Адамның арқауы – адал ас
Адамның арқауы – адал ас
11 жыл бұрын 11498 -
Берік Байбосын

Адам баласы тамақсыз өмір сүре алмайды. Ішіп-жемесе аштан өледі. Сондықтан да азық-түлік, ас-тағамның маңызы зор. Неміс ғалымы Риквекк: «Адам ненің етін жесе, соған айналады» депті. Расында неміс ғалымы айтқандай, адамның өмір салты, мінез-құлқы, денсаулығы, басқаларға деген қарым-қатынасы ішіп-жеген тағамына байланысты. Алла тағала Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер, ризықтандырғанымыздың жақсысын жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят) деген.

Шариғат үкімі бойынша мұсылман баласы Алла бұйырған тағаммен қоректенуі керек. Өйткені, Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды» делінген («Майида» сүресі, 3-аят).

Ендеше ахиреттен үміті бар адам аятта айтылған харамнан аулақ болғаны абзал. Үлкен білім иесі хафиз Ибн Касир хадистер мен шариғат үкіміне сүйене отырып: «Харам етілген дүниелермен тамақтану дұға мен ғибадаттың қабыл болмауына әкеліп соқтырады» депті. Сол себепті қазіргі таңда бізге халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет. Бұның сыртында халал, яки харам екені күмәнді тағам мен тұтынатын заттар да баршылық...

Әлемде халал өнімге деген сұраныс күн санап артып келеді. Оны ғаламның 122 мемлекетінде өмір сүретін 1,5 миллиард мұсылман тұтынады. 2005 жылы халал өнімнің жылдық айналымы 5 миллиард долларды құраса, қазір 4 триллион долларға жеткен. Халал стандарты бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін «Total Global Halal industries» атты құрылым бар. Аталмыш құрылымның жұмысын жүргізіп отырған ел – Малайзия. Мәселен бұл елде шығарылатын өнімнің 95 пайызы халал.

«Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Халал үкімі тек тағамға ғана тән десек қателесеміз. Халал индустриясына – тамақ өнеркәсібі (ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері т.б.), жеңіл өнеркәсіп (тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері т.б.), білім беру (ислам теологиясы, мектеп, балабақша, жоғары оқу орындары т.б.), денсаулық саласы (дәрі-дәрмек, акушерлік қызмет, перзентхана, мәйітхана т.б.), қаржы жүйесі (кредит, өсім, банкинг т.б.), мәдени орындар (театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер т.б.),  даяшылық қызмет (асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, тузим т.б.) жатады. Нақтырақ айтқанда, халал стандартты қажет етпейтін құрылым жоқ.

Экономикасының барлық секторын халал стандарты бойынша дамытып отырған Малайзия жыл сайын әлемдік форум өткізеді. Мақсаты – халал индустриясын халықаралық брэндке айналдыру. Бұл іске Ислам банкі, Майкрософт корпорейшн сияқты ірі-ірі қаржылық құрылымдар ыстық ықылас танытуда...

Қазіргі таңда адамзатты алаңдатып отырған дүние азық-түлік өнімдерінің гендік модификацияға ұшырауы.  Әсіресе жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің басқа тірі организмдердің генімен будандасуы кең етек алып барады. Ресейдегі Денсаулық сақтау институтының дәрігері Ольга Бутакованың мәліметіне жүгінсек: Ресейге шеттен келетін өнімдердің барлығы будан. Дәрігер өз отандастарына сырттан келетін өнімдерді, соның ішінде сәби балаларға арналған тағам түрлерін тұтынбауды үндеуде. Әсіресе,  АҚШ-та өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарларынан сақ болуға шақырады. Өйткені, американдық өнеркәсіп өнімдерінің 70 пайызы будан.

