Сыбайлас жемқорлық – екіжүзділіктің белгісі
Сыбайлас жемқорлық – екіжүзділіктің белгісі
7 жыл бұрын 7463
Руслан БЕГЕН

“Жемқорлық - індет, аластау міндет”.

ақын, Мұзафар Әлімбаев

Сыбайлас жемқорлық латынша «corrumpere» – “бұзықтыққа жетелеу” деген мағынаға саяды. Түсінігі, лауазымды тұлғаның өзінің құзыретін және оған сеніп тапсырылған құқықтарын заңнама мен моральді белгілерге қарама-қайшы келетін өзінің пайдасы үшін пайдалануды білдіретін термин.

Жемқорлықпен айналысатын адам өзіне міндеттелген қызметті дұрыс орындамай, оны жеке басының арам табысы үшін пайдаланады. Қоғамның дамуын тежеп, оны арам дүние табуға жұмсауына байланысты біз оларды «екіжүзділер» деп атадық.

Қандай кісілерді екіжүзді деп айтуға болады?  Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің “Тәубә” сүресінің 67-аятында былай делінген: “Мұнафық (екіжүзді) ерлер мен әйелдер, бір-бірінен (бәрі бір). Олар жамандыққа бұйырып, игіліктен тосады. Сондай-ақ олар сараңдық танытады. Олар Алланы ұмытты. Сондықтан Алла, оларды ұмытты. Расында мұнафықтар, олар – бұзықтар”. Ал, “Ниса” сүресінің 142-аятында “Екіжүзділердің сыртқы іс-әрекеттері ішкі дүниесіне қайшы келеді. Олар ішінде арамдық ойлап тұрып, сыртын жақсы көрсетуге тырысады”, – делінген.

 Орта ғасырларда “сыбайлас жемқорлық” түсінігі ең алдымен қызығу, шайтанның азғыруы дегенді білдірген. Жаңа уақыттың басталуы, Еуропада орталықтандырылған мемлекеттердің пайда болуы сыбайлас жемқорлықтың жаңа түсінігінің дамуына септігін тигізді. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық күрделі мәселе, қоғамның “ауру” белгісі ретінде қабылдана бастады.

Қазақстанның заң ғылымында сыбайлас жемқорлықтың даму тарихынан қазақ даласы территориясындағы рулық қауымдастықта қабылданған әдеттегі құқық нормалары көбінесе көшпенді мәдениет қағидаларымен белгіленген дәстүрлермен алдын-ала анықталғаны белгілі. Өз кезегінде Моңғол хандығының қоғамдық-мемлекеттік құрылымының ережесі көшпенді өркениеттің процесіне ерекше ықпал жасады.

Қазақстандағы құқық жүйесі негізінің бірінші кезеңін ортағасырлардың орта және кеш кезеңдеріне жатқызу қажет және датасын шартты түрде ХІV ғ.-XIX ғ. бірінші жартысы деп көрсеткен дұрыс. Сол кезде оның негізгі белгісі құқықтың дәстүрлі мұсылмандық жүйесінің және моңғол көшпенді мәдениетінің жай, құқықтық институтының құқықтық ережелерінің соңғыларының ықпалымен сәйкес келеді[1].

 2008 жылдың 4-мамырында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ-ның Конвенциясына қол қойды. Бұл халықаралық шартқа кіру кезінде, қылмыстық қудалаудан шет елдерде қашып жүрген тұлғаларды беруде және заңсыз иеленген мүліктерді қайтаруда мүмкіндіктерді кеңейтті. ҚР Президентімен 2009 жылдың 22 сәуірінде қабылданған  “Қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту бойынша және ҚР-да құқық қорғау қызметінің әрі қарай дамуына қосымша шаралар туралы” Жарлық сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресті дәлелдеді және ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы күшейтті.

Сонымен, екіжүзділер заңға сәйкес игілікті іс-әрекеттер жасаудың орнына, өздері арам дүниелерін көбейтуге, баю үшін заңға қайшы әрекеттерге барады.

БҰҰ-ның 2003 жылғы жемқорлыққа қарсы Конвенциясында келесі негізгі жағдайлар жазылған:  “Заңсыз жеке байлық жинау демократиялық институттарға, ұлттық экономикаға және заңдылыққа орны толмас зиянға ұшырататынына көзіміз жете отырып, жемқорлықтың алдын-алу және оны тамырымен жою – бұл барлық мемлекеттердің міндеті екенін ескере отырып, оларды осы сұрақты шешуде жұмсаған өздерінің еңбектерін біріктіруге, қоғамдық бөліктен басқа жеке тұлғаларды, мемлекеттік емес ұйымдарды да қатыстыра отырып шешуге шақырамыз.

Қоғамдық істер мен қоғамдық мүлікті басқару принципін, заң алдында барлығының тең, жауапты екенін,  әділеттіліктің болу керегін, тазалық пен сатылмайтындықты қамтамасыз ету қажет екенін ескере отырып, жемқорлықта қабылдамайтын мәдениет қалыптасуына көмектесуге үгіттейміз.

