Бір тамшы жас
Бір тамшы жас
3 жыл бұрын 10753 islam.kz
Бекен Қайратұлы

Осы хикаяны баяндаушы – атақты имам, әрi Бағдад қаласының фақиһы Ахмет ибн Мискин: – Бұл оқиға мен Балх қаласында өмiр сүрiп жүргенде басымнан өткен едi, – деп сөзiн бастады. Сол уақытта Хорасан шейхы, ғұлама уағызшы, ұлы заһид, хүкiметтерiнiң күштiлiгi үшiн «үмметтiң Лұқпаны» атанған Абдуррахман ибн Хатим әбу Иусуфта Балхта болатын. Бұл кiсiнiң жамағатқа уағыз айтатын арнайы мәжiлiсханасы да бар едi. Бiрде соған бардым. Шейх бiр жұмыстарына байланысты кешiгiп келетiнi туралы шәкiрттерiнен айтқызыпты. Көпшiлiкпен бiрге мен де күтiп отырдым. Жиналған жұрт: «Шейх келгенше бiзге бiреу уағыз айтсын!» – деп ұсыныс жасады.
Көпшiлiктiң тiлегiн мақұлдаған шейхтiң шәкiрттерiнiң бiрi келiп, менiң қолымнан жетелеп әкелiп шейхтiң уағыз айтатын мiнберiне шығарды да: «Уа, Ахмед ибн Мискин, сiз Бағдатта болып дiн ғұламаларының дәрiсiн тыңдаған адамсыз. Әһлi сүннет имамы, өз заманының «Шейхуль Исламы» атанған Ханбали мәзһабы медресесiнiң негiзiн қалаушы Ахмед ибн Ханбалимен бiрге болғансыз. Сахабалар дәуiрiнен кейiнгi, Алланың жер бетiндегi үлгiсi атанған, тақуалықтың көшбасшысы – Бишар әл-Хафиден бiлiм үйренгенсiз. Бұл жерде уағыз айту, сiзге лайық», – дедi.
Осындай мәртебелi таныстырудан кейiн барша адамның назары маған ауды. Назарлар нәпсiмдi оятып жiбердi. «Уаллаһи! Бұл да сынақ», – дедiм iшiмнен.

Адамдардың назары саған ауып, ынтыға қарауы сынақ емей немене? Бұл сынақ болғанда, атаққұмарлық нәпсіні оятып, адамдардан дәрежем артық деп ойлап қалатындай тәкаппарлану сынағы. Пәнидiң ең қатты сынағы да осы. Жүрегімде рия пайда болып, барша iзгi амалдарымды жойып, сауабымды бекер қылар деп қатты күйзелдiм. Алла алдында ықыласты болуым үшiн, көпшілікке ықылас мәселесiн естерiне салдым да, нәпсiмдi тыйып, өзiмнiң басымнан өткен мына бiр хикаяны баяндауға кiрiстiм.

Ахмед ибн Мискиннің хикаясы

–  Хижраның 219-шы жылы болатын. Мен Бағдадта едiм. Әйелiм және кiшкентай ұлым бар. Үйімде тiске басатын дән жоқ, аштықтың азабына ұрындық. Таршылыққа ұшырадық. Үйiм күйiп тұрған сахараның дәл өзi сияқты. Аштықтан әйелiм жылай бастады, оған балам қосылды. Қиналғаным соншалық, үйдiң ағашын кемiруге шақ қалдым. Содан ойыма келгенi: «Үйiңнiң ағашын жей алмайсың, одан да сатып ақшасын жемейсiң бе?» Үйiмдi сатуға ниет қылдым. Оны сату маған өз терiмдi сыпырып тастағанмен бiрдей едi. Қатты қиналдым. Қайғырғаннан түнде ұйықтай алмадым. Түннiң соңғы бөлiгiнде тұрып, мешiтке келiп, намаз оқыдым. Алладан ризық сұрадым. Осы халде таң намазына дейiн болдым. Одан соң жамағатпен бiрге таң намазын өтедiм де, артынан екi қолымды көтерiп: «Аса қамқор, мейiрiмдi Алла! Кембағалдығымның дiнiмде болғанынан сенен пана тiлеймiн. Сенен менi сабырым арқылы жөндейтiн пана тiлеймiн және тағдырыма риза болуымды тiлеймiн. Сенiң тағатыңа қуат, бұйрықтарыңа ризалық тiлеймiн. Я, Рахман рахим!» – дедiм. Тағы бiраз уақыт отырдым. Күн шығып, сәске уақыты кiрдi. Мешiттен шықтым да үйiмдi сатып алатын адам iздестiрдiм. Үйiм сатылса бірнеше күннен берi нәр татпаған әйелім мен баламды тамақтандырамын…

