Жазықсыз сотталғандардың тағдыры алаңдата ма?
Жазықсыз сотталғандардың тағдыры алаңдата ма?
8 жыл бұрын 4988
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Бір күні хазірет Мұса көшеде кетіп бара жатса, исрайылдық пен мысырлық екі адамның төбелесіп жатқанын көреді. Исрайылдық жеңіліп бара жатқанда, хазірет Мұсаны көріп қалып көмекке шақырады. Жігіт Мұса өте мықты, айбарлы жас болатын. Ол мысырлыққа жақындап келіп ананы жіберуді талап етті. Бірақ мысырлық оның сөзіне құлақ салмай, исрайылдықты өлтірмек болады. Осы кезде жігіт Мұса әлгі мысырлықты жұдырықпен түйіп кеп қалғанда, мысырлық сол жерде тіл тартпай кетеді. Мұсаның ниеті адам өлтіру емес, қайта анау бір өлім аузындағы жанды құтқарып қалу еді. Мұса (а.с.): «Бұл – шайтанның ісі. Өйткені ол – ашық адастырушы дұшпан. Раббым! Рас өзіме кесір істедім. Мені жарылқа! – деді. Сондықтан Алла оны жарылқады. Өйткені Ол тымжарылқаушы, ерекше мейірімді» («Қасас» сүресі, 15-16).

Иә, Мұса пайғамбар секілді өзіне бәле жабыстырып алушылар қаншама. Бірақ, кейде қылмысты әдейі жасайтындарды естігенде жағаңды ұстайсың. Біздің айтпағымыз бұл емес еді. Оқиға орнында болмай, біреуге қолының ұшын да тигізбей жазықты болып жүрген жандардың тағдыры алаңдатады. «Бәле қайда? Бассаң аяқ астында» демеуші ме еді атам қазақ. Өзгенің жасаған ауыр не жеңіл қылмысын сіздің мойныңызға артқанда, жазықты болып тұрғаныңызды елестетіп көріңізші. Өкінішті де аянышты жағдай. Біріміз білсек, біріміз білмейтін шығармыз, осылай түрме дейтін аты жаман орынға жазықсыз қамалып жатқандар баршылық.

 

Неге бұлай?

Өмірде небір тағдыр бар. Бірі кең де, бірі тар. Жазмыштан озмыш жоқ. Сондай тағдырлар бар өзінің жасамаған ісін жасады деп айып тағылып, түрме дейтін тар қапасқа еріксіз тоғытылатын. Алла сақтасын, бұндай жағдай әркімнің басынан өтуі бек мүмкін. Заңсыз құжаттарға білместікпен қол қойып, қылмыс болған жерде аяқастынан табылып, не болмаса еш қатысы жоқ қылмысқа қатысы бар деп қамалып жатқандар қайтпек? Мұндай жағдай неден болады? Кейде айыпталғанын біліп, басқа шығар жол жоқ деп тығырыққа тірелгендер соттың жеңіл жазасынан үміттеніп не болмаса қорқытып-үркітіп, ұрып-соғудың нәтижесінен қылмысты өз мойнына ала салады. Иә, кейде тергеушілердің өзі бір қылмысқа күдікті ретінде ұсталған адамды жасамаған қылмысын жасады деп мойындату үшін нешетүрлі арам пиғылды әрекеттерге барып жататынын естиміз.

Қазақстанда 60 мыңға жуық темір торға қамалғандар бар. Солардың қаншасы жазықсыз қамалды екен? Түрменің ішіндегілерден сұрасаң 10-ның 9-ы жазықсыз қамалғандар делінеді. Ал, құқыққорғаушылардан сұрасаң, түрмеде жазықсыз қамалғандар жоқ деген жауап естисің.

Қытайда тергеу камерасына күдікті ретінде түскен адам қылмыс жасаса да, жасамаса да ақыры мойындайды. Ол да көрсетілген қысымның арқасында орын алып жатады. Ол жақта полицияларға күдікті адамды мойындату үшін қандай әрекетке барса да рұқсат. Әрі тергеу барысы қорғаушының қатысуынсыз 12 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Полицияға қылмыстың тезірек ашылғаны керек, себебі одан олардың қызметі де өсе береді.

