«Қазақта кім бар еді Құнанбайдай?»
«Қазақта кім бар еді Құнанбайдай?»
3 жыл бұрын 6388
Марфуға Шапиян

Кеңгірбайдың теріс батасы

Ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай заманында өз аймағына атағы кеңінен жайылған даңқты кісілердің бірі еді. Би, балуан, аға сұлтан болған Құнанбай кейін қасиетті қала Меккеге барып, қажылық парызын өтеп, қажы атанады.

Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы туып, 1886 жылы дүниеден көшкен. Құнанбайдың әкесі Өскенбай Тобықты елін билеген беделді адамдардың бірі болатын. Өскенбайдан басталатын билік бұл ұрпақтың қолында 150 жыл бойы тұрды. Кеңес үкіметі келгенге дейін Тобықты елінің билігін қолдарынан шығармады. Ең соңғы болыс – Біләл Кәкітайұлы Ысқақпен аяқталды.   

Құнанбайдың анасы Зере ақылды, парасатты, кісі ренжітпейтін байыпты, кең мінезді, тақуа, әңгімешіл әйел екен. Өзі Найманның матайының қызы. Азан шақырып қойған есімі – Тоқбала, мұрнына көз тимесін деп сырға-зере тағып жүргендіктен кейін Зере атаныпты. Зерені елі «сырты – жұпыны, іші – алтын, алды кең, тарқұрсақ бәйбіше» деп атайды екен. Өскенбайдың талай тасыр мінезіне тоқтау айтып, кеңесін беретін де осы бәйбішесі көрінеді. М. Әуезовтың жазуынша, Өскенбайдың Зереден басқа да әйелдері, одан туған балалары көп болған. Бірақ, «әке балаға – сыншы» дегеніндей, бидің Құнанбайдан өзгесіне көңілі толыңқырамапты. Ел аузынан жеткен деректе мынандай бір оқиға айтылады: «Құнанбайды босанарда анасы түс көріпті. Түсінде Өскенбай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы Зере ол алтын сақа: "Құнанбай болар", - деп жориды».

Зере ананың парасаттылығы сонда, Құнанбай тәрбиесіне қатты мән берген. Бір естелігінде: «Мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргенім жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісміллә айтпай емізген мезгілім болған жоқ», - дейді. Ал енді бірде бата, дұға дегеннің қасиетін жақсы білетін ана кішкентай Құнанбайды жетектеп, би атасы Кеңгірбайдың алдына барыпты. Бірақ би бата бермей қайтарып жібереді, келесі жылы да солай. Үшінші келгенінде Зере: «Үш келдім, атам батасын бермеді», - деп жылапты. Сонда Көкі бәйбіше: «Келінің үш келді, басыңды көтер, батаңды бер», - деген екен. Кеңгірбай би: «Пай, пай, болмас», - депті де: «Тоғыз ата толғанша, түңлігіңді ешкім ашпасын!» - деп қолын керісінше жайып, батасын беріпті. Келіні: «Атам батасын теріс берді», - деп жылап қайтыпты. Көкі бәйбіше: «Келінің жылап кетті, теріс бата бергенің не?» - десе, би: «Үш жылдан бері батамды алар деп тосқаным балаларым еді. Олардың бірі де келмеді. Ал келінім Зере мен немере балам Құнанбайға оң батамды берсем, онда менің артымда ұрпақ қалмайды. Төрт көк бөрім бар еді, соның екеуі келінім мен Құнанбайдың артынан кетті», - деп сөзін түйіндепті. Теріс бата бергенін естіген Өскенбай: «Соның өзі жарап жатыр», - деп ат шаптырып, той жасаған деседі.    

