Алла Тағала неге адамдарды бай-кедей ғып жаратқан. Оның сыры неде?
Алла Тағала неге адамдарды  бай-кедей ғып жаратқан.  Оның сыры неде?
3 жыл бұрын 3299

Байлық – мұрат емес,
Кедейлік – ұят емес.
Халық мақалы

Ең алдымен, бұл бес күндік пәни дүниенің адамзат үшін үлкен «сынақ мекені» екенін бір сәт естен шығармауымыз қажет.

Сондай-ақ, ақыретті есепке алмастан тек қана осы пәни дүниенің күрмеуге келмейтін қысқа өлшемдерінің шеңберінде мұндай сұрақтарға жауап беруге тырысу да бос әурешілік. Ондай жағдайда сұрағымыз да тұщымды жауабын таба алмай, бейнебір мағынасы аяқсыз қалған кітап яки екінші бөлімі көрсетілмей қалған фильм іспетті жарымжан күй кешері даусыз. 

Алла Тағала өзі қалаған кейбір пенделерін мал­мүлік, байлық, дәулетке кенелтіп, қайсыбіріне кедейліктің  қамытын кигізеді. Бұған қоса, адамның білімінің, тәжірибесінің, еңбегінің де байлыққа қол жеткізу үшін керекті себеп екенін ұмытпағанымыз жөн. Бірақ бай болу үшін адамның бұл қасиеттерге ие болуы жеткілікті емес. Өйткені, Алла Тағала дүние­мүлікке ие болудың барлық  себептері  мен  шар­ттарын орындап, күндіз­түні зыр жүгірген адамға байлық бермеуі де мүмкін. Яғни, бұл тұста пешене, рызық мәселелерін де ескерген жөн.

Әрбір адам мол рызыққа, несібеге жету үшін қолынан келер бар іс-әрекетті жасауы тиіс. Сосын Раббысының нәсіп еткен азды-көпті үлесіне разы бо­лып, соған қанағат етуі ләзім.

Байлықты әрдайым Алланың құлдарына берген жақсылығы деп түсінбеуіміз қажет. Әсіленде, Оның құлдарына берген байлығы да, кедейлігі де – сынақ. Құран Кәрімде: «Сендердің малдарың да, бала­шағаларың да сынақ ретінде берілді»[1]делінеді. Байлыққа қол жеткізу – бақытқа кенелу деген сөз емес. Бай бола тұра жан дүниесі байыз таппай бақытсыздықтан басы қатып, тіпті, өздеріне қол жұмсаған адамдар да аз емес. Қаншама байлар кедейдің бір күнгі алаңсыз бақытты өміріне зар, тіпті сол бақытты бір-ақ күн үшін барлық  дүниесін бере салуға пейіл. Қара нан мен қара шайды қайғысыз ішкен қанағатшыл кедейдің қол жеткізген рахаты мен ләзззатын дәулетті кісілердің көбі небір тәтті мен дәмдіні жесе де, қол жеткізе алмай жатады. 

Бірақ, кедейлікті де бақытқа  жетудің төте жолы деп түсініп қалмайық. Кедейліктің салдарынан басын тас­тан­тасқа ұрып, өмірден түңілген жандар да қаншама. Демек, байлық та, кедейлік те адамды бақытты ететін негізгі себептер емес. Себебі, адам тек асқазаннан ғана тұратын жаратылыс емес. Оның рухы, жүрегі, ішкі сезімдері, ар­ожданы бар. Негізінде адам баласын басқа жаратылыстардан үстем ететін ерекшеліктері де адамның, міне, осы жақтары. Адам баласының осы ішкі рухани жан-дүниесі қанағаттандырылмайынша,  бүкіл әлемді жалғыз өзі уысында ұстаса да, оның бақыты бәрібір баянсыз, күлкісі жалған.