Қиналып келе жатып көптен танитын досым Әбу Насыр ас-Соядты кездестiрдім. Оған: «Ей, Әбу Насыр, мен үйiмдi сатпақпын, тұрмысым тарылып кеттi. Әйел, балам көптен берi аш. Үй сатып алатын ешкiмдi бiлмейсiң бе? Маған қарыз тауып бер, үй-iшiмдi тамақтандырайын, үй сатылса ақшаңды қайтарамын», – дедiм. Ол:

– Жағдайың осынша қиындап кеткенi ме? – дедi.

– Иә, дәл осылай болып тұр.

– Ендеше мынаны ала тұр, iшiнде шейхтiң берекесi дарыған зат бар, – деп маған қолындағы ораулы затты ұсынды. Ашып қарасам, iшiнде екi тiлiм нан, аз ғана халуа бар екен. «Осыны ал да, үй-iшiңдi тамақтандыр, мен үйiңдi сатып алатын немесе қарыз ақша беретiн бiреудi қарастырайын», – дедi. Досыма ризашылығымды бiлдiрiп, одан «Шейхтiң берекесi не?» – деп сұрадым.

Шейхтің берекесі

– Бір күн бұрын мен сенiң бүгінгідей халiңде болдым. Бiр апта бойы құрған торыма балық iлiнбедi, аштықтан бала-шағам бұралып жатты, – деп әңгiмесiн бастады Әбу-Насыр ас-Сояд. Содан қатты уайымға түстiм. Кеше жұма намазынан соң менiң қатты қайғыда екенiмдi байқап қалған Бағдадтың имамы шейх Бишр әл-Хафи:

– Сен неге осыншама қайғыда жүрсiң? – деп сұрады.