Құнанбайдың екі рет ажалдан қалуы

Халық Құнанбайға үлкен құрмет көрсетіп, қатты қадірлепті. Оның жетім-жесірге, аш-жалаңашқа қамқорлығы, қара қылды қақ жарған әділеттілігі халқының сүйіспеншілігіне бөлепті. Екі рет ажал аузында жатқан жерінен халықтың дұға-тілегінің арқасында аман қалған деседі. Оның бірін белгілі абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» атты кітабында былай баяндайды: «Құнанбайдың денесіне көкшешек қаптап шығып, екі көзін аштырмай, кірпігі қимылдаумен өлім аузында жатады. Аранын ашқан ажал оны буындырып, жанын алқымына әкеледі. Құнанбайды оңаша үйге салып, ата-анасы бағып отырады. Ол жатқан үйді халық қоршап, ажалға қарсы тұрады. Кемпірлер күндіктерін, шалдар кіселерін мойындарына салып, еркек-әйелдер еңіреп, Құдайдан Құнанбайдың жанын қалдыруды сұрап тілек тілейді.  Айтылмаған көк қасқа, ақсарбас қалмайды. Міне, осындай ел тілегі бірнеше күнге созылып, Құнанбай тәуір болады».

Ал екінші ажалдан қалуы былай болса керек. Құнанбайдың қайынатасынан қолқалап алған Торшолақ атты тұлпары болыпты. Бірде ел шетіне жау тиіп, Құнанбай ауылының жылқысы барымтаға түседі. Торшолағына мініп, барымташылардың соңына түскен жалғыз қуғыншы - Құнанбайдың кеудесіне жау найза қадаса да, оны атынан аударып түсіре алмапты. Соңынан жеткен халқы найзаның орнынан судай сорғалап, шапшып жатқан қанды тоқтатып, жарасын таңады. Құнанбай немересі Шәкәрімге бұл оқиғаны былай баяндап берген екен: «Күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам, қаным кеуіп барады екен. Бір аяқ айран шалапты дем алмай бірақ жұтып, аз демалып айналама қарасам, төңірегім толған адам. Бәрінің көзінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған. Алладан тілек тілеп, менің жанымды қалдыруын сұрап тұр екен. Егер елдің сол тілегі болмағанда, мен өлген адам едім. Көп тілегі көл болып, көптің тілегін Құдай қабыл етіп, аман қалдым. Мені теңге салып, Шыңғыстың сыртындағы Қарабатыр, Әнет ауылдарына алып келгенде алдымнан кәрі аталар, қарт аналар, қатын-балалар шулап, «а, құдайлап» шыққандағы олардың маған деген кіршіксіз жүректерінің, ақ ниеттерінің, адал тілектерінің ауғанын ауызбен айтып жеткізу қиын шығар».   Құнанбайдың амандығын тек өз жұрты ғана емес, алыстағы ағайындар да тілеп, құрбандық атағанын Б. Сапаралин атты шежіреші қарт баян етеді. Жезқазғанның Ақтоғай өлкесінде өте кедей бір адам өмір сүріпті. Күндердің күнінде Құнанбайдың науқастанып, әл үстінде жатқанын естіген әлгі кісі жалғыз сиырын сойып, Құран оқытып, «Құнанбай мырзаның дертіне шипа болсын, сауабы тисін» деп, барлық етін айналасындағы жоқ-жітікке таратып беріпті. Ауыл-аймақтың үлкендері таңдай қағысып: «Қарағым, Құнанбай жарықтық кімің болатын еді? Жалғыз сиырыңды сойғаның не қылғаның?» десе, әлгі адам: «Құнанбай мырза менің ешкімім де емес. Ол – халықтың адамы. Қазақтың қасиетті перзенті. Мендей сіңірі шыққан жандардың талайына болысқан адал, қолы ашық, мырза деп естимін. Құнанбай тірі жүрсе, әлі талай жоқ-жітікке көмек қолын созар. Әрі «руласым, қандасым» деп, өзге ағайындардың алдында айбынымды асырып жүрмеймін бе? Әйел-баламның аузынан жырып, жалғыз малымды құрбандыққа шалуыма себеп болған осы жағдай», - деген екен. Кейін науқасынан айыққан Құнанбай  болған оқиғаны естіп, жаңағы кедейге көптеген тарту-таралғы, жылқы, қой сыйға бергізген екен деседі.

Құнанбайдың Шәкәрімді адалдыққа шақыруы

«Әкеге қарап ұл өсер» дегеніндей Құнанбай әкенің барлық ісі балаларына үлгі болды. Қажының кіндігінен өзге ұрпақтарын айтпағанда Абай, Шәкәрім секілді ғұламалар дүниеге келді. Бұл екі дананың да тәрбиесінің бастау бұлағы осы Құнанбай қажыда жатыр.

