Ауру – адамға өз әлсіздігін сездіреді
Ауру – адамға өз әлсіздігін сездіреді
8 жыл бұрын 9385
Жарылқасын Жарбол

Адам ауырған кездерде өзінің әлсіздігін әрі Аллаға қаншалықты мұқтаж екендігін анағұрлым жақсы түсінеді. Пенделеріне Алланың ауру беруінде көптеген хикмет бар. Бұлардың кейбірін былай жүйелеуге болады: ауру болмаса, Алланың Шафи есімі көрініс бермейді. Қалайша Раззақ есімінің белгісімен бүкіл тіршілік иелері ризықтанатын болса, сол секілді бүкіл ауру да Алланың Шафи есімімен шипа табады.

Аурумен қатар саулықта болудың Алланың бір игілігі әрі нығметі екендігі анағұрлым жақсы байқалады. Ұзақ уақыт науқастанбаған, ауырмаған адам осы жағдайға үйренеді. Алайда күтпеген ауруға шалдыққанда, әсілі саулықта болудың Алланың игілігі екенін аңдайды. Науқастанған уақыт – дұға уақыты. Науқас адам әлсіздігін сезінеді. Аллаға жалбарына бастайды. Ондайда адамның Аллаға деген дұғасы мен жақындығы артады. Ауруы күшейген сайын өлім туралы ойлана бастайды. Бұндай адам толықтай беріліп Аллаға дұға етіп, шипа сұрайды.

Иә, ауру өлімді еске салады. Адам өзін өлімге дайындайды. Қатты ауру өмірдің өтпелі екенін сездіріп, өлім мен ақыретті көбірек ойлатады. Кейбір адамдар қатты ауруға ұшырағанда немесе дене мүшесінің бірінен айрылғанда, бұны қайғылы жағдай ретінде қабылдайды. Ал анығында бұл кісінің ауруы жамандық емес, қайта ақыретін құтқаруға, Аллаға бетбұруына көмек беруі мүмкін.

Ауру шүкір етуге себеп болады. Көп адам науқастардың жағдайына қарап, өз жағдайларына шүкіршілік етеді. Науқас жан мынаны түсінеді: дүние, мүлік, шен, шекпен бәрі де бекер. Денсаулық болмаса, ешбірінің қадірі жоқ. Қалайша көктемгі жаңбыр егін мезгілін қуана хабарласа, ауру да шүкір еткен жағдайда заттай әрі рухани нығметтердің келуін білдіреді. Мәңгі тірі болатын тек Алла болғандықтан, барлық нәрсе өтпелі. Ауру – Аллаға бағынышты «қызметкер». Әлдекімге келіп, өз міндетін атқарады да қайтып кетеді. Бәле барлық адамға келмейді, өзіне лайықтыны іздейді.

Ауыру – жақсы адамдардың сауабын арттырады. Күнәкар адамдарды күнәдан арылтады. Науқастанған жан сапардың басталғанын аңдайды. Дайындығын жасай бастайды. Бір жағынан пайғамбарлар, әулиелер, асфиялар ауырып, олардың рухани дәрежелері биіктейді. Екінші жағынан иманды бірақ күнәкар адамдар ауырғанда, күнәлары төгіледі. Әрбір мүмин жұмаққа кіргісі келеді. Сол мақсатта дұға етеді. Бірақ ғибадаттары мен жағдайы оған сай болмайды. Алла ол мүминге аурулар береді, жұмаққа лайық күйге келтіреді. Бір адамға кішігірім сыйлық келсе, қуанады. Кішігірім сыйлыққа қуанған мүмин ауруды да, денсаулықты да беретін Алла екенін біледі. Алла қаламаса, ғаламда жапырақ та өздігінен үзіліп түспейді. Сондықтан мүмин Алла бұйырған барлық нәрсе жақсы деп, ауруды жылы қабылдайды.

Жеміс қалай күннің астында тұрып пісетін болса, адам да кемелдікке жету үшін сырттай ауыртпалық болып көрінетін ауруды бастан өткереді.

Науқас үшін сағаттың өтуі, күннің өтуі қиын-ақ. Сабыр етсе, аурумен өткен әр сәтіне мыңдаған сауап берілетінін білсе, онда сабыр етеді. Ауру да өтпелі. Сырқатпен өткен әр минут Алла назарында ғибадат ретінде есептеледі. Сырттай ауыртпалық болып көрінген аурулар әсілі Алланың рақымы. Мұқият қаралса, ауру адамды Аллаға жақындатады, пенденің дүниеге деген құмартушылығын басады. Ендеше, науқастар сабыр етсе, қол жеткізетін мәңгілік өмірдегі бақытты да ескере білгені дұрыс.

1 пікір
  • Ana uwin balasinin aurui, ozi auigannan da kiin. Balan auirganda, Allanin gana balaga nagiz kamkorwi, nagiz "ana" ekenin tusinesin. Biz tek sebepkermiz.
    8 жыл бұрын