"Қара жұма" атауы қалай пайда болған?
"Қара жұма" атауы қалай пайда болған?
4 жыл бұрын 6344
Абдусамат Қасым

Соңғы жылдары еліміздегі сауда орталықтарында «Қара жұма» (черная пятница) атауы қолданылып жүргені баршаға мәлім. Жеңілдіктер күні болса да мұсылман қазақтың құлағына ерсі естілетіні де даусыз. Біріншіден - қазақ үшін «жұма» - қасиетті күн. Ал оған «қара» сөзін қосу арқылы қасиеттілігін жоққа шығарғандай ой тудырады. Екіншіден – қазақ ұлты ұғымында «қара» сөзі көбіне қайғы-қасіретпен байланыстырылып жатады. Бұрын ата-әжелеріміз сондай бір қайғы-қасіретті шақырар сөз сөйлеп қалсақ «тәйт әрі» деп тыйып тастаушы еді. Әзірге көп сауда орталықтарына ондай сөзді қолдануға ресми түрде тыйым салынар емес.

Хош, әлгіндей атау қайдан шыққан, не үшін олай атала бастаған деген мәселеге көшсек. Ондай атаудың шығуына түрткі болған бірнеше оқиғалар көлденең тартылады. Солардың бір шамасын бере кетелік.

1. «Қара жұма» термині ең алғаш шыққанда, қазіргідей сауда-саттық күнімен байланысты емес тұғын. Ол 1869 жылы, 24 қыркүйекте орын алған АҚШ-тың алтын нарығының құлдырауынан туындаған дағдарысқа байланысты болды. Екі әйгілі қаржыгер Джей Гулд пен Джей Фиск Америка мемлекетінің алтынын сатып алалғанша сатып алып, осылайша бағаны кенеттен өсіріп, артынан рекорттық көлемде пайда көруді көздеді. Алайда, сол жұмада олардың арам пиғылдары әшкере болады, дегенмен қор биржасы құлдырап, көпшілік банкротқа ұшырайды. Сол себепті ол күнді «Қара жұма» деп атаған деседі.

2. Екінші бір нұсқа бойынша, бұндай атау сонау 19 ғасырдың аяқ жағында шыққан екен. Құлиеленушілік заманында құл сатушылар «Алғыс айту» күнінен кейін (День благодарения) ертесіне жеңілдіктер жасайтын болған екен. Содан бұл күнді «қара жұма» деп атаған деседі. Бірақ бұл нақты емес.

3. Үшінші бір мәліметке қарағанда, АҚШ-та «Алғыс айту күні» болып саналатын қарашаның төрті, бейсенбі күнінен кейінгі жұма күні - 1952 жылдан бері «Ноель (рождество) сауда-саттық» науқанының алғашқы күні ретінде саналып, тауарларға жеңілдіктер жасалатын болған. Ал «Қара жұма» деп,  1960 жылдары атала басталған. Сол күні дүкендердің таң атпастан ашылып, қараңғы батпай жабылмауы, онымен қоса көшелер мен сауда-саттық аудандарындағы жүйкені жұқартатын кептеліс пен адамдардың көптігі, бұның бәрі аталмыш күнді «Қара жұма» деп атауға себеп болған. Бұл атау алғаш Филадельфияда қолдана бастады делінеді.  

4. Бұл күнді «Қара жұма» деп атауды 1950 жылы Филадельфия тәртіп сақшылары шығарған деген де нұсқа бар. Алғыс айту күнінен кейінгі күні, яғни, жұма күні көптеген сатып алушылар мен туристер, келесі сенбі күні болатын футбол матчының қарсаңында қала көшелерінде құмырсқадай қаптайды екен. Соның кесірінен тәртіп сақшылары келесі күні болатын футбол ойынынан бір күн бұрын тынығып, демалудың орнына, екі есе көп уақыт жұмыс істеуге мәжбүр болған. Сондықтан сол күнгі бейберекетсіздікті сипаттап жергілікті тәртіп сақшылары «қара жұма» деп атаған екен.

5. Тағы бір нұсқа бойынша, «Қара жұма» денілуінің бірден-бір себебі бухгалтерлік есеппен тығыз байланысты. Америка бухгалтерлік есебі бойынша шығындар «қызыл түспен» белгінетін де, келіп түскен пайдалар болса «қара түспен» белгіленетін болған. Ал, «Алғыс күнінен» кейінгі күн, яғни жұма күні жылдың ең табысы көп күн болып саналатындықтан, оған «қара жұма» деп атау берген-мыс. 

0 пікір