Ғалым деп кімді айтады?
Ғалым деп кімді айтады?
2 жыл бұрын 1969
Қ. Сабыржанұлы

Жер бетіндегі ең бағалы құндылықтың бірі – ғылым. Фахраддин Рази бір сөзінде: «Жаратушы ие Адам атаны ілімі арқылы періштелерінен даралаған. Егер ғылымнан да бағалы нәрсе болғанда, сонымен ерекшелейтін еді» деген.

Ғалым сөзі араб тіліндегі «алима» білу деген етістіктен түрленген. Білімі, білігі мол деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінде ғалым Алланың кітабы Құран кәрімнен бастап, Расулалланың хадистері мен бүкіл сүннеттерін білетін, басқа ислами ілімдерден қажетінше хабардар, өз дәуірінде туындаған мәселелерге Құран мен сүннеттен шешім таба алатын, білімдегі деңгейі жоғары, мол мағлұмат иесіне айтылады. Бұндай кісілер негізгі ислами мәліметтерді алғаннан кейін белгілі бір ғылым саласында тереңдеп маман иесі атанады. Ғалым – білімі артқан сайын дүниетанымы кеңейген, өзіне мәлім емес салаларда үкім айтудан тартынатын, үнемі білгенінің дұрыстығына зерттеп, көз жеткізіп отыратын жан.

Мұсылман қоғамында тәпсір, хадис, фиқһ, кәлам секілді ғылымдарда шынайы беделге ие ғалымдардың болуы қажетті. Бұдан бөлек, осындай ғылымдармен қатар химия, физика, математика, астрономия секілді жаратылыс ғылымдарын білетін ғалымдар да керекті. Мұсылман елінде ғалымның ең маңызды міндеттерінің бірі: ел ішінде жақсылықты насихаттап, жамандыққа жол бермеу, бұқара халыққа дінді түсіндіру. Ғалым үмбеттің алдыңғы қатарлы тұлғасы деген сөз. Ғалым барлық мәселеде исламның абыройын қорғайтын, исламның беделі үшін күш жұмсайтын, дін үкімдері қисық кеткен тұстарда кім-кімге де ескерту айтушы. Шын ғалымдар билік әділетсіздік жасағанда, олардан бойын аулақ салып, мұсылманша мінез көрсете білген. Имам Ғазали былай деген: «Биліктегілер халыққа үкім жүргізген. Ал ғалымдар болса, билеушілерге үкім жүргізген». Тағы бір сөзінде ол: «Патшаның жақсысы ғалымды айналсоқтағаны, ал ғалымның жаманы патшаны айналсоқтағаны» деген.  Мұсылман ғалымдары тарихта Алланың бұйрықтарын аяқасты ететін басшыларға жағымпазданбаған. Имам ағзам Әбу Ханифа, имам Ахмед ибн Ханбәл секілді т.б. ғалымдардың іс-әрекеті осыдан туған. Хадисте: «Үмбетімнен екі топ бұзылса, бүкіл халық бұзылады. Олар түзелсе, бүкіл халық түзеледі. Айтпағым: басшылар мен ғалымдар» деп ескертілгені бекер емес.

Мұсылман ғалымдар әуестікке салынып, дінге әр нәрсе енгізуші емес. Ол қайта ислам негіздерін қорғаушы. Сондықтан ислам бұндай ғалымдарды ерекше қадірлеген. Ислам ғалымның да абыройы мен беделін сақтап, оған қажетті бағасын берген «...Пенделер арасында Алладан ең көп қорқатын құлдар ғалымдар» (Фатир, 35/28). «Білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар» (Нахл, 16/43).

Хазірет пайғамбар (с.а.у.) көптеген хадистерде ғалымдарды мақтаған. Ең көп мақталған ғалымдар ғылымына сай амал еткендер (Дарими, Мұқаддима, 27). Хасан Басри осы себепті: «Ілімімен басқадан артық тұрған жанға амалымен де артық тұрған жарасады», - деп ой тастаған. Ілімімен халыққа жол көрсетіп, оларға ғылымын естірткен жанды Алла қоғамда сөзі өтімді адам етеді (Ибн Ханбәл, II, 162, 223-224). Ал ілімі арқылы дүние талап ететін ғалымдарды Расулалла хадистерінде жазғырған (Тирмизи, Илим, 6). Хазірет пайғамбардың дұға еткеніндей, мұсылмандар үнемі Алладан осы дүние мен ақыретке пайдалы ілім сұраған. Адамдардың ең ізгілері – ғалымдардың ең ізгілері болып табылады (Дарими, Мұқаддима, 34, 55)

Расулалла: «Пайғамбарлардың мұрагерлері – ғалымдар» дей отырып, қоғамның бет алысын дұрыстауда ғалымдардың пайғамбарларға өкіл екенін білдірген. Ибн Масғудтан риуаят етілген бір хадисте: «Алла тағала қиямет күні ғалымдарды жинап, былай дейді: «Мен сендерге жақсылық қаладым. Сол үшін жүректеріңе хикмет ұялаттым. Қане, жұмағыма кіріңдер. Жасаған қателіктеріңді кешірдім» делінген. Әбу Дарда рияуат еткен хадисте Расулалла ғалымдарды былай деп мақтап, оларға жақсылықты хабар айтқан: «Кімде кім ілім жолына аяқ басып, өзіне ілім сұраса, Алла оны жұмақ жолдарының біріне салады, ілім сұраушыға періштелер қанаттарын төсейді. Бұны оның шұғылданып жүрген ісін ұнатқандықтан істейді. Пайғамбарлар артына динар да, дирхам да мұра етіп қалдырған емес. Олар тек ілімді мұра етіп қалдырды. Ендеше, оны алғандар мол жақсылыққа кенелгені» (Бұһари, Ілім, 10).

Ғалымға бағыну Алланың бұйрығына бағыну болып табылады. Хақ жолда және жақсылыққа бастайтын бір мәселеде ғалымның кеңесіне құлақ асу мүминдер үшін парыз. Бұл парыз ғалым кісі Алла разы болатын игі іске шақырса ғана. Сондықтан мұсылман ғалым қоғамға дұрыс жөн сілтейтін, дін үкімдерінің дұрыс жүзеге асуын мұқият қадағалайтын жол көрсетуші. Ғалымдар ғылымдарының қажетінше қоғамдағы міндеттерін әрдайым есте ұстауы тиіс. Ғалымдар тура жолда болғанда ғана үмбет те өз жолынан адаспайды. Осы себепті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ғалымның өлгені исламда орны толмайтын ақау» деген (Дарими, Мұқаддима, 32).

Лұқпан хәкім ұлына айтқан өсиетінде ғалымдардың мәжілістеріне барып тұруды тапсырған. Жаңбырмен жердің көгергені секілді адам жүрегінің де ғалымдардың берген, насихаттаған ілімі арқылы тірілетінін мысал еткен. Әсет ақын да: «...Біреуден пайдаланған ақыл-білім, жаңбырмен араласқан нұрменен тең» деп, ондай ілімнің адамға өте пайда беретініне қызықтырған.

«Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз» деген Абай атамыз да ғалымдарға еліктеуге, ғылымды сүюге шақырған.

0 пікір