Кісіні клондау қайда апарады?
Кісіні клондау қайда апарады?
2 жыл бұрын 2058 aikyn.kz
Ақтан ҚОҢЫР

Батыстың шіріген байлары қымбат ақшаға өмірден өткен өз жақындарының көшірме сыңарын жасатып шығаруды сұранысқа енгізуде. Яғни биотехнологиялық жолмен клондау арқылы өмірге қайта алып келуді қалайды. Бұған, яғни өлген адамның кескін-келбетінен айнымайтын егізін жасап шығаруға қазіргі медициналық технологияның құдіреті жетеді. Жақынынан айырылғандар жасанды жол арқылы сол адамның генетикалық көшірмесін жасатуға мүмкiншiлiк алғаны дұрыс па, жоқ па? Адамды қолдан жасау кешірілмес күнә ма? Бұл мәселе талайдан бері дауға айналған. Болашақта, бәлкім, адамзаттың осы бiр гендiк инженерияның қызметiнен бас тарта алмайтын күні тумасына кім кепіл?!

Клондау дегеніміз - жыныссыз-ақ көбейту жолы. Ғылым әлемінде мұндай тәжірибе жасалып жатқалы біраз уақыт болды. Дегенмен адамды клондау - өте күрделі мәселе. Аталық ұрықтан екі ұл немесе аналық ұрықтан екі қыз, яғни бір эмбрионнан бір-бірінен айнымайтын егіздер дүниеге келетінін бәріміз білеміз. Ал енді баланың өзінен айнымайтын сыңарын биология ғылымының жетістігінің арқасында дүниеге келтіру - ғажап нәрсе. Адамды клондау аса көп уақытты қажет етеді екен. Бір клонды жасау үшін жүз әйелдің аналық ұрығы, әр әйелден он ұрықтан алғанда мың ұрықтан бір ұрық қана клонның пайда болуына жарамды болатыны анықталған. Әйелдердің аналық ұрығынан гендерін алып тастап, тапсырыс берген әйелдің клеткасынан гендерін алып, жатырға салады. Содан кейін қалыпты процесте дами отырып, тоғыз ай бойы ана құрсағында жетілген бала қажетті адамнан айнымай дүниеге келеді.

1997 жылы Шотландияда клондалған Долли атты қой алғаш рет ғылыми көпшiлiкке ұсынылғанда, бұл жаңалық әлемдi дүр сiлкiндірген. Доллиден бұрын Меган, Мораг есiмдi қойлар осындай әдiспен сол Шотландиядағы ғылыми институтта алынған екен. Одан бері жануарлардың қандай түрi клондалмады десеңiзшi. Ғалымдар иттiң де, мысықтың да, доңыздың да, тышқанның да генетикалық көшiрмелерiн жасап шығарды. Дегенмен олардың денесінен физикалық ауытқулар жиі байқалып, ерте өлулеріне алып келетiнi де дәлелденді.

Ал енді адамды клондау жайына келейік. 2002 жылдың 27 желтоқсанында Флорида штатындағы Реелиан дінінің негізін қалаушы Клонайд жыныссыз репродуктивті әрекет арқылы бір қыз бала дүниеге келгені туралы жариялады. Итальяндық Северино Антинори деген дәрігер техникалық клондау әдісімен 3 баланың дүниеге келгенін жария етті. Ол балалар сол кезде 9 жасқа толған және Шығыс Еуропада өмір сүрген. Дегенмен дәрігер балалардың есімдерін жасырып қалған.

Сонымен, адамзатта «клондау үрдісі» шынымен-ақ, басталып кетті ме?» деген үрей бар. Шынымен де, басталып кетсе, мұның арты жақсылыққа апармауы әбден мүмкін. Неге?

Адам ұрыққа айналғаннан бастап, өмір иесі деп саналады. Адам - саналы тіршілік иесі. Оған рух берген - Жаратушы. Жаратушының адамзаттың әрқайсысының мойнына артқан міндеті бар. Ал клондалған, яғни рухсыз адам Жаратушыға қажет пе? Өзіндік санасы, мінез-құлқы, адами мақсаты жоқ жанның жануардан айырмашылығы бола ма? Ондай адам да, құлтемір де бір емес пе?! Алла тағала пендесiн мына өмiрге сынақ үшiн жiбередi. Оның мойнында тиісті міндеті бар. Жаратушының әмiрiн орындауы керек. Осындай мiндеттерді клондар атқара ала ма? Қысқасы, Құдайдың құдіретiмен жасалған адамды клондау - Алланың iсiне араласумен тең. Мұның арты жақсылық болмас. Ғылыми жетiстiктi бұдан сайын дамытып, адамның көшiрмесiн алсақ та, Құдайдың жаратқанындай болмайды. Адам - қайталанбас тұлға. Ол өмiрге бiр-ақ рет келуi керек. Ал оны клондау - Құдайға қарсы шығу.

