خَيْرُ شَبَابِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِكُهُولِكُمْ وَ شَرُّ كُهُولِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِشَبَابِكُمْ
«Жастардың ең абзалы – (ақыл тоқтатып, нәпсісін тізгіндей білген) егде адамдарға ұқсағандары, сондай-ақ егде адамдардың ең жаманы – (ғапылдыққа салынып, нәпсіге азған) жастарға ұқсағандары».
(Әнәс ибн Мәлик және Уәсилә ибн Әсқа (р.а.) жеткізген, Табарани, Мұғжамуль кәбир, 22-83. Әбу Яғлә, Муснәд, 13-389. Бәйхақи, Шуғабуль иман, 6-168)
Хадиске түсіндірме
Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл хадисте жас та болса, үлкендерге ұқсап, сезімін ақылға жеңгізе білетін салиқалы жастарды дәріптеуде. Әсілі, адам баласын түрлі қателіктерге ұрындыратын нәпсі мен сезімге берілмей, әр нәрсені ақылмен бағамдау көбіне-көп өмір мектебінен сабақ алған ересек адамдарға тән мінез. Ал жастар қауымына келсек, олар көбінесе жастықтың қызуымен алапат сезімге бой алдырып жатады. Міне, сондықтан да, пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл хадисінде жастар мен егде кісілердің осынау бір-біріне кереғар табиғатын ескере отырып, ең абзал жастың егде кісілерге еліктейтін жас екенін аңғартса, ең сүйкімсіз қарттың жастарға еліктегіш жеңіл мінезді қарт екенін айтқан.
Мейлі ер, мейлі әйел затынан болсын ең абзал жас – бір аяғы төрде, бір аяғы көрде тұрған қарт секілді бұл дүниеден гөрі өлім мен ақыретті көбірек ойлап, о дүниенің азығын қамдаудың қамымен жүретін әрі нәпсіге азып, ғапылдыққа салынбайтын жас. Ол – нәпсісі асау шақта да азбай, өзінің бір Алланың басыбайлы құлы екенін жан-тәнімен түйсініп, сахабалардай өзін Хақ жолына арнаған жас. Иә, қандай да бір жастың егде кісілерге ұқсауы – оған өзінің бұл дүниеде сәл ғана аялдап, ақыретке бет алатын жолаушы екенін бір сәтке де есінен шығармауы, бұл өмірде дүниенің баянсыз екенін көп жасаған қариядай түйсініп, ғапылдыққа салынбай ғұмыр кешуі, әзәзіл шайтанның тұс-тұстан келіп, азғырғанына қарамастан, иманы кәміл кісіге лайық өлшеулі ғұмырын дінге, елге қызмет етіп өткізуге бел байлауы, сондай-ақ есер нәпсіге қарсы тұрып, үлкенді-кішілі күнәлар мен жамандық атаулыдан іргесін аулақ салуы демек.
Көзі харам нәрсеге түсіп кеткенде немесе жастық әуейілігінен аса алмаған жағдайда, бірден ес жиып, сәждеге бас қоятын, көкірегін кірлеткен күнәларын садақа һәм көз жасымен жуып-шаятын жастар... Қас қағым сәтке болса да ғапылдыққа салынып, күнәға батқаны үшін аһ ұрып: «Құрыдым, Раббымның мұншама нығметіне бөлене тұра тәубамнан жаңылып, асылық қылғаным қалай?!» – деп, жаны шырқырап, шын күйзелетін, алайда, Раббысының шексіз рақымынан үміт үзбей, тәубаға келіп, Аллаға шынайы құл болудың ерен үлгісін көрсететін жастар... Міне, жоғарыдағы хадис осындай жастарды тілге тиек етуде.
Ал ең абзал қартқа келсек, ол Алланың ақ жолынан ажырамаған, жастарға еліктеп, қу дүниенің қызығына елірмей, ақыретті ойлап, о дүниеге қамданған жан. Өмір мектебінен алған сабағын ортаға салып, өскелең ұрпаққа өнеге шашып, елдің тыныштығы мен береке-бірлігінің ұйытқысы бола білген қария. Сондай-ақ, «заманым өтті, қажыдым, қалжырадым», – демей, қажет болса, бір Алланың разылығы үшін дінге, отанға, күллі адамзатқа қызмет ету жолында жастармен бірге атқа қонып, үлгі көрсететін қажырлы да үлгілі жан. Сахабалардың арасында мұндай өнегелі қарттар көп еді. Солардың бірі Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаға қоныс аударғанда алғаш тұрақтаған киелі шаңырақтың иесі хазірет Әбу Әюб әл-Ансари. Ол әбден қартайып, тіпті, ат үстінде өз бетімен отыра алмайтын жағдайға жетсе де, мұсылман әскері хақ дінді жаю мақсатында жорыққа аттанарда балаларының жалынып-жалбарынғанына қарамастан өзін атының еріне таңғызып, алыс жорыққа аттанған. Өйткені соңғы арманы хадистерде хабар берілген Константинопольге[1]жетіп, пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мадақтаған, өзгенің байлығы мен жерін емес, жүрегі мен көңілін жаулайтын ізгі әскер қатарында жүріп, дүниеден озу болатын. Осылайша, ол бар ғұмырын Хақ жолына арнаған, тіпті, кәрілік жеңіп, қаусаған шағында да адамзат игілігі үшін аянбай еңбек еткен қажырлы жан еді. Иә, алдында Аллаға лайықты құл болудың ерен үлгісін паш ететін, көкірегі даналыққа толы, қажырлы да, өнегелі қарттары бар өскелең ұрпақ қандай бақытты десеңші!
Аталмыш хадистен ұғарымыз, ең сүйкімсіз қарт – жастарға өнеге көрсетудің орнына көрсеқызар, лапылдақ нәпсіге еріп, ғапылдықтан көз ашпаған бейбақ. Ал, ең абзал жас – жастықтың қызуына қарамастан ғапылдыққа бой алдырмай, бейне бір Құдайына қараған қарт секілді ақыретін ойлап, о дүниеге қамданған жан. Исламның алтын дәуірі саналатын пайғамбар мен әділ халифалар заманында бұл мәселеде күллі үмбетке өшпес өнеге шашқан ізгі жастар көп болған.
Бірде қара қылды қақ жарған әділ халифа хазірет Омар (р.а.) мешітке барар жолда өзімен қатарласа асығып-аптығып келе жатқан бір жас баланы көріп, таңырқап: «Әй, балақай, мұншама асығып қайда барасың?» – деп сұрайды. Әлгі бала: «Намазға асығып барамын», – деп жауап қатады. Омар оған: «Сен әлі ойын баласы емессің бе, саған намаз әлі парыз емес қой?» – дегенде, әлгі бала хазірет Омарға: «Уа, мүміндердің әміршісі! Кеше біздің көшеде тұратын менен де кішкентай бала қайтыс болды. Бұл мені де ойландырды», – деп, үлкендердің өзіне ой салатын жауап қатқан екен.
[1] Ортағасырлық Византия мемлекетінің астанасы, қазіргі Стамбул