Қазіргі ислам әлеміндегі дін және саясат
Қазіргі ислам әлеміндегі дін және саясат
2 жыл бұрын 4436
Бейсенов Б.Қ., Игисенова А.Р.

Ислам әлемі елдерін діни негізде біріктіретін негізгі тұғыр, бұл – ислам діні. Әлем мұсылмандарын мәдени өрлеуі мен идеялық ұйысуының жолдарын іздеуде мұсылман ойшылдары мұсылмандық шығыс елдерінің рухани мәдениеті мен қоғамдық саяси өмірін дамыту үшін ислам құндылықтарының маңызы туралы жиі айтыла бастады. Мұсылман дүниесінің рухани мұрасын зерттеу бір дінді ұстанатын түрлі халықтардың мәдениетін, философиялық ой мұрасын зерттеу мұсылмандық шығыстың ділі мен рухани жан-дүниесін ұғынуды қажет етеді.

ХХ ғасырдың 50-70 жылдары араб әлемінде ислам мемлекеті тұжырымдамасы қазіргі заман жағдайында мұсылмандық қоғамды құру аясындағы зайырлылық пен діни билік арасындағы қатынасты айқындауды қажет етті. Араб әлемінде ХХ ғасырдың 60 жылдары әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың жолын таңдаумен байланысты түбегейлі жаңа мәселелерді көтерді. Араб-мұсылман елдері үшін капиталистік және социалистік құрлыстан өзгеше үшінші жолды іздеудің тұжырымдамалары пайда бола бастады. Ертедегі ислами мемлекеттілік дәстүрін қайта көтерген зайырлы және діни бағдардағы саясаткерлер араб елдері үшін бірден бір тұрақты даму жолы мұсылмандық өмір салтын ұстану деп көрсетті. Бұл тұжырымдамалар ішінде ислам социолизмі, ислам экономикасы, ислам мемлекеті ұғымдары дәстүрлі ислам құндылықтарын заманауи мемлекеттік қағидаларды нақты елдің ерекшелігімен үндестіріп, саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайды модернизациялауды ұсынды.

ХХ ғасырдың орта тұсында ислам социализмі араб елдеріндегі түрлі саяси ұстанымдағы қозғалыстар ажырамас сипатта болды. Ислам социализмі дәстүрлі ислам құндылықтарын батыстың демократиялық ұстанымдарымен үндестіре отырып, қоғам мүддесі үшін тиімді пайдалануды ұсынады. ХХ ғасырдың басында мұсылман елдерінің, әсіресе араб елдерінің ынтымақтастығы үшін бірлесе күресу діни негізде біріккен халықаралық ұйымдардың пайда болуына алып келді.

Араб әлемі саяси, экономикалық және мәдени негізде біріктіретін ұйымдардың қалыптасуы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында кең етек алды. 1926 жылы Абдел Азиз Мекке қаласына ислам елдері басшыларын дүниежүзілік мұсылман конгресіне шақырды. Нақ осы жылы Каир қаласында әл-Азхар университетінің ғалымдары мұсылмандық форум өткізді. 1951 жылы Карачи қаласында 32 мемлекеттің өкілдері қатысқан ислам әлемінің конгрессі өтті. 1954 жылы СаудАрабиясы, Мысыр, Пәкістан бастамасымен Ислам конференциясы құрылды. 1958-1988 жылдары Нури әл-Саид Палестина, Иордания, Ирак, Ливан, Сирия елдерін біріктіруді көздеді. Ануар Сағдат құрамына Ливан, Сирия, Палестина, Ирак, Иордания біріктірген үлкен Сирия мемлекеттер одағын құруды аңсады. 1962 жылы Мекке қаласында Ислам әлемі лигасы құрылды. Қазіргі уақытта бұл ұйым ЮНЕСКО және ЮНЕСЕФ мүшесі болып табылады. 1969 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымы құрылды.