Шынтуайтында, әр адам жағдайы өзінен жоғарыға емес, өзінен де нашар адамдарға қарап өз жағдайына қанағат етуді, шүкіршілік жасауды ғұмырының негізгі ұстанымы ете білсе, өмірден опық жемейтіндігі ақиқат.  Мысалы, кез-келген адам өзінен  де жағдайы жақсы адамды өмірде кездестірері шындық. Сонда әлгі адам өз басына жетерлік жағдайы болса да, ана адамға қарағанда өзінің кедейлеу болғанын ойлап, ішін әлдебір қызғаныш тырмалап, өз-өзін кедей санап, Құдайға назалануы мүмкін. Ал ана бай өзінен де бай басқа адамды көріп, ол да бәсекелестік пен қызғанышқа шырмалуы ықтимал. Алайда,  өздерінен де төмен жағдайдағы адамдарға бір сәт көз тастап, өзіне берілген жақсылықтарға ой жүгіртсе, Құдайға мұң шағуды қойып, шүкіршілікке бет бұрар еді. Адам көбіне есепсіз Құдай Тағаланың берген теңдесі жоқ өз бойындағы байлықтан хабарсыз. Зағип адам ешқашан үйдің тарлығын айтып шағымданбайды.  «Япырай, «көз» деген, айналайын, басқа ешбір байлықпен өлшенбейтін Құдайдың берген керемет сыйы екен ғой, мен мұны неліктен ерте сезінбеді екенмін» деп Құдайдан жатса да, тұрса да басқа дүниені емес, тек көзінің айығуын тілейді. Ашаршылыққа душар болған жұрт та «шіркін, бір үзім нан болса ғой» деп аңсайды. Ол алтын мен күмісті яки  жақсы машинаны емес, тек соны тілейді. Демек, кедейлік пен байлық адамның өз жүрегіндегі  «қанағат» сандығында жатыр. Байлық та, кедейлік те өзгелерге қарап өлшенгендіктен, бұлардың бәрі салыстырмалы түрде болмақ. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Өздеріңнен көп берілгендерге емес, аз берілгендерге қараңдар! Сонда ғана Алла Тағаланың сендерге нәсіп еткен нығметтердің қадір-қасиетін ұғынасыңдар»[2] десе, басқа бір хадисінде: «Нағыз байлық мал-мүліктің көптігінде емес, жүректің, жан дүниенің кеңдігінде»[3] деп шынайы байлықтың мән-маңызын дәлме-дәл ашып берген.

Иә, қанағат – түгесілмейтін қазына. Қанағатсыз адам қанша бай болса да дүниеге тойымсыз келеді. Өйткені, ондай адамның ішкі дүниесі кедей. Ал қанағатшыл  адам қара нан жесе де дүниесі түгел. Себебі, оның жан дүниесі бай.

 Ыбырай Алтынсариннің «Сақып» атты мына бір қысқа әңгімесі осы айтқанымызды дөп басып суретте­гендей:

«Сақып деген бір жақсы кісі мал жинамай жүріп, ақырында әл кеткенде қатты кедейшілік тартып, бір күні етігі болмаған соң жалаңаяқ далада жүргенінде, аяқтарын тас жыртып ренжіңкірепті. Сөйтіп келе жатып, екі аяғы жоқ ағаш балдақпен жүрген бір тіленшіге жолықты. Мұны көріп, Сақып аһ ұрып айтты дейді:

– Әй, Құдайым, ренжігеніме тоба қылдым, шүкір саған  – менің жүруге аяғымды аман сақтағаныңа; мынау балдақты бишараға жаңадан аяқ табылса, жалаңаяқ та болса жүруді дүниенің бір қызығы деп білер еді-ау деді,-дейді».[4]