– Уаллаһи, үйiмде тамақ қалмады, сататын ештеңем жоқ, осыған қайғырып отырмын, – дедiм. Ол кiсi: «Аллаһу мустаъан (жәрдем тiлейтiнiмiз бiр Аллаһ) торыңды ал да, менiмен жүр», – дедi. Екеумiз балық аулайтын хандыққа келдiк. Шейх өзi дәрет алып, маған да соны iстеттi. Одан кейiн «екi ракаъат намаз оқы», – деп бұйырды. Өзi де оқыды. Намаздан кейiн қатты жалбарынып дұға жасады. Сөйтiп: «Торыңды таста», – дедi. Торымды тастадым. Кешiкпей торыма бiр нәрсенiң iлiнгенiн аңғардым. Тартып көрсем, ауыр екен. Шығаруға күшiм жетпедi. Шейхтi көмекке шақырдым. Екеулеп тартып шығардық. О, Аллаһ! Өмiрде көрмеген, семiз, дәу балық шықты. Аллаһқа мақтаулар айтып, шүкiр еттiм. Ендi көтерейiн десем, тағы шамам жетпедi. Тағы да шейхтi көмекке шақырдым. Шейх балықты иығыма салып берiп: «Базарға апарып сат, бала-шағаңа тамақ ал», – дедi. Мен шейхқа алғысымды айтып, балығымды көтерiп, базарға беттедiм. Базардың кiре берiсiнде бiр саудагер кездесiп: «Мына балықты сатпайсыз ба?» – деп өтiндi. Аузыма түскен аса қымбат бағаны айта салдым. Уаллаһи, саудагер еш саудаласпастан сұраған бағамды бердi. Ақшама нан, халуа сатып алдым да бiрден үй-iшiмдi тамақтандырдым. Олар тамақтанған соң қарасам, әлi артылып қалған нан мен халуа бар екен. Осыны бiреуге берер болсам, адамдардың жақсысы шейх Бишр әл-Хафиге берермiн, – деп шештiм. Сөйтiп, оның үйiне барып, есiгiн қақтым. «Кiмсiз?» – деп өзi сұрады. «Әбу Насыр ас-Соядпын» – дедiм. «Егер қолыңда бiрдеңе болса, оны есiктiң сыртына қалдыр, үйге ештеңе алып кiрме», – дедi. Қолымдағы нан мен халуаны сыртқа қалдырып үйге кiрдiм. Сөйтiп, келген шаруамды айттым: «Ұлы Аллаға мақтаулар болсын! Мына бiр артылып қалған нан мен халуаны дұға етiп көмектескенiңiз үшiн сiзге сыйлық ретiнде берудi дұрыс көрдiм», – дедiм. Шейх күлiп жiбердi де: «Ей, Әбу Насыр! Егер осыны өзiмiзге жегiзетiн болсақ, балық шықпас едi». Яғни, осындай iзгi амалдарымыз үшiн, сыйлық алатын болсақ – балық шықпас едi. Өйткенi, Алла менiң дұғамды қабылдағаны үшiн балық шықты. Әрi менiң күмәндi iстерден сақтанғандығым үшiн балық шығып тұр. Сауапты амалдар үшiн немесе жасаған дұғасы үшiн адамдар ақы алса онда балық та шықпайды, ризық та келмейдi, дұға да қабыл болмайды. Ақыры шейх орамалды қайтарып жiбердi. Мен содан келе жатырмын. Бұл саған қажет. Үй-iшiңе апарып бер. Мен сенiң үйiңдi сатып алатын, әйтпегенде қарыз ақша беретiн адам iздестiрейiн, – деп досым кетiп қалды.

