Хат қоржын: Құдайға шүкір етуді үйрендім...
Хат қоржын: Құдайға шүкір етуді үйрендім...
2 жыл бұрын 2828
Мейірмангүл Аманғалиқызы

Кеше баламды неврологқа алып бардым. Бір жасқа толғанда медициналық тексеруден өткізу шарт. Ауруханаға барсам, алдымда бір ғана бала бар екен. Әшейінде ұзыннан ұзақ кезек тұратын есіктің алды бұл жолы бос екен. «Жолым болған екен», - деп қатты қуанып кеттім.

Бір кезде әлгі бала енді кірейін деп тұрғанда қолдарында бір-бір бала көтерген ерлі-зайыпты келе қалды да, есікті ашып дәрігердің кабинетіне кіріп бара жатыр еді «Кезек!» деп дауыстап қалдым жанып шыға. «Біз кезексіз кіреміз» – деп, әйел жанындағы күйеуі көтеріп тұрған қызын нұсқады. Сөйтсем, көтеріп келген баласы сал екен. Жүре алмайды, аяқ-қолын қозғалтудан да қалған. Жасы 4-5 шамасында сияқты. Ал аузында емізік...

«Құдай сақтасын» дедім ішімнен. Кезегім келгенше терең ойға батып кетіппін. «Аяқ-қолы, дене мүшесі сау екі ұл берген Алла Тағалаға сансыз шүкір! Өткенде үлкен ұлым, одан кейін кіші ұлым, бірінен соң бірі қосыла ауырғанда біраз әбігерге түсіп едім. Уақытша сынақты көтере алмай, сонда асылық сөйлеп қойдым-ау, сірә дедім өзіме. «Алла мені аурумен сынап жатыр» дейтінмін мұндайда. Алла мені аурумен сынаса, уақытша ғана, жеңіл ғана аурумен сынаған екен-ау. Бұдан да зоры келсе қайтер екем? Әлгі ерлі-зайыпты секілді туылғаннан ауру бала бағып отырған жоқпын. Солай болғанда қайтер едім?! Құдай бетін ары қылсын! Аяқ-қолы балғадай екі ұлды сыйлағанына сансыз шүкір! Күйеуім кешке жұмыстан келгенде, «шарша-а-а-п кеттім” деп егілетінмін. Ол сөзім бекер екен! Туылғалы сал баланы бағып отырған мына ана мен сияқты «шаршадым» демейтін шығар…”

Әлгі қыз балаға жаным ашыды. Туылмай жатып осындай болуына кім кінәлі?.. Жүрегім ауырды. Әлі көз алдымнан кетер емес. “Тағдыры солай болғаны ғой” деп жұбатамын өзімді...

Солай ішімнен сөйлеп, ойға батып отырғанымда: «Тек қол қойдыртамын да шығамын, бірдеме сұрай саламын, бірдеме бере саламын» дегендер көбейіп кетті. Іштегі бір дәрігер танысын келіп тағы өткізіп жіберді. Енді кірем дегенде, «кварц, жарты сағат күт» деді дәрігер. Тағы да күттім…

Жанымда бір келіншек отырған, кішкентай ғана бір қызын алып келіпті дәрігерге. Менің үлкен ұлыммен қатарлас болған соң, қарап отырғанша, әңгімелесейін деп:

– Нешеде? - деп сұрадым.

– Екіден асты.

– Тілі шығып, сөйлеп жүр ма? – деп едім: – Құлағы естімейді, – деді. Жүрегім тағы зу ете қалды. «Құдай-ау, шүкір-шүкір» дей бердім. Әңгіме жалғаспады… Жарты сағат өтіп, енді кірейін деп тұрсам, бір келіншек келіп:

– Бірдеме жаздыртып алайын деп едім. Көп уақыт алмаймын, – деді. Келген кездегі қуанышымнан түк қалмады. Балам да мазасызданып кетті. Бұл жолы өткізгім келмеді.

– Жоқ, ренжімеңіз, бағанадан бері өткізіп тұрмын, дәрігерлер де арасында өз адамдарын кіргізіп жіберді. «Бірдеме сұраймын, қол қойдыртамын» дегендер де көбейіп кетті. Арасында мүгедектер де бар кезексіз кіріп жатқан. Сіз де мені түсініңіз, өткізе алмаймын, – дедім шыдамым таусылып. Менен кейін де қаншама адам кезекте тұр еді.

– Менің де балам мүгедек, рас айтам! – деп әлгі келіншектің көзіне жас шығып кетті. Оған қарсылық білдіре алмадым...

Бұл кезек осылайша маған Құдайға шүкір етуді үйретті. Естіген-көргендеріме жүрегім ауырып, алдыма ұстап отырған баламды қайта-қайта қыса құшақтап: «Құдайға шүкір, енді шаршадым демеймін!»– дедім ішімнен...

2 пікір
  • Ияя, расында да Құдайға сансыз шукір.Ауруханада практикада жүрген кезде жаман аурумен ауыратын сәбилерді көріп журегім ауырып кетеді. Әлемдегі барлық сәбилер ауырмағанда ғой. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, балапандарыңыз ауырмасын
    2 жыл бұрын
    • Баламыз суық тиіп ауырғанда есіміз кетеді, расында сондай аналарға төзімділік берсін. Аллаға шүкір, балапандарымыз аман болсын,
      2 жыл бұрын