Ибн Араби және шарап ішкіш жігіт
Ибн Араби және шарап ішкіш жігіт
2 ай бұрын 4199
Абдусамат Қасым

Дерекке сүйенсек, Мұхиддин ибн Араби теңіз жағалауының бойымен келе жатып, бір жігітті көреді. Ол құмыраны басына көтеріп шарап ішіп отыр екен. Онымен қоймай жанынан өтіп бара жатқан адамдарға, әйел кісілерге тиісіп отырыпты. Сонда Ибн Араби: «Адам баласы жаратылған күллі мақлұқаттың ішінде өзін ең төменімін деп санауы қажет. Кішіпейіл болуы керек. Бірақ мен мына жігіттен артық шығармын. Шарап ішпеймін. Әбес қылықтар жасамаймын. Ұятты істерден аулақ жүремін» деп ойлайды.

Дәл сол сәтте теңізден: «Батып барамыз. Құтқарыңдар! – деген жанұшыра айқайлаған дауыс естілді. Мұны құлағы шалып қалған әлгі жас жігіт қас-қағымда суға сүңгіп кетті. Санаулы уақыттарда батып бара жатқан төрт кісіні құтқарып, жағалауға шығарды. Осының бәріне таңдана қарап тұрған Мұхиддин ибн Араби біраз алдын ойлаған ойын теріске шығарып, ішінен: «Қарашы. Жаңа ғана қор көріп, төмен санап тұрған кісі төрт адамды өлімнен құтқарып қалды. Ал сен не істедің? Төртеу түгілі бір адамды да құтқаруға шамаң жетпеді», - депті өз-өзіне.

Сонымен ол жас жігіттің мейірімділігі мен батылдығына разы болып, онымен танысып, араларында достық пайда болады. Жігіт Ибн Арабимен жүріп бүкіл жаман қылықтарынан арылып, жаңа өмір бастады. Ол Ибн Арабидің жақсы шәкірттерінің біріне айналды. Әзіреті Мұхиддин ибн Араби: «Осы сүйіспеншіліктің арқасында мен қалай әрекет етсем де, ол міндетті түрде маған еліктейтін. Осылайша қимас достар болып шықтық», деді.

islam.kz

0 пікір