Бір бюрократ айтқан екен: "Темір тордың арғы жағында отырғандар - қылмыскерлер, сондықтан бәрінен бұрын оларға қылмыскер ретінде қарауымыз керек" деп. Бірақ, өздеріңіз білетіндей "сотталған" мен "қылмыскер" сөздерінің мағынасы сәйкес келе бермейді, олар синоним сөздер емес. Темір торға кейде жазықсыз жандар да тоғытылып жататыны бар. "Адамдар екіге бөлінеді: түрмеде отырғандар және түрмеде отыруға тиіс болғандар" (Марсель Ашар) деген сөздің әзілі мен зілі бар.

Өзгелердің тағдыры көп адамды ойландыра бермейді. Сондықтан темір тордың ар жағында жазықсыз жандардың жатқанын да ескере бермейміз. Ондай жандар жабылған жазықсыз жаланың құрбандары екені анық. Ал, олардың жақындары қандай күй кешері айтпаса да түсінікті. Былайша айтқанда, бұл бір анаға сіздің балаңыз атылды дегеннен гөрі сіздің балаңыз қателесіп атылып кетті дегенмер пара-пар.

Кейбір жақындарымыз тағдырдың жазуымен өмірден өтіп жатса дағы қимайтынымыз бар. Сондай да, тірі жүрген жақындарымыздың қадірін білу керектігін түсінеміз. Түрмеге жазықсыз кеткендердің жақындары да одан мәңгілік айырылып қалғандай сезінеді.

Сотта үнемі әділ шешім шығарыла бермейді. Шаш ал десең, бас алатын жағдайлар кездеседі. Жоғарғы сот – өзге соттардың қателерін түзететін заңгерлер тобы. Мұндайда «Құдайдың көзі тура болсын» деген атам қазақтың сөзі бар емес пе еді? Бұл жерде Алла Тағала кімнің жазықты-жазықсыз екенін білмей қалды деген түсінік болмау керек. Алла бәрін Көруші, Естуші, Білуші. «Көзі тура болсын» дегені мұндай сынаққа салмасын, Алланың қалауымен кінәсіздігі дәлелденсе екен деген дұғадан шыққан түсінік деп білу керек.

Талантты орыс адвокаты П.С. Пороховщиков «Соттағы шешендік өнер» кітабында мынадай соттың әйгілі қателерін көрсетеді:

«Ежелгі Грекияда не болды, ол бізде де қайталанып жатыр, ол барлық уақытта қайталанып келеді. Сократтың ісі қаралғанда қылмысы дәлелденбеді – өлім жазасына кесілді; Ионна д'Арктың айыбы ашылмады – ол өртелді;  Варрен Гастингстың қылмысы ашылмады – сотталды; ла Ронсьераның да қылмысы дәлелденбеді – ол да сотталды; Дрейфустың ісі екі рет қаралса да қылмысы ашылмады – сотталды; Эстергаздің қылмысы дәлелденді – ол ақталды».

Тіпті, бір адамның кесірінен 14 адам жазаланған жағдай болған. Бұл жағдай Кеңес одағы кезінде орын алған. Витебскі мен Полоцкі қалаларында 14 жылдың ішінде 36 зорланған әйелдердің өлі денесі табылған. Құқық қорғау органдары қылмескерлер туралы мәліметті сотқа қарауға жібереді. 11 қылмыстық іс қаралып, нәтижесінде 14 адам жазықты аталады. Олардың біреуі атылады, екіншісі өзіне қол жұмсайды, енді бірі есінен адасып кетсе, қалғандары тиісінше 10, 13 жылдан жазаларын өтеп шығады. Кейіннен мәлім болғандай бұл қылмысты бір ғана адам жасаған болып шығады. Сөйтсек, Михасевич деген біреу екен. Өзі Витебск қаласында тұрған. Құқық қорғау органының қызметкері болған. Әйелі және балалары бар. Тексеру кезінде жауапқа тартылған 14 адам да жазықсыз екендігі анықталады. Бұл кәдімгі жағдайға ұқсамағанымен, соттағы үлкен қателіктердің нәтижесі жалғыз бұл ғана емес. 

 

Жазықсыздық презумпциясы

Адамзат өркениетінің мынадай бір жетістігі бар, жазықсыздық презумпциясы деген. Ол дегеніміз – егер адамның кінәсі дәлелденбесе, онда оны кінәсіз деп қана қарау керек. Әйтпесе, жазықсыз бір адамды әділетсіз түрде соттап жібере салу оп-оңай.

