел.  Бұл туралы Хатибтің өзі былай дейді: «Мен журналды балаларыма, қоғамға, ең бастысы ата-анама мақтанышпен көрсете аламын. Бұл менің жаттығуда төгілген терім мен көз жасымның нәтижесі».

 

 

Кубра Дагли, таэквондо

Түркиялық 20 жасар Кубра былтырғы жылдың қазан айында Лимада таэквондодан өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Соған қарамастан, ол орамалына қатысты талай сынға ұшыраған болатын. Спортшы қыз өзінің бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында кез келген кемсітушілікке қатысты өзінің құқығын таптатпайтынын, орамалды шешпейтін, сонысына қарамастан таэквондомен айналыса беретінін мәлімдейтін. «Менің спорттағы жетістігім маңыздырақ емес пе? Олар менің спорттағы дәрежемді емес, сыртқы келбетімді әңгімелейді. Меніңше, біз жеңістеріміз туралы сөйлесуіміз керек. Біз Түркияны чемпион жасадық, әрі сонымен мақтанамыз», - дейтін мұсылман қыз. 

 

Хадая Уахба, таэквондо

Мысырлық тағы бір таэквондошы Хадая Уахба 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол 2012жылғы Олимпиада ойындарына да қатысқан болатын. Алты жасынан бастап таэквондомен айналысқан  Хадая 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша 14 рет Мысыр чемпионы, 23 рет қола жүлдегер болған. Ол барлық жарыстарға орамалмен қатысып келеді. 

1 пікір