Ақшаға айырбасталған уақыт
Ақшаға айырбасталған уақыт
10 жыл бұрын 5980
Абай Хамза

Есігіне «Травматолог Нұрлан Артықбаев» деп жазылған бөлмеге Міржақып асыға бас сұқты. Кіреберістегі медбике жөн сілтеген кезекші дәрігердің орнында екенін көргенде, құтқарушысы алдынан шыққандай қуанды. Бөлмедегі бимағұлым дәрінің иісі де көмек көрсетердей көңілге жағымды сезіледі. Дәрігер диванда бір аяғын түсіріп, бұрыштағы теледидарға көз салып, қалғып жатқан секілді. Міржақып қасына таяп сәлем бергенде, ол тым баяу мойын бұрды. Жанұшырып, асығып келген адамға бұл да бір кедергі құсап кетті. «Тез-тез» дегендей жиілей соққан жүрегімен жарыса сөйледі: – Дәрігер, бауырым, мерекелік алаңда бір баланы мәшинеммен қағып кеттім... Тезірек қарап жіберіңізші?!

Дәрігер тіптен асықпай созалаңдай басын көтеріп, шүйдесіне ауған ақкөк телпегін түзей отырып, Міржақыпқа тектей, тесіле көз салып: – Неғып қақтың? - деді. Көзінде мысқыл ойнайтын тәрізді. Міржақыптың жүрегі мұздап: – Ағеке, шын мәнінде баланың өзі велосипедпен келіп соғылып, мәшинеден ары асып жығылды... Сыртында еш жарақат жоқ.... Бірақ, алғашында есінен танып қалды... Қазір ішім  қатты ауырады деп жатыр... Сіздердің емхана жақын тұрған соң өзім алып келдім...

Дәрігердің өңінде еш өзгеріс байқалмады. Ештеңеге де саспайтын секілді. Сонсоң манағы мысқылды жанарымен Міржақыпқа көз тастап: – Жігітім, – деді: – Бұл ақылы бөлім, тез ақша тауып әкел! Ақыры кінәлі өзің екенсің!

Міржақыптың арқасынан неге екені белгісіз сұп-суық тер бұрқ етті.
– Ағеке, ақша тауып әкелгенше, қарай беріңізші?

Дәрігердің мысқылды  көзінен енді кенет сұп-суық  қырау шашырағандай көрінді.

– Жо...жоқ! Әкелем, өйтем-бүйтем деп со қалпы кетесіңдер. Әкелмейінше ештеңе болмайды. Операция да жасалуы мүмкін... Оған да ақша керек!

Міржақып мәшинесімен екі-үш көшеден кейін тұрған  Мұратбаевтағы таныс ломбардқа қарай зулады. Сағатына көз тастады. Бала соғылған кез таңғы 9 сағат 35 минут болатын.  Емханаға келгенде 9:45 еді. Міне енді 10-ға 5 минут кем. Міржақып ломбардтағы Диана деген таныс экономист қыздың көмегімен жаңалау «маздасын» кепілдікке қойып, алған ақшаларын қолына қыса ұстап емханаға қарай құстай ұшты. Самайынан тері сорғалап, ентіге дем алып, бағанағы кезекші дәрігердің бөлмесіне жүгіріп кірді. Дәрігер ұйықтап кеткен екен, жеңіл қорылы естіледі. Ол тықырдан  селк етіп, сергек оянды. Қызарып кеткен көзін Міржақыпқа  сүзіп: «Әкелдің бе?», - деді. 

Міржақыптың «иә» деген сөзі айтылар-айтылмаста,  таңғаларлық шапшаңдықпен «кеттік, онда!» деп қолын уқалап есікке жалт бұрылды. Дәрігер екеуі маңдайшасындағы әйнекке «Жедел операция бөлімі» деп жазылған үлкен қос есікке жеткенде үстіндегі төртбұрышты  сағат тілі 10:35-ті көрсетіп тұр екен. Есіктің тұтқасына қолын соза бергенде, өңі аппақ қудай болған медбике асыға алдан шықты:

– Нұрлан аға! Таңертең мәшинеге соғылып әкелінген бала қан құсып жатыр!..

Нұрлан:

– Міне, қазір соған бара жатырмыз...

 Міржақып дәрігердің соңын ала жеделдей палатаға кірген сәтте, Нұрланның:

– Аслан! – деп ышқына шыққан даусынан селк ете түсті. Ол сүріне-қабына төсекте езуінен қанды көбік сорғалап, боп-боз болып кірпігі әзер қимылдап жатқан баланың аяғын құша барып жығылды. Орнынан қайта тұрды. Міржақып бір сәтте дәрігердің түрі адам танымастай өзгергенін көріп шошып кетті. Көзі шарасынан шыққан, тістері ақсиып, өңі өліктей ақсұрланған. Қисайған езуінен:

– Мынау менің жалғыз ұлым ғой, ойбай!!! – деген сөзі адамның төбе шашын тік тұрғызардай қорқынышты шықты. Қан лоқсып жатқан 7-8 жасар шамасындағы ұлдың өңіне сәл күлкі үйірілгендей:

– Әке-е-е...- деген әлсіз үн естілді. Көрші бөлімнен асыға басып келген әйел дәрігер балаға үңілер-үңілмес:

– Тез операция үстеліне! Ішіне қан кетіп жатыр! – деп медбикеге бұйырды. Қарбалас басталды. Бір кезде баланың аяғының тамырына жалғанған системаның үздіксіз құйылып тұрған тамшылары бір-екі рет баяулап барып, кілт тоқтады. Әкесіне сүзіле қарап жатқан пісте мұрын ұлдың жанары бір нүктеге қадалған қалпы кірпік қақпай қалды. 

Міржақыптың төбесінен біреу қойып қалғандай көзі қарауытып, теңселіп барып еденге отыра  кетті. Қолындағы сығымдай ұстаған ақшалары шашылып, бала жатқан төсектің астына қарай сырғып бара жатты.

1 пікір
  • Аллахым барлык даригерлердин журегине зор иман бере горинизши!!! Не ушин оларга биз акша беруимиз кажет мен тусинбеймин, оларга окимет айлык кылып екбек-акысын толеп отыр емес пе, жекеменшик клиникаларды былай койганда, казир не танысын, не акшан болу керек жаксылап каралып, емделу ушин((( Алган айлыкты канагат тутып, халыкка кызмет етип, сауап жинайын деген жандар куннен-кунге азаюда((( Аллахым баршамызды тура жолга салып, кунамизди кеширсин, ал мундай жандарга Аллах хидаят берсин деймиз, нендей улкен окиниш(((субхан Аллах
    10 жыл бұрын