Кейде нағыз қылмыскерлер осы постулаттың арқасында жазадан құтылып кететін жағдайлар кездеседі. Адамның өмірі бәрінен қымбат деп жарияға жар салып жүрсек те, адамдардың екіжүзділігінен сол адам өмірі әр бұрышта ақшаға әрі арзанға сатылып кетіп жатыр. Жазықсыздық презумпциясының ұстанымдары дауыстап тұрып хабарланғанымен, әрқашан тиісті түрде орындала бермейді. Бұл сот жүйесінің қателесуіне себеп болатын жағдаяттардың бірі.

Құқықтық тәжірибеде барлық уақытта сот шешімінде қателіктер болып тұрады. Ондайда біз тек оның көлемін ғана өзгерте аламыз – көбейтіп немесе азайтып дегендей. Бірақ, түп тамырымен жойып жібере алмаймыз. Сот шешімінің қателіктері – сот жүйесінің ажырамас бір бөлігі іспетті, оны жою үшін сот жүйесін құртуымыз керек.

Біз ашық түрде наразылық білдіріп: «Бұл қалай болғаны? Жазаланушыны қылмысы дәлелденгенде ғана тергеуге болады» - деп айта аламыз. Дегенмен де, бір парадокстың бары анық. Сот шешімі белгіленіп, барлық тағылған айыптар «дәлелденеді». Бірақ, сотта әділдік деген атымен болмайды, тек кейде төбе көрсетіп қалатыны бар. Сотта бір нәрсені дәлелдеу – субъективті әрі тұрақсыз қиын мәселе. Егер ол дәлеліңіз жанама болса тіптен ауыр болмақ. Сот қарауында жанама дәлелдер адамның пенделік жағдайына байланысты өзгеріп, жеткіліксіз негіздегі мәліметке айналады. Адамдар сенгісі келген нәрсеге, көзімен көргенге ғана сенеді. Біреудің сізге қарсы куәлік беруін – сізді темір торға жіберетін тегін жолдама деп есептей беріңіз.

Өздеріңіз білетіндей аш бала тоқ баламен ойнамайды. Темір тордың ар жағында жазықсыз жатқан жандар трагедияның кейіпкерлері, ал біз болсақ көрерменбіз.

 

Өмірінің жартысын жазықсыз сотталып өткізгендер

Көпшілігіміздің сот жүйесіне деген сеніміміз берік. Ал сол жүйе біздің сенімімізді ақтай алып жатыр ма? Себебі, еш себепсіз түрмеге түсіп қалудан қорқатындар бар. Неге дейсіз ғой? Соттың немқұрайлығы дейміз бе, әлде салғырттығы дейміз бе, әйтеуір соттың соңғы шешімімен көптеген жазықсыз жандар абақтыға айдалуда. Кейбір парақор полиция қызметкерлерінің және соттың қате шешімінің нәтижесінде жазықсыз құрбан болған жандар жетерлік. Өмірінің жартысына жуығын қылмыс жасамай, жазықсыз түрде түрмеде өткізгендер туралы не білесіз?


Джефф Дескович 

1990 жылы 17 жасында Джефф Десковичке өз мектебіндегі қызды зорлап, өлтірді деген айып тағылады. Содан тергеуге шақырылып, құпия түрде жалған айту детекторынан өтуге келіседі. Тергеуді жүргізген шенеуніктер жағдайды өз бақылауында ұстайды. Ауыр сұрақтар қойып, қорғаушының көмегіне жүгіндірмей қояды. Жеті сағаттық тергеуден соң Дескович қылмысты өз мойнына алады. Содан 16 жылын түрмеде өткізеді. Жазықсыздар Жобасының көмегімен 16 жылдан кейін бостандық алады. Кейін Дескович 4 жыл жүріп, мемлекеттен $6.5 миллион өтемақысын өндіргеннен кейін бакалавр дәрежесін алып, өзі секілді жазықсыз жандардың құқығын қорғайтын Әділет Қорының негізін қалайды. 


Дэвид Брайант

Дэвид Брайант 1975 жылы 18 жасында күдікті ретінде қамауға алынады. Оған 8 жастағы Карен Смит деген қыздың өліміне қатысы бар деген айып тағылады. Содан соттың шешімімен 38 жылын түрмеде өткізген Брайанттың жазықсыз екендігі дәлелденеді. Оның ата-анасы түрмеде жатқанда көз жұмған болатын. Баласының кінәсіз екенін көре алмай кетті. Центурион Министрлігінің көмегімен Брайанттың қылмыс жасамағаны дәлелденеді. Олар оның адвокатының тиісті дәрежеде қорғамағанын әрі ДНҚ нәтижесінің Брайантпен сәйкес келмейтінін дәлелдеді. Сөйтіп, 2013 жылы Брайант 56 жасында тар қапастан бостандыққа шықты.



