Әйел затына қолөнермен айналысу неліктен пайдалы?
Әйел затына қолөнермен айналысу неліктен пайдалы?
7 жыл бұрын 5393
Гүлжан ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ

Әйел мазасызданса, әлемнің тыныштығы бұзылады. Ділдә құрбым айтпақшы, әйел күліп жүрсе, үйдегілердің бәріне рахат! Ендеше, сол мазасыздығымыздың ең үлкен бір себебі - асығу екен (балалы болуға асығу, үй алуға асығу, баланы оқытуға асығу т.б.). Бәріне асығамыз да жүреміз. Тіпті алдағы бес-он жылдықта шешілуі мүмкін нәрсенің өзін күніне мың ойлап, асығуымыз мүмкін. Қазір жүкті әйелдердің өзінен "тезірек босансам" екен деп асығып күтіп жүретінін жиі көремін. Тоғыз ай тоғыз күнсіз босана алмайтынымызды білсек те туатын күнімізді қайта қайта есептейміз. Тіпті перзентханада босанғаны кеше-бүгін болса да алты айдан соң немен айналысатынын жоспарлап жататындар бар. Бізге бұл асығыстық қайдан келді? Соның себептеріне үңілсек әуелі.

Біріншіден, біз техникалық жаңару кезеңіндеміз. Бір апта киген киімдеріміз бір сағатта жуулы, күніне неше мезгіл ас пісірсек те газ бен тоқ плита әмірімізге бағынып тұр, «айшылық жерлерден жылдам хабар алғызған» телефонымыз қолымызда, бір күнде бірнеше жерге табан тірей алатынымыз тағы бар. Ең тамаша заманның куәгеріміз сіз бен біз. Қалаған нәрсемізге тез қол жеткізу, ойлағанымыздың аз уақытта орындалуы бізді асығыстыққа үйреткен.

Тағы бір қызығы, жаялық жуып шаршамасақ та үй тіршілігіне үлгеруіміз қиын. «Мен бәріне үлгеремін» деп айта алатын әйелдің өзі өмірі бітпейтін күйбең тіршіліктен қалжырайды. Қазіргі күні «әр әйелдің сүйікті ісі болуы керек», «өз-өзіңмен болу» деген идеяларды әлемдік психолог ғалымдар жиі айтады. Өз-өзімізбен бір сәт қала алмаған, сүйікті ісімізбен айналысуға уақыт таппаған кезімізде сол асығу мен мазасыздық жиі болатынына өз басым талай көзім жетті. Барлық әйелдің жаны қай кезде де тыныштықты, жайлылықты қалайды. «Қазіргі әйел үй де сала алады, көліктың кез келгенін жүргізе де алады» деп қанша мақтанғанымызбен бір нәрсені ішіміз сезіп тұр: «Әйелдің қолынан бәрі келеді» деп қанша қайраса да қара жұмысқа жегілуге, табанынан таусылып, күні бойы көшеде жүре беруге жанымыз төзбейді. Біздің ең алдымен өз ішімізде мойындауымыз керек шындығымыз осы-ау.

Сондықтан болар, қайнаған тіршіліктің ортасында жүріп әжелеріміз өз заманында қолөнерге уақыт тауып, жан дүниесінің қалауын жасап келді. Кезінде апаларымыз тезек теріп не отын бұтап соған тамақ пісіріп, бейнеті басынан арылмаса да ең сүйікті істеріне қалай уақыт тапқан деп еріксіз таңғаламын! Олар саусақ ұштарындағы нүктелердің жүйке жүйесімен тығыз байланысты екенін білгендіктен немесе қолдың ұсақ моторикасын (мелкий моторика) жетілдіру үшін кесте тікті деп айта алмаймыз. НЕМЕСЕ сабырсызданып жүрмін, өзімді сабырға шақырайын деп тоқыды десек күлкілі болар еді, иә? ҚОЛӨНЕРМЕН АЙНАЛЫСУ кезінде әйелдің зейіні бір нәрсеге шоғырланып, ойы жинақталады. Шеті, шегі жоқ ойлардан бір сәт дамылдайды. (Мысалы, азық түліктің қымбаттауына алаңдауға уақыт таппайды немесе өкпе ренішін ұзақ сақтап жүруге күші жетпей қалады екен. Қолөнердің пайдасы туралы интернеттен мың мысал тауып көрсетуге болады.

 

0 пікір