Әркімді заман сүйремек...
Әркімді заман сүйремек...
10 жыл бұрын 4068
Тұрсынбек Токин

Алматыда тұратын нағашым ерте қайтып, жалғыз ұлы Марат балабақшадан бастап орысша тәрбиеленіп, орысша мектеп бітірген еді. Кейін есейіп, ер жеткенде де өзі сияқты орыс тілді қызға үйленді. Олар қазақ тілінен мүлде мақұрым болатын. Ол кезде заманның ағымына сай қала тұрғындарына орыс тілі өте қажет болатын. Орысша білмегендер дұрыс қызметке де тұра алмайтын. Соның салдарынан бірыңғай орыстануға бет бұрған қала тұрғындары өзінің дінін де, тілін де ұмытуға айналды. Тіпті, қазақ болғанына намыстанушылар келе-келе христиан дініне бет бұрып, шіркеуге баратын болды.

Соның бірі осы әңгімемізге арқау болып отырған Марат. Ол өзінің қазақ болғанына күйініп, намыстанып жүретіндердің бірі еді. Ақыры орыстанып кеткен Мараттың үйіне көп жылдан бері біз де баруды қойдық.

Аллаға шүкір, еліміз егемендікке ие болғалы әділетсіздікке, ұлтшылдыққа, кемсітушілікке төзбей келгендер бөріктерін аспанға ата қуанғандары белгілі. Заман өзгерді, ел жаңарды. Соның арқасында өз дініне бет бұрушылар күрт көбейіп, мыңдаған сәулетіне көркі сай зәулім мешіттер бой көтерді. Бұл күнде Алматының қай мешітіне барсаң да, іші-сырты толған халық. Олардың дені жастар. Осыларды көріп, көңілің нұрға толып, қуанып қайтасың. Сонымен қатар, дінге енді ғана мойын бұрған бірен-саран шалдардың да қатары көбейе бастады. Құдай сәтін салып, әдеттегідей жұма намаздан кейін Орталық мешіттен шығып келе жатқан бойым еді. Ойымда ештеңе жоқ, күтпеген жағдайға тап болдым. Мешіттің сыртқы дарбазасына тақай бергенімде екі қыз-келіншек менің өтіп кетуімді күтіп, жол беріп тұр екен. Бастарында бір түсті көк орамал тағып, сызылып тұрған екеуіне ризашылығымды танытып:

– Бақытты болыңдар, имандылықтарың тасысын, – деп өте бергенімде:

– Аға, бізді танымадыңыз ба? – деді біреуі. Жүздеріне зер салып, маған жымия қарап тұрған қыз-келіншекті жіті тани алмай, екеуіне кезек-кезек қарай бердім. Бергі жағында тұрған ересектеуі:

– Аға, мен Мараттың әйелімін ғой. Мына қыз қарындасы, – дегенде қуанғанымнан:

– Ой, айналайындар-ай! – дей беріппін. Әрі қарай не айтарымды білмей мүдіріп барып: – Дұрыс болған, намазға бет бұрғандарың дұрыс болған, – дей бердім. Өмір бойы орысша тәрбиеленген екеуінің намазға жығылып, мешітке келгендеріне ризашылығымды танытып, бірден:

– Марат та намаз оқи ма? – деп сұрадым.

– Аллаға шүкір, ол да намаз оқиды. Бір апта болды іссапарда жүр, – дегенді естігенімде қуанышымда шек болсайшы.

Апырмай, заман өзгерсе, адам да өзгереді екен-ау! Қазақтың тілінен де, дінінен де мүлде мақұрым болып, орыстанып кеткен отбасын мешітте көру мен үшін үлкен жаңалық сияқты болды. Бұрын үйлеріне талай келгенімізде бір-бірімен дүңк-дүңк орысша сөйлеумен, кісілердің алдынан ордаң-ордаң етіп өте шығатын екеуінің бүгін жаңа түскен келіндей болып сызылып тұрғанын көргенде, оларға дән риза болдым. Шіркін, заман-ай, бұлар да өзгерген екен-ау!

Келін маған визиткасын ұсынып жатып:

– Аға, көп жыл болды ғой үйге келмей кеттіңіз. Жаңалығымыз көп. Келіңіз, күтеміз, – деді.

Былай шыға бере қолымдағы визиткаға назар аудардым. Келін мешіттің қасындағы нотариустың бастығы екен. Қуаныш жайлаған көңіл күйім әлі де басылар емес. Абай атамыздың: «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деген сөзі ойыма оралып, ішімнен Аллаға дұға еттім.

1 пікір