Ана сүтінің балаға пайдасы бар ма?
Ана сүтінің балаға пайдасы бар ма?
2 жыл бұрын 3489
Құдайберді БАҒАШАР

Уыздың асыл қасиеттері 

Сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – шешесінің сүті. Ғалымдардың соңғы зерттеулері осы бір ана сүтінің маңызын күн сайын арттыра түсуде. Әр жаратылысқа өз рызық-несібесін келісті тағайындаған Аллаһ Тағала сәби мұрнына сүт иісін тез сезетін қасиет  дарытқан. Соның арқасында жас нәресте ерніне тиген нәрсеге дереу ауыз салып, еме бастайды. Тіпті, туылғанына жарты сағат өтпей жатып оның еміп кетуі таңғаларлық. Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Оған ең алдымен уыз берілуі де ғажап. Өйткені, уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бір қызығы, бала өскен сайын ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Бұл – оның ғажайыптығы. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жатуының мәні осы.

 

Ана сүтінің құрамы

Ана сүті – өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек. Оны ешбір сүт қоспасы алмастыра алмайды. Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Мысалы, сиыр сүтіне қарағанда емшек сүтінде балаға ең керекті А, Е, Д витаминдері көп. Ана сүтінің құрамына мыналар кіреді: белок, май, түрлі витаминдер, гормондар, темір, көмірсутектер, климатқа қарамастан үнемі жеткілікті су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец), сүттің негізгі ингредиенттерін ыдырататын липаза, лактаза секілді т.б. арнайы ферменттер, патогенді бактерияларды жоятын, ішектің қалыпты микрофлорын дамытатын әрі өсіретін бифидус заттары, ауру тудыратын микрофлораларды көбейтпейтін әрі керекті темірді сүттен бала қанына тасымалдайтын лактоферрин белогы, ми ұлпалары мен көз жасушаларының түзілуінде аса керекті таурин заттары; өсу үстіндегі ағзаның ұлпалары мен жасушаларындағы май метаболизмін жандандыратын карнитин заттары, бактерияларды өлтіретін қандағы тірі жасушалар (нейтрофил, моноцит, лимфоциттер), көп тараған жұқпалы ауруларға қарсы иммуноглобулиндер және т.б.

 

Ана сүтінің ерекшелігі

Құдайдың құдіретіне қараңыз, ешқашан бірдей екі ана сүтін кездестіру мүмкін емес. Өйткені, олардың құрамы, майлылығы баласының қажеттілігіне қарай әр әйелде өзгеріп отырады. Ана сүті мынадай тиімділігімен ерекшеленеді: ол қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді; бірнеше күн анасы емізбесе де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді; оны еш жерден сатып алмайсыз; ол тек сіздің балаңызға ғана арналған; ішек жұқпалы ауруларының алдын алады; респираторлы-жұқпалы аурулардың алдын алады; аллергиялық аурулардың алдын алады; баланың физикалық өсуін дамытады; баланың сана-сезімін жетілдіреді; баланың жүйке-психикасын дамытады; баланың диабет және семіздік ауруына шалдығу қаупін төмендетеді.

 

Пайдаларының зерттелуі

Бала үшін ана сүтінің пайдасы шаш-етектен. Түрлі зерттеулер негізінде оны шетелдік көптеген ғалымдар мойындап отыр.   

«National Obesity Forum» британ ұйымы өкілі Иен Кэмпбелл мен Цинциннаттағы балалар емханасының жанындағы медициналық орталықтағы американдық зерттеушілердің пікірінше, ана сүтінің құрамында көп кездесетін «адипонектин» протеині артық салмақтың алдын алу мен семіздікті болдырмауда үлкен рөл ойнайды.

