Тафаккур дегеніміз не?
Тафаккур дегеніміз не?
2 жыл бұрын 1769
Құдайберді БАҒАШАР

Адам өзге тіршілік иелерінен естілігімен, ойлана білуімен ерекшеленеді. Анығында адамның дүниеге келуімен өзін тануы, табиғатты тануы, Жаратушы иесін біліп, әлем жаратылысының сырларын ұғынуы басталады. Соның ішінде терең ойға бару (тафаккур) нәтижесінде адамның дүниетанымы молаяды, санасы өседі, иманы артады. Сондықтан да  әр нәрсені иман тұрғысынан зерделеп, тұңғиық ойға берілу Ислам дінінде жоғары бағаланған.

Құранда тау-тас, аспан, жер, өсімдік, бұлт, жел, жаңбыр, жұлдыз, ауа, жан-жануарлар секілді көптеген тақырыптар қозғалған. Бұндай аяттардың мазмұны адамды ойлануға, айналаға көз жүгіртуге, зерделеуге, пайым жасауға шақырады. Сондықтан ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаху аләйхи уә сәлләм) үнемі терең ойда жүретін. Өзіне ең көп әсер еткен аяттың бірі де осы терең ойға қатысты болғаны мәлім.

Бірде екі сахаба Айша анамыздың қалын сұрай келіп, «Расулалланың өзіңізге тосын көрінген бір жағдайын айтыңызшы?» деп өтінгенде, мына оқиғаны әңгімелеген: «Бірде түнде тұрып, намазға қол байлады. Неге екенін, намазда көңілі босап көп жылады. Көзінен аққан жас сақалын жуып, жайнамазына тамып жатты. Таңғы азанды оқуға келген хазірет Біләл (р.а.): «Уа, Расулалла! Өткен-кеткен күнәларыңыз кешіріле тұра неліктен жыладыңыз?» деп сұрады. Сонда  «Жаратушы ием осы түні бір аят түсірді. Сол аятқа жыладым» деді де, әлгі аятты оқыды: «Көктер мен жердің жаратылысында, түн мен күндіздің алмасуында естілер үшін ғибрат боларлық дәлелдер бар» (Али имран, 3/190). Артынша былай деді: «Осы аятты оқып, ойланбаған пенделердің жай-күйі қандай аянышты».

Келесі бір аятта есті мұсылмандардың жағдайы былай суреттелген:
«Олар түрегеп тұрып, отырған қалпы және бүйірлеп жатып та Алланы еске алады. Көктер мен жердің жаратылысы жайында терең ойланады. Раббымыз (дейді), бұларды бекерге жаратқан жоқсың, сен ұлысың, бізді тозақ отыңнан сақта!» (Али Имран, 3/191).
Бұл тұста тағы бір ескеретін жайт, Жаратушы иенің болмысы туралы ойланбау керектігі. Өйткені көп жағдайда пенделер Жаратушы иені өздері көрген бейнелермен салыстыру арқылы қателікке ұрынып жатады. Ал Құранда «Оған еш нәрсе ұқсамайды» делінген. Сондықтан Алла тағаланы Құранда өзін танытқан кейіпте тану ғана жеткілікті.  

Ибн Аббас (р.а.) та кей адамдардың Алланың болмысы жайында ойланғысы келетінін тілге тиек етіп, хадистегі ескертуді еске салған: «Жаратылысқа қарап, ойланыңдар. Бірақ Алланың болмысы туралы ойланбаңдар. Өйткені оның ұшығына жетпейсіңдер».

Құранда адамды ойлануға шақыратын аяттар көп. Солардың кейбірі мыналар:

«Алла жерді төседі, бетінде орнықты таулар мен өзендер жаратты. Барлық жемістерді жұбымен жаратты. Күндізді түнмен орады. Мұнда терең ойланатындар үшін айғақтар бар» (Рағыд, 13/3).
«Алла сендерге көктен жаңбыр жаудырып, одан сусын және мал жаятын орман шығарды.  Су арқылы сендерге егін, зәйтүн, құрма, жүзімдер мен түрлі өсімдіктер өсіреді. Мұнда ойланатын қауым үшін (жаратушының бар екеніне, құдіретіне әрі хикметіне) айғақтар бар» (Нахыл, 16/10,11).
«Егер біз Құранды тауға түсірсек, Алладан қорқып бас иген күйі оның быт-шыты шыққанын көрер едің. Бұл мысалдарды ойлансын деп келтіреміз» (Хашыр, 59/21).

Терең ой адамның ақыл-парасатын толықтырып, ілімін молайтады. Ондай адам жамандыққа беттемей, өзін жақсылыққа тәрбиелейді. Ілім артқан сайын жүрек жақсылыққа көбірек бейімдейді. Жүрек дұрысталған сайын адамның рухани жағдайы мен іс-әрекеті өзгереді. Яғни адамның ілімінің артуы мен қылықтарының түзелуі ойлана білуімен басталады.

Тарихта адамзатқа дұрыс жол көрсетіп, бағыт сілтеген тұлғалардың ақыл-парасаты мол, үлкен ой иелері болғанын көреміз. Терең ой арқылы даналыққа жеткен олар өмірде жеңілтектікті емес, салмақтылықты, сергектікті, байыптылық пен байсалдылықты, терең ойды өзіне серік еткен. Мәселен, Лұқпан хакім оңаша барып терең ойға берілетін. Көргендер «Неге жалғыз отырсыз? Жұртпен әңгімелеспейсіз бе?» дейтін. Сонда Лұқпан оларға: «Ұзақ уақыт жалғыз болу терең ойлану үшін тиімді. Ұзақ уақыт терең ойға берілу адамды жұмақтың жолына бастайды» деп жауап беретін.

«Бір сағаттың терең ой (тафаккур) бір жылдық нәпіл құлшылыққа тең» деген хадиске сүйенгені болар, Омар ибн Абдулазиз Алла тағаланың бұйыртқан жақсылықтарын ойлауды ең ізгі құлшылыққа жатқызған.  

Имам Шафиғи да: «Кез келген бір мәселеде үкім шығарғанда, терең ойға жүгініңдер», - деп, тафаккурдың усул ғылымындағы маңызын білдірген (Ғазали, Ихия, Бейрут, IV).

Абай атамыз да жастайынан өзіне ойлылықты серік еткен. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» деп, терең ойды бес асыл істің біріне балаған. Ойшыл: «Өзің үлкен, қылығың бала-шаға, Балаша мәз боп жүрсің тамашаға» деп ересек кісілердің жеңілтек мінезін, ойсыздығын сынға алған. Тағы бір өлеңінде тіршіліктің мәнін, жаратылыстың сырын терең ой арқылы ғана пайымдауға болатынын былай білдірген:  

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән

Тереңге ден қоймаса?!

1 пікір