Құнанбай немересі Шәкәрімге: «Мені екі ажалдан, екі айдаудан елім алып қалды. Елімнің сол еңбегін өтей алмай кеттім. Адал бол, Шәкәрім! Көпке жақпай, адал болмай, абырой-атақ алмайсың» деп өсиет еткен екен. Шәкәрімнің өзі де ата өсиетін: «Маған өз өмірінің түрлі жайттарын айтатын. Әсіресе, адалдық жағын баса үйрететін», - деп еске алады.

Ал Абайдың суреттеуінше Құнанбай артына өлмейтін атын қалдырған, жоқ-жітіктің қамқоршысы болған, олардың ешқайсысын алаламаған, ақылды, адал, әділ, ер еді. 1895 жылы ұлы Әбдірахман өмірден өткенде Абай жоқтау жыр жазыпты. Онда Құнанбай бейнесі былай суреттелген екен:

Арғы атасы қажы еді,

Бәйіштен тартқан шәрбатты.

Жарықтықтың өнері,

Айтуға тілді тербетті.

Адалдық, ақыл жасынан,

Қозғапты, тыныштық бермепті.

Мал түгіл жанға мырза еді,

Әр қиынға сермепті.

Мұңды, шерді, жоқ- жітік,

Аңсап алдын кернепті.

Бәрінің көңілін тындырып,

Біреуін ала көрмепті.

Әділ, мырза, ер болып,

Әлемге жайған өрнекті.

Тәубесін еске түсіріп,

Тентекті тиып, жерлепті.

Ол сыпатты қазақтан,

Дүниеге ешкім келмепті.

Өлмейтін атақ қалдырып,

Дүниеге көңіл бөлмепті.

Ерегіскен жауларын,

Кісен салып матапты.

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты.

Абай өлеңдерінің осы жолдарынан-ақ әке ісіне деген ерекше құрметті байқауға болады. Тек бұл емес, Ресей патшалығының қазақ жеріне ұйымдастырған экпедициясының мүшесі Адольф Янушкеевичтің де күнделігіне Құнанбай туралы жазғандарының мазмұны да осы Абай өлеңдерімен мағыналас. Янушкеевич күнделігіне: «Қарапайым қара халықтан шыққан Құнанбай жаратылыстан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі. Халқының қамын ойлайды. Оған жақсылық жасасам дейді. Елінің ежелгі жол-жобасына, Құранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік. Ресей үкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережелеріне өте жетік, қара қылды қақ жарған әділ, адал азамат. Құнанбай халқының қамқоры. Оны жұрт пайғамбардай көреді. Сондықтан одан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады», - деген жазба қалдырған. Сонымен қатар, Құнанбайдың мінез-құлқы, атқарған еңбектері жөнінде, патша үкіметінің сыйлыққа ұсынғандығы жайында Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы мұрағаттарында деректер сақталған деседі.

 

«Мойнымда парыз қалар деп ойлады, Меккені өліп кетсем, тәуап қылмай»

Құнанбай өмірбаянында ел есінде көп сақталып, аңызға айналып келе жатқан істерінің бірі – Қарқаралыға мешіт салдыруы мен қажылық жолымен Меккеге барып, ол жақта мұсылмандар барғанда түсетін үй салдыруы.

Өмірінің соңына қарай, бес парызды түгел орындап, Алланың разылығын алуды ойлаған Құнанбайдың қажылыққа баруға аңсары ауады. Бұл жөнінде Әрхам Кәкітайұлы: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағбатолла, Құдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім», - деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді», - деп жазады. Құнанбайға бұл сапарда кімнің жолдас болғаны жөнінде деректі біз 1900 жылы Қазан қаласынан шыққан «Қажы Әндірбай қалпе» атты кітаптан білеміз. Жыр үлгісімен жзылған бұл кітапта Құнанбай сапарына қатысты:

Енді екінші сөйлейін сапарынан,

Білгенімше таратар келді кезім.

Тобықтыда Құнанбай жүрмек болды,

Көруге бек ынтызар Мекке жүзін.