Ислам ынтымақтастық ұйымы төрт құрлықтағы 57 мемлекетті біріктіріп отыр. ИЫҰ діни ұйым емес, бұл ұйымға мүше елдер қатарында саяси жүйесі шариғатқа негізделген және зайырлы мемлекттер де бар. ИЫҰ – бақылаушы елдер арасында басқа дінді ұстанатын мемлекеттер де бар. Бұл ұйымның мақсаты мен міндеті ислам өркениеті елдерінің экономикалық әл-ауқатын өсіру және саяси беделін көтеру аумақ халқының білім-ғылым саласында өркендеуі, ұйым мүшелері арасында әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, артта қалушылықты жеңуге бағытталады.

Араб әлемі елдерін ұйыстырушы саяси ұйым Араб мемлекеттерінің лигасы 1945 жылы құрылды. Ұйымның құрылтайшылары Мысыр, Сирия, Трансиордания (Иордания), Ирак, Ливан, Сауд Арабиясы. Құрамына 22 мемлекетті біріктіретін аталмыш ұйым мүшелерін ұйыстырушы негіз – араб тілі, ислам діні, тектік негіз және тағдыр ортақтығы. Ислам діні мен шариғат нормалары бұл елдерде өмір салттық ұстаным және діни құндылықтар жүйесін құрайды.  Ливаннан өзге елдерде ислам мемлекеттік дін ретінде жарияланған. Бұл елдердің тарихына көз жүгіртсек, бұрынғы Осман империясының араб өлкелерінде бірінші дүние жүзік соғыстан кейін араб бірлігі үшін күрес жаңа тарихи жағдайда араб халықтарын ұлт азаттық жолында күресіне түрткі болды.

Араб халықтарының ұлттық сана-сезімінің оянуы, яни араб ұлтшылдығы, тілі, діні, ділі ортақ ұлтты бас біріктіруге жұмылдыратын ұйым құруына алып келгені шындық. Араб ұлтшылдары осы аумақты басқару мандатына ие болған Англия мен Франция үстемдігіне қарсы шығып, саяси, эконмикалық, мәдени ынтымақтастық үшін түбі бір туыс араб халықтарының шынайы тәуелсіздігі жолында жұмыла әрекет етуді мақсат еткен қадамы болатын. Араб бірлігі мәселесі ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде біртұтас теократиялық мемлекетте бірігу қажеттілігі панисламизм тұжырымдамасында айқындалаған болатын. Бұл тұжырымдаманың негізінде мұсылман әлемінің қоғамдық өміріндегі ислам діннің жетекшілігі рөліне басымдылық беру көрсетілді. Ислам бірлігі идеясы Жамаладин әл-Ауғани және Мұхаммед Абдо шығармашылығында дәйекті түрде көрініс тапты. Олар жатжұрттық отарлаушы елдерге қарсы мұсылмандарды біріктіретін бірден бір идеялық негіз ислам діні деп көрсетті. Осы ұыстанымдағы саясаткерлер ұлтшылдық пен діндарлықты арақатынасында діндарлыққа ерекше көңіл аударды. 1928 жылы Мысырда Хасан әл-Банн Мұсылман бауырлар ұйымының негізін қалады.

Араб бірлігіне жету мұсылман ынтымақтастығына жету жолындағы маңызды қадам болып табылатындығын жариялаған, мұсылман бауырлары – «Алла – мақсат, Пайғамбар – жетекші,  Құран – Конститутция» ұранын көтерді. Мұсылман бауырларының ірі идеологі Сейид Кутуб мұсылман ұлты мен мұсылман уммасы ұғымдарын бір негізде қарастырды. Ұлтшылдық, нәсілшілдік басқа да идеологияға берілу адамзат үшін зиянды деп санаған ол «Исламдағы әлеуметтік әділеттілік» кітабында  барлық әлеуметтік мәселелер тек Құран негізінде шешіледі деп санады.

1951 жылы Мұхаммед ал-Ғазали ислам діні адамзатты коммунизм мен капиталаизм құрсауынан құтқаруы тиіс деп санады. Ғазали өз ілімін «Ислам социализмі» деп атады. Ислам социализмі таухид пен адамзат бауырластығына негізделуі тиіс. Мұсылмандық шығыстағы қоғам және саяси қайраткерлердің көзқарастарына мұсылман реформаторларының идеялық ұстанымдары ықпал етті. Алайда, ХХ ғасырдағы мұсылман қоғамына батыстық секуляризация үдерісінің енуі және ұйымдасудың әлсіздігі мен әлеуметтік тұғырдың кемшіндігі бұл идеялардың салтанат құруына кедергі келтірді. 

