Жауапсыздықтың жазасы
Жауапсыздықтың жазасы
8 жыл бұрын 4265
"Тағылым таразысы" кітабынан

Қауырт жұмыспен жүріп сағаттың бес болғанын түнгі кезекшіліктегі медбике келгенде бір-ақ білдім. Бала емдеу қызметі емханадағы ең бір шаруасы көп, сапырылысып жататын қызмет болғандықтан, енді ғана күні бойғы қызу аяқ алыс саябырсып, емхана іші бір сәт тыныштыққа бөленген кез. Мен де кешкі емімді жасап болып, уһ деп дем алып, бір кесе шаймен жан шақырайын деп кабинетке бет алдым. Шаршағаным соншалық – үсті-басымды реттестіріп, өзіме қарауға да мұршам болмады. Кабинетке келгенім сол-ақ екен, телефон тағы безілдеп қоя берді. Отырған орнымнан әрең дегенде тұрып, телефон тұтқасын көтергенімде, ар жақтағы дауыс аяқ асты көлік апаты болғанын, апатқа ұшыраған жолаушылардың ішінде кішкене балалардың да бар екенін, балалардың тамырын табу қиынға түскендіктен шұғыл түрде көмекке келуімді өтінді. Бар шаршағанымды лезде ұмытып, уақытында үлгерейін деп дереу бөлмемнен шығып бара жатқанымда, кезекші дәрігердің ми хирургына телефон соғып, келетінкелмейтіндігі жайында керілдесіп жатқандықтарын құлағым шалып қалды. Кезекші дәрігердің ренжіп айғайлаған даусынан құлақ тұнғандай:

– Енді не қыл дейсіз?! Сонда қараусыз бұл адамдардың бәрі өлсін дейсіз бе?! Ештеңені білмеймін, тез келіңіз!.. Қонаққа баратындығыңызда менің шаруам жоқ! Өте маңызды қонақасы болса, алдын-ала кезекшілігіңізді біреумен ауыспадыңыз ба?!.

Олар осылай айғайласып жатқанда, мен келген лифтімен тез арада төменгі қабатқа түсіп, жүгірген күйі жедел жәрдем көрсетуге кеттім.

Айналаның бәрі қан. Улаған-шулаған ел. Жылаған дауыстар. Әркім өз жақындарын іздестіріп жатқан бұл көпшіліктің ішінде неден бастап, не істеу керектігін біле алмай дал болдым, дегенмен бәрі де қолынан келгенше бір-біріне көмектесіп жатыр. Жедел жәрдем көлігінде орын қалмағандықтан, жараланған адамдарды жақын маңайдағы ауруханаларға жеткізісіп жатты. Алғашқы көмек жасалғанмен қатты соққы алғандардың арасынан жағдайы тым қиын, ет жақын ешкімі жоқ 15-16 жасар бір балаға көзім түсті. Хирург қызмет орнына әлі келе қоймағандықтан, бала шетке шығарылып қойылған-ды.

Жараланғандарға қолымнан келгенше ем жасағаннан кейін әлгі баланың қасына барып, оны ақырын сөзге тарттым. Ол менің бар айтқанымды түсінгенімен жауап бере алатын күйде емес еді. Өмірінің соңғы сәттері екендігін сезгендіктен, іштей қайғырып, жалғыз тастауға дәтім бармады. Мен оған қарап жатқанда, жедел жәрдем көлігі де босап, жаралалылар керекті ауруханаларға жеткізілді. Баланың жағдайы тіптен нашарлады. Ол менің қолымды қатты қысқан күйі «кетпе» дегендей көзінен жас парлап жатты. Мен еңкейіп оның бетінен сүйдім. – Қорықпа, сені жалғыз тастамаймын, бір мәнісі болар, – деп оны жұбатқан сайын бұрын-соңды көрмеген, маған бейтаныс бұл балаға ерекше бір жақындық сезіндім, оның қиналғанына өзім де одан бетер қиналғандай күй кештім. Миы зақымданғандықтан әрі ең қиын сәтте жақындары болмай, жалғыз қалғандықтан, бала қатты қиналумен болды. Онымен тағы қанша уақыт бірге отырғандығым есімде жоқ, бірақ ол бұл дүниемен әлдеқашан қош айтысқан болатын. Мен сонда да жас баланы өлімге қимай, әлі келе қоймаған хирург тез жетсе екен деп қатты тілдедім. Сол арада бала жаны үзіліп кетті. Сөйткенше хирург та келді. Маған ол баланың бетіне жапқан матаны алуымды сұрады. Матаны алғанымда, келген дәрігер бір ауыз тілге келместен буын-буынынан әл кетіп сылқ етіп жерге құлады. Не болғанын түсінбедім. Үлкен қонақасыдан келген еді, арақ-шарап ішіп қойды ма екен, жоқ әлде, жүрек талмасы ұстап қалды ма екен деп ойлап тұрғанымда, басқа дәрігерлер мәселенің мәнжайын ұғып та үлгеріпті. Келген хирург жаңа ғана ми жарақатынан қинала жан тапсырған баланың әкесі екен! Өкінішке қарай, өз қызметіне салғырт қарағандықтан, өз баласын ажалдан арашалауға қол ұшын бере алмай, өмір бойы өзегін өртер өкінішке ұрынды.

Жалғыз баласының күйігінен жүрек талмасына шалдыққан әлгі дәрігер қайтып қызмет орнына орала алмады...

4 пікір
  • Тусиниксиз ангиме. Хирург келгенше реаниматолог , терапевт алгашкы комке корсетип реанимация болимине жеткизу керек кой. Хирург келгенше бетине ешким карап турмайды гой. Хирург ондай ауыр жагыдайда операция бастамайды. Журтты адастыратын осындай ангимелерди не ушин шыгарасыздар. Кандай ауыр жагыдай болмасын биринши мига ИВЛ аппаратымен оттеги (кислород) берип орталык нерв жуйесин Аман алып калау керек, Ол реаниматолгтын жумысы. Сиздердин ангимелериниз бойынша хирург сол керек деген магынада сиякты. Отинем кызыкты ангиме жаза алмасаныздар , сол саланын мамандарымен акылдасу керек шыгар?
    8 жыл бұрын
    • менинше бари тусиникти жане ой саларлык такырып!Сондыктан жауапты болыныздар ар емделушилерди оз баланыздай кориниздер!!!
      8 жыл бұрын
  • Сымбат, кешіріңіз. Бірақ сізбен келіспеуге рұқсат етіңіз. Бұл жерде мәселе хирургта немесе реаниматологта емес, бұл жерде әңгіме дәрігердің салғырттығында боп тұр. Бұл әңгіменің мақсаты осында.
    Қай мамандық иесі болсын, алған ақшасын адалдап алу керек қой. Ал әрбір дәрігер Гиппократ антын қабылдайтынын білеміз, дәрігерге артылар жүк те ауыр.
    8 жыл бұрын
  • Казир тек кана дарилерди мамандар Гана емес барлык салада билим жетиспейди, барлыгы оз жумысы на салгырт карайды. Ал даригерлер жумысы адам омиримен ткелей байланысты болгандыктан бирден козе туседи. Мейли кналай бериниздер , брак одан ештене шыкпайды.
    8 жыл бұрын