Доңыз етінің харам болу себебі мен хикметі
Доңыз етінің харам болу себебі мен хикметі
6 жыл бұрын 6721
Құдайберді БАҒАШАР

Ішімдік ішу, зинақорлық жасау және доңыздың етін жеу секілді тыйым салынған нәрселерден бойды аулақ ұстау да ораза, намаз секілді құлшылыққа жатады. Ғибадаттың қай түрінің болмасын мұраты – Алланың әмірін орындау, ал нәтиже – Алланың разылығы.

Яғни, Алланың әмірін орындаған соң нәтижесін ақиретте күту. Біздер парыз-амалдарды тек Алланың әмірі болғаны үшін орындаймыз және тыйым салынған нәрселерден тек Алланың қалауы сол болғаны үшін бойды аулақ ұстаймыз.

Алла тағала шексіз билік иесі болуымен қатар, даналықтың да иесі, оның әрбір бұйрығы мен тыйым салған істерінде мың бір хикмет пен пайда бар. Алла тағала ешқашан әбес, ұшқары қимыл жасамайды. Осыған орай, доңыз етінің харам болуының кейбір хикметтерін, жалпы алғанда медицинаға қатысты бұл тақырыпта көпшілігіміз білетін бірсыпыра энциклопедиялық мәліметтерді келтіруді жөн көрдік.

Доңыздың денесінде бірсыпыра паразит, мәселен, жұмыр құрт – трихина тіршілік етеді. Трихина доңызда әрі личинка әрі ересек құрт күйінде кездеседі. Ол кез-келген уақытта кистаға айналуға қабілетті. Етті тұтынуға дайындау кезінде өлмейтін, яғни жоғары температураға төзімді трихина дәрінің капсуласы секілді қабық түзіп, тіршілікке қабілеттілігін ұзақ сақтай алады. Әдетте доңыз еті арқылы жұғатын трихина адамның иммундық жүйесі, жүрегі мен орталық жүйке жүйесін уландырады. Бұдан келіп трихинеллез, қатерсіз ісік ауруы секілді аурулар туындайды. Дәрігерлердің айтуынша, киста күйінде асқазанға түскен паразит әуелі асқазан сөлімен қорытылып, аш ішекке барып түседі. Аш ішекке түскен бір ғана құрт үш- төрт күннің көлемінде 1500-ге жуық личинка туады. Аш ішектен лимфаға енген личинкалар қан тамырларымен бүкіл денеге тарайды да бұлшық еттерге еніп, орналасады. Күні бүгінге дейін жасалған зерттеулерде трихинаны жоюдың не болмаса зарарсыздандырудың тәсілі табылмағанға ұқсайды. Статистикалық мәліметтер бойынша, доңыз етін тұтынатын адамдар санатында трихина себепші болатын аурулар көрсеткіші тым жоғары екен.

Сондай-ақ, доңыздың етін жеу арқылы адамда жаңа табиғи түйсік пайда болуы мүмкін, яғни адамның мінез-құлқы өзгеріп, жан дүниесінің суалуы ықтимал. Доңыздың басты ерекшеліктерінің бірі – бойында қызғаныш сезімінің болмауы. Мұның адамға тигізер зардабы трихинадан да өткір. Жалпы бұл мәселеге нүкте қойылған жоқ. Асылы, ешқандай мәселеде иләхи кәламнан (сөзден) артық сөз айту мүмкін емес. Сол себепті доңыз етінің харам болу себептері ретінде бүгінгі күні ғылымда әлі зерттеліп үлгермеген мәліметтер алға тартылуда. Күні ертең оның тағы қандай кемшіліктері жарыққа шығарын кім білсін? Қалай болғанда да мәселені «зиянды болғаны үшін харам» деген тұрғыдан біржақты қарастыру қате әрі орынсыз. Доңыз етін жеу – Алла тыйым салғаны үшін харам. Сондықтан күндердің күнінде біреулер «күллі зиянды қасиеттерін құрттық» деп жар салса да аталған үкімде өзгеріс бола қоймайды. Өйткені, сол уақытта белгілі болған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасалады. Ал бұл өткінші, тек сол күннің шындығы болғандықтан доңыз бәрібір тұтастай таза саналмайды.

0 пікір