Араб елдерінің саясатта және экономикада, мәдениетте ықпалдастығын бір арнаға бағыттайтын Араб мемлекеттерінің лигасы мүшелерінің экономикалық әл-ауқаты, саяси жүйесі, демографиясы мен ұлттық құрамы әрқилы араб елдерінің ресми мемлекеттік тілі араб тілі болғанымен, әрбір елдің өзіндік диалектілері бар. Араб мемлекеттерінің лигасының жоғарғы органы – Лига кеңесі болып табылады. 1968 жылы Лига кеңесі адам құқығы бойынша араб комиссиясын құрды. 2004 жылы лига елдері адам құқықтары бойынша арабтық хартияны қабылдап, 2008 жылы хартия күшіне енді. Араб елдерінде ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланған. Шариғат бұл елдердің қоғам мен адам өмірін заңдық негіздеуші тұғыр. 2011 жылы ақпан айында Араб мемлекеттерінің лигасы Ливияның ұйым жұмысына қатысуын тоқтатты. Бұрынғы М. Кадаффи басшылығы халықтың бейбіт шеруін аяусыз жазалауы  осы шешімді қабылдауға түрткі болды. 2011 жылы наурыз айында Ливия әуе кеңістігін жабу туралы ұсынысты ұйым мүшелері бірауыздан қолдады. 2011 жылы қараша айында ұйым өз жұмысына Сирияның қатысуын тоқтатты. Сирияда билік басында алауиттік топ ел тізігінін ұстап отыр. Батыстық деректер бойынша Сирия билігіне Иран елі көмек көрсетеді. Сириядағы шиеленісті жағдай діни сипат алып бара жатқан тәрізді. Башар Асадқа қарсы оппозиция күштер жағына әсіре сунниттік топтар қолдау көрсетуде. Ал алауиттер, друздар және христиандар үкіметті қолдауда. Сириядағы қақтығыс шекаралас елдерге де теріс ықпал етуі мүмкін. 2012 жылы қазан айында Сирия аумағынан жіберілген артиллериялық снаряд Түркияның оңтүстік шығысындағы Ақчакал уезінде жарылып, бейбіт 5 адам көз жұмып, 13 адам жараланған.  Қазіргі Сирия аумағында түрлі саяси және діни топтар әрекет етіп отыр. 

Араб елдері ішінде көп конфессиялық ресми мойындалған ел – Ливан республикасы. Ливанда конфессионализм үлгісі елдегі барлық конфессиялар үшін жоғарғы билікке тең қол жетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Елдің негізгі заңы бойынша, ел президенті – христиан-маронит, премьер-министр – суннит мұсылман, парламент спикері – шиит мұсылман. Үкімет құрамы мұсылман және христиандардан тең негізде құралады. Ел парламентінің мүшелері  128 депутаттан тұрады. Парламент мүшелерінің конфессиялық бөлінуі төмендегідей: 64 мұсылман (27 суннит, 27 шиит), 8 друз, 2 алауит, 64 христиан (32 маронит, 20 армян апостоль шіркеуінен, 2 армян католик шіркеуінен,  7 грек православ шіркеуінен, 1 грек католик шіркеуінен, 1 протестант шіркеуінен, 1 депутат келісім бойынша сайланады.

Сайлау науқанына қатысатын сунниттік, шииттік, христиан және друз партиялары бір-бірімен емес, алдын ала белгіленген конфессиональды квоталық орын үшін күреседі. Ливан мемлекетінің тарихында бірнеше дінаралық қақтығыс салдарынан азаматтық соғыстар туындаған. 1958 жылы христиан және мұсылман қауымдары арасындағы алауыздық азаматтық соғысқа алып келді. Елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін АҚШ әскері ел аумағына енді. Діни қайшылық 1975 жылы Ливанда мұсылмандар мен христиандар арасындағы текетірестің туындауына себеп болды. 1990 жылы Таиф келісіміне қол қою нәтижесінде елде қантөгіс тоқтатылды.