АҚШ-та жеміс-жидекке басқа жанды организмнің ДНК-сін қосып «сапалы» өнім шығару баяғыда жолға қойылған. Атап айтқанда, камбала балығының ДНК-сын қосып помидордың жаңа сортын ойлап тапты. Ал, кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНК-ны қосу арқылы өнімді құрт жемейтін етіп шығарды. Картоп пен бәйшешекті будандастырды. Қысқасы, будан өнімге зиянды жәндіктер жоламайды.  Қазақстанда өсірілетін бидайға мысықтың ДНК-сы қосылғанынан көпшілік бейхабар. Білгіңіз келсе қамба толы астыққа тышқан жіберіп көріңіз, «мысық-бидайдың» маңын баспайды. Тіпті мұндай ұннан жасалған нанның өзін тышқан тістемейді. Біз жей береміз...

Генетик ғалымдар анықтағанындай әлемде 1000 түрлі өсімдікке гендік будандастыру жүргізу мүмкіндігі бар екен. Қазіргі таңда бұлардың 100 түрі таңдап алынып отыр. Ең көп будандастырылған – қызанақ, соя, жүгері, арахис, бидай, картоп... Былайша айтқанда халық ең көп тұтынатын заттар.

– Будан өнімдер адамның денсаулығына аса зиянды – дейді ресейлік ғалым Ирина Ермакова. Бұндай пікірді Американ фермерлері де «айғайлап» айта бастады. Олар баққан малдарының будан, жасанды жолмен дайындалған азықты тұтынуынан қорқады.

Квинстелік мұсылман фермер Имран Дин: «Халал дегенміз тек «биссимилла» деп мал сою емес, бұдан да анағұрлым кең ұғым, малды сүннет бойынша жемдеп, бағып-қағу керек...» - дейді. Бұл кісі малдарына ешқандай вегетарианша және гармон екпейді екен.

Сол сияқты Таронтодағы Ислам институтының профессоры, шейх Ахмад Куттидің пікірі де Имранмен үндес. Шейх: - Малға тірі ағзаның гені  будандастырылып дайындалған азықты беруге болмайды. Соңғы жылдары  пайда болған «сиыр құтырық» ауруының көбейуіне себеп болған, - дейді.

Дәл осындай жағдай еліміздегі тауық өсіретін фермаларда етек алғаны жайлы ақпарат бар. Құс өсірушілер сойылған тауықтың бас-сирақ, тұмсық-тұяқ, қалдық етін далаға төгіп тастамай, оны ұнтақтап, химиялық зат қосып, жем жасап тірі тауықтарға береді. Қандасының етін жеп үйренген «каннибал» тауықтар алда-жалда араларынан біреуі сәл жарақаттанып, қан шықса болды, жапа тармағай жабыла кетіп, дереу жеп қояды. Бұл үрдіс қазір тауық фермаларында үйреншікті жағдай. Дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған тауық еттеріне де «елеңдей» жүргеніңіз жөн болар...

Тағы бір есте тұтатын дүние, базарларда сырты мұнтаздай тап-таза жеміс-жидектер мен көкөністер тізіліп тұрады. Жеп көрсеңіз не дәмі, не сөлі жоқ. Сатушы болса: «Беті бүлк етпей Алматының апортынан ала кетіңіз» дейтінін қайтесіз. Неге олай? Бұл гендік инженерияның көмегімен өндірілген, шеттен әкелінген арзан, жасанды жемістер. Бұл тарапта шығыс көршіміздің үлесі зор.

Бұндай өнімдердің адам денсаулығына, ағзасына, болашақ ұрпағына аса зиян екенін біле бермейміз!!!

Бірнеше жылдың алдында АҚШ-та шу шықты. Оған себеп болған дүние Қытайдан әкелінген үй жануарларының тамағы. Азықта зиянды қоспа бар екен. Ақыры АҚШ Қытайдан азық-түлік өнімдерін алуды тоқтатты. Қытай тауарларының ерекше «қасиеті» алғашында зиянды қоспаның әсері байқалмайды, жүре келе күшейеді. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл елден келген тауарлар сын көтермейді. Әсіресе, балалар ойыншығы бүлдіршіндерге «артроз», «сколиоз» секілді аурулар жұқтыруда. Соңғы жылдары әскери борышын өтеуге аттанған жастар арасында кең етек алған «майтабан» ауруына да себеп шетелдік арзан аяқ киімдер екен.

