Бір жақсылыққа он есе жақсылық
Бір жақсылыққа он есе жақсылық
2 жыл бұрын 2064

Үбәйдулла ибн Мұхаммедтің (р.а.) риуаяты бойынша, бірде қайыршының бірі мүміндердің әміршісі хазірет Алидің есігін қақты. Али (р.а.) Хасан немесе Хұсейінге: «Анаңа алты дирхам берген едім. Соның бірін алып кел», - деп жұмсайды. Хасан әлде Хұсейін (қайсысы екені белгісіз - авт.) қайтып келіп: «Анам оған ұн алмақшы екен» дейді. Али (р.а.): «Мүмін Алланың жолында жұмсамай қолында сақтағанды артық көрсе, онда оның иманы толық болмағаны», - деп, әлгі дирхамның барлығын алып келуін әмір етеді. Хазірет Фатима анамыз алты дирхамды баласынан беріп жібереді. Али (р.а.) бұл қаражатты қайыршының қолына ұстатады. Сол арада түйесін сатпақ болған бір адам келе қалды. Али (р.а.) түйенің бағасын сұрайды. Сатушы: «Жүз қырық дирхам» деп нарқын айтады. Али (р.а.) саудаласып жатпастан: «Түйеңді маған қалдырып кет. Ақшасын кейін беремін» деп түйені алып қалады. Осы кезде түйе сатып алғысы келген басқа біреу: «Бұл кімнің түйесі?» - деп сұрады. Али (р.а.): «Менің түйем» деді. «Түйеңді маған сатасың ба?» дегенде: «Сатамын», - деп жауап берді. «Қанша сұрайсың?» дегенінде Али (р.а.): «Екі жүз дирхам» деді. Сатып алушы бұл бағаға екі сөзге келмей келісе кетеді. Хазірет Али алғашқы түйенің иесіне қарызын, яғни жүз қырық дирхамын қайтарып берді. Қалған алпыс дирхамды Фатима анамызға алып келгенде ол: «Бұларды қайдан алдың?» дейді таңдана. Али (р.а.) бұл Алланың елшісі арқылы бізге уәде еткен сыйы. Сонымен қатар: «Кімде-кім Алла Тағалаға бір жақсы амалымен келсе, оған жасаған амалының он есесі беріледі» (Әнғам, 6/160), - деп Құран аяттарымен жауап берді.

0 пікір