Әке-шеше ақысы
Әке-шеше ақысы
4 жыл бұрын 11051

Құл ақысының ең маңыздыларының бірі – әке-шеш ақысы. Аллаға және Оның елшісіне бас иіп бағынудан кейінгі орында әке-шешеге бағыну міндеті келеді. Өйткені, әке-шеше - бар болуымыздың басты себепшілері. Олар материалдық және рухани тұрғыдан ғұмырымызды жандандыратын ізгі жандар екендігі даусыз. Кез келген ана жүрегімен оның құшағы – бала тәрбиесінің жүзеге асатын керемет дәрісхана.

Жанұя ошағы баланың болашағын жасайтын алғашқы тәрбие мекемесі екендігі хақ. Сондықтан әке-шешенің ақысы орасан зор.

Жақсы ата-ана - өскелең ұрпақ үшін үлкен береке және ырыс. Салиқалы ананың орны тіптен бөлек. Ол мейірімділік пен рақымдылықтың бұлағы. Жанұя өмірінің шам-шырағы.

Біздерді әуелі тоғыз ай тоғыз күн қарнында, кейін қолында, кейін өмір бойы жүрегінде көтеріп өтетін аналарымыздан артық қадірлі жан жоқ шығар ғаламда. Иә, үй шаруасымен қоса, бала тәрбиесін де өз мойнына алған аналарымыз мәңгі құрметке лайық.

Кез келген ананың рухындағы мейірімділік пен рақымдылықтың өлшеуі бар ма екен? Өзі ішіп-жемесе де жегізген, өзі киінбесе де кигізген, өзі ұйықтамаса да ұйықтатқан... Үстімізге титтей тозаң түспесін деп шыр-пыры шыққан ананың ақысын өтеу мүмкін бе? Бұл ақиқатты Мәуләнә былай деп баяндайды:

«Ана ақысына ерекше көңіл бөл! Оны басыңның тажы ет! Өйткені аналар босанарда қиналмағанда, бала шығар жол таппас еді».

Хақ Тағала Құран Кәрімде әуелі өз ақысынан кейін, ата-ананың ақысына тоқталып, оларға жақсы мәміле жасауды әмір етеді:

«Аллаға құлшылық етіңдер! Оған еш нәрсені ортақ етпеңдер! Сондай-ақ, әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, ұзақ көршіге, жақын жолдасқа, жолаушыға, қол астындағыларға жақсы мәміле жасаңдар!»[1].

Басқа бір аятта былай делінеді:

«Адам баласына ата-анасына жақсы мәміле жасауын өсиет еттік. (Өйткені) анасы оны нендей қиыншылықтарда көтерді. Баланы сүттен айыру – екі жылдың ішінде  (жүзеге асады). Сондықтан да: «Әуелі маған, кейін әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар жақ - мен жақ»[2].

Құдай Тағала өзінің разылығын ата-ананың разылығына негіздеген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған байланысты былай дейді:

«Алла Тағаланың разылығына – ата-ананы разы етумен қол жетеді. Алла Тағаланың ашуы – ата-ананың ашуландырудан туады»[3].

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір дұғасында былай деген:

«Ата-анасына жақсылық жасаған жан нендей бақытты! Алла Тағала оның өмірін ұзақ етсін!»[4].

Ата-ананың ақысын толық өтеу мүмкін емес

Пайғамбарымыз ғалейһиссәләм өзінің хадис шарифінде былай деген:

«Ешбір бала әкесінің ақысын өтей алмайды. Тек әкесі құл болып, оны азат етсе ғана оның әкелік ақысын өтеген болады»[5].

Сол себепті игілікті әуелі ата-анадан бастау қажет. Кейін өзге жандарға да қолғабыс беру керек. Бұны Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп айтады: 

«Қандай да бір игілікке мал сарп етуге бел байлаған болсаңдар, онда: (әуелі) әке-шешеге, (одан соң) жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, жолаушыларға сарп етіңдер! Шүбәсіз Алла жасаған барша игіліктеріңнен хабардар»[6].

Перзент өз ата-анасына құрмет көрсетуі қажет. Бұл - парыз. Басқа қалада тұрып жатқанның өзінде жиі-жиі келіп жағдайларын біліп тұрғандары жөн. Ақ баталарын алуға тырысу керек. Оларға қызмет етіп, жылы сөз сөйлеп, шаттыққа бөлеуі керек. Оларға дөрекі сөз сөйлеп, олардың көңілдерін түсірмеу керк. Ұлы Раббымыз оларға титтей де көңіл түсірер нәрсе жасаудан тыйым салған:

«Раббың тек өзіне құлшылық етулеріңді, әрі әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті! Егер екеуінің біріне яки екеуіне бірде кәрілік жетсе, ешқашан «уф» деп айтушы болма! Екеуіне де зекіме! Екеуіне де жылы сөз сөйле! Оларға қарапайымдылық пен мейірім қанатын жай. Сондай-ақ ол екеуі үшін: «Уа Раббым! Ол екеуі мені кішкене күнімде тәрбиелегені секілді, сен де оларға мейірімділік таныт!» деп дұға ет»[7].

Ата-ананың дұғасы қабыл болады

Ата-ананың дұғасы міндетті түрде қабыл болады. Олардың ақ баталарын алуға тырысу керек. Теріс батасынан сақтану қажет. Алла елшісі (с.а.у.) хадистерінде былай деген:

«Күмәнсіз қабыл болатын үш дұға бар. Олар: Әкенің баласына жасаған дұғасы, қонақтың дұғасы және жәбірленушінің дұғасы»[8].

Тағы бір хадисте:

«Әкенің баласына жасаған дұғасы – пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы іспетті», - делінген[9].

Ата-анаға қандай болсаң, балаң саған сондай болады

Кісі ата-анасына қалай мәміле жасаса, балаларынан да сондай мәміле көреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ата-аналарыңа жақсылық жасасаңдар, балаларың да сендерге жақсылық жасайды», - деген.

Иә, әке-шешесіне алуан түрлі жамандық жасаған жандардың, сондай мәмілені өз балаларынан көргендігі күнделікті өмірде кездесетін ақиқат...

Адамдар әке-шешесіне және өзге де жандармен қарым-қатынасында Ислам діні негізін қалаған әдептілік пен сыпайылық қағидаларына иек артса, қоғамда тыныштық орнары даусыз.  

Хақ Тағала баршамызды ата-анасына жақсылық жасап, разылығына қол жеткізген, осылайша екі дүниенің бақытына кенелген пенделерінен болуымызды жазсын! Әмин.

"Өркениет шыңындағы жауһарлар" атты кітаптан.


[1] Ниса сүресі, 36 аят.
[2] Лұқман сүресі, 14 аят.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән». Бирр. 3/1899.
[4] Хайсами, 8. 137.
[5] Сахих Мүслім, Ғитқ.; Әбу Дәуіт, Әдеп, 119-120. Тирмизи, Бирр, 8/1906.
[6] Бақара сүресі, 215 аят.
[7] Исра сүресі, 23-24 аяттар.
[8] Әбу Дәуіт: «Сүнән» - Уитр. 29/1536.
[9] Имам Суюти. ІІ, 12/4199.

0 пікір