Қазақта кім бар еді Құнанбайдай,

Жаратқан абзал қылып патша Құдай.

Мойнымда парыз қалар деп ойлады,

Меккені өліп кетсем, тәуап қылмай.

Басшы қылып қалпені алып жүрді.

Тәуекел қаққа қойып, белін байлап,

Шаншарда Жүсіп қожа және жүрді,

Матақпенен жүріпті Саудабай бай, - деген жолдар кездеседі. Қасиетті қалаға жеткеннен кейін Құнанбай жанындағы байларға: «Біз секілді бар адам келсе, ақша төлеп болса да түсетін жер табылар. Жоқ-жітік келсе, олар қайда жатады? Соларға арнап, осында бір үй салдырып кетейік», - деп бастама көтеріпті. Солай Құнанбай тақиясы салынып, оған кіші жүзден бір  жігіт иелік етіпті. Тақияның нақты салынғаны жөнінде бір дерек, 1883 жылы Қазақ қаласынан басылып шыққан «Маңызды мәселелер кітабындағы» мына жолдар дәлел бола алады: «Байтоллаға бардық. Құрбан айының басында Меккеде қазақ Тәбиесіне түстік. Кіші жүз салдырған. Қанатбай деген қазақ тұрады екен. Құнанбай қажының да Тәкиесі бар екен». Құнанбай қажы салдырған бұл Тақияны қажылыққа барған сапарында Шәкәрім қажы да көргенін, бірақ өзінен бұрын түскендер болғаны себепті, оларды ренжітпейін деген оймен, басқа орынға қоныстанғанын айтады. Ал, Абай әкесінің бұл ісі туралы:

Меккеге барып үй салып,

Пәтер қып жаққан шырақты.

Бір Құдайдың жолына,

Малды аямай бұлапты, - деп жазды.

Құнанбай қажы Өскенбайұлы қажылықтан қайтқаннан кейін ел ісіне араласпай, оқшау, тек Құдайға құлшылық етумен, маңайындағыларды да соған шақырып, баянды ғұмыр кешіпті. Мұсылмандықтың барлық шартын орындап, шариғат жолымен амал етіп, халқының ықыласына бөленген Құнанбайдың қадірлі істерін өз жұрты кейінге дейін есінен шығармаған. Тіпті: «Құнанбайдай әке болмаса, Абайдай ұл қайда?» - деп бүгінге дейін айтып жүреді екен. Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар:  жария садақа, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салиқалы перзент», - деген екен. Ендеше Құнанбай қажының «Ескі тамда» аштырған мектебі, Қарқаралыда салдырған мешіті, Меккеде қалдырған Тақиясы, салиқалы перзенті - Абайы үшін артынан жетіп тұрар сауабының қияметке дейін жалғасын табатынынан біз де үміт етеміз және солай дұға қыламыз.