Діни жанжал негізінде 150 мыңнан аса бейбіт тұрғындардың өмірін қиды. 1976 жылы Ливан үкіметінің сұранысымен ел аумағына кірген Сирия әскері 2006 жылға дейін әрекет етті. 1978 жылы Оңтүстік Ливан аумағын жаулап алған Изрил қорғаныс әскері 2000 жылы елден шығарылды. Қазіргі уақытта Сирия төңірегіндегі шиеленіс Ливандағы діни жағдайға әсер етуі әбден мүмкін. Ислам әлемінде ислам атауы мемлекет атына берілген елдер Мавритания ислам республикасы, Пәкістан ислам республикасы, Ауғанстан ислам республикасы, Иран ислам республикасы. Ислам әлеміндегі парсы тілді және шииттік бағыттағы Иран ислам республикасы. Сондай-ақ, шииттер басым тұратын елдер қатарында Ирак, Азербайжан, Бахреин.

1501 жылы Сефевидтер тұсында Исмаил шах шиизмді Иранда мемлекеттік идеология ретінде қабылдағаны белгілі. ХХ ғасырда шах Пехлеви басшылық еткен тұста Иран елі батыстық өмір салтын ұстанды. 1979 жылғы ислам төңкеріс шах билігін жойып, теократиялық билік жүйесін орнатты. Елдің рухани басшысы аятолла,  ал президент болса атқару биліктің жетекшісі. Конституциясының күзетшілер кеңесінің он екі мүшесі заң жобаларымен, заңдардың ислам құқығы мен әдебіне сәйкестігін тексеруді қадағлайды. 86 мұсылман дінбасыларынан құралған сарапшылар кеңесі жоғарғы жетекшіні (мемлекет басшысы) сайлайды. Сарапшылр кеңесінің мәжілісі жабық жағдайда өтеді. Сарапшылар кеңесі мүшелерін жалпы халықтық дауыс беру жолымен 8 жылға сайлайды. 1979 жылға дейін Иран батыс әлемін, әсіресе, АҚШ-тың осы аймақтағы сенімді әріптесі болды. Иран батыс еуропа және АҚШ тарапынан әскери, экономикалық көмектер алды. Ел конституциясына сәйкес – христиан, иудаизм және зороастризм діндері мойындалып, оларға мәжілісте орын берілген. Мұсылман еместерге жоғарғы лауазымды қызмет атқаруға тиым салынған.

