Жетіге толғанда балаға намаз үйретіңдер
Жетіге толғанда балаға намаз үйретіңдер
8 жыл бұрын 5182
Асқар Болатбекұлы

مُرُوا أَوْلَادَكُمْ بِالصَّلَاةِ وَ هُمْ أَبْنَاءُ سَبْعِ سِنِينَ، وَ اضْرِبُوهُمْ عَلَيْهَا وَ هُمْ أَبْنَاءُ عَشْرٍ، وَ فَرِّقُوا بَيْنَهُمْ فِي الْمَضَاجِعِ

«Жетіге толғанда балаларыңа намаз оқуды бұйырыңдар. Онға толғанда да оқымаса, ақырындап ұрып-соғып, тәрбиеге салыңдар, сондай-ақ оларды осы жастан бастап бөлек жатқызыңдар».

(Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген. Әбу Дәуіт, Салә 26)

 

Хадиске түсіндірме

Бұл хадисте баланы балғын шағынан бастап құлшылыққа баулудың маңыздылығына баса назар аударылады. Қазақтың «Баланы жастан» деген қанатты сөзінің төркіні де осы хадиспен ұштасып жатса керек.

Хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) есі кіре бастаған жас балаға ең алдымен намаз үйретуді бұйырған. Неліктен намаз?! Өйткені намаз – діннің діңгегі, тәрбиенің негізі. Адамның көкірегі мен өмір жолын шуаққа бөлейтін нұр. Сондай-ақ белгілі уақыттарда өтелетін намаз адамға уақыттың қадірін білдіріп, уақытпен жүруді үйрететін, әрі оны жүйелілікке, тұрақтылыққа және байсалдылыққа баулитын теңдессіз құлшылық. Міне, сондықтан да, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жетіге толып, оң-солын ептеп ажырата бастаған баланы бәрінен бұрын намазға үйретуді бұйырып, ал егер жасы онға толып буыны қата бастағанда да намазға үйренбесе, тәрбиелік мақсатта ғана бір жерін зақымдап алмайтындай ақырындап ұруға болатынын айтқан.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», демекші бала үйдегі үлкендерге еліктеп өседі. Сондықтан, алдымен үлкендердің өзі намазға ерекше ден қою арқылы оның қаншалықты маңызды құлшылық екенін балаға іс жүзінде көрсете білуі керек. Намаздың маңызы зор құлшылық екенін көзімен көріп, зердесіне тоқып өскен бала есі кіргенде, бір ауыз насихатпен-ақ намазға жығылады, һәм өсе келе оны өмірінің ең басты ұстанымына айналдырады. Ал қанша жерден көрсетіп, айтып, үйретсең де жалқаулықтан құлшылық жасағысы келмейтін бойкүйез баланы дер кезінде қолға алып, тәрбиеге салмаса, кейін қанша тәрбиелегенмен еш нәтиже шықпауы мүмкін. Сол себепті, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ондай баланы қажет болса, қолмен түзетуге болатынын айтқан. Өйткені, бала күннен істеп үйренген істің уақыт өте келе қалмайтын әдетке айналары сөзсіз.

Хадистің соңында әсіресе, бүгінгі таңда міндетті түрде қолға алынуы керек болған маңызды мәселелердің бірі тілге тиек етілген. Ол ес біліп, етек жаба бастаған балаларды «бөлек жатқызу» мәселесі. Иә, ұл мен қызды айтпағанда, тіпті, жынысы бір балалардың өзін белгілі жастан кейін бөлек жатқызған абзал. Сондай-ақ мүмкін болса, ұл мен қыздың жататын бөлмесі де бөлек болған абзал. Себебі, балалар аталмыш жастан бастап балиғатқа толады. Әрине бұл үдеріс әр балада әрқалай болуы мүмкін. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ.

Әсілі, бала балиғатқа жеткенде тәрибенің жаңа кезеңі басталады. Бұл жастан бастап балаға ерекше көңіл бөлу керек болады. Бұдан былай әр ата-ана баласының кімдермен аралас-құралас болып, не істеп, не қойып, не нәрсеге қызығушылық танытып жүргенін жіті қадағалап отыруы тиіс. Оларға ақыл айтып, жөн сілтеумен қатар, олардың да ой-пікірін тыңдап, әрбірімен санасқаны жөн. Өйткені, осы жастан бастап бала тек ата-анасына емес, жүрген ортасына қарап бой түзейді, әрі оң-солын танып, жалпы өмірге деген өзіндік көзқарасы қалыптаса бастайды. Қазақтың «балаңды беске дейін ештеңеден тыйма, бестен он үшке дейін құлыңдай қина, он үштен ары сырласыңдай сыйла» деген қанатты сөзі осыған байланысты айтылса керек. Ендеше, балиғатқа жеткен ұл-қыздарымызды лайықты түрде тәрбиелеп, ар-намысты етіп өсіреміз десек Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және оның өнегелі өсиеттерімен үйлесім тапқан халқымыздың осындай тәрбиелік мәні зор насихаттарына құлақ асуымыз керек. Өйткені, ұл тәрбиелей отырып, халықты, қыз тәрбиелей отырып ұлт тәрбиелейміз.

0 пікір