16 пікір
  • Тақия деген не? қазіргі тілмен айтқанда қонақ үй сияқты бір нәрсе ма?
    3 жыл бұрын
  • Иә, "Тақия" сөзі бұл жерде қонақүй, үй мағынасында берілген. Халық арасында қажының Меккеде салдырған қонақүйі Құнанбайдың Тақиясы атанып кеткен екен. Бізге жеткен деректерде де осылай берілген соң, біз де сол қалпында сақтауды жөн көрдік.
    3 жыл бұрын
    • рахмет
      3 жыл бұрын
    • қонақ үйдің формасы тақия тәріздес болғандықтан жұрт Құнанбайдың тақиясы атап кеткенғой.
      2 жыл бұрын
  • Құнанбайдың шынайы бейнесін ашатын мәліметтер көп болу керек. Көбі "Абай жолындағы" Құнанбайды ғана біледі. Авторға мың алғыс
    3 жыл бұрын
  • Өте жақсы жазылған, білмегенімізді біліп жатырмыз, осындай қазақ тұлғаларының ашылмаған бейнелерін ашып жазғаныңызға рахмет, Алланын нұры жаусын!
    3 жыл бұрын
  • Құнанбай қажының бейнесі бізге тек "Абай жолы" арқылы таныс болды. Әрине, ол романды оқыған адамның Құнанбайға көзқарасы теріс қалыптасады. М.Әуезов сол кездегі саясатқа байланысты Абай тұлғасын ғана халыққа жеткізуге тырысты. Ал Қажы бейнесіне әділ бағаны бүгінгі біздің ұрпақ беруге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда мұндай мақалалар бізге керек ақ. Әсіресе, Құнанбай үшін жалғыз сиырын сойып, садақа еткен кедейдің оқиғасы әсерлі шыққан екен.
    3 жыл бұрын
  • Керемет мақала.. Құнекеңнің жақсы жақтарын елге танытар уақыт келгені мәлім. Осы бастамасы болар Алла қаласа; ....Ислам дінінен хабары аз болғандар Абай жолын оқып Құнекеңді қарғап сілеп жүретіндер аз емес...
    3 жыл бұрын
  • осы Құнекеңнің бір көзіне не болғаны жайлы деректер бама?
    3 жыл бұрын
    • Құнанбайдың көзіндегі дақ шешек шығып, қатты ауырғанда қалған деседі. Жаулары осыдан кейін оның басқа ісінен кемшілік таппаса да, соқырлығын бетіне басып, кемсіте беретін болыпты.
      3 жыл бұрын
  • Марфу, рахмет! Негізі, Құнанбай менің бала санамда "жалғыз көзді жауыз" ретінде қалыптасып қойған болатын. Шыны керек, "Абай жолынан" соң бұл көркемдік шындыққа сенбеуге лажың қалмайтын. Бірақ шебер жазушы Құнанбайды қанша қатал етіп суреттегенімен тағынан түсіріп, деңгейін төмендетпеген. Ел билігін қолында ұстаған, адуынды сұлтан болып қала берді. Оны да Әуезовтің шеберлігі деп білеміз. "Абай жолын" қазір оқып шықсақ, Құнанбайдың мысы басып тұратынын байқаймыз. Расында, Құнанбай мықты болмаса, Абай мен Шәкәрімдей ұлтымыздың ірі тұлғалары туар ма еді?!Мақалаңа риза болдым! Алла разы болсын!
    3 жыл бұрын
  • Рахмееет!)
    3 жыл бұрын
  • «Құнанбайдай әке болмаса, Абайдай ұл қайда?» деген халық арасындағы осы мақалдай болып кеткен сөздің кең таралуы бекерден емес екеніне көзіміз анық жетті. М. Тазабековтын өлеңiнде кездесетин «..... Зере анамыз Құнанбайды дәретсіз емiзбеген»- деген шумағының да қайдан алынғанына бiлiп журетiн болдық. Осындай дерек-дәйектемелермен толықтырылған мақала оқудың өзі бір ғанибет емес пе? Сеннен алда тағы да осындай жақсы постар күтеміз.
    3 жыл бұрын
  • АЛЛА разы болсын!!! Алып Анадан деген!!!
    3 жыл бұрын
  • Ия, мен де көптің пікірін қодаймын. Біз бұл уақытқа дейін Құнанбайдың бейнесін басқаша елестеттік. Ол да кезіндегі жат пікірлілердің саясаты еді. Қазір тек Құнанбай емес, сол саясаттың кесірінен талай ата-бабаларымыздың шын бейнесін білмей жүрміз. Сізге көп рақмет!
    ...Мені бір ойландырып жүрген сауал бар еді. Біраз жылдар бұрын бір үлкен кісімен сөйлескенімде маған Құнанбайдың қажылыққа барғаны жайлы баяндап беріп еді. Сол кезде меккеліктер оны бірден ішке алмай қай атадан мұсылман екенін сұрапты. Құнанбай сол мекенде көп ізденіп, ақыры бір қариядан Әнас ибн Мәліктен (Аллаһ одан разы болсын) тарағанын біліпті. Сіздер бұл жайлы не дейсіздер? Бұл жайлы естіп, білгендеріңіз бар ма? Бәлкім ұрпақ емес, ислам дінінің қазақ еліне діннің таралуының бастауы осы сахабадан болды деп айтқысы келді ме екен? Алдын ал көп рақмет!
    3 жыл бұрын
  • Бұл туралы деректер кездестірмедім, өкінішке қарай.
    3 жыл бұрын