Дэвид Рэнта 

 

1990 жылы бір ер адам зергерлік курьерді тонау мақсатында оның көлігіне шабуыл жасайды. Тонаушы Хаскел Верцбергер деген раввинді атып, соның көлігімен оқиға орнынан ізін суытып үлгереді. Атақты раввиннің өлімі қоғамдық толқу тудырғандықтан полиция Дэвид Рэнтті кінәлі деп табады. Оны алдап өзінің қылмысын мойындайтын қағаздарға қол қойдырады. Сондай-ақ, куәгерлерді де Рэнтқа қарсы куә болуын қамтамасыз етеді. Курьердің ол қылмысты жасаған Рэнт емес деген сөзіне қарамастан 40 жылға бас бостандығынан айырылады. 2011 жылы бір куәгер бала Рэнтке қарсы жалған куәлік жасағанын мойындайды. Соның артынша бір әйел келіп, ол қылмысты өзінің дүниеден озған күйеуінің жасағанын айтады. Осы куәліктердің нәтижесінде 23 жылғы ғұмырын түрмеде өткізген Рэнт 58 жасында бостандықтың дәмін татады. 



Майкл Мортон

1987 жылы 32 жастағы Майкл Мортонға өз әйелін өлтірді деген айып тағылады. Оған өмірінің соңына дейін түрмеде отыру үкімі шығады. Оның әйелін 3 жасар баласының көзінше өлгенше ұрып-соққан. Баладан сұралғанда, оның анасын әкесі емес, бір құбыжықтың өлтіргенін айтады. Бірақ, 3 жасар бала куәгер болуға жарамайды деген желеумен оның әкесі ақыры түрмеге жабылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жазықсыздар Жобасының көмегімен қылмыс орнынан табылған матаға ДНҚ тесті жасалады. Нәтижесінде, Майкл жазықсыз болып қана қоймай, нағыз қылмыскердің кім екені де анықталады. Содан 25 жыл бойы төрт қабырғадан басқаны көрмеген Майкл 57 жасында бостандыққа шығады.

Өмірінің 40-50 жылын өткізгендер де баршылық тарихта. Бірақ олардың бәрін тізіп жатпалық. Тек шыдамды болуларын тілейміз!

 

Жазықсыздар жобасының себепкер болуымен...

АҚШ-та еш жазығы жоқ, бірақ түрмеде күндерін өткізіп жатқан жандарға көмектесетін жазықсыздар жобасы жұмыс жасайды. «Жазықсыздар» жобасы 1992 жылы Нью-Йорктың Барри Шек және Питер Нойфельд деген қорғаушылардың бастамасымен құрылған болатын. Ол кезде елде 50-ден астам сараптама тобы жұмыс жасайтын. Қорғаушылар көбіне ауыр қылмыспен қателесіп айыпталғандардың ДНҚ нәтижесін қолданады. Осы жобаның арқасында 237 қателесіп түрмеге жабылған адам ақталып шықты.

Бұл ұйым сонымен қатар баллистикалық сараптама мәліметтерімен, оқтың, әйнектің, алақан іздерімен байланысты оқиғалармен айналыса бастады. Ұлттық Ғылым Академиясы сот сараптамаларының күдік тудырады деп тапқан істерді Жазықсыздар Жобасы қайта қарауға мүмкіндік алады. Ал, бұл өз кезегінде қамалғандардың да ақталып шығуына жағдай жасайды.

Іріктеу үрдісі құмды шайып, арасынан алтын іздегенмен бірдей. Алты жыл бұрын берілген 3000 өтініштің 90% кері қайтарылған. Бірақ, келіп түскен әрбір хат жіті қаралады, не дегенмен де бұл олардың соңғы үміті ғой.

Украинада заңсыз сотталғандардың қаулысын қайта қарау мехнизмі жоқтың қасы. Біздің түрмелерімізде жазықсыз жазаларын өтеп жатқандар қаншама. Қылмыстың бетін ашу үшін ұрып-соғу қалыпты жағдайға айналған. Құқық қорғаушылардың мәліметіне қарағанда өмір бойы жазасын өтеушілердің арасында 100-ге жуығы заңсыз сотталғандар. Қазіргі таңда ешқандай субъект, мейлі ол соттық немесе мемлекеттік мекеме болсын, дұрыс шешілмеген, күдік тудыратын сот шешімін қайта қарау және оны түзету турасындағы мәселе шешімін таппай келеді, - деп жазады  «Судебно-юридическая газета» тілшісі Анна Шульгина.

