Сүннет және оның анықтамалары
Сүннет және оның анықтамалары
9 жыл бұрын 9370
Шәмшат Әділбаева

Он төрт ғасырлық Ислам мәдениетінде сүннет сөзінің төрт анықтамасының кең жайылғанын көруге болады. Бұл төрт анықтама хадис, фиқ (Ислам құқығы), фиқ методикасы, кәләм сияқты салалардағы мұсылман ғалымдардың берген анықтамасы:

1. Хадис ғалымдары: «Сүннет – шариғат үкімдерін қамтамасыз етсе де, етпесе де Пайғамбарымыздың айтқан барлық сөздері, іс-әрекеттері, мақұлдағандары, яғни оның өміріне қатысты мәлімдемелер»;

2. Фиқ ғалымдары: «Сүннет – парыздар мен уәжіптердің тысында Пайғамбарымыздан келген нәрселердің бәрі»;

3. Фиқ методикасының ғалымдары: «Сүннет – Құранның тысында Алла елшісінің шариғат үкімдерін қамтыған сөздері, іс-әрекеттері мен мақұлдағандары»;

4. Кәләм ғалымдары: «Сүннет – бидғаттың антонимі», – дейді.

Сөздікте «жол», «бағыт», «әдет»  және «мінез-құлық» мағыналарын беретін сүннет кейін әр түрлі ғылым салаларының мамандары ұсынған терминдік мағыналармен байи түсті. Фиқ ғалымдары оған нәпіл ғибадат мағынасын таңса, методика саласындағылар шариғаттың бір дәлелі ретінде қарап, Мұхаммед пайғамбардың (саллаллау аләйи уә сәлләм) сөзі, іс-әрекеті және мақұлдағандарымен шектеген. Хадисшілер болса Ардақты елшінің өмір жолына қатысты мағлұматтардың бәрін қамтып, хижраның 463 жылынан кейін өмір сүрген хадисшілер (мутааххирун мухаддистер) сүннет пен хадисті синоним ретінде қабылдаған.

Сүннет сөзі термин ретінде сахабалар дәуірінде-ақ қолданыла бастаған. Бұл жерде сахаба Сәл ибн Сад әс-Саидидің: «Пайғамбарымыздың жанында жасалған іс-әрекеттер де сүннет деп қабылданатын», − деген сөзін дәлел ретінде келтіруге болады. Яғни, Пайғамбарымыздың ой-елегінен өтіп, оның мақұлдағандарын, құптағандарын да сүннет деп санау сахаба дәуірінде-ақ басталған-ды. Исламнан бұрынғы жәилдік дәуірде көбінесе «аталар сүннеті» мағынасындағы сүннет сөзін сахабалар енді тек қана хазірет Пайғамбардың сүннеті үшін қолданған.

Сүннет сөзінің термин ретінде қалыптасу кезеңдері жайында хадис ғылымдарының докторы Б. Ерул: «Сүннет ұғымының термин болып қалыптасуы мен халық арасында кең таралуы хазірет Айша, Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Омар сияқты жас сахабалар кезеңінде солардың қолдауымен дами түскен. Яғни, сүннет сөзінің термин болып қалыптасуының іргетасы үлкен сахабалар кезеңінде қаланса, кіші сахабалар осы құрылысты толығымен аяқтаған. Жәилдік дәуірде «аталар сүннеті», «қауым сүннеті» деп қолданылған сүннет сөзі – Құранда «сүннетулла» (Алланың сүннеті), «сүнннетул-әууәлин» (алдыңғылардың сүннеті), ал Расулалланың хадистерінде «сүнен» (сүннеттер), «сүннет», «сүннетіміз» деп қолданылса, үлкен сахабалар кезеңінде (м. 632-661) «сүннету Расулилла» (Расулалла сүннеті), «сүннетун-Нәби» (Пайғамбар сүннеті), кіші сахабалар кезеңінде (м. 661-691) «әс-суннә» (сүннет), «сүннетун-Нәби» деп қолданылып, осы кезде «сүннет» деген кезде тек қана Пайғамбарымыздың сүннеті меңзелетін еді», − деген.

