Намаздың маңызы
Намаздың маңызы
8 жыл бұрын 6861
Алдаберген Үсен

«Намаз мүминдерге белгілі бір уақыттарда белгіленген парыз» ("Ниса" сүресі, 103) және ол адамдарға өмір бойы үзбеу оқу міндетті ғибадат.

Бұл маңызды құлшылыққа жіті мән берген әрі уақыты келгенде әр қимылын толық орындауға тырысқан дұрыс. Алла Құранда мүминдерге: «Олар намазды толыққанды оқығандар» ("Mүминун" сүресі, 2), - деп бұйыруда. Aлланың құзырында тұрған осы бір арнаулы сәтте тек Алланың күші мен құдіретін ойлап зор құрметпен әрі үреймен осы құлшылықты орындау өте маңызды.

Тек осы міндетті орындасам деген түсінікпен оқылған намаз діттеген мақсатына жете алмайды. Намазда маңыздысы, Алланың құдіретін ойлап, Алланы бірлеу мен Алланы ұлықтау. Намаз кезінде күнделікті өмірге қатысты мәселелерді ойлау немесе жоспарлау дұрыс емес. Шынайылықтан алыс бұл әрекет құлшылығымыздың Алла есебінде қабыл болуына кедергі келтіруі мүмкін. Дұрысын Алла біледі!

Маңайымызда көп адамнан: «Намазда тұрғанымда, ойыма жақсы бір пікір келді» деген секілді намаздың мақсатына сай келмейтін сөздер естиміз. Кейбіреулер намаздан кейін не істейтінін ойлап, кейбірі дереу намазын оқып, өзге істерін істеуге сабырсыздық танытады.

Ал анығында Алланың уақыт белгілеп, бізді намазға шақырған арнаулы сәттерді мүмин асыға күтуі тиіс әрі сол арнаулы сәттерде үлкен құлшыныспен Алланың алдында тұруы тиіс, Алланың бұйрығына толық бас июмен осы ғибадат орындалуы тиіс.

Адамдардың көбі біреулермен кездесетін уақытына ерекше мән береді. Ең әдемі әрі ең таза киімдерін киіп, уақытында айтылған жерде болу үшін қолынан келгенін істейді. Алайда дәл сондай мұқияттылықты намаз уақыттарында көрсете алмайтындығы өкінішті. Көбіне істерін сылтау етіп, уақыт таппай, немесе жұмыстардың арасына қыстырып, үстірт оқи салып, күнделікті жұмысына жүгіріп кете барады. Алайда «(Сондай) адамдар бар, базар да, сауда-саттық та олардың Алланы зікір етуіне, намазды дұрыстап оқуына және зекетті беруіне кедергі келтірмейді» ("Нұр" сүресі, 37) аяты бізге намаздың және өзге де құлшылықтардың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ешбір іс немесе қызықшылық намаз бен Алла жолында өмір сүруден аса маңызды емес.

Осы көріністе көзге түсетін өте маңызды шындық бар: адамдар көбіне Алла разылығын көздеудің орнына өздеріне ұнамды өмір сүріп әрі дүниеге тістей қатып қалғанды таңдайды. Бұндай үлкен ғапылдықтан тек өлім періштелерімен кездескенде оянатын бұл адамдар тіршіліктегі барлық мүліктерін артқа тастап, шындықтармен бетпе бет келеді. «Оттың үстінде тұрғанда, оларды бір көрсең, былай дейді: «Шіркін, (дүниеге қайта) кері барсақ, Раббымыздың аяттарын өтіріксінбей әрі мүминдерден болғанымызда ғой» ("Әнғам" сүресі, 27) Күмәнсіз, осындай үлкен өкініш болады. Бірақ дүниеге кері қайту мүмкін емес және соңғы сәтте жасалған тәубалар қабыл болмайтындықтан, шексіз тозақ азабы дүниеде ғапылдықпен өмір сүргендерге лайық болады. Шайтан құрғақ уәделермен Алла жолынан тайдырған бұл адамдар Аллаға құл болудың орнына өздерінің әрі шайтанның тұтқыны болғандығының жазасын оңбай тартады. Дүниелік өмірде адамдарға құрғақ уәделер берген шайтан сол күн келгенде өзіне бағынған адамдарға «Мен сендерден алыспын. Өйткені мен сендердің көрмегендеріңді көрем, мен Алладан қорқамын» (Әнфал сүресі, 48) деп, әсілі қаншалықты үлкен қате жасағандарын естеріне салады.

Адамдарды осындай ғапылдықтан құтқаратын бірден бір жол – Алланы жиі зікір ету әрі Алла разылығын іздеп өмір сүру. Намаз оқу – осы жолда жасалған ең маңызды құлшылықтардың бірі. Осы себепті намазды дұрыстап, әр қимылын толық жасау өте маңызды. Бұндай арнаулы сәттерде шайтанның азғырғанына құлақ аспай, шын пейілмен бар ынтамызды Аллаға бағыттау ең жақсы әрі ең дұрыс әрекет болады.

«(Шайтан) оларға уәделер береді, оларды босқа үміттендіреді. Анығында шайтанның оларға берген уәдесі тек алдау ғана» ("Ниса" сүресі, 120).

0 пікір