Көпшілік жақсы көретін жіңішке шұжықтың (сосиска) 25 пайызы – соя ақуызы, 15 пайызы – құс еті, 7 пайызы – малдың еті, 5 пайызы – крахмал ұны, ал қалған 45 пайызы – малдың ұнтақталған тері-терсек, бүйрек-сирағы екен. Одан да сорақысы – сатылмай ескіріп қалған шұжық өнімдерін ет комбинатында екінші рет өңдеуден өткізіп, сауда нүктелеріне қайта әкелетінін қайтерсіз. Мұндайда жағдайда оның құрамына екінші қайта зиянды азықтық қоспалар қосылады.

Химиялық қоспалар сататын компаниялардың жарнамаларында: «Біздің өнім шұжық, тағы басқа ет өнімдерінің құрамындағы етті жасанды жолмен 10 пайызға көбейтеді. Жартылай ысталған шұжық өнімдерін 8-10 пайызға көбейту үшін азықтық қоспаның 400 грамын 100 килә фаршқа қоссаңыз жеткілікті», - деп өзеурейді. Осы жарнамаға қарап-ақ сөзіміздің ақиқатын біле беріңіз.

Жалпы тағам өнімдерін сатып алған кезде тауардың этикеткасындағы канцерогенді заттар туралы мәліметке мұқият назар салған жөн. Сапасы төмен, канцерогені өте жоғары тағамды  пайдаланған адам «қылтамақ» сияқты емі жоқ ауруға шалдығады. Бауырдың, талақтың, бүйректің қатерлі ісікке шалдығуына себепкер  де осы канцерогендер.

Егер де тауардың  этикеткасында «Е» деген зат көрсетілсе, онда өнімге азықтық қоспалар, химиялық дәмдегіштер, жасанды бояу қосылды деген сөз. Олар өнімді бұзылудан сақтайтын күшті реагенттер. Сау адамды науқас қылатын да дәл осы пәле. Дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның 3 түрін қолдануға қатаң тыйым салынған. Олар: Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формальдегид консерванты. Осындай «Е»-лерді көзіңіз шалса, абзалы алмағаныңыз дұрыс.

Тек шұжық ғана емес қазір сүт өнімдеріне де қатысты мәселе туындап отыр. Дүкен сөресінде сүттің түр-түрі бар. Кейбір сүт өнімдері жүз пайыз жасанды.  Мұндай сүттер адам ағзасына зиян. Табиғи сүт 3-4 күннен соң ашып кетуге тиіс болса, жасанды сүттер 6 айға дейін бұзылмай сақталады.

Сүт ашып кетпеуі үшін қорапқа антибиотиктер сіңіріліп, металлдық қоспалармен өңделеді. Сөйтіп сүт өнімдері (айран, йогурт, қаймақ, сүт т.б.) айлар бойы ашымай тұра береді. Мұндай өнімдерді көп пайдаланған адамның тұла бойы консервантқа толып, өлгеннен кейін де денесі шірімейтін көрінеді. Жақында Швейцарияда 30 жыл бұрын жерленген адам мүрделері сол күйінде бұзылмай сақталғаны анықталды. Ғалымдар жағдайды зерттей келе, өлі денелердің бұзылмай сақталуына жеген тамақтарының құрамындағы консерванттың тікелей қатысы бар екенін анықтады. Ағзаға жинақталған консерванттар адам өлгеннен кейін дененің бұзылмай сақталуына әсер етеді екен.

Тағы бір есте болатын дүние электр тоғына соқтырып немесе басына ауыр балғамен ұрып, бауыздамай өлтірген малдың етін тұтыну аса қауіпті.  Осындай әдіспен өлтірілген малдың қаны ұйып, қатты үркіп-қорқудың салдарынан оның  адреналин бездері «қорқыныш» гормондарын бөледі. Үрейлі гормондар дереу қанға өтіп, сол малдың етін жеген адамның ағзасына қатерлі ісіктің пайда болуына ыңғай туғызады.

