Неге Құранда қан харам етілген?
Неге Құранда қан харам етілген?
18 күн бұрын 4535

Құдай Тағала «Қан» жеуді Құран Кәрімдегі мына аятпен харам еткен. Аятта былай делінеді:

إِنَّمَا حَرَّمَ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةَ وَالدَّمَ وَلَحْمَ الْخِنزِيرِ وَمَا أُهِلَّ بِهِ لِغَيْرِ اللَّهِ ۖ فَمَنِ اضْطُرَّ غَيْرَ بَاغٍ وَلَا عَادٍ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Сөзсіз Алла сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды жеуді харам қылды. Алайда, кім амалсыздан, қарсылық қылмай және шектен шықпай (одан жесе), оған күнә жоқ. Сөзсіз Алла Тағала өте кешірімшіл, әрі ерекше мейірімді». (Бақара сүресі, 173 аят)[1].

Ислам дінінде қанды ішіп-жеу харам етілгендігі мәлім. Бірақ адамдар бұрын оның себебін, яғни қанды жемеу туралы тыйымның астарындағы мәні мен маңыздылығын білмейтін. Ал, қазіргі таңда қанның құрамы зерттеліп, құрамында зиянды заттардың бар екендігі анықталғаннан кейін, аталмыш тәңірлік тыйымның адам денсаулығы тұрғысынынан қаншалықты маңызды екендігін ұғындық.

Зерттеулердің қорытындысы бойынша, қанның құрамында аса көп мөлшерде «зәр қышқылы» (uric acid) бар екен. Аталмыш қышқылды азық ретінде пайдалануға болмайды. Өйткені ол денсаулыққа зиян келтіретін улы зат болып табылады. Ислам дінінің «малды бауыздау керек» деген талабының астарындағы бір мәні де осында жатыр. Малды бауыздау арқылы денесіндегі бүкіл қанның және онымен қоса денедегі зиянды заттардың шығуын қамтамасыз еткен болады екенбіз. Ал қан шығарып, бауыздалмаған малдың (мысалы, ұрып өлтірілген мал) қаны денесіне тарап, онымен бірге улы, зиянды нәрселердің бәрі бүкіл денесіне жайылар еді. Оны жеген адам, зиянды ет жеген болар еді.

(Осы орайда, Құранның басқа бір аятында «қан» сөзіне «мәсфуха», яғни, «аққан қан» деген шектеу қойылған).

Қанды ішудің не жеудің харам етілуінің бұдан басқа да себептері мен даналығы бары анық. Келешекте өзгеде де сырлары мен мән-мағыналарының анықталарына сенімдіміз.


[1] Одан басқа «Мәида» сүресі, 3 аят және «Нахл» сүресі, 115 аяттарына қараңыз.

0 пікір