Бұл тығырықтан шығар жалғыз жол – адам құқығы жөніндегі Еуропалық сотқа шағымдану керектігін де айтады. Ал, осы уақытқа дейін көптеген жазықсыз қамалғандар осындай жол арқылы өз ісін қайта қарауға болатындығын білмегендігін де тілге тиек етті.

 

 

Қанша өтемақы төленеді?

Көптеген жылдар бойы өзге біреудің жасаған қылмысы үшін отырғандар, ақталып бостандыққа шыққанда кәдімгі қылмыскерлердің күйін кешеді. Яғни, қалтасында не ақшасы, тіршілік өтетін жұмыстың табыла қоймайтыны анық. Мұндай жағдайда мемлекет ондай жандарға өтемақы төлеуі тиіс.

АҚШ тың өзінде қомақты өтемақы алуы тиіс жазықсыз сотталғандардың тек 60 пайызы ғана өтемақысын өндіріп алады екен. Оны да бірден ала салмайтындығын Forbes журналы жазады.

Көптеген елдер сот қателіктерін анықтауда Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактінің (ICCPR) мәліметтеріне сүйенеді. Аталған құжаттың 14(6) тармағында соттың қателігінен жазықсыз қамалып, ашылған дәлелдер бойынша ақталып шыққан адамға компенсация төленуі тиіс деп жазылған. Бұл пактіге 2007 жылы әлемнің  167 елі қол қойған болатын.

Сонымен өтемақының құны қанша? The Innocence Project сарапшыларының пікірінше АҚШ тың барлық штатында түрмеде өткізген әрбір жылы үшін 50 мың доллар төленуі тиіс. Сондай ақ түрмеден шыққандардың қауіпсіздігіне кететін шығын мен стоматолог, психолог секілді қызметтерді қамтитын медсақтандыру, әрі білім алуына жағдай жасау керектігі айтылады.

Сот АҚШ үкіметін рекордтық өтемақы 101,7 млн доллар қаржыны 1965 жылы істі болған төрт ер адамға төлеуге міндеттеген болатын. ФБР олардың кінәсіздігін дәлелдеген кезде төртеудің екеуі жан тапсырып үлгерген еді. Ал, қалған екеуі Питер Лимоне мен Жозев Салвати өмірлерінің 31 жылын түрмеде өткізген-ді. Олардың қорғаушылары өтемақы ретінде нақты сумманы талап етпеген. Бұл сумма түрмедегі әр жылына 1 млн доллар деген есептен шыққан. Осылайша, Салвати 29 млн алса, Лимонеге 26 млн тиді. Ал, қалған қаржыны әлгі өлген жандардың жақындары иеленді.

Бізде өтемақы төлеу турасында нормативтік қаулылар бар. Ол жерде моральдық шығынның расталуын талап ететін шарттар бар. Яғни, сіздің шын мәнінде моральдық зардап шеккеніңіз расталу керек. Болмаса: «Маған 5 млн теңге көлемінде моральдық зардап жасалды», - деп айта салуға болмайды. Оны дәлелдеуіңіз керек. Себебі моральдық зиян шегу – әлгі құқығын аяққа таптайтын әрекеттердің нәтижесінде мінез-құлыққа байланысты немесе физикалық түрде зардап шегуді айтады. Адам анық өзіне 5 млн теңге көлемінде моральдық зардап келтірілгенін нақты дәлелдермен көрсетуі керек. Сотөндірушілерде жеткіліктілік принципі бар. Яғни, сот кімге қанша ақша жеткілікті болатындығын өзі айтады. Емделуге кеткен шығындардың түбіртектері тексеріледі. Оның үстіне аздаған сумма қосылады. Моральдық зардап шеккендерге төленетін компенсация дегеніміз осы. Бірақ, моральдық шығын ретінде талап етіп отырған сумманың 1 пайызына тең келетін ақшаны компенсация жөнінде арыз берген кезде алдымен сіз төлейсіз. Егер сіз миллион талап етсеңіз, онда 10 мың теңге көлемінде төлейсіз. Ал, кейіннен соттан жөнді жауап келмесе адамдар ренжіп жатады. Азаматтық кодексте моральдық зардаптың нақты дәлелі керектігін анық жазып қойғандығын тағы да қайталап айтамын» - дейді қазақстандық қорғаушы Михаил Кленчин.