«Алла Тағала барлық құлдарын неліктен бірдей бай етіп жаратпаған?» деу де орынсыз. Өйткені жалпы жаратылыстың өзі позитив және негативтік жүйеден құралған. Токтағы минус­плюс, бұлттардағы негатив-позитив ағымдары және қатты­жұмсақ, суық­ыстық, қараңғы­жарық, әйел­еркек сияқты көптеген мысал келтіруге болады. Міне, осы кереғар заңдылықтар  арқылы жалпы ғаламда тамаша үйлесімділік, керемет жүйе сақталуда. Олай болса жалпы ғаламның негізгі бір бөлшегі сана­латын адамзат та ғаламдағы осы кереғар  заңдылыққа бағынуы тиіс. Сөйтіп қоғамның біртұтастығы, өзара үйлесімділігі сақталады. Қоғамдағы әрбір тұлға басқа бір тұлғамен бірігіп селбескенде ғана өз қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Барлық адам басшы болып кетсе, кім кімге басшылық етіп, кім кімге жұмыс істемек? Міне, сондықтан қоғамда біреуі басшы болса, екінші бірі соған тәуелді жұмысшы, енді бірі дәрігер болса, басқа бірі ауырып ем қабылдайды. Бұлардың бәрі табиғи түрде Ұлы Жаратушының қойған белгілі заңдылықтарымен жүзеге асып жатады. Сондықтан бір адамның бай, екінші бір адамның кедей болуы – табиғи нәрсе болумен қатар, жалпы ғаламдағы Ұлы Жаратушының қойған кереғар заңдылығының бір көрінісі.

Барша адам бірдей бай немесе кедей болсын деу – барлық  адам бірдей басшы яки бәрі  ер кісі немесе түкел әйел болсын дегенге саятын күлкілі жайт. Осы жобалас істі жасамақ болған кешегі коммунизмнің немен аяқталғаны бәрімізге белгілі. 

Түптеп келгенде, Алла Тағаланың адамға байлықты беруі де, бермеуі де игі һәм қайырлы. Адам егер берілген мал­мүлік, дүниені жақсы жолда жұмсап, сол байлықты берген оның шынайы Иесіне үнемі шүкір етіп, кедей­кепшіктерге қол ұшын созып, ғұмырын ізгілікпен, қайырымдылықпен өрнектей білсе, онда байлық ол адам үшін әлбетте қайырлы. Алайда байлықтың буына мастанып, оны берген Жаратқанды естен тарс шығарып, небір күнәға батып, айналасындағы кедей­кепшік, мұң-мұқтаждарға мұрнын шүйіре қарап, өзге байлармен бәсекелесіп, бақталасқандар үшін байлық әрдайым қатерлі, әрі ақыреттік өмірін тамұқ ететіндіктен қайырсыз. Кедейлік те дәл осылай. Егер кедей адам қара нанның өзін қадір тұтып, қара суды қанағат ететін иман нұрына шомған жан болса, кедейлік мұндай адам үшін қайырлы. Өзінің әлсіздігін түсініп, Ұлы Жаратушы­сына деген мұқтаждығын әр сәт естен шығармауға итермелейтін кедейшілікті қалай ғана қайырсыз дей аламыз? Оразада күні бойы ауызға нәр татпай, ауыз ашарда ішкен бір жұтым суды тұла бойымыз шымыр­лап, бар жан-тәнімізбен сезінеміз. Жоқшылық та Ұлы Жаратушының адамға берген сансыз нығметтерінің қадір­қасиетін түсіндіреді.

Иманды жан Ұлы Иесіне «неге кедейлік бердің?» деп шағым жасауы былай тұрсын, «маған байлық бергеніңде, бәлкім, сол байлықтың буына мастанып, Сені естен шығарып, Саған деген мұқтаждығымды қазіргідей сезінбес пе едім?» деп, кедейлікпен сынаған Раббысына шүкір етеді. Кедейлікті әрдайым Раббысы тарапынан тарту етілген сансыз сауаптың қазынасы мен мәңгілік байлықтың қайнар көзі деп біледі. Себебі, кедейлігіне сабыр етіп, шүкір ете білген жан Раббысының ризашылығына бөленіп, ақыретте мәңгілік бақытқа кенеледі.

Ал, керісінше, жүрегі иманмен нұрланбаған жандар үшін кедейлік те қайырсыз. Күн сайын байлардың байлығына қызыға қарап, өзі ондай мал­мүлікке ие болмағандықтан ішін қызғаныш өрті шалып, үнемі өзгелердің ақшасын сырттай санап әуре болады. Мұндай жандар уақыт өте келе Раббысына қарсы шығып, күпірліктің тас түнегінен бір-ақ шығады. Сөйтіп, кедейлік сынынан сүріне құлап, ақыретін де жоқ етеді. 