Мен қатты қуандым. Аш отырған әйел, балама беретiн азғана азығым бар. Бiрақ осындай күйге түскенiме, садақа алғаныма қатты күйзелдiм. Соған қарамастан нан мен халуадан шейхтiң сырын сезгендей болдым. Естiген оқиғам терең мағынаға ие сияқты болып көрiндi. Шейхтiң: «Осыны өзiмiзге жегiзетiн болсақ – балық шықпас едi», – деген сөзi ойымнан кетпедi. Ол кiсiнiң тақуалығын, дүние iсiне қызықпағанын, Аллаға артқан сенiмiн, ризықтың келуiне деген үмiтiнiң күштiлiгiн ойлап үйге келе жатыр едiм, мына бiр оқиғаға кез болдым. Менi жас баласымен бiрге көшеде қайыр тілеп отырған әйел тоқтатты. Бала менiң қолымдағы орамалдан көз алмайды. Әйел: «Ей, мырза! Мына кiшкентай бала жетiм едi. Асырайтын ешкiмi жоқ, аштыққа шыдамай барады. Қолыңда бiрдеңе болса, тамақтандырғайсың, саған Алланың мейiрiмi болғыр», – дедi. Балаға назар аударсам: Аллаға ғибадат етiп, дүниеден баз кешiп, жалбарынып тұрған 1000 ғибадатшыдан да артық жалыныш ұшқыны көрiнедi. Иә, мейiрiм тiлеген жетiм сәбидiң осы жалынышты кейпi 1000 ғибадатшыдан артық едi. Жүрегiм қақ айрылып, ойлана бастадым. Дәл қазiр мына әйел мен баланы, немесе өз әйелiм мен баламды тамақтандырамын. Екi жағдайды салыстыра бастадым. Бiр кезде жәннат жер бетiне түсiп, осы жетiм сәби мен әйелдi тамақтандырған адамға нәсiп болатындай сезiлдi маған. Адамдар болса соқыр, ешнәрсе көрiп жатқан жоқ. Тағы бiр сынақ… Кешеден берi нәр татпаған әйелiм мен балам есiме түстi. Әйелiм мен балама тамақ берсем – өте жақсы, сауапты iс, бiрақ та, өзiм сабыр етсем, әйелiм мен балам сабыр етiп, осы екеуiн тамақтандырсам бiр емес, бес сауап алғалы тұр екенмiн: өзiмнiң сабырым, әйелiмнiң сабыры, баламның сабыры, осы әйелдiң қуанышының сауабы мен баланың қуанышы. Мен: «Осы аштыққа бiрнеше күн сабыр ету керек болса, сабыр етейiн. Пайғамбарымыз аштыққа сабыр қылмап па едi? Әбубәкiр ше (р.ъ.), бiрнеше күн тамақсыз қалған едi. Ибн Омар да (Аллаһ олардың барлығына разы болсын) аш жүрмеп пе едi?» «Йәтуи» деген ислам фиқһында кең танымал сөз бар. Бiрнеше күн қатарынан тамақсыз, дән татпай ұйықтауды айтады.
Жоқшылықтан осындай жағдайға жеткен сахабалар мен ғұламалар есiме түсе бастады. Олар да сабыр қылған. Мен де сабыр етейiн, әйелiм мен баламды көндiрейiн, ал мыналар болса шынымен де бейшара халде екен. Әлгi әйелге: «Мынаны ал да балаңды тамақтандыр», – дедiм. Сол сәтте, әйелдiң көзiнен бiр тамшы жас ыршып шыққанын көрдiм. Бала болса шаттанып, күле бастады. Бұлардың қуанғандарын көрiп, солармен бiрге қуануға шамам жетпедi. Олар үшiн Аллаға дұға қылдым да, жөніме кеттiм. Екі міскін мәз, бергенiмдi жеп қала бердi. Мен болсам одан бетер уайымға түстiм, тапқан азғантай тамақты басқаларға бердiм, ендi үйiме не бетiммен барамын. Сөйтiп, үйге бармауды жөн көрдiм. Әйелiм мен баламның жылағанын көруге дәтiм жетпедi. Бесiн уақыты жақындап қалды. Мешiттің көлеңкесiн пана тұтып отыра бердім. «Үйiмдi кiм сатып алар екен?» – деп баяғы уайымға қайта түстiм.

Балық қайдан шықты?

Сөйтiп отырғанымда: «Ей, Ахмед ибн Мискин, қайдасың?» – деп менi iздеп жүрген Әбу-Насыр ас-Соядтың дауысын естiдiм. Қарасам, жүзі өте қуанышты екен. «Не болды?» – дедiм. Ол болса: «Ей, Ахмед, үйiңе қайыр мен байлық келдi» – дедi. Мен: «Субханаллаһ! Ей, Әбу Насыр, балық қайдан шықты?» – деппiн.

