Аят сандарында не сыр бар?
Аят сандарында не сыр бар?
8 жыл бұрын 5658
Бақытжан Сабыржанұлы

Ирактан келіп, Анкара университетінде оқыған Юсуф Керкүклі Құрандағы «Ықылас» сүресі жайлы зерттеу жұмыстарының бас-аяғын, барысын былайша түсіндіреді:

Жаратушымыздың бүкіл қасиетін тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініндей ғып, нақты да дәл қамтыған Құрандағы «Ықылас» сүресінің бойында көп сыр жатқандығы, тіпті, оның аяттарының реттелу үлгісінде де ерекше астар, мағыналы мән жатқандығын іштей ұйып сеніп жүруші едім. Хадистегі: «Фатихаға қосылып 3 қайтара оқылған «Ықылас» сүресі құранды хатым еткенге жатады» делінгені осы Ықылас сүресін егжей-тегжейлі танып, зерттеуіме түрткі бола түсті. Ең алдымен сүренің әріптерін санап шықтым. Барлығы – 47. Бұлардың қатарында 13 өзгеше әріп кездесті. Осы әріптерді сүредегі ретіне қарай графиканың тігіне бір-бірлеп қойып шықтым. Бұдан кейін әр әріптің сүре ішінде қанша рет қайталанатындығын санадым. Мысалы, «қаф» әрпі 1 рет, «ләм» әрпі 12 рет, «хү» әрпі 4 рет қайталанады. Осы сандарды графика сызығының көлденеңіне Құрандағыдай солдан оңға қарай орналастырып шықтым. Енді тігі мен көлденеңінен бір-бірін қосатын бірнеше нүктелерді белгіледім. Қалған сызықтарын бір-бірімен қосып жүргізіп шыққанымда, міне, керемет, шыққан бейнеде Ұлы Жаратушымыздың аты сол күйінде анық бедерленген қалпы жазулы тұрды.

Сіздерге әңгімелеп болып отырған тағы бір қызықты жайт Алпай Йылмаздың басынан өтіпті. Ыстамбұл университетінің Ұшақ инженерлігі факультетінде оқитын Алпай қарбыз дәндерінде, әлемнің ультракүлгін сәулемен түсірген суретінде, адам жүрегінде, пияз қабығында, тіпті, кейіннен бал ара ұясында да табылған ұлы Жаратушымыздың «Аллаһ» деген атын әр кездестірген сайын оның құдіреттілігін, еш нәрсені де босқа жаратпайтындығын, әйтеуір, бір жерінде ұлы Күштің өзіне тән белгісі мен таңбасы, есімі тұратындығына көз жеткізеді.

Ар жағын Алпай Йылмаздың өзі былай түсіндіреді:

Осындай бір жылт еткен ой ұшқынымен Құран аяттары мен сүрелерін координаттық жүйеге тізіп, зерттеу ісімді бастадым. Ең алдымен, «Фатихадан» бастап «Насқа» дейінгі барлық 114 сүрелерді координаттағы көлденең сызық бойына (арабшадағы Құран оқылуындай етіп, оңнан солға қарай) тізіп шықтым. Енді тік сызық бойымен жоғары көтерілген сайын көлденең жатқан сызық бойындағы сүрелердің әр қайсысының аят сандарын көрсетіп отырдым. Алғашында түсініксіздеу болып кеткен нүктелердің сыртта қалғандарын қосып шыққанымда өз көзіме өзім сенбедім. Өйткені дәл алдымда еш қоспасыз, арабша «Аллаһ» деген жазу тұрды. Бұл жағдай – статистика ғылымының да Алла Тағаланың барлығын дәлелдейтіндігінің бұлтартпас айғағы.

Құран сүрелері мен аяттарын, олардың сандары мен Құрандағы орналасу тәртібіне қалай координаталық жүйе бойына түсірілгенде, әсем жазумен өрнектеліп шыққан Жаратушымыздың «Аллаһ» деген атын көру расында да таңғаларлық жайт.

Координаттағы шыққан жазуды кәдімгі өзіңіз әркез көріп жүрген жазумен салыстырыңыз. Координаттағы жазудың одан кем соқпайтындығы, артық нүктелерінің бей-берекет кездеспеуі кімді де болса таңғалдырып, таңдай қақтырары сөзсіз. Өздеріңізге айтып отырған координаттағы көлденең сызық бойындағы сүрелердің, атап айталық, алғашқы «Фатиха» сүресінің 7 аяттан тұрып, ал екінші орналасқан «Бақара» сүресінің бірден 286 аятқа көтерілуі тегіннен-тегін болмаса керек. Сәл мән бере қарасаңыз, бұл дегеніңіз арабшадағы әдемі жазу үлгісіне бағынып, «Аллаһ» сөзіндегі алғашқы «әлиф» әрпінің басқа әріптерден ең ұзыны болу шеңберінен ауытқымауы емес пе?

Ендеше, осы тұрғыдан қарағанда, Құрандағы 114 сүренің бойында бұндай дүниенің кездесуі жай ғана кездейсоқтық болғаны ма?! Олай деуге келмес.

Графикада «Аллаһ» деген сөз соңындағы «хү» әрпі бейнеленетін жерге келгенде нүктелер жыпырласып, топтасып, дәл бір әсем жазу үлгісін бетке ұстап, соңғы әріпті де әдемі түсірейік деп талпынғандай. Шынында да, өте ғажап!

1 пікір