Моңғолия қазақтарының өмірінен (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Моңғолия қазақтарының өмірінен (ФОТОРЕПОРТАЖ)
8 жыл бұрын 12925
Марфуға ШАПИЯН

Баянөлгей - Моңғолиядағы қазақтар ең жиі шоғырланған аймақ. 1940 жылы құрылып, моңғолдар тарапынан қазақтарға бөлініп берілген. Ең қызығы, Баянөлгей қаласының да, аймақтағы ауылдардың да шатырлары осылай қызылды-жасылды, түрлі-түсті болып келеді. Көрген, қонаққа келген адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлары анық. 

Қонақтарды қаланың кіреберісінен осындай домбыра ескерткіші қарсы алады. Бұл ескерткіш те қаламен жасты болса керек.

 

Демалыс күні болғаннан кейін қала орталығында адам аз. 

Өлгейдің негізгі жиындары осы орталық алаңда өтеді. 

Көшеден тақиялы аталар мен жаулықты апаларды жиі кездестіруге болады.

Алматының "Көктөбесі", Астананың "Бәйтерегі" сынды қаланы биіктен тамашалайтын "Достық" шыңы. 

Баянөлгей халқына биыл бұрын жоқ мінез көрсетіп, арнасынан тасыған Қобда өзені осы. 

Жергілікті супермаркеттердің бірі. 

Мұнда қазақтың баяғы көшпелі ғұмыры әлі сақталған. Бұл өлкедегі қазақтар жазда қыстық үйлерін бекітіп, жайлауға, киіз үйге көшіп кетеді екен. Ал кейбірі жайлауға кетпесе де, осылай есіктерінің алдына киіз үй тігіп, сонда көшіп алады, жазғы қонағын да сонда күтеді. Моңғолияға жазда барсаңыз, әр қазақтың үйінен осындай киіз үйді көретініңізге кепілдік бар.

Киіз үйдің ішкі жабдығы шамамен осындай болып келеді. Тек  Әр дүние орнында, рет-ретімен орналасқан. Және осындай киіз үйдің жабдықталуы арқылы үй иесінің әлеуметтік жағдайын байқауға болады. 

Кейбір үйлердің алдында екі киіз үй тұр. Бірі қонақ күтуге, тамақ ішуге арналса, екіншісі - жатын үй. 

Мына кестелердің бәрін үй иелерінің бәйбішелері өздері тіккен. Мұнда қыз балаға - қолөнер меңгеру міндетті. 

Қобдадан Өлгейдегі туыстарына қонаққа келген бала масаға әбден таланыпты. 

Мына бір әжей балаларына үй тігісіп жүр. Уық қадаудың өзі - бір өнер. 

"Үйді өзімізге емес, турист боп келетін ағылшындарға арнап тігіп жатырмыз. Жылда талайын күтіп алып, шығарып саламыз. Балам соларға гид болып ақша табады" дейді әжей. Жалпы, Моңғолия - туристер ең көп келетін, әсіресе өркениет дамыған елдерді ерекше қызықтыратын жұмбақ ел.

Әжесіне үй тігісуге Айша да келді. 

Үйдің қаңқасы дайын секілді. 

 

Баянөлгейде жаңа, үлкен үй салып жатқан қазақтарды жиі кездестіруге болады. Мына аға - соның айғағы. Үйдің әбігерімен жүр. 

Мына сәбидің дүниеге келгеніне 10 күн де толмаған екен. Аты да қойылмапты. Қазақтың салтымен көрімдік ұсындық, олар бізді қонақжай дастархандарына шақырды. 

Баянөлгей қазақтарының дастарханынан құрт, ірімшік, жент үзілмейді. Біздегідей кәмпит, пірәндік секілді тәттілер дүкендерде толып тұрса да, дастарханға сирек қояды. 

Моңғолия қазақтары шәйді қантпен емес, тұзбен ішеді. Әрі бетінде осылай май қалықтап жүреді. 

Мұндайды көрген қонақ іше алмай алғашында қиналуы мүмкін, бірақ бұл жақтың балалары қант сұрап жыламайды. 

Моңғолия қазақтары - өте қонақжай. Танитын-танымайтынына қарамайды, бір қойын сойып, бірден дәмге шақырады. 

Бұл жақта жас етке қамыр салмайды. Осы күйінде алдыңызға тартады. Қамыр тек сүр етке тиесілі екен.

Артынан балалардың сыбағасы - қостабақ келеді.

Еншісіне құлақ тиіп, мәз болған Айзере.

Ал мына бір бүлдіршін қатықты жақсы көретін секілді. 

Қойдың басын жегізіп, әбден сый көрсеткен соң, үй иесі қысқы соғымнан қалған сүр етін асады.