Ең қорқыныштысы, клондау технологиясы жалғаса-жалғаса, дами келе, саудаға шығарылатын болса, мұның арты неге әкелуі мүмкін? Онда адам тауарға айналып, құлдар армиясы пайда болады. Жасанды адам жасауға жол ашылса, мәңгүрт клондарды түрлi террорлық істерге итермелеушілер табылмайды деймісіз. Жасанды әскер ретінде соғысқа да пайдаланылуы мүмкін. Денсаулығы нашар, оның үстіне ойлау қабілеті кем адам кімге керек? Клон-адамдардың пайда болуы қылмыс әлемінде де қолданылуы мүмкін.

Әрине, клондауды мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Асыл тұқымды малдар мен ерекше жануарлар түрлерiн сақтап қалу үшiн осы әдiске сүйенгеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Осы әдіспен болашақта мамонттар мен динозаврларға да жан бітіруге болатын шығар. Көріпкелдердің 2023 жылы клондау арқылы динозаврдың сыңары өсіреді деп жүрген болжамдары ақиқатқа айналуы әбден мүмкін. Науқас өмiрiн сақтап қалу үшiн қолдан өсiрiлген ағза мүшелерiн трансплантологиялық мақсатта қолдану мәселесiне діндарлар қарсы емес. Біздің бұл жерде айтып отырғанымыз - адамды клондау жайы. Адамды клондауға әлемдік қауымдастық барынша қарсы болып отыр. Еуропа одағы адамды және ұрықтың өзін басқа бір пенделердің өмірін сақтап қалу үшін пайдалануға қарсы.

Клондау үрдісi этика тұрғысынан ғана емес, техникалық көзқарас бойынша да күрделі мәселе екені ғалымдарды ойландырмай отырған жоқ. Адамдарды клондау қойды клондауға қарағанда тым қиын. Рослин институтындағы Ян Вилмут мырза: «Егер адамдарды клондау заңды түрде қолданылатын болса, сәтті клон туылғанша көптеген әйелдер жүкті болуы керек. Дегенмен босану сәтінде көп жағдайда баланың түсіп қалуы немесе нәрестенің денсаулығында ақау болуы, өлі туылуы сияқты бақытсыздықтар жиі қайталанады. Клондалған балалардың елу пайызы жатырда көз жұмады, ал аман туған балалардың көбі ерте жасында қайтыс болады» дейді. Осыны ескерген ғалымдар бұл іске аса бір құлшынып та отырған жоқ. Адамдарды клондау адамгершілік қылықтарға жат екенін айтпаған күннің өзінде, клондау технологиясымен дүниеге келген балалар туғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болып немесе ерте қартайып кететін көрінеді. Ары кетсе, отыз жыл өмір сүретін көрінеді. Американың репродуктивті медицина қоғамының: «Бүгінгі білімді пайдалану арқылы баланы клондық жолмен жасап шығу мүмкін емес» деп жариялауы да мұны қоштай түседі.

Қазіргі уақытта бірнеше елдер адам денесін айнытпай қайталауға қарсы заң қабылдап отыр. Ол елдердің қатарында Англия, Франция, Бразилия, Жапония, Испания, Бельгия, Израиль және Германия сияқты дамыған мемлекеттер бар. Азуын айға білеген АҚШ-та адамды клондауға қатысты арнайы заң қабылдауға қарсы емес. Бұған бұрынғы президент Буштың Конгреске адамдарды клондауды және адам ұрықтарын медициналық зерттеулерге пайдалануды болдырмау жөніндегі заңды қабылдауды ұсынғанын айтсақ та жетеді. Қысқасы, АҚШ-та он жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бір миллион доллар айыппұлы тағы да бар. Адамды қолдан жасаушыларды Ұлыбританияда да он жылдық темір тор күтіп тұр. Ватикан да клондауға тыйым салды. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі де бұл іске тыйым салып, қазақстандық заң орындары былтыр адамды клондағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Көрші Ресейде да клондау ісі қолдау таппады. 2002 жылы бес жылға тыйым салған орыстар ол мерзімді тағы да созды. Жасанды адам жасауға қарсылық білдірген отандастарына қарсы шыққан атышулы Владимир Жириновский ғана. Ол клон-адамдардың пайда болуы ел экономикасының дамуы мен демографиялық мәселені шешуде оң әсерін тигізеді деген пікірін ашық айтып жүр.

«Тек қана клондау емес, табиғи жолдан қарама-қайшы жасалған құбылыстарды жасаушылар жазалансын» дейді әлемнің оң ниетті ғалымдары. Сол үшін клондауға қарсы жазаны барынша күшейтуді сұрайды. Осындай қатал заңдар ғана, сірә, адамдарды қорқынышты зерттеулер жасаудан сақтайтын болар. Британдық адамдарды қайта жасау этикасы жөніндегі сарапшы Дикерсон мырза: «Халықаралық қауымдастық адамдарды клондауға қарсы келісімге қол қою керек» деген мәселені күн тәртібіне шығарды. Оның ойынша, өзге елдердің клондауға қарсы әрекеттеріне қосылып, клондауды зерттеумен айналысатын ғалымдарға қатысты халықаралық тексеру жүргізілуі керек. Қорытындылай айтсақ, клондау дегеніміз адами қасиеттерге мүлдем сай келмейді.

0 пікір