1980-1988 жылдары Ирак-Иран соғысы салдарынан араб тілді және парсы тілді мұсылмандар ауыр зардап шекті. Араб әлеміндегі саяси, діни, ру-тайпалық қарым-қатынастың әлсіздігі мен шынайы әріптестіктің болмауы салдарынан түрлі жанжалдар туып отырады. 1990 жылы Ирак-Кувеит қақтығысы және 2010-2012 жылғы Араб көктемі оқиғасы, 2011 жылы Ливиадағы қантөгіс және қазіргі Сирияда болып жатқан шиеленіс араб әлемінде әлі де шeшілмеген мәселелердің бар екендігін айқындайды. 1990-1991 жылдардағы Парсы Шығанағындағы соғыс араб әлеміндегі дүрдараздықты тағы да дәлелдеді. Сауд Арабиясы, Мысыр, Сирия, Марокко анти Ирактік коалицияны құрды, ал Йордания, Йемен, Ливия бейтaрап позиция ұстанды. 2003 жылы АҚШ бастаған НАТО әскері Иракқа қарсы соғыс әрекетін жүргізуі aраб әлеміндегі ағайындық пен ынтымақтықтың жоқтығын дәлелдеп өтті. 2008 жылы Дамаскіде өткен Араб мемлекеттері басшыларының саммитінде Ливия төңкерісінің көсемі араб елдері басшыларын шынайы түрде бірігуге шақырып, аймақтық одақ құруды көздеді. Муамар Кадаффи аймақ елдері үшін ортақ валюта – динарды енгізуді ұсынды. Кадаффи араб мемлекеттері арасындағы алауыздық – араб әлемінің әлсіздігінің түпкі себебі деп атап көрсеткен болатын. 1970 жылдары жазылған «Жасыл кітаптың» авторы Кадаффи 1969 жылдан 2011 жыл қазан айына дейін билік басында отырды. Кадаффи тұсында Ливияда әлеуметтік салаға ерекше көңіл аударылды. Кадаффи елінде саяси реформа жүргізіп, елді солшылдар мен коммунистік идеологиядан тазартты. Ол өзінің үшінші теориясында капитализм – бұл адамға қарсы шығу, коммунизм – құдайға қарсы бүлік, ал үшінші жол – жамахирия жолы деп көрсеткен болатын. Кадаффи армандаған Африка құрама штаттары атты ірі геосаяси жоба панарабизм идеясына сүйенген. Қазіргі таңдағы араб әлеміндегі саяси-экономикалық жағдайдың ушығуы, азаматтық қоғамның қалыптаспауы, билік пен халық арасындағы алшақтық,әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі жастар арасындағы жұмыссыздық, кедейшілік, азық-түлік жетіспеушілігі мен бағасының өсуі, баспананың жетімсіздігі, отбасын құруға жағдайдың келмеуі, жемқорлық сынды дерттерден туындауда. Американдық саясаттанушы Гари Фуллер: «Жастар тобы басым қоғам төңкеріске бейім келеді» - деп санайды. Джек Голдстоун «Қазіргі әлемдегі төңкеріс пен бүліктер» атты кітабында, ХХ ғасырдағы төңкерістер жастары басым тұратын дамушы елдер мен демографиялық өсімі жоғары елдерде болады деп көрсетеді. Аймақтағы монархиялық билік (Сауд Арабиясы, Бахреин, Кувейт, Иордания) Тунис пен Мысырдағы жағдай ушыға бастағанда өз елдеріндегі әлеуметтік жобаларды белсенді қаржыландыра бастады. Осылай елдегі болуы мүмкін әлеуметтік дүмпулердің алдын алу шараларын сәтті жүргізе білді.  2012 жылы мамырда Алжирде болған парламент сайлауына бір блокпен қатысқан үш радикалды исламдық партиялардың зайырлы негіздегі саясаткерлерден жеңіліс табуы діни фанаттар мен радикалдардан халық жирене бастағанын көрсетеді. 

Аймақ көбасшылығына ұмтылған сунниттік Мысыр, Сауд Арабиясы, және шииттік Иран арасындағы бұрынғы бәсекелестік Иранның ұлттық-ядролық бағдарламасына сай жаңа қырынан көріне бастады. Араб елдерінде ислам діні халықтың дүниетанымы мен салт дәстүрінде айқын көрініс тапқан. Мысырдағы, Ливиядағы ислами саяси күштердің билік басына келуіне араб көктемі елеулі әсер етті. Мысырда 2011 жылы парламент сайлауында мұсылман бауырлары сайлаушылардың 40 пайызының даусына ие болды. Көптеген елдерде экстремистік ұйым болып саналатын «Мұсылман бауырлары» қарулы күрестен бас тартып, билікке бейбіт жолмен жетуді мақсат етуде. 2012 жылы президент сайлауының екінші кезеңінде бұрынғы ел премьер-министрі Ахмет Шафиктен басым түскен мұсылман баурларының өкілі Мұхаммед Мурси сайлаушылардың 52 пайызына ие болды. Өтпелі кезеңде Мысырдағы билік елдің әскери күштерінің жоғарғы кеңесінде болды. Елдегі саяси жағдай мен тұрақсыздық дінаралық қатынасқа да әсерін тигізді. Ел халқының 10 пайызын құрайтын копты христиандары шіркеуі қиратылып, копты христиандары мен мұсылмандар арасында қақтығыстар орын алды.

Пәкістан ислам республикасында ислам діні мемлекеттік дін болып табылады. Генерал Зия-ул-Хак тұсында федералды шариғат соты ел заңдарын ислам құқығы мен құндылықтарына сәйкес келетіндігіне қатысты шешім шығаруды қолға алды. Пәкістанда діни топтар саяси билікке ықпал ету тетігін қолдарына алған. Бұл елде сунниттер мен шииттер, сунниттер мен ахмадиялар арасында жанжалдар жиі орын алады.