Досым мына бiр оқиғаны айтып бердi: – Өзiңе кездескен соң, бiр қайыр қылушы мухсиннен саған беретiн қарыз таптым да, тамақ алып үйiңе бармақшы болдым. Сөйтiп, тамақ пен ақшаны алып үйiңе бара жатыр едiм, жолда бiр саудагер: «Мискин Басриды танитын адам бар ма?» – деп жар салып тұр екен. Жиналған жұрт: «Танымаймыз», – дестi. Бiз Мискин Бағдатиды бiлемiз, ол емес пе? – деп сұрады. Жар таратушы адам: «Маған Мискин Басри керек», – деп тұрып алды. Сенiң әкең «Мискин Басри» болғанын, мұнда келген соң «Мискин Бағдати» атанып кеткенiн бiлушi едiм. Оған айтып бердiм. Ендеше ол қайда? – дедi саудагер. Мен: «Ол кiсi не үшiн қажет?» – деп сұрадым. Әлгi адам былай дедi: «Мен басралық саудагермiн. Мискин әл-Басри деген адам (Ахмедтiң әкесi) осыдан 30 жыл бұрын маған бiраз дүние берген едi. Мен ол ақшаны зая кетiрiп алдым да қайтаруға шамам болмады. Ол кiсiге: «Әзiрше ақшаңызды қайтаруға шамам жоқ. Басқа жерге барып кәсiп етейiн. Қашан ақша тапсам, Алланың ризашылығы үшiн қайтарамын», – дедiм. Ол кiсi келiсiмiн бердi. Сөйтiп, сауда iсiмен айналыстым. Қаншама қиындықтардан кейiн Алла қайырын бердi. Мискин Басриге ақшасын қайтарып беруге қолым тимедi, әркез саудада болдым. Ол кісіге беретін үлесті саудаға жібердім. Қыруар ақшаға айналды. Мына керуен түгелiмен сол Мискин Басридiкi. Түйелер де, алтын-күмiс, киiм-кешек барлығы Мискин Басридiң дүниесi. Осының барлығын Басраға алып барсам, ол кiсi Бағдадқа көшiп кетiптi. Содан Бағдадқа келгенiм осы едi», – дедi.
Бұл оқиғадан кейін сенi iздеп жүрмiн. Керуендi әйелiңе әкелiп тапсырдық. Мен: «Субханаллаһ», – дедiм. «Егер осыны өзiмiзге жегiзетiн болсақ, балық шықпайтын едi», – деген шейхтiң сөзi есiме түстi. Досым екеумiз үйге бардық. Есiк алдында керуен тұр. Әйел мен балам тамаққа тойып, ендi пақыр-кембағалдарға садақа тарата бастапты. Субханаллаһ! Осыдан сәл ғана бұрын пақыр едiм, ендi мiне…

Сөйтіп iрi саудагердiң бiрiне айналдым. Аллаға шүкiршiлiк етiп, iзгi амалдарға ұмтылдым. Кембағалдарға, мұқтаж жандарға көмектестiм. Бiлiм үйрендiм, iлiм тараттым.

– Қадірлі жамағат! Осыдан 11 жыл бұрын болған бұл хикаяны айтып беруiмнiң тағы да басқадай себебi бар, – дедi Ахмед Мискин. Осыдан бұрын түс көрдiм. Түсiм мен ертедегі бастан кешкен оқиғаның арасында қандай бiр байланыс бар сияқты көрiнедi. Жиналған жұрт: – «Ей, Ахмед, ол түстiң бiзге айтқан оқиғаға қандай қатысы бар, Алланың саған рахметi болсын, оны да айтып берiңiз», – деп өтiндi.

