Хиджабтағы әпке-қарындастарға
Хиджабтағы әпке-қарындастарға
8 жыл бұрын 13362
Ғалым Боқаш

Ақпанның 1-і Ғаламдық хиджаб күні өз қалауымен және ішкі сеніміне сәйкес діни бас киім киюге талаптанған барша мұсылман қыз-келіншекті мейрамдарымен құттықтап, олардың таңдау еркін сыйлайтынымды жариялаймын. Әлемде ешбір биліктің, я үкіметтің хиджабқа қатысты шектеу қоюға хақы жоқ. Егер мүмін ханымдар жеке діни бостандығы аясында наным принциптеріне адал болу үшін, қоршаған ортаға позитивті әсермен рухани даму үшін және қоғам мүшесі ретінде қабілет-қасиеттерін жақсарту үшін осылай киінуді мақұл көрген болса, универсалдық құқықтарының бірін пайдаланғаны деп білем. Жамылғының ар жағынан бергі дүниеге агрессия, кекшілдік, ксенофобия және жеккөрушілік көзқарасымен қарамаса, мұндай мұсылман әйелдердің киіну үлгісін сырттан сөз қылудың өзін мәдениетсіздік деп санаймын.

Болашақта Қазақстан үкіметі де діни саясат жүргізу кезінде асыра сілтеуге бара бермей, азаматтарының діни наным-сенім еркіндігіне кепіл болады деп үміттенем. Сондай жағдайда біздің елде де Ұлыбританиядағы сияқты әуежайға келіп түскен ниқаб киген ханымдардың бет-жүзін паспортпен салыстырып тексеру үшін әйел офицерлер бекітілген жеке кабиналар пайда болар еді, бурқа киген студент қыздарға ешкім көзін алайтып қарамас еді, түрлі өрнек салынған, я мемлекет туымен түстес хиджаб киген бегімдерді көшеде ешкім саусағымен көрсетіп күлмес еді, беделді деген университеттердің өзінде мешіттер мен дәрет алу орындары ашылар еді, басы жабық пациент бибі алдына келгенде аурухана қызметкерлері жағдайды үнсіз түсініп, бірден әйел гинеколог, я терапевт тауып бере қояр еді.

Хиджабты әпкелер мен қарындастар, діни құқықтарыңыз үшін күресіңіздер. Бірақ кекшіл, суық кейіппен емес, кешірімшіл, мейірбан жүзбен. Ашумен емес, ақылмен. Алла тағала әманда нұрлы ақыл және мейірімді жүрек иелерімен бірге. Тақуалық жолындағы талаптарыңызды Құдай оң қылсын!

Фейсбуктегі жазбасынан

2 пікір