БҰҰ есірткіге қарсы күрес Басқармасы және қылмыстық заңгерлік пен қылмысты болдырмау жөніндегі Комитетінің жемқорлық және онымен күресу жөніндегі жұмысын жоғары бағалайды”[2]. 

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жүйесін қалыптастырудың бірінші кезеңін елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылдың 21 қазанындағы “Қазақстан Республикасының жоғарғы тәрбиелік кеңесі туралы” Жарғысын шығарған уақыттан бастап есептеген дұрыс.

Біздің мемлекетіміз ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтың түрін, сондай-ақ жауапкершіліктің басталу жағдайын белгілейтін “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” Заңды шығарып, қабылдады. Сол 1998 жылы құрылған мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ҚР Агенттігінің бірінші қадамы “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңының жаңа редакциясын шығару болды[3].

Жоғарыда көрсетілген БҰҰ және Қазақстан Республикасы Заң түрінде қабылдаған негізгі ұғымдарға сүйене отырып, жемқорлықпен айналысатын кісіде оның өзінің мемлекеттік қызметіне байланысты міндеттерді орындауы мен оны жүзеге асыру арасында ол нақты адамның жеке заңсыз баюына әкеліп соғатын қайшылық бар екенін көреміз. Осыған байланысты біз жемқорларды екіжүзді деп атадық.

Сыбайлас жемқорлық – қылмыстық заңмен көрсетілген, субъектісі лауазымды тұлға болып саналатын, өзінің лауазымдық өкілеттігін пайдакүнемдік мақсатта, жеке бас пайдасына жасалатын қоғамның дамуына өте қауіпті әрекет.

Мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қылмыстар осы сыбайлас жемқорлықпен жасалатын қылмыстың ең қауіпті түрі[4].

Екіжүзділік туралы Құран аяттарында келтірілген ақпараттарға көңіл аударсақ: “(Ей, Мұхаммед!) Екіжүзділерге қияметте қатты жаза бар екенін өздеріне хабарла” (138-аят). “Шүбәсіз, Алла екіжүзділер мен кәпірлерді біртұтас тозаққа жинаушы” (140-аят).  Ал, “Тәубә” сүресінің 68-аятында: “Алла, мұнафық ерлер мен әйелдерге және кәпірлерге ішінде мүлде қалатын тозақ отын уәде етті. Сол, оларға жетеді. Сондай-ақ Алла, оларға лағынет етті. Әрі оларға тұрақты қинау бар” делінсе, 69-аятта: “(Мұнафықтар!) Өздеріңнен бұрынғы екіжүзділер сияқтысыңдар. Олар, сендерден де күшті бай, мал-мүлкі мен балалар көп болатын. Олар, дүниеде несібелерінен пайдаланған еді. Сендер де тіршілік рахатын көру үшін солар сияқты зұлымдық жасайсыңдар. Олардың әрекеттері аяқсыз. Олар бұл дүниедегі өміріне де пайдасы жоқ іс-әрекет етеді. Олар зиян көрушілерден. Сендер де солар сияқты бұл өмірде, басқа өмірде де зиян көрушілерден боласыңдар” делінген. “Алла, оларға зұлымдық қылмады. Олар өздеріне зұлымдық қылды” (70-аят). “Әй, пайғамбар! Кәпірлер және екіжүзділермен күрес. Оларға қатаң бол. Олардың орны тозақ, қайтып барар орны қандай жаман (73-аят). Ал, 77-аятта: “Енді Аллаға берген уәделеріне қарсы келіп, өтірік айтқандары үшін Алла өзіне жолығатын күнге дейін олардың жүректеріне екі беткейлік салып, қояды”. Ал, “Фатих” сүресінің 6-аятында: “Аллаға байланысты жаман ой ойлаған оларды (екіжүзділер) кешірімі жоқ азапқа ұшырайды. Жамандық өздеріне болсын. Алла оларға ашуланды және оларды лағынеттеді де, тозақты дайындады. Нендей жаман барар жер”[5].

Сонымен барлық заңдылықтарға байланысты жемқор кісілер негізінен өздеріне орасан зарар келтіреді. Олардың заңсыз іс-әрекеттерінен оларға тәуелді кісілер зиян шегеді және олар қызмет еткен мемлекетке орны толмас рухани және заттай шығын келеді. Заттай шығынды заң арқасында белгілі бір мөлшерге дейін қайтарып алуға болады. Ал, олардың зұлымдығынан қоғамға тиген рухани зиянкестігінің орнын толтыру кейде мүмкін болмай қалады. Ең сорақысы жемқор кісілердің заңға қайшы іс-әрекеттері нәтижесінде адамдардың мемлекеттік басқаруға деген сенімі жойылып, көптеген келеңсіз жағдайлардың тууына себеп болады.