 

Бұл бір сынақ

Жалпы түрме деген орынның шығу тарихы сонау Юсуф пайғамбардың кезінен басталады. Юсуф пайғамбар Зылиханың жапқан жаласынан түрмеге түсіп қалады. Ол кезде «зындан» (парсыша) деп аталған, қазақтар «абақты» деген атау берген. Жазықсыз жаланың құрбаны болып, зынданға тасталу да сол Юсуф пайғамбардың кезінен басталған секілді.

Күй атасы Құр­ман­­ға­зы­ның да үнемі қуғын-сүргінде болып, түр­ме­ден-түрмеге түскенін білетін шығармыз. Ол кісіге үстем тап өкілдері «ұры», «бұзақы», «ел арасына іріткі са­лу­шы» деп негізсіз айыптар таққан болатын. Құрман­ға­зының жүр­­­ген же­рін­де Исатай мен Махамбетке қа­­тысты әң­гімелер айтып, оларға арнап күй шы­­ғарғанын ұнатпаған деген де уәж­дер айтылады. Содан Құр­манғазы бабамыз өзінің 73 жылдық ғұмы­рының жартысынан көбін абақ­тыда жазықсыз өткізеді, шығады, қайта ұсталады, ақ­та­ла­ды, қайта қуғындалады.

Анығында жоғарыда қозғаған мәселеміз Алланың сынағы екені даусыз. Кейде түрме – тәубеге келу жолдарының бірі деп жатады ғой. Сол секілді Алла Тағала өзінен алыстап бара жатқан құлын кері қайтару үшін, не болмаса бір сүйікті құлына көтере алады дегендіктен әлгіндей ауыр сынақтарды беріп жатқан болар.

Бұл дүниеде біреуге жазықсыз жала жауып, не болмаса өзінің жасаған қылмысын біреудің арқалап бара жатқанын көре тұра үндемеген кісі әлгі адамның ақысын жеген болып саналады. Қылмыс жасап, оның жазасын өзі емес біреу тартар. Солайша өмірден өтер. Бірақ арғы дүниеде қайтпек? Ондай жандар егер де тәубе етіп жатса, Алла Тағала мейірімді ғой, күнәсін кешірер. Бірақ, құлдың ақысын әділетті Алла Тағала әлгі құлдың өзі кешірмейінше ешқашан кешірмейді. Ертең есеп күнінде жазықсыз түрмеде отырған адам, сол қылмысты жасаған адаммен кездесіп, ақысын талап етеді. Ол дүниеде ақша емес, сауап арқылы саудаласады. Жәбір көрген кісі өзіне жетпей тұрған сауапты әлгі кісіден талап етеді, ал ол кісіде сауабы қалмаса, өзінің күнәларын соның мойнына артады. Міне, осылайша есеп айырысады. Бір хадисте бұл жайт былайша баяндалады: «Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Муфлистің кім екендігін білесіңдер ме?» - деп сұрады. Сахабалар: «Муфлис – ақшасы  мен  малынан  түгел  айырылған  кісі»,  -  деп жауап береді. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) сөзін былай деп жалғастырады: «Үмметімнен ақыретте тақырға отырушы кісілер, қиямет күні оған тіл тигізген, жала жапқан, оның  малын  жеген,  оның  қанын  төккен  күйде  намаз, ораза  және  зекетімен  келетін  кісі.  Оның  сауабы  анаған беріледі, жақсылықтары мынаған беріледі. Мойнындағы қарызы толық бітпестен жақсылығы бітіп қалса, олардың күнәлары алынып, оның мойнына артылады. Содан соң ол адам тозаққа тасталады» (Муслим, Тирмизи).

Иә, әділет деген нәрсе кейбіреулер үшін бұл дүниеде төбе көрсетпесе, арғы дүниеде жемісін бере жатар. Жазықсыз қылмыскер атанғандардың жағдайы естіген қайсыбір адамға да оңай тимесі анық. Сондықтан, біреудің ақысына қол сұқпайық, тағдырын ойынға айналдырмайық!

2 пікір
  • жан-жақты жазылған әрі танымдық әрі проблемалық публицистика. осындай материалдар көптп салынса
    8 жыл бұрын
  • Бәрі Алланың қалауымен! Жараңа тұз сепкендей. ....
    8 жыл бұрын