Бүркіттің жабдықтары
3 жыл бұрын 2025
Базарбек Күнтуған

Томаға. Бүркіттің екі жанарын жауып тұратын, дулыға тәрізді жабдық. Егер бұл зат болмаса, бүркітті алып жүру қолайсыздық тудырады. Кез-келген аңға ұмсынып мазасы кетеді. Томағаны былғары немесе жұмсақ көн теріден жасайды. Терінің майда бетін ішіне келтіріп, тігісін сыртына қаратады. Бүркіттің көзінің тұсын сыртына қарай томпитып, саңылау жасайды. Құстың тұмсығы үстінен ойынды шығарылып, астына тамақбау тағылады. Томағаның төбесіне ілмек айдар кигізіліп, шешкен кезде құсбегі саусағын іліп ұстайтындай оңтайлы жасалады. Төбесіне әшекей күміс құйма орнатылады. Ең бастысы томаға құстың көзі-басын қажамайтын болуы керек. Аңға жібергенде немесе қайыруда отырған кезде томағасын алады.

Аяқбау. Бұл бүркітті тұғырда отырғанда байлап қою үшін арналған құрал. Құстың үлкен-кішілігі мен түрлеріне байланысты балақбау, шолақ аяқбау, тобыпшық, шыжым т.б. түрі мен атаулары бар. Аяқбау құстың екі жіліншігіне байланып, балағын қыспай еркін айналып тұрады. Жұмсақ теріден жасалады. Аяқбауға ұзындығы 1 – 1,5 қарыс жіңішке қайысбау жалғанады. Аңға жібергенде құстың аяқбауын алмайды.

Тұғыр. Бүркіт отыруға арналған жабдық. Биіктігі құс үстіне отырғанда шалғысы жерге тимей тұратындай болуы керек. Тұғырдың 3-4 сирағы болады. Ол тұғырдың орнