Қазақ ұлттық киімдерінің денсаулыққа пайдасы қандай?
Қазақ ұлттық киімдерінің денсаулыққа пайдасы қандай?
5 жыл бұрын 6072
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Қазақ халқының ұлттық киімдері жайында көп айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ сол ұлттық киімдеріміздің медициналық жағынан қандай артықшылықтары бар? Бұл мақалада осы жайында кеңірек сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.

Бас киімнің биік болуында да көп мән бар

Халқымыз қашаннан бас киімге үлкен мән берген. Қыздарымыз тұрмысқа шыққанда киетін сәукеле мен бөріктерді алайық. Қазіргі күні осындай ұлттық бас киімімізге ұқсайтын мұндай биік бас киімдерді аспаздар мен дәрігерлердің жұмысқа киетіні де белгілі. Оның мәні – бастың төбесі мен бас киімнің арасында вентиляция жүреді, яғни, аспаздардың асханада ыстықтамауы, ал дәрігерлердің суық мәйітханада тоңбауы ескерілген. Басқа сөзбен айтқанда, ауа температурасының өзгергенімен, биік бас киім киген адамның бойында тұрақты, бірқалыпты температура сақталатыны бүгінгі күні дәлелденіп отыр. Ал тұрақты температура қан қысымы ауруларына шалдығудан сақтайды екен. Қыздың ұзатылу тойында киетін бас киімді қалыңдық қана емес, оның жанына еріп жүрген нөкерлері де киген. Сәукелені кей жерлерде жас келіншектер той-думандарға, мереке-жиындарға киіп баратын болса, тағы бір аймақтарда келіншек тұңғыш баласын босанғанша киіп жүруге рұқсат етілген. Атақты ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде: «Сәукелені жас келін бір жылдай киіп, онан кейін 4-5 жылдарда тек сән-салтанаттарда, үлкен жиындарда киген», – деп жазыпты.

Кимешек – әйелдердің бас киімінің төменгі бөлігі, жоғарғы бөлігі шалма деп аталады. Қазақ әйелдері оның екі бөлігін де ақ матадан тігіп, кестелермен, маржандармен, түрлі бағалы тастармен безендірген. Тек жесір әйелдер ғана кимешекті әшекейсіз киген көрінеді. Кимешектің медициналық мәнді бөлігі иекті айнала, маңдайды жауып тұратын шықшыт орамал екендігінде болып тұр. Себебі, адамның дене мүшелері арасындағы ең осалы – мойын. Түрлі ауруға шалдығу осы мойыннан басталады. Белден, тізеден төмен камзол, бешпент, шапандар барқыттан тігіліп, астар мен екі араға жұқалап жүн, мақта салынып, сырылады, сондықтан да суық, я болмаса ыстық ауаны өзіне қабылдамайды екен.

Жалпы халқымыз (мәсіден басқасы) биік өкшелі аяқ киімдерге де үлкен мән берген. Яғни, сол кездегі ер адамдар да, әйел адамдар да міндетті түрде 3-5 сантиметрлік өкшесі бар аяқ киімдер киюге ұмтылған. Оның медициналық мәнін дәрігерлер қазір ғана айтып, өкшенің биіктігі 3-5 сантиметрден төмен де болмауы, аспауы да керек деп ұсынып отыр. Өйткені, омыртқа аурулары, күре тамырдың ұлғаюы, майтабан ауруы (плоскостопие) сияқты ауруларды болдырмау осы биік өкшелі аяқ киімдерге тікелей байланысты.

Шашбаудың да пайдасы мол

– Біздің халқымыздың, тіпті, әшекей-бұйымдарында да өзіндік медициналық пайдасы бар, – дейді осы саланы терең зерттеп жүрген қаладағы №47 мектептің бастауыш сыныптарының оқу ісі меңгерушісі, жоғары санатты ұстаз Ләззат Жұмабаева, – әшекейлердің көбінесе, күмістен соғылғаны мәлім. Ал күміс адам ағзасына аса пайдалы, бүгінгі таңда күмістің бактерияларға қарсы қасиеті анықталып отыр. Күмісті бірқалыпты пайдалану иммунитетті көтереді. Қан құрамына қажетті эритроциттер мен гемоглобиннің деңгейін жоғарылатады. Сондай-ақ, күмістен құйылған зергерлік бұйымдардың өмірлік тонусты қолдайтын, шаршағанды басатын, сабырлылықты арттыратын қасиеті бар екендігін айтпасқа болмайды. Әшекей-бұйымдарды айтқан кезде қыздарымыздың шашбауына тоқталмай кетуге болмайды. Себебі, оның күмістен соғылатындығынан басқа тағы бір пайдасы бар. Ол шашбаудың басты артқа тартып тұратын салмағы. Қазақтарда шашбауды сылдырлатқан қызды «тәрбиесіз» деген, сол үшін қазақ қыздары кер маралдай керіліп арқаларын тік ұстаған, шашбауларын сылдырлатпауға тырысқан. Осылайша шашбау қыздарымызды омыртқа ауруларына (сколиоз) шалдығудан сақтаған. Арқа жоталары бүкірейіп, қисаймаған.

Ләззат Ғазизқызының бұлай деуінің жөні бар. Біздің қазақ халқы қыраулы қыс, қапырық ыстыққа қарамастан әдемі киініп, әсем таранып жүруді ұнатқан ел. Бір ғана оюлы текеметінің өзі төрге жайылғанда үйдің көркін келтіріп жіберері анық. Еуропалық ақсүйектер сонау XVI-XVII ғасырларда қыздарының белін жіңішке, тұлғасын тік қыламыз деп корсет кигізіп қойған. Кеудені қысқан корсет адам ағзасына аса қауіпті екендігі бүгінде толық дәлелденіп отыр. Қазақ халқының ұлттық киімдері сырт бейнесімен де, климаттық жағдайларға да қолайлылығымен ерекшеленеді. Әр киімнің өзіне тән денсаулық үшін атқарар қызметінің бар екендігі мақтан етуге тұрарлық жағдай.

Ләззат Жұмабаева балаларды ұлттық киімдердің түрлерімен таныстыра отырып, оларды өз ұлтының салтдәстүрлерін сақтап, қадірлей білуге үйретуге болады. Оқушының ойлау қабілетін дамыта отырып қазақтың әдеп-ғұрыптарын ұстанудың қажеттігін түсіндіре білу аса маңызды. Сол арқылы оқушыларды әдептілікке, имандылыққа, мейірімділікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге болады дейді ұстаз.

Қазақы киімнің барша сымбаты мен оюөрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Бұл – біздің ұлттық мәдениетіміз. Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан керуен жолдары біздің дәуірімізге дейінгі III-II мың жылдықта басталғаны белгілі. Керуен Қазақстан жерін басып өтіп, Отырар, Тараз, Испиджаб, Яссы, Сауран, Жент, Каялық, Баласағұн және тағы басқа сол кездегі қалалар арқылы өткен. Сондықтан да қазақ халқының киім үлгілерінің қалыптасуына осы Ұлы Жібек жолының да әсері болған.

Шапанды ел басқарған сұлтандар мен хандар ғана киген

– Қазақтың ұлттық киімдері – халқымыздың ақыл-ойы мен биік эстетикалық талғамының жемісі, – дейді Ләззат Ғазизқызы, – басқа ұлттық киімдерді былай қойғанда, қазақ халқы ежелден шапанды, камзолды, тақия мен бөрікті айрықша киелі киім санап, қадір тұтқан. Әсілінде, халқымыз ерте заманнан бері ұлттық киімдерді кімнің болса, соның иығына жауып, кез келген біреуге қалай болса, солай сыйға тартуды мүлде қаламаған. Керісінше, ел басқарған хандар мен сұлтандар қазақы қалыптың, ұлтымыздың айрықша белгісіндей болған шапанды әсте иықтарынан тастамаған. Тақта отырған ханның иығынан ғана әсем зерлі шапанды көруге болушы еді. Тек ең сыйлы деген қонағына, мәселен, құдасына ат мінгізіп, содан кейін ғана шапан жауып, еліне риза ғып аттандырған. Шынында да, қазақтың ұлттық киімдерінің түрлері мен атаулары көп: кейде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп те, тіпті кейде әлгі жүздердің арасындағы рулардың аттарымен де аталып жатады. Сөзімізге дәлел ретінде адай бөрік, арғын тымақ, тобықты тымақ деген секілді көптеген мысалдарды келтіруге болады. Тымақтың өзі қазіргі малақайлардай емес, ер адамның құлағын, мойнын, қала берді желке, жауырын тұсын жауып, мал бағып жүретін қазақты суықтан қорғаған. Көбінесе ортасына байланысты да ерекше мәнер үлгіге бөлінеді. Яғни, қоңырат үлгісі, жетісу үлгісі, тағы басқа. Мұндай бөліп атау киімдердің кеңдігі, ықшамдылығы, бойға қонымдылығы және әшекейлеу мәнерлерінің ерекшеліктеріне қарай да ажыратылады.

Халқымыздың ұлттық киімі – мәдени мұрамыз. Ұлттық киіміміз әлем халқының алдында ұлтымыздың ерекшелігін танытады, өнерімізді, мәдениетімізді асқақтады. Ұлттық киімімізді өнер туындысы деп қарасақ та болады. Ол атадан балаға мирас болып келе жатқан байлығымыз. Ендеше, ұлтымыздың бет-бейнесі болып саналатын ұлттық киімімізді қастерлеу, дамыту барлығымыздың ортақ мақсатымыз болуға тиіс. Сондықтан төл мерекеміз Наурызда киіп шықсақ та, әйтеуір, үйіміздің төрінде бір ұлттық киіміміз тұрғаны жөн сияқты. Бұл біздің өзімізге, өз халқымызға деген құрметіміз емес пе?!  

1 пікір