Американдық медициналық ассоциациясы журналы жариялаған мақалада үш мың дат азаматына он жыл бойына жүргізілген түрлі  интеллектуалды тестілеу нәтижелерін қорыта келгенде, туылған алғашқы тоғыз айда ана сүтін емгендерде естілік, ақыл-ой зеректігі анағұрлым озық болған. Ғалымдар ми дамуында ана сүті құрамындағы галактозалармен қатар ананың аялауы мен өбектеуі де психологиялық әрі жағымды себептерге жатады деуде. Бұны Норвегияның ғылым және техника университеті мамандары да қуаттауда. 345 балаға арнайы тексеру жүргізген Доктор Торстейн Вик жетекшілік еткен ғалымдар тобы 1 жасқа дейін емшектен ерте шыққан балалардың өз құралпыларға қарағанда сана-сезім тұрғысынан анағұрлым төмен тұратындығын байқаған.

Калифорния университетінің медициналық орталығы Дэвисте Каролин Шантридың (Caroline J. Chantry) жетекшілігімен арнайы зерттеу жұмыстары жүрген. Онда 6 айдан екі жасқа дейінгі 2277 баланың мәліметімен қатар 1988-1994 жылдар аралығында жүргізілген балалы аналардың сауалнамалары тексерілген. Сондай-ақ, емізу уақытына қарай балалар бірнеше топтарға бөлінген. Нәтижеде 6 айдан көп уақыт емізілген балаларда өкпе қабынуы ауруы (pneumania) 4 есе аз кездесетіндігі байқалған. Дәл осы зерттеу сонымен қатар профилактикалық құрал ретінде ана сүтінің баланың тыныс жолдары ауруларына, диабетке, аллергияға, алаңғасарлық пен ұмытшақтыққа, ас қорыту мен несеп жолдарына, түрлі жұқпалы аурулардан қорғауда пайдалы екендігі анықталған.  

Билл Пэкстон жетекшілігімен Амстердам университетінің ғалымдары ана сүті құрамында ЖИТС-ке (жұқтырылған иммунды тапшылық синдромы немесе СПИД) қарсы тұратын, оның балаға жұғуын бөгейтін «Lewis X» деп аталатын қант түрі бар екенін анықтады.

Швед ғалымдары сүйелге қарсы құрамында ана сүтінің витаминдері бар тері кремін ойлап шығарды. Ол «Гамлет» деп аталды. Шведтік Лунда университетінің зерттеушілері бұл құрал болашақта папиллом вирусы тудыратын жатыр мойыншығының қатерлі ісігі секілді басқа да түрліше тері ауруларының еміне жарап қалу мүмкіндігі зор деуде.      

  

Емізу анаға да пайдалы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2004 жылдың 1-7 Тамызында өткізген емшекпен емізудің артықшылығын насихаттайтын халықаралық апталығын «Емшекпен емізу – алтын стандарт» деп атады. Емізу жөнінен Халықаралық кеңесшілер ассоциациясы «Күн сайын балаңыздың иммунитетін арттырыңыз! Балаңызды өзіңіз емізіңіз!» деген кеңес беруде. Өйткені, баланы көкірегімен емізу ана денсаулығына да пайдалы. Ол сүт безінің қатерлі ісікке (рак) шалдықпау қаупін 10, жатырдың қатерлі ісікке шалдықпауын 2 есе төмендетеді. Психологтардың айтуынша, емізу кезінде шешесінің бар жан-тәнімен сәбиді көкірегіне қысуы, аймалауы, өбектеуі, сөйлеуі, еміренуі, мейірленуі, маңдайынан иіскеуі, сылап-сипап, ерекелетуі арқылы бала мен ана арасындағы ұзақ жылдарға жалғасатын өзара сүйіспеншілік, махаббат, қимастық сезімдері қалыптасады, баланың физикалық, әлеуметтік, психологиялық, рухани жан дүниесі толысады. Ал, сүт қоспаларымен қоректендіруде бұндай жылы сезімдердің болмасы анық. Ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш, адамға жұғымды болып өседі. Ал, ана сүтін ембей өскен балаларда жасөспірім шақта қатігездік, қылмысқа бейімдік көп байқалған. Емізу баланы да, ананы да жайлы сезімге бөлейді. Сәбидің тәтті ұйқыға кетуі сүт құрамындағы белок арқылы жүзеге асады. Баланың борпылдатып емуі ананың денесін жұмсартып, еміренуін арттырады, шаршағанын басады. Баламен қатар ананың жүйке жүйесіне де емізудің пайдасы зор.  

