Қыз үшін әкенің орны
Қыз үшін әкенің орны
8 жыл бұрын 31618
Жарылқасын Жарбол

Ұл әкеге жақын, қыз шешемен сырлас болып келеді. Осы себепті қыз балалар әкеге сәл алыстау болып өседі. Ал анығында мамандар қыз баланың өмірінде әкенің орны әлдеқайда маңызды екеніне назар аудартады.

Ұхыд соғысында ардақты пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жараланғаны белгілі. Сол жолы тісі сынып, астыңғы ерні мен маңдайын қан жуып кеткен. Мүшріктерден Абдуллаһ ибн Ками оның жақ сүйегін жарақаттағанда, дулығасының екі ұшы бетіне сұғыла кіріп кеткен еді. Осы кіріп кеткен дулығаның екі ұшын тістеп шығарамын деп сахабалардан Әбу Ұбайда ибн Жарраһтың (р.а.) екі тісі сынып кеткен. Осы сәтте Пайғамбарымыздың бетін жуып кеткен қанды тоқтату үшін киіз тәрізді нәрсені күйдіріп басып бәйек болған тағы бір кісі бар еді: ол қызы Фатима (р.а.) болатын. Хазірет Фатима тек соғыс кезінде емес, өмірдің қай кезінде де әкесінен екі елі ажырамаған, өте опалы, жанашыр қыз еді. Әсіресе, анасы хазірет Хадиша қайтыс болғаннан кейін әкесінің қайғысын бірге бөлісті. Пайғамбарымыз да Фатимаға үлкен мейірім көрсетіп, қамқорлығын үзбеді. Фатима әкесіне тым жақын болғаны сондай, хазірет Айша анамыздың айтуынша, оның барлық жүріс-тұрыс, іс-әрекеті тура әкесінен аумайтын.

Араларындағы сүйіспеншілік пен сыйластық та өзгелерге еш ұқсамайтын. Айталық, хазірет Фатима жанына келгенде, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) орнынан тұрып, қызын сүйіп, өз орнынан отыртатын. Ол да әкесі іздеп үйіне келе қалса, орнынан ұшып түрегеліп, әкесін сүйіп, өз орнына отыртатын. Әсілі Пайғамбарымыз әке мен қыздың сыйластығын бізге үлгі етіп көрсеткен.

Иә, қыздары әкесін тек мерекелерде ғана іздемеуі керек. Олар әрдайым әке сүйіспеншілігі мен кеңпейілін іздеп тұруы керек, әке оларға ең мықты қорған болуы тиіс. Әкеге деген құрмет сүйіспеншіліктен негіз алған дұрыс. 

Ендеше, пайғамбар өнегесін үлгі етіп, әке болсақ, қыздарымызға қалай қарап жүргенімізге, ал қыз болсақ, әкеге қандай қадір-құрмет көрсетіп жүргенімізді бір таразылауымыз керек-ақ.

Отбасылардағы әке мен қыз қарым-қатынасы құрмет пен сүйіспеншіліктен алыс па, әлде салқын ресми қатынастан аспай ма? Бұл сұрақтарға берілетін жауап өте маңызды. Өйткені әкеге жақындығы қыздың өмірінде айтарлықтай ықпалға ие. Дегенмен кей кісілердегі «ұл әкеге жақын, қыз шешеге жақын болуы керек» деген түсінік қыздарды әкелерінен алшақтатуда. Ал анығында мамандар әкенің де тура ана секілді баланың психологиялық әрі сана-сезімінің дамуында маңызды рөл ойнайтынына баса назар аударады. Психологтар «Ана жүрегі, ана сүйіспеншілігі дегенде әкелерді елемей қалып жатамыз. Шынтуайтында, балалардың дамуында әкелер де аналар секілді маңызды» деп, мәселенің маңызына назар аудартуда. Әке қызын өсіргенде оған сүйіспеншілік көрсетіп, өзіне жақын ұстай алса, осы маңызды жайт арқылы бала болашақта өз-өзіне сенімі мол, аяғын нық басатын қыз болып қалыптасады.

Мамандар: «Қыз бала өсе келе жігітпен қарым қатынас құру не араласу үлгісін кішкене кезінде әкесімен араластығынан алады» деуде. Бұл сөз әке мен қыздың дұрыс қарым қатынаста болуы қыз баланың әлеуметтік ортада өзін ұстауы мен оның отбасылық өміріне дейінгі ғұмырына айтарлықтай ықпал ететінін көрсетуде. Зерттеулер де осы тұжырымды қуаттайды. Қыз балалар өздеріне сүйеу боларлық жар ретінде әкелеріне қатты ұқсайтын не мүлдем ұқсамайтын азаматтарды таңдайды екен. Айталық, әке қатал мінезді болса, сондай қатал жігітпен үйленеді не мінезі жайлы біреумен үйленеді. Мамандардың айтуынша, таңдайтын жұбының әйтеуір бір қасиеті әкесіне ұқсайтын болады, ұқсамаған күннің өзінде кей мінездері сай келеді не мамандығы.  Қысқаша айтқанда, қыз бала үшін әкенің орны ерекше. Дәл осындай жағдай ұл балалардың өз анасымен қарым-қатынасына да қатысты.

 

Ажырасулармен әкенің орны ойсырап қалды

Елімізде соңғы жылдары ажырасулардың артқаны шындық. Психологтардың айтуынша, бұл жағдайға басқа жағынан да қарауға болады. Айталық, ажырасулар артқандықтан, балалар кішкене жастан бастап көбіне аналарының қолында өседі. Әкемен бірге өткізетін уақыттар азаяды. Мамандардың айтуынша, ата-ананың біреуімен ғана бірге тұру бірқатар келеңсіздіктерді де тудырады. Ана әкенің орнын толтыра алмайды. Ер кісінің жоқтығы бәрібір білініп тұрады. Әкесіз не әкеге жақындамай өскен балалар өзіне жар таңдағанда, өзіне сырттай жар ретінде көрінгенмен, шындығында әкенің орнын толтыратындай адам таңдайды. Өзінен жас жағынан әлдеқайда үлкен кісілермен бас қосқан әйел кісілердің өткен өмірінде көп жағдайларда әкесіз өскені не әке сүйіспеншілігін көре алмағаны байқалады екен.

1 пікір