Хадистерде  сүннеттің орны мен маңызы айтылып, оған үлкен мән берілген. Мысалы, бір хадисінде Алла елшісі:

«Маған бағынған Аллаға да бағынған болады, маған қарсы шыққан Аллаға қарсы шыққан болады», − деп айтқан.

Ал жалпы үмбет Пайғамбарымыздан келген сөздерді – хадис, оның Алланың әмірлеріне сай орындаған әрбір ісін, өмірін, тұрмыс-тіршілігі мен жүрген жолын сүннет деп қабылдап, сол сүннет бойынша жүруді мойнындағы борышы деп санаған.

Алла Тағала адамзат үшін Құран Кәріммен жаңа жүйе құрып, осы жаңа өмір салтында адамдарға үлгі, әрі жол көрсетуші етіп Мұхаммед пайғамбарды (саллаллау аләйи уә сәлләм) жіберген. Яғни, сүннет – Алла Тағала тарапынан түсірілген кітаптың Оның пайғамбары арқылы іс жүзіне асқан жарқын көрінісі. Демек, хазірет Пайғамбар – Құранның тіршіліктегі тәпсірі.  Оның сүннеті – әрбір мұсылман және әрбір қоғам үшін өмірдің бәр саласын қамтыған егжей-тегжейлі жоба іспеттес. Сондықтан, пайғамбар жолы – Алланың жолы. Ардақты пайғамбарымыздың жолымен жүру – Илаи әмірлердің сәулесіне шомылу деген сөз. Ал сүннетті қабылдамай, оған қарсы келу Аллаға қарсы келумен тең. Бір күні Алла елшісі:

«Қарсы шыққан адамдарды есептемегенде үмбетімнің бәрі жәннатқа кіреді», − деген. Сонда сахабалар: «Қарсы шығушы кім?» – деп сұрағанда, «Маған бағынған жәннатқа кіреді, маған бағынбаған адам да қарсы шығушы болады», – деп жауап берген екен.

Тағы бір хадисте сүннеттің маңызы:

«Үмбетім бұзыла бастаған кезде (яғни, діннің негіздері аяқ асты болып, үмбеттің ауызбірлігі кетіп, ислами мәселелерде әлсіздік көрсетіп, бидғаттар жер жүзін қаптаған кезде) кімде-кім менің сүннетіме жүгінсе, шәид сауабын алады», − деп көрсетілген.

Сахабалар Алла елшісінің сүннетіне жан-тәнімен берілген болатын. Мысалы, хазірет Әбу Бәкір (р.а.) халифа болып тағайындалған кезде: «Уа, жамағат! Мен ең қайырлыңыз болмасам да, басшыңыз болып тағайындалдым... Алла пен расулына бағынышты болған кезімде сіз де маған бағыныңыз. Егер Аллаға және Расулына қарсы келсем, маған бағынудың керегі жоқ», −  деген-тұғын. Хазірет Әбу Бәкірдің Пайғамбарымыздың сүннетіне деген көзқарасын мына оқиғадан да көруге болады: Алла елшісі өмірінің соңғы күндерінде мұсылмандарға соғыс ашқалы жатқан византиялықтарға қарсы әскер жасақтайды. Әскердің қолбасшысы етіп, бір кездерде «балам» деп бауырына басқан, Мута шайқасының қаарманы Зәйд ибн Харисаның сүйікті ұлы Усаманы тағайындап, қарамағына хазірет  Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.), Осман (р.а.) сияқты алып тұлғаларды қосып береді. Алайда, әскер енді жорыққа шыққалы тұрған сәтте ардақты Пайғамбардың дүниеден өткені жайлы хабар келіп, бәрі сең соққандай болады. Қайғылы хабар жүректі езгілеп, қабырғаны қайыстырды. Жорық тоқтатылады. Пайғамбарлар сұлтаны бұл дүниедегі міндетін тамамдап о дүниеге аттанады. Алайда,  ол артында мұрасына нағыз өкілдік ететін, ісін жалғастыратын адал да ардақты достарын қалдырып кеткен еді. Әбу Бәкір (р.а.) халифа болып тағайындала салысымен адамдардың бәрі қаралы қайғыдан әлі естерін жинай алмай есеңгіреп жүрген осы бір қысылтаяң күндерде, Пайғамбарымыздың бастаған ісін аяқсыз қалдырмау үшін дереу Усаманың әскерін жорыққа аттандырады. Алайда, дәл сол кезде Мәдина қаласының өзіне де үлкен қауіп төніп тұрған-ды. Әлі де болса мұсылмандықтары шикі кейбір топтар діннен шығып жатқан қарбалас кезеңде, осындай ұтымды сәтті пайдаланып қалуға тырысқан жалған пайғамбарлар да дереу өздерін пайғамбармын деп жариялап, айналасына қолдаушыларын жинай бастайды. Сонда халифа Әбу Бәкір Сыддық: «Уаллаи, жан-жағымызды  жыртқыштар қоршап, үстімізге қара бұлттай үйіріліп, қауіп төндірсе де Алла расулының желбіреткен туын жерге түсірмеймін», – деп әскерге аттануға әмір береді. Сахабалар міне осындай қысылтаяң шақта да  Алла елшісінің сүннетінен бас тартпаған. Хазірет Әбу Бәкір Хақ елшісінің сүннеті жайлы:«Пайғамбарымыздың жасаған бір нәрсесін тастамаймын, оны міндетті түрде мен де жасаймын. Тіпті, мен оның жасағандарын жаңылысып жасамай қалудан қорқамын», − деген еді.

Хазірет Омардың (р.а.) сүннет жайлы пікірі Әбу Бәкірмен (р.а.) бірдей болатын. Бір күні ол саусақтардың құн төлемі (диет), яғни біреудің саусағын сындырған жағдайда өтелетін ақыға байланысты үкім шығарған кезде бір сахаба қарсы шығып: «Ей, мұсылмандардың халифасы! Мен Алла расулының былай айтқанын естіген едім: «Екі қолдың он саусағы жалпы қол үшін айтылған төлем не болса, соны тең түрде бөліседі. Екі қол толық бір төлем, бір қол оның жартысы болса, әрбір саусақ үшін он түйе төлем керек». Бұл хадисті естіген хазірет Омар  төбесінен жай түскендей: «Ей, Хаттабұлы! Алла расулының айтқан сөзі тұрғанда сен қалайша үкім шығарасың?» – дейді. Сахабалар сүннетке осындай адалдықтарымен берілген-ді. Сүннет тұрған жерде, басқа үкім шығарып, сол бойынша әрекет ету – олар үшін өліммен пара-пар. Хазірет Омардың (р.а.) Қағбадағы қара тасты сүйіп жатып: «Әй, қара тас! Сенің тас екеніңді білемін. Пайдаң да, зияның да жоқ. Егер мен сені Пайғамбарымыздың сүйгенін көрмесем, сені сүймеген болар едім»,– деп айтқан сөзі осының айқын дәлелі. Міне, осылайша сахабалар жандарынан да артық жақсы көрген пайғамбары хазірет Мұхаммедке (саллаллау аләйи уә сәлләм) ізгі құрметтерін, сүйіспеншіліктерін оның жолымен жүріп, оның жасағандарын жасау арқылы паш еткен болатын.

Алла елшісін осылайша жақсы көрген сахабалар Құранмен қатар оның сөздерін, тыйым салғандарын, іс-әрекеттерін жаттап, бір-біріне үйретіп, хадис пен сүннеттің кең қанат жаюына жағдай жасаған. Бұл әрекетті Пайғамбарымыз да қолдап:

«Сөздерімді тыңдап, есіне сақтаған және сол есіне сақтаған күйінше басқаларға жеткізгендердің Алла Тағала жүздерін жарқын етсін», – деп батасын берген еді.

 

0 пікір