Адамдық пен айуандық
Адамдық пен айуандық
9 жыл бұрын 4039
Абай ХАМЗА

Байқаған боларсыз, мал жаңа туған төлін қатты қызғанады. Жылқы баласы бие адамды құлынына таятпай тістеп, тебеді. Сиыр мүйізін ала жүгіреді. Тіпті, құс екеш құс та балапанына таясаң қанатын сабалап есіңді шығарады. Ал жан-жануардың еркегі ұрғашысы үшін айқасқа түсіп қызыл қанға боялады. Көбік шашқан буралардың қаршылдасып, айғырлардың тік шапшып шайнасып, арлан бөрілердің арылдасқан шайқасын “қызғаныштың” айуани түрі дейміз. Бірақ, адамда осындай мінез көрінсе, не дейміз? Мәселен, әйелін басқа еркектен қызғанып, көк ала қойдай етіп, өлімші қылып сабайтын оқиғалар көп кезігеді. Немесе күйеуін басқа әйелден қызғанып бетін тырнап алғаны жаңағы айуаниға тым ұқсас қой.

Олай болғанда қызғаныштың өзі адамдық пен айуандық сипатта көрінеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: “Мынандай үш түрлі адамға Алла қиямет күні рақым жасамайды. Ата-анасын наразы етіп, оларға тіл тигізген; Өзін еркекке ұқсатып жасанып, киініп алған әйелге; Өз әйелін қызғанбайтын, оған қарағысы келмейтін ерге”, - деп ескерткен.

Мұнда адами қызғаныш айтылып тұрғаны мәлім. Бұл — өз әйеліңді басқа әйелден артық көр, бағала, аяла деген сөз. Өз әйеліңнің бірден бір иесі тек өзің екеніңді ұмытпа, дейді. Осындай болғанда ғана әйеліңе сүйікті боласың, оның да сүйіспеншілігі арта түседі, араларыңнан туған ұрпақ та адал, арлы болады, деген терең тағылымды түсінуге болады. Әйелдің еркекке, еркектің әйелге деген адамшылық қызғанышы негізінде адалдық үшін, жолдан тайып адасып кетпеу үшін сақтықтан туындайтын қызғаныш екенін пайымдауға болады.

Ал айуани қызғаныш неден болады? Еркек пен әйелдің бір-біріне деген күмәнді ойынан туады. Ерлі-зайыптының біреуі қызметтен үйге келуге кешіксе, көлік жағдайы не көлденең бір жұмыстан болды деп, ойлаудың орнына  басқа біреумен кездесіп жүрген шығар, деген сумаң ойы жеңіп кетсе, міне, осы қызғаныштың шырпысын тұтатады. Осындай себепті, хикметті даналығымен болжаған Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Күмәншіл болма. Өйткені оның негізі жалған. Бір-біріңмен аңдыспа” деген қасиетті хадисін аманат еткен. Сондықтан әркез сені аңдып жүретін шайтанның азғыруына еруден сақтан. Ол сенің жалғыз қалған жадау кезіңді аңдитынын ұмытпа. Осындайда Алланы еске алсаң, қасиетті дұғаны іштей оқып қорғансаң күмәнді ойлардың тұманынан арыласың, деген ізгі ниетті еске салады.

Нендей жағдай болса да көзің жетіп, көңілің сенгенше ішкі ойыңа да, көлденең көк аттының сөзіне де иланба, деген асыл ғибраттарды ескертеді. Үнемі жақсы нәрсе ойлау өзіңе жасаған жақсылық ғана емес, одан да зор мәңгілік бақытқа бастайтын жол. Оны хадисте: “Жақсы күмән қылу — ғибадат етумен барабар” деген. Адами қызғаныш — адал ойдан туындайтын имандылықтың белгісі. Әрине, іштегі қызғаныш сезімін қытықтайтын, күмән тудыратын әрекеттерден аулақ жүрген абзал. Бұл әрбір мұсылманнның міндеті екенін ұмытпағанымыз абзал.

1 пікір