Оразаның медициналық сырлары
Оразаның медициналық сырлары
1 ай бұрын 1755

Ораза дененің бүкіл жүйелеріне әсер етіп, денсаулығын арттыратын қасиетке ие. Алайда тек денсаулықты жақсарту ниетімен ораза ұстау дұрыс емес. Ораза ұстаудағы басты ниет – Алланың әмірін орындау болуы керек. Ал адам денсаулығына пайдалары оның өзгеше жарылқауы мен жақсылығынан туындайды.

 

Жүйке жүйесі

Ауыз бекіткен кезде тамақтану қызметі азаятындықтан адам өзі де байқамастан біршама керексіз шаршаудан бойын аулақ ұстайды. Оған қоса әркім өзінің экономикалық күш-қуатына қарай сәресі мен ауыз ашар кезінде қажетінше витамині мол тағамдар жеуі, бір жағы шәхуат пен жыныстық құмарлықтың да арыны басылып тынығу үстінде болуы денедегі бүкіл жүйке жүйесіне оң ықпал етіп, оның саулығын күшейте түседі. Кей адамдардың ауыз бекіткен кезде ашушаң болуы өз нәпсісі мен мінезіне байланысты болмаса, жүйке жүйесіне ешқандай қатысы жоқ. Ораза ұстаған кезде бауырдың да тынығып, өзіндегі көптеген улы заттарды жоюы, жүйке жүйесін шаршап-шалдығу дертінен айықтырады.

Қан айналым жүйесі

Ораза кезінде күндізгі уақыттарда қандағы холлестерин деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында бірігіп қалған ескі холлестерин қалдықтары бірте-бірте қан айналымына араласып қаттылығын жоғалтады. Әсіресе түстен кейін қан қысымы біраз төмендейтіндіктен, тамырлардағы қысымның азаюы себепті рахат күй кешу, демалу байқалады. Осыдан барып сол күннің ең бір қорқынышты ауруы «артериосклероз» (жүректің қысылуы және сал болу себептері) ораза мен дәреттің ортақ әсерімен жойылады. Өз басым жыл сайын ауыз бекітіп, ылғи да дәрет алып жүретін 300-дей қарт кісіге жүргізген зерттеуімде оларда титтей де болса артериосклероз кінәраты кездеспегенінің, жас мөлшері 65-тен асса да қан қысымы 12-ден аспағанына таңдана куә болдым.  

Жүрекке келсек, жүректің үстінде оған кері әсер ететін үш жақ бар: тамырдың қаттылығы, жүйкенің шаршауы, асқазанға ылғи да қысым түсетіндігі. Ораза ұстаған адам осының үшеуінен де зиян шекпейді.  

Ас қорыту жүйесі

Шыр етіп дүниеге келгеннен тіршіліктегі дәм-тұзы таусылып өлгенге дейінгі аралықта дамылсыз жұмыс істейтін  асқазан оразаның арқасында орташа есеппен күніне төрт сағат тынығады. Бұл оның өзіндегі кем-кетік жағын қайта дұрыстауына мүмкіндік туғызады. Ораза бауырдың жақсаруына тікелей әсер етеді. Дененің түрлі бөлігінде бауыр жүздеген міндет атқарады. Өтке май сіңіртуден бастап, ауруларға қарсы тұратын заттарды өндіретін барлық істерді, түптеп келгенде денедегі барлық химиялық жағдаяттар бауырдың ішінде өтеді. Бауыр өте сирек ауырады, бірақ міндеті көбейіп ауырлаған сайын өз қызметінде ақау сездіреді. Бүгінгі таңда дамыған медицина көптеген аурулардың басталу себебі, яғни дененің ауруға қарсы тұру иммунитетінің әлсіреуі негізінен бауырға күш түсу деп білуде. Ораза болса бауырдың күн сайын үш-төрт сағат тынығуын қамтамасыз етеді. Бұл бауыр қызметін тұтастай өзгертпегенімен оған шек қоя отырып баяу жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Осылайша басқа мүшелер секілді бауыр да ораза кезінде тынығып, бір түлеп жаңарады. Дененің қорғану, қан химиясы және ас қорыту мүшесінің қызметі жақсара түседі. Оразаның тән саулығына тигізер игі ықпалы міне осындай.

Қан химиясы         

Дененің химиялық үрдістері ең алдымен қанда өтеді. Әр түрлі қоректік заттар мен қорғану заттары, тыныстау алдымен белгілі бір қан деңгейінде қайталанып отырады. Бұл заттар қоюланған сайын дене де соған сай белсенді әрекетке көшеді. Ауыз бекіткен адамдарда бұл заттар қатары көбеймейді. Оның ең төменгі деңгейде қалуы қандағы химиялық процестердің оңай жүруін қамтамасыз етеді. Әлсіздігін алға тартып ораза ұстамағандар өздеріндегі сол әлсіздікке ораза тұтпағандықтары себеп болып жатқанын біле бермейді. Өйткені әлжуаз адамдардың қанындағы химиялық процестер тепе-теңдік сақтауда қауқарсыздық танытады. 

Жыныстық және зәр жүйесі

Мейлі жүйке жүйесінің тыныштығын қамтамасыз етуде, мейлі көз салу арқылы адамның тәнқұмарлық, нәпсіқұмарлық сезімдерінің оянуын тежеуде, тіпті жыныстық өмірді реттеуде де ораза өте үлкен рөлге ие. Тағамның күйген қалдықтарын бүйректің сүзіп тазартатындығы, сондай-ақ оны үздіксіз атқаратындығын ескерер болсақ, ораза ұстаған адамның төрт сағат ішінде жақсы тынығып, демалатындығын түсіну қиын емес. Дәл бір адам денсаулығын қорғау ісі Алла Тағаланың орасан жақсылығы ретінде оразаға міндеттелген секілді.

0 пікір