Ал, ұйыған арам қанда жиналған микробтар ет қанша қайнаса да өлмейді. 100 градуста қайнаған еттің құрамындағы қанның арам микробтары сыртқы қабыршығын (спора) тұтастырып алып, аман-есен жата береді. Тіпті бұл микробтар 500 градус ыстықта да өлмейді. Етпен бірге адамның ағзасына өтеді. Мұндай етті тұтынған адам шошып оятатын талма ауруына ұшырайды екен.

Сол сияқты «биссимилла» айтылып сойылған малдың еті мен айтылмай сойылған малдың етінде үлкен айырмашылық бар екенін Сирия медуниверситетінің бір топ ғалымдары 3 жыл айналысып тапты. Лаборатория жетекшісі профессор Халид Халавенің «moheet.com» сайтына берген сұхбатында: «Биссимилласы айтылмай сойылған мал мен құс етінің құрамынан ұйыған қан, көбеюге бейім бактерия мен микробтар көп табылды және тез бұзылып жатты. Келесі етте ондай жағдай кезікпеді» дейді.

Зерттеушілердің 3 жыл лабораторияда үздіксіз жұмыс жасап, ашқан жаңалығы көптеген медицина ғалымдарын таң қалдырды. Шам қаласында өткен ресми таныстыру үстінде зерттеу тобының басшысы доктор Абдулькадир Дирани: «Құран кәрімдегі «Аллаһтың аты аталмай сойылған малдың етін жемеңдер» деген үкімі мен «биссимилланың» хикметі мені осындай тәжірибе жасауға итермеледі. Үш жыл бойы үзбей жасаған жұмыстың нәтижесі белгілі болды. Алғашында әріптестерімнің өзі салқын қарады. Соңынан таң қаларлық зерттеулер шыға бастағанда-ақ бәрінің қызығушылығы оянды...» - деп қортындылапты.

Енді Құран Кәрім үкім еткен доңыз етінің харамдығына тоқталсақ. Доңыз көзіне көрінген лас заттарды, тіпті нәжісті де жей береді. Хайуандар арасында ең харамы саналады. Нәжісті көп жегендіктен денесінің кез келген бөлігінде микроб жинақталған. Бұл адамның ағзасына қауіпті микробтар.

Доңыздан адамға жұғатын аурулар – трихина құрты, доңыз тілмесі, доңыз тұмауы, доңыз обасы, түйнеме, аусыл, туберкулез... деп кете береді.

Аса бір алаңдайтын жағдай доңыздың араласпайтын жері жоқ. Мәселен, барлық кондитерлік өнімдер (кәмпит, шоколад, печенье т.б.) қанттан жасалады. Қарапайым өмірде ерітілген қант тез қатып қалады. Өндірісте де солай. Кәсіпорындар өнімі (кәмпиттері) қатып қалмай ұзақ сақталуы үшін доңыздың майын қосады. Тіпті сабын, тіс пасталары да солай. Күнделікті өзіміз жиі қолданатын майонез, маргарин майларын да тұтастандырып тұру үшін харам ертінді қосу етек алған.

Медицинада көптеген дәрілерге доңыз майы қосылады. Мысалы, асқазан ауруына пайдаланатын пепсиннің құрамында доңыздың асқазанынан алынған фимозин қоспасы бар. Бұдан басқа шетелдерде шығарылатын ойыншықтар мен әйелдерге арналған шағын қол сумкалардың дені шошқа терісінен жасалатын біреу білсе, біреу білмейді... Өйткені, шошқа терісі арзан. Әлемде ең көп шошқа асырайтын ел Қытай. Онда тірі жүрген 300 миллион доңыз бар. Сондықтан да көрші елден келетін өнімге  абай болған жөн.

Қазір халал стандартына көшкен елдерде барлық өнеркәсіп өнімдеріне доңыз майын қолдану толық тоқтады. Олар оның орнына ксантан және гуар шырышын пайдаланып, жап-жақсы өнім алуда.

 

1 пікір