Ахмед ибн Мискиннің екінші хикаясы

– Түсiмде қиямет күнi басталыпты. Таразылар орнатылып, амалдарым таразыға өлшенейiн деп тұрғанын көрдiм. Сөйтiп, перiштелер келiп, менiң жақсы амалдарымды таразыға салды. Сауапты iстерiм (берген садақаларым, оқыған дәрiстерiм) таудай болды. Таразының екiншi жағына күнәларым салынды. Ол тiптi аз екен. Осы аз ғана күнәм таудай сауаптарымды басып кеттi. Сауаптарымның тiптi салмағы жоқ. Айналамдағылардың бәрi аң-таң. Аса бiр терең маңызға ие дәрiстерiм мен айтқан уағыздарымды қарасам – iшiнде құрт жүр екен. Әлгi құрт таудай сауаптарымның iшiн үңгiп жеп қойыпты. Қауқиған сырты ғана қалған. Бұл құрт не десем – адамдардың мақтауы екен. «Пәленше деген ғалымның бiлiмдiсiн-ай» деген мақтауларға, өзiмнiң «бiлiмдiмiн» деген риям қосылып құртқа айналыпты да, сауаптарымды жеп қойыпты. «Машаллаһ, неткен керемет ұстаз!» – деген сөзге алданыппын. Бiр кезде қайыр-садақаларым үшiн берiлген сауап таразыға тартылды. Пәлен мың адамға садақа берiппiн, қаншама отбасын аштықтан, кембағалдықтан құтқарыппын. Бiр жерлерге үлкен-үлкен мешiттер салыппын. Осындай таудай сауаптарымның ешбiр салмағы болмай шықты. Тағы да iшiнен құрт шығып, жеп қойыпты. Яғни, адамдардың алғысына деген құштарлық, атаққұмарлық, жомарт атану риясы құртқа айналыпты. Сөйтiп, таразының сауаптар жағы босап қалды. Керек десеңiз, ғибадаттарымның өзi сауаптан жұрдай. Оқыған намаздарым, ұстаған оразам, қажылығым, зекетiм – барлығының артында ғурур мен адамдардың мақтаулары тұр. Ағузу билләһ! (Аллаһтан пана тiлеймiн!). Таразым бос. «Ендi ешнәрсесi қалмады ма, тозаққа кететiн болды ғой», – деген дауыстар естiле бастады. Сол кезде: «Мынау қалды, мынау қалды!» – деген дауыс естiлдi. Мен де, адамдар да бұрылып қарасақ, бiр орамал iшiнде екi тiлiм нан, аз ғана халуа келiп таразыға түстi: «Е-е, бұл әйел мен жетiм балаға берген садақам екен ғой». Тағы бiреудiң үнi естiлдi. «Не болды?» – дестiк. Сөйтсем, бұл екi тiлiм нанның сауабы бүтiндей менiкi емес екен, тең жартысы Әбу Насырдiкi екен. Мен болсам: «Өзi де онша үлкен дүние емес едi, жартысы алынып қалды, бұдан не қайыр?», – деп тұрмын. Бiр тiлiм нан таразыға келiп түстi. Қарасам, әлгi бiр тiлiм нан тастай болып қатқан күнәларымды аздап басайын дедi. Ендi құтылуыма азғантай қалған сияқты. Бүкiл ғұмыр бойы iстеген жақсы амалдарымның бәрiн құрт жептi де, құрт жемеген жалғыз амал қалыпты деседi. Ол қандай амал екен? – дестi бiреулер. Баяғыдағы әйелiмнiң сабыры, баламның сабыры, өзiмнiң сабырым (аштыққа деген) зат болып алдыма келдi. Таразыға салынғанда сауаптар жағы ауырлай бастады. Ендi құтылуға аз-ақ қалдым. «Тағы бiр нәрсесi бар ма, iздеңдер», – деген бұйрық түстi. Ештеңе шықпады. Менi тозаққа сүйретiп әкеткелi тұр. Болды, бiттiм. Осы кезде: «Кiшкентай ғана нәрсе бар екен», – деген дауыс естiлдi. «Ол не?». «Баланы тамақтандырғаны үшiн қуанған әйелдiң бiр тамшы көз жасы». «Бiр тамшы жастан не пайда, онда қандай салмақ болсын», – деп жатыр біреулер. «Жоқ, оны да таразыға салыңдар!», – делiндi. Көз жасы таразыға тартылды. Таразыға түскен көз жасы көбейе бастады. Көбейе-көбейе көлге айналды. Теңiз болды. Бiр кезде осы теңiзден бiр балық шоршып шығып, таразының сауап тұрған басына лып етiп құлады. Сауаптар жағы күнәнi басып кеттi. «Құтылды, құтылды!» – деген дауыстар естiлдi. «Әлхамду лилләһ! Құтылдым!», – деп мен де айқайлап, оянып кеттiм. Оянған соң есiмнен екi сөйлем шықпай қойды. Бiрiншiсi: «Балық қайдан шықты?»– екiншiсi: «Егер де осыны өзiмiзге жегiзгенде балық шықпас едi». Барлық мақтаулар әлемдердiң Раббысы Аллаһқа болсын!

16 пікір