Ер адам неге жыламайды?
Ер адам неге жыламайды?
3 ай бұрын 1767
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

Бір проблеманы қабылдауда ер мен әйел бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Ер адам ақылға көп жүгінсе, әйел кісі сезіммен қабылдауға бейім. Сезімге көбірек берілетін болғаны себепті әйелдің көз жасына ерік беруі ер адамға қарағанда оңай. Жаратылысы әйел болған соң, жылағанда, өзін ыңғайсыз сезінбейді. Ал ер адам сезімнен гөрі ақылға көбірек жүгінгендіктен, әрі жаратылысы ер болған соң, бойында жігіттік намысы бар, сол себепті жылауды әлсіздік көреді, әрі жылауға ыңғайсызданып тұрады. «Жыласаң, еркек емессің» деген психология қалыптасқан. Қысқасы, ер кісі адамдардың немесе әйелінің алдында жылауды әлсіздік санайды.

Әйел кісінің іштегі шерін тарқатып жылауы, жылау арқылы өзінің әлсіздігін білдіруі оның әйелге тән сипатының күшеюін қамтамасыз етеді. Ер адамға көз жасына тез ерік беретін әйелдер көбірек ұнайды. Себебі әйел жылаған кезде, ер адам өзін қамқоршы сезінеді. Әйелдің өзінің қамқорлығына мұқтаж екенін сезіну ер адамның «Мендік» сезімін қозғайды. Бірақ бұл – орынсыз жылай беру керек деген сөз емес.

Феминизмнің ықпалындағы әйел жылаған кезде, өзін қатты жазғырады. «Мен қалай ғана көз жасыма ерік беріп, еркек алдында өзімді әлсіз қылып көрсетемін» – дейді. Солай десе де жылаудан бас тарта алмайды. Себебі ол әйел табиғатына, жалпы адам табиғатына тән нәрсе. Осындай ойдан сақ болыңыз. Сіз әйелге тән табиғатыңызды сақтай білумен сұлусыз!

Есте сақтаңыз:

–  Ер адамға адамдардың алдында емес, Алланың алдында жылауға бейімделу қажет және соған өзін үйретуі керек.

–  Сіз әйелсіз! Сол себепті өзіңізге тән Алла берген табиғатыңызды жоғалтпаңыз. «Қыз қылығымен» – дейді дана халқымыз. Сіз қылығыңызбен, нәзіктігіңізбен, әйелге тән табиғатыңызды сақтай білумен сұлусыз.

–  Отбасыда бір проблема туындаған кезде, күйеуіңіздің бетінен алып дауыс көтермеңіз, себебі ер адам ашуға мініп күшке салып жіберуі мүмкін. Осыдан абай болыңыз. Керісінше, еркелей түсіңіз. Халқымыз: «Әйел ашуланса – жеңіледі, еркелесе – жеңеді», – дейді. Еркелесеңіз, күйеуіңіздің ашуы тез басылады. Арасында жылап алыңыз, бірақ еріңізді кінәлап жыламаңыз. «Кешіріңіз, сізді ашуландырып немесе ренжітіп алдым-ау» – деп жылаңыз, сол кезде еріңізде аяушылық сезімін оятасыз. Сізден өзі келіп кешірім сұрайды, тіпті қателігін де мойындауы мүмкін. Еріңіздің осындай әлсіз тұстарын ұтымды пайдалана біліңіз. Ұмытпаңыз, еркелеу мен жылауда шектен шығып кетіп жүрмеңіз. Әрқайсысын өз орнымен қолдануды үйреніңіз.

0 пікір