Міне, Ұлы Жаратушының байлығы да кедейлігі де адамдар үшін сын­сынақ. Байлықты да, кедейлікті де жақсы, жаман дей алмаймыз. Өйткені, бұлардың қайырлы яки қайырсыз болуы адамның өзіне байланы­сты.

Иә, мына қысқа дүниеде бір айлық жалақы алу үшін күні бойы барымызды салып жұмыс істейміз. Ендеше, ана дүниеде мәңгілік бақытқа, көз көріп, құлақ естімеген, ойша елестете алмаған Раббымыздың ғажайып сыйына қауышу үшін мына дүниеде кезде­скен кейбір  қиыншылықтар мен кедейшілікті ауыр­сынып, өкпе артуымыз былай тұрсын, ризашылықпен күле қарсы алуымыз керек емес пе? Бұл дүниедегі уақытша кедейліктің есесіне ақыретте мәңгілік бақытқа қауышуға кім разы болмас?!

Мәселенің екінші жағы – кедейлер ғұмыр кешкен қоғамға байланысты болмақ. Егер сол қоғамда өмір сүретін әрбір дәулетті адам тек өзінің қара басын ғана ойламай, Құранның: «Тақуа жандар – Алла Тағаланың өздеріне берген нәсібесінен (кедейлерге, қажетті жерлерге) жұмсайды, (игілік жолында сарп  етеді)»[5], «Олардың байлықтарында кедейлердің белгілі мөлшерде үлесі бар»[6] секілді аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жанындағы көршісі аш екенін біле тұра өзі тоқ ұйықтаған адам толық иман еткен болмайды»[7] секілді хадистерін әрдайым жа­дында сақтап, байлықтарының қырықтан бірін зекет етіп мұқтаждарға берер болса, мұндай қоғамда кедейліктен түңіліп, үміті үзілген пенде қалмас еді.

Бұған қоса, кедейлердің де оқып-білуіне, жұмыс істеп, тұрмыстарын жақсартуларына мүмкіншілік жа­сап, жол ашу әрі олардың мүддесін қорғау –  сол қоғамның басшыларының міндеті. Ақыретте олар  да қарамағындағы адамдар үшін жауапқа тартылары сөзсіз.

Иә, мұсылман қоғамында «мен ғана жейін, өзім ғана қызығын көрейін» секілді өзімшілдік түсініктер емес, өзара көмектесу мен мейірімділік, адамгершілік, шыдамдылық қағидалары үстемдік етеді. Мұндай қоғамда дәулетке кенелген жандардың жүрегінде әрдайым мейірімділік самалы ессе, кедейлердегі қызғаныш сезімі өз орнын «бәрекелді, байлығың тасығыр» деген игі тілектер мен шынайы лебіздермен айырбастайды.

[1] Тағабун сүресі/15.
[2] Муслим, Китабуз-зуһд. Бухари, әр-Риқақ. Бухаридегі риуаятта былай делінеді: «Сендерден де көп дүние берілгендер мен жаратылыстары сендерден де артық болғандарды көрген уақытта өздеріңнен де төмен болғандарға қараңдар!». Және қараңыз: Әбу Зәкария Мухиддин Иахия Ән­Нәуәуий, Нузһатул­Муттақин, 1­том, 353­бет. Муәссисәтур­Рисәлә, Байрут 1991ж.
[3](ليس الغني عن كثرة العَرَض ولكن الغنى غنى النفس" (أخرجه مسلم Хадисті Имам Муслим жеткізді.
[4] Ыбырай Алтынсарин, Таңдамалы шығармалары, 125-бет. «Ғылым» баспасы, 1994 ж.
[5] Бақара сүресі, 3-аят.
[6] Мағариж сүресі, 24,25-аят.
[7]ليس بمؤمن من بات شبعان وجاره جنبه جائع   Хадис Ибн Аббастан риуаят етілді.

0 пікір