Саны жағынан ең көп мұсылмандар мекендейтін Индонезия халқының 88 пайызын суннит мұсылмандар, 8,7 пайызын христиандар, 2 пайызын индуизм, 1 пайызын буддизм дінін ұстанушылар құрайды. 2011 жылы Джакарта қаласында сунниттік-шииттік діни кеңес құрылды. Кеңестің қызметі  сунниттік-шииттік бағыттар арасындағы келісімді нығайтуға бағытталған.

Малайзияда ислам діні мемлекеттік дін болып саналады. Ел Конституциясында барлық малайлықтар этникалық тегі жағынан мұсылман болып табылады. Елде діни сенім бостандығы жарияланған. Ел халқының 61 пайызы мұсылман, 20 пайызға жуығы буддистер, 9 пайыз христиан, индуизм дінін ұстанушылар 6 пайызды құрайды.

Түркия мемлекеті зайырлы мемлекет болып табылады. 1923 жылы Түркия республикасы құрылғанан кейін, 1924 жылы наурыз айында халифат таратылды, сұлтандық жойылды. Елдегі шариғат және вакуф істері жөніндегі минстрлік жойылды. Ел Конституциясындағы исламның мемлекеттік дін екендігі туралы бап алынып тасталынды. Дәруіштердің ғибадатханалары (теккелер) таратылды. Аия София мешіті мұражайға айналды. Имамдарға саясатқа араласуына тиым салынды. Сондай-ақ діни ұйымдар мен мешіттерді бақылайтын арнайы департамент құрылды. Департамент елдегі имамдар мен мүфтилерді тағайындау құзіретіне ие болды. 1926 жылы Хиджра күнтізбесінің орнына, Григориан күнтізбесі қабылданды. Әйелдерге паранжа жамылуға тиым салынып, көп әйел алушылыққа заң жүзінде тиым салынды. 1928 жылы елде латын әліппиі қабылданды.

Мұстафа Кемал Ататүрік (1881-1938) негізін салған кемализм қағидаты: республикашылдық, халықшылдық, ұлтшылдық, мемлекетшілдік, лайцизмді (зайырлы мемлекет құру жүйесін) жариялайды. Кемал билігі тұсында Құран түрік тіліне аударылды.  1924 жылы Түркияда дін істері мекемесі құрылып, елдегі мұсылмандардың сенім, ғибадат, ахлақ мәселелерін шешіп отырады. Қазіргі таңда Түркияда дін қызметкерлері мемлекет тарапынан қаржыландырылады, елде 120 мыңға жуық адам діни қызмет атқарады. 2010 жылы Түркияның діни қызмет жүйесінде реформа жүргізілді. Реформаға сәйкес діни қызмет, діни тәрбие, діни баспа жұмысы, діни уағыз мәселелері жүйеге келтірілді. Мешіт жандарында уағызшылар дайындайтын арнайы оқу курстары құрылған. Діни тәрбие балаларға, әйелдерге және жазасын өтеушілерге, мүгедектерге рухани және материалдық тұрғыдан көмек көрсетуге бағытталған. Әйел уағызшылар отбасы және бала тәрбиесіне көңіл аударады. Елде 80 мыңнан аса мешіттер тіркелген. Түркия университеттерінде 40 жуық иләһиат (дінтану) факультеттері жұмыс жасайды. Сондай-ақ 500 имам-хатыб дайындайтын лицейлер бар.

Елбасының 2011 жылы маусым айында Дүниежүзілік ислам экономикалық форумында сөйлеген сөзінде, исламның қайырымдылық пен бейбітшілік, әділеттілік дін ретіндегі позитивті бейнесін бірге жасауға тиіспіз деп атап көрсетті. Сонда-ақ мұсылман әлемі елдері үшін технологиялық, ғылыми және экономикалық даму тұрғысынан модернизациялау үдерісі қажет екендігіне назар аударды.

Ислам әлеміндегі дін мен саясат арақатынасы елдердегі халықтың ділі мен салт-дәстүрі негізінде қалыптасқан. Сондықтан да, ислам әлемін құрайтын елдердегі дін мен мемлекеттің арақатынасын зерттегенде нақты жағдайды есепке алып, жүйелі талдау жүргізуді қажет етеді. 

0 пікір