Барлық отбасын қорғайтын дұға
Барлық отбасын қорғайтын дұға
6 жыл бұрын 23731

Халифа Омардың (р.а.) кезінде бір кісі әйелінің мінезіне шағымданбақ боп оның үйіне келеді. Алайда үйіне жақындағанда Омардың әйелі оған ұрсып жатқанын естиді. Әлгі кісі ішінен: «Иә...егер халифаның үйінде мұндай болса, онда менің шағым айтар еш себебім жоқ», - деп ойлап тұрғанда есік ашылып Омар шығып келе жатады.

Кісіні көріп:

-   Бірнәрсе сұрайын деп пе едіңіз? - дейді.

Сонда кісі барлық жағдайды түсіндіріп, халифаның әйелімен ұрысын да естіп қалғанын айтады.

-   Білесің бе, мен әйелімнің маған тамақ дайындап, кірімді жуып, үйді тазалап, балаларымды тәрбиелеп, қиын кездерде маған көмектесетінін ескеріп, осындай ашуланған сәттерінде үндемеуге тырысам. Өмір деген қамшының сабындай қысқа ғой, - дейді Омар.

Ал Алла елшісі (с.а.у.) жұбайлардың бір-біріне көңілі толмай, ренжіскен сәттерінде Алладан екеуінің арасындағы сүйіспеншілікті одан әрі арттыруды сұрап, дұға етуге кеңес берген.

Риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) түнде оянған сәттерінде Айша анамыздың (р.а.) қолынан ұстап осылайша дұға еткен.

Сондай-ақ, Алла елшісі (с.а.у.) мен сахабалары жұбайлары мен өздері үшін дұға ететін болған.

Сондықтан: «Уа, Жаратушы Аллам! Біздің отбасымызға сүйіспеншілік пен сыйластық бере гөр! Жақындарымызбен бейбітшілікте ғұмыр кешуді нәсіп ет!» - деп дұға етуді ғалымдар дұрыс дейді.

       Ал ең бастысы, Жаратушымыздың шын жүректен сұраған дұғаларымыз бен тілектерімізді қабыл ететінін ұмытпағанымыз жөн.

0 пікір