Кей ғалымдардың көреалмауларының себебі
Кей ғалымдардың көреалмауларының себебі
1 ай бұрын 1853
Ибн Жәузи (1116-1201ж.)

Ханбәли ғұламасы Абдуррахман ибн Жәузи (рахимаһуллаһ) былай деп пікірлейді1:

Ғалымдардың арасындағы көреалмаушылықты ойландым. Ойлана келе, оның дүние сүйіспеншілігінен туындайтынын ұқтым. Ақырет ғалымдары бір-бірлерін жақсы көреді, олар бір-бірлеріне іштарлық қылмайды. Алла Тағала Құранда айтқандай: «оларға берілген нәрселерге олардың көңілдерінде кірбеңдік болмайды». («Хәшр», 9 аят). Және Алла Тағала былай дейді: «Олар: "Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай гөр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің». («Хәшр», 10 аят).

Сахаба Әбу Дәрда әр түні өзінің дін бауырларының бір тобына дұға етіп тұратын болған.

Имам Ахмед Имам Шәфиғидің баласына былай деген еді:

«Сенің әкең (яғни, Имам Шәфиғи) менің күнде сәресі уақытта дұға етіп тұратын алты адамның бірі» деген. (Яғни, Имам Ахмед күнде алты адамға дұға жасап тұрады екен, Имам Шафиғи сол алтаудың бірі болған).

Дүние ғалымдары мен ақырет ғалымдарының айырмашылығы:

Дүние ғалымдары дүниеде көшбасшылықты көксейді. Олар «соңымнан көп адам ілестірсем» дейді, «көп адам маған мақтау айтса» дейді.

Ақырет ғалымдары болса, ондай ниеттен ұзақ тұрады, дүниедегі басшылықтан қорқады, ал ондай деңгеймен сыналғандарға жандары ашиды.

Имам Нәхәъи (рахимаһуллаһ)2 мешіттегі тіректерге сүйеніп отырмаушы еді (яғни, ол замандағы әдет бойынша сүйеніп отырып, сұрақ сұраушыларды күтіп отырмаушы еді).

Табиғин Алқама (рахимаһуллаһ) да: «Соңымнан біреулердің ілесіп жүргенін ұнатпаймын» деуші еді. Және мәліметтерге қарағанда Алқаманың айналасында төртеуден артық адам отыра бастаса, тұрып кетіп қалады екен. Олар пәтуа сұрап келушіні, өздерінен білгірлерге жіберетін (пәтуа беруге таласпайтын) және олар кішіпейілдікті ұнататын, атақ-даңқ дегенді жандары сүймейтін. Олардың мысалы - дауылды теңізде жүзіп жүрген кемедегенің мысалы тәрізді. Дауылды сәтте теңіздегі кісі өзін қалай құтқарам деген оймен мәшғұл болады. Ондай сәтте кемедегілер бір-бірлеріне дұға жасап, бір-бірлеріне көмек береді. Ақырет ғалымдары да бір-біріне деген достық сезіммен (дүние кемесіне) мінген адамдар. Өтіп жатқан күндер мен түндер олардың пейіш өткеліндегі сатылары.

Ибн Жәузи, «Сойдуль Хатыйр» 


Толық аты жөні: Әбуль Фәрәж Абдуррахман ибн Али әл-Қураши. (м. 1116-1201 ж). ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Ханбали мәзхабының фиқһ білгірі, тарихшы, әрі кәләмшы, сондай-ақ, Хадис саласының маманы. Көптеген іргелі еңбектердің авторы. Ислам тарихында «Ибн Жәузи» лақаб атымен танымал Ислам ғұламасы.
2  Куфалық Ибраһим ибн Язид ибн Қайс ибн әл-Әсуәд ән-Нәхәъи. Ұлы табиғиндердің бірі.

0 пікір