Кейбір елдердегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің талдамасы заң алдында барлық азаматтар теңдей деген принциптер мен қылмыстық жауапкершілікке тартудың нақты практикасы арасында алшақтық бар екендігін көрсетті, қылмыстық-құқықтық бақылаудың билікті –байлықты қылмыскерлерден олар басқарып отырған қарапайым халыққа қарай ауысқанын көріп отырмыз. Мұндай ауытқудың мөлшері елдегі ұлттық екіжүзділіктің деңгейін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлық, оның көлемі, ерекшелігі мен динамикасы елдегі жалпы саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің салдары. Ел жаңару кезеңін бастан кешіріп отырған кезде экономикалық негіздерінің өзгергендігінің салдары[6]

Мемлекет рухани және қаржы тапшылығын көріп отырғанда сыбайлас жемқорлықтың күшеюі мемлекеттік билік институттарын одан әрі әлсіретеді, азаматтардың оларға сенімін азайтады. Халықта әлеуметтік енжарлық қалыптасады, қоғамда агрессивтік қылықтар пайда болады. Қазіргі дағдарыс халық пен билік арасындағы қатынас дағдарысы[7].  

Нарықтық экономиканың тиімділігі төмендеуде, демократиялық институттар күйреуде, нәтижесінде ел мен қоғамға көптеген зиян келуде. Халықтың басым көпшілігі кедейліктің тауқыметін тартып отыр, қоғамда наразылық күшеюде. Елдің тұтастығына, конституциялық негізіне қауіп төнуде. Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған үлкен мәселеге айналды[8].

Соңғы кездердегі бақылауларға сүйене отырып, біз Қазақстанда белгілі бір заңдылықтың қалыптасқанына көзіміз жетті. Бұқаралық ақпарат құралдарына, жұртшылық арасында бір нақты шенеуніктің сыбайлас жемқорлығы жайында әңгіме тарап, оны құқық қорғау органдары тексере бастаса болды, қоғам пікірін өзіне аударарлықтай басқа бір оқиға шыға келеді. (Мәселен,  “Хизб-ут-тахрир” қозғалысы)

Қазақстан өкіметі жұртшылық қолдауын жоғалтып алғандығына алаңдап отыр. Өз өмірін тікелей сайлау арқылы ұзарту керек екендігі өзінің заңды отырғандығын дәлелдеуідің амалы. Ал, бұл мәселені шешудің тиімді бір жолы сыбайлас жемқорлықпен күрес. Оған сөз жүзінде элита қарсы емес. Бірақ ол бағытта жасалған қадам мардымсыз, тек көзбояшылық қана. Саясаткерлердің мұндай айла-тәсілдерінің ұзаққа бармайтындығы ешкімде күмән тудыруға тиіс емес, оны биліктегілердің де түсінетін кезі жетті. 

 Мемлекеттік органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде шаралар қолданбағаны үшін оларға сот әкімшілік тәртіппен айыппұл салуға құқылы. Қоғамымыздың індеті, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек жеке адамдардың немесе жекелеген топтардың ғана емес, мемлекеттік органдардың, үкіметтің, жалпы қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны адал орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан дүниесін ұдайы таза ұстауы қажет. Тек сонда ғана оларға қарапайым халықтың сенімі артып, қоғам түзелер еді[9].

Мықты құқықтық мемлекет болу үшін заң талаптары және әрбір тұлға “Бәрін көруші, білуші” сипаты бар рақымы шексіз Жаратқан иеміз Алладан қорқып, бұйрықтарын мүлтіксіз орындау тиіс. Сонда ғана дамыған, демократиялық құқықтық мемлекет боларымыз айдан анық!

 

Пайдаланылған әдебиеттер:


[1] Н. Раззақ, Жемқорлықтың тамыры тереңде. “Заң” журналы, №10, 2010 ж. 27 б.

[2] Конвенция ООН против коррупции, 2003 г.

[3] Н. Раззақ, Жемқорлықтың тамыры тереңде. “Заң” журналы, №10, 2010 ж. 29 б.

[4] Бекмурзаева Л.Ж., Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудің құқықтық мәселелері. “Қазақстанның ғылыми әлемі” ғылыми журналы, №1,2 (47-48) 2013 ж. 352 б.

[5] Құран Кәрім. Қазақша мағынасы және түсінігі. Ауд.: Халифа Алтай, 1412 һижри. 1991 ж.

[6] БҰҰ-ның “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы”, Нью-Йорк , 2003 ж. 31 қазандағы Конвенциясы. 3 б.

[7]Тыныбеков Т.Қ., Дайрабаева  Г.М. Мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес проблемалары. “Қазақстанның ғылыми әлемі” ғылыми журналы, №3,6 (49-52) 2013 ж. 337 б.

[8] ҚР “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” 1998 ж. 2 шілдедегі №267-1 / Казахстанская правда, 1998 ж. 9 шілде, №132.

[9] Сергеевский В.А., Организованная преступность и коррупция, их предупреждение. / Предупреждение преступности. Алматы, “Баспа” 19987 c. 64.

0 пікір