Етпен қатар ұсынылатын бұл жақтың қымызы туралы әңгіме бөлек. Еш жерден мұндай тәтті қымызды ішпегеніңіз сөзсіз. Қай үйге, мейрамханаға барсаңыз да, онда міндетті түрде, қымыз болады. Бұл ел қымыздың бабын біледі. 

Сүр етпен жасалатын "Қуырдақ" - Өлгейде жиі жасалатын дәмнің бірі. 

Ата-бабамыздың игі салт-дәстүрін берік ұстанып келе жатқан Өлгей өлкесіне барар болсаңыз, басқа-басқа, бірақ тамақтан қиналмасыңыз анық. 

Қала көшелерінен мотоцикл мінген осындай жігітті көрсеңіз, ол тегін тұрған жоқ. 

Олар осылай кезекке тұрып, "таксовать" етеді. Бір сәтке өзіңізді мотоцикл-таксиде отырған күйде елестетіп көріңізші. 

Баянөлгей көшелерінен түрлі адамдарды кездестіруге болады. 

Фотоға түсіріп жүрген біз секілді жұртқа, таңданыспен қарайды. 

Қалада моңғолдар көп болмаса да, аракідік осылай ұлттық киімін киіп алған моңғолдарды да кездестіруге болады. 

Өлгей базары - тіршіліктің қайнап жатқан ортасы. Мұнда әсіресе, қолөнер өнімдері жиі кездеседі. Сосын түйе жүнінен жасалған заттарға сұраныс көп. 

Мына екі келіншектің аяқтарындағы етікке қарасаң, қырдан жаңа келген секілді. Жалпы, Өлгей базары маған өзіміз кітаптардан оқитын ХХ ғасырдағы қазақ ауылына түсіп кеткендей әсер қалдырды. Адамдардың жүздері де, киім киістері де, тіпті ықылас-пейілдері де өткен ғасырды елестете берді...

Моңғолияда ұлттық мерекелер өте жоғары деңгейде тойланады. Жұмыс тоқтап, дүкендер жабылып, жалпыхалықтық тойға айналады. Сондай бір мерекенің үстінен біз де түстік. Қырдағы тойына қатыстық. 

Тойға халық түрлі көлікпен келген. 

Арасында машинамен, мотоциклмен, тіпті атпен келгендері де кездеседі. 

Бәйгеге шабатын тұлпар. 

Моңғолияда күрес жақсы дамыған. Қандай да бір мереке немесе той болсын, міндетті түрде күрес болады. Әрі палуандар моңғолдың күресетін осындай арнайы киімін киіп күреседі. 

Жеңімпаз палуанды көріп қалайын деп ентелеген жұрт. Құдды "Менің атым - Қожа" фильміндегі Қожа мен Сұлтанның жайлауға барғанда көретін тойы секілді.

Той әсіресе, балалар үшін қызық. Қалағанын жеп, көңіліндегісін ішіп, асыр салып бір ойнап алатын уақыт. Мұндағы балалардың біздегідей планшет немесе телефон ойнап отырғанын сирек көресіз. 

Қазақ балалары тойға осылай ата-әжесіне еріп барады. 

Той - көптен көріспеген құрбылардың кездесетін күні. 

Тойға жиналған халық киіз үйлерге қарай той дастарханына ағылды. 

Оған да атпен барамыз. 

Немесе мотоциклмен де жетуге болады. 

Тойға жиналған ағалардың киімдерінен қазақылықтың иісі аңқиды. 

Солай  қаймағы бұзылмаған салт-дәстүріміз бен тұрмыс-тіршілігіміздің көрінісіне тоймаған күйі тойдан қайтқан жұртпен біз де Отанымызға оралдық.

6 пікір
  • қоғам шапшаң дамыған сайын осындай ауылға барып, қарбалас тірліктен бір сәт "қалыс" қалғанға не жетсін
    8 жыл бұрын
  • Құтты бір өткен ғасыр дегеніңіз жөн болмады қарындас. Мұндағы қазақтардың қаймағы бұзылмаған негізі, сосын осындай кеееең жерде, жайлауда өссе де көптеген белестерді бағындырып, осы қырдан шығып, әлемнің талай мықты алпауыт компанияларында жұмыс жасап жүрген қазақтар бір төбе.
    8 жыл бұрын
    • Бұрынғы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көргендей болғаным, рас қой, аға! Иәә, қаймағы бұзылмағандығымен де қатты ұнады. Ал биік белестерді бағындырып жатқанына дауым жоқ. Олардың арасында Қазақстанға келіп, жоғары қызметтерге жетіп жатқандарды да көзіміз көріп жүр, өйткені.
      8 жыл бұрын
  • Marfuga Shapian duris aytti. Kaita tugan jerimizdin jaksi jagin korsetip bergenine kop rahmet.
    7 жыл бұрын