Емшекпен емізу алғашқы алты айда егер етеккір мезгілі келмеген болса, әйелдің тағы да бала көтеріп қалуын тежейді. Жүкті кезде пайда болған қосымша салмақтан арылтады.    

 

Емшек сүтінің сақталуы

«Archives of Diseases in Childhood, Fetal and Neonatal Edition Human»-ның Қазан айындағы нөмірінде ана сүтін тоңазытқышта екі тәуліктен көп сақтауға болмайтындығы ескертілген. Сүт көп сақталған жағдайда оның құрамындағы антиоксиданттық белсенділік жойылады. Антиоксиданттар көбіне шала туған балаларға керек. Антиоксиданттың жетіспеушілігі баланы көз ауруларына душар ететін некротикалық энтероколит пен ретинопатияға ұшыратуы мүмкін. Сондай-ақ, ана сүтін пісіруге әрі жоғарғы тоңазытқыш шарттарында қатыруға болмайтындығы айтылуда.   

 

Емшек сүтінің тартылып қалуы

Ғылымда «мастопатия», ал қазақта «дәметкен» деп аталатын емшек ауруы бар. Жүкті әйел бір нәрсені дәметіп, ол болмай қалғанда омырауы іріңдеп, сары су ағатын жайттар кездеседі. Кейде күйзеліс, торығу, қорқу, қиналу жағдайларында уақытша сүттің тартылып қалуы белең алады. Алайда, сүт сол күйі жоғалып кетпейді. Одан қорқудың еш қажеті жоқ. Сәлден кейін-ақ баланың еме бастауымен, анасының еміренуімен сүт қайта шығады. Ерте кездерде балалы әйел нәрестесімен жыртқышқа тап болып қашқанда, сүтінің уақытша тартылып қалуы қайта оның пайдасына жараған. Кейіннен жүрегі басылып, қауіп сейілгенде қайта сүт шығатын болған.  Негізі, әйелдердің 95 пайызында өз сүті болады, 5 пайызында ғана түрлі себептермен өз сүті кездеспеуі мүмкін.  

 

Құрандағы емізу мерзімі

Адамзатқа түсірілген қасиетті Құран Кәрімде «Бақара» (2/233) мен «Лұқман» сүресінде (31/14) баланы емізу мерзімінің екі жыл екендігі айтылған. Оны бүгінгі дүниежүзілік ұйымдар да кезекпе-кезек мойындауда. Мәселен, ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ жанындағы Балалар қоры баланы емшекпен емізу мерзімі екі жыл екенін әрі 6 айға дейін емшек сүтінен басқа ештеңе бермеу керектігін ескертуде. Америкалық Педиатр акамедиясы, ең жоқ дегенде, баланы алғашқы жарты жыл емізу керектігін айтуда.  

2002 жылы ДДҰ мен ЮНИСЕФ ерте жастағы және емшектегі балалар қорегі саласында ауқымды стратегия бекітіп, оны қолдауға барлық елдердің үкіметтерін шақырды. Онда алты айға дейінгі емшекпен емізуді қолдау, қорғау, сондай-ақ, емшекпен емізудің екі жылға дейін жалғасу керектігі, одан кейінгі жылдарда да отбасында, қоғамда, жұмыста әйелдерге қолдау білдіру қажеттілігі айтылған.

Қорыта келгенде, ана сүті – асқан шеберлікпен жаратқан Аллаһ Тағаланың ғажап несібесі. Күллі витамин атаулыны соның құрамына топтастырып, жаңа туған сәбиге анасының махаббатымен қоса ұсынуы – Жаратушының үлкен мейірімі. Зерттеуші С. Юфит «Анасының сүті – баланың қорегі ғана емес, ол оның өмірі» дейді. Ендеше, балаңызды Жаратушы сыйлаған несібесінен қақпаңыз!

0 пікір