Шииттердегі он екі имам сенімі
Шииттердегі он екі имам сенімі
9 жыл бұрын 5967
Бақ БЕР

Бүгінгі күні әлем мұсылмандарының 90 пайызын сүнниттер құраса, қалған 10 пайызын шиттер құрап отырғаны белгілі. Араб тілінде «шиа» бөлік, жақтас, қолдаушы, көмек беруші, әлдекімнің соңынан еруші деген секілді мағыналарды білдіреді. Шииттер сенімінің бір өзгешелігі, он екі имамға сенуді құп көретіндігінде. Шииттік имамдар дін мен дүниелік істерді реттейтін әрі діни лидер не дәлел болып табылатын он екі жетекші болып табылады. Алғашқысы хазірет Әли (р.а.) болып есептелетін бұл он екі имамды мазхабтарының негізі ретінде санайтын шииттер «исна ашария» (он екіліктер) деп аталған.

Шиа ішінде өте маңызды орынға ие Имамияның көбі Жағфары Садықты қосқанда алғашқы алты имам жайында бірауыздылықты сақтағанмен, оның қайтыс болуынан кейін (148/765) имамдықтың бес ұлының қайсысына өткені турасында таласқа барған. Басым көпшілігі Мұса әл-Казымды имам ретінде мойындаған. Алайда оның шынымен өліп-өлмегендігі жайында таласқа түскен. Алайда көпшілік Мұса әл-Казымның өлгеніне иланған. Міне, осы соңғы топ «әл-Құтия» делінген, имамдықты оның ұлы Әли ар-Ризаға және одан кейін келген әрі он екі имамды толықтырған кісілерге сүйегендіктен, оларды «Исна ашария» деп атаған. Бұл сенім бойынша, имамдық хазірет Алиден бастап, оның ұлдары хазірет Хасан мен кейіннен хазірет Хұсейінге өткен. Хазірет Хұсейіннен тікелей еш бұзылмастан әкеден ұлға тарта отырып, он екі имамды толықтырады. Шианың көпшілігін құрайтын әрі кейінгі дәуірлерде имамия дегенде еске түсетіні осы Исна ашариялар.  
Соңғы имам Мұхаммед әл-Махди бес-алты жасқа толғанда әкесі қайтыс болған. Шиа сенімінде әл-Махди, әл-Мұнтазар, Сахибуз-заман, әл-Хұжжа, әл-Қайым деген сипаттармен еске алынатын бұл он екінші және соңғы имам Мұхаммед әл-Махди шииттер бойынша он жасында Самаррадағы әкесінің үйінде Сердабқа (жер астындағы бөлме) кіріп, бұдан кейін қайта сыртқа шықпай, ізін жасырған. Айтуларынша, ол өлген жоқ, бір күні қайтып келіп шиа билігін қалыпқа келтіріп, жер бетіндегі әділетсіздіктерді тоқтатып, әділеттілікті орнатады. Бірақ шииттерден бөлек мұсылман ғалымдар Мұхаммед әл-Махдидың 275/888 жылы өмірден озғанын алға тартады. Кейбір тарихшылар Хасан әл-Аскаридың еш баласы болмағанын, сондықтан соңғы имам өмір сүрмеген деуде.

Шиттердің сенімі бойынша он екі имамның негізгі міндеті, хазірет пайғамбардың міндетін жалғастыру, адамдардың дүниелік әрі ақыреттік өмірін ретке келтіру. Бұл міндеттер олардың айтуынша, аят, хадистер арқылы Алла тарапынан берілген. Сол үшін имамдарға қалтқысыз бағыну, олардан көмек пен шапағат сұрау шарт. Имамия сенімінде бұл имамдар Құранмен тығыз байланысты. Олар дінде дәлел болып табылады (хужжа). Әр хужжа яғни имам өзінен кейін келетін имамды анықтап, тағайындағаннан кейін өмірден озған. Имам мұсылмандардың ең білімпазы, ең беделдісі, ең турашылы әрі күнәдан қорғалған (исмет) болып табылады. Алла пайғамбарға имамдардың есімдерін білдірген, сол негізде бұқара оларды таныған. Хазірет Мұхаммедтен (с.а.с.) бөлек бүкіл пайғамбарлардан артық болып мойындалған имамдардың өздері пайғамбар емес. Он екі имам сеніміне ие Исна ашария фиқыһта алтыншы имам болып табылатын Жағфары Садыққа еретіндіктен, олар Жағфария деп те аталған. Он алтыншы ғасырдың басында яғни Шах Исмайыл Сафавидың билікке келуінен бері (906/ 1500) Иранның ресми мазхабы сипатындағы түсінік осы Исна ашария.

Жалпы алғанда он екі имам мазхабының (исна ашария) негізгі көзқарастары төмендегідей:

a) Имамдықтың және үнемі бір имамның болуы қажеттігі. Имамдық діннің бір шарты (рукун), исламның негізі болып табылады. Шиа арасында кейбір ғалымдар имамдықты және аты аталған имамдардың имамдығын мойындамағандардың исламнан шығып кетпейтінін де айтқан.
ә) Нас және тағайындау: Он екі имам мазхабы шииттері хазірет Пайғамбардың хазірет Әлиді халифалыққа тағайындағанына еш күмәнмен қарамайды. Осы себепті имамдар Пайғамбардан бастап жалғасқан тізбек болып есептеледі. Бұл көзқарастарын хазірет Пайғамбардың сөздеріне сүйейді.

б) Имамдардың қателік жасамайтындығы (масум). Имамия имамдардың тек Аллаға қарсы келмейтіні турасында пәк екендігіне келіскен. Имамдар үлкен кіші, әдейі не жаңсақ ешқандай қателік жасамайды деп сенеді. Бұл жағдай имамның сөзі тыңдалуы үшін, беделін сақтау үшін маңызды болуда.
в) Имамдардың он екі болуы. Он екі имам мазхабына қарастылар хазірет Пайғамбардан кейін имамдардың он екі екендігін бірауыздан мойындаған. Шииттердегі он екі имамды былай атап көрсетуге болады: Әли әл-Мұртаза, Хасан әл-Мүжтаба, Хұсейін әш-Шахид, Али Зейнелабидин әс-Сажжад ибн Хұсейін, Мұхаммед әл-Бакир ибн Али, Жағфар ас-Садық ибн Мұхаммед, Мұса әл-Казым ибн Жағфар, Али ар-Рыза ибн Мұса, Мұхаммед әл-Жауад әт-Тақый ибн Али, Али әл-Хади ибн Мұхаммед, Хасан әл-Аскари Али ибн Мұхаммед Жауад, Мұхаммед әл-Махди ибн әл-Хасан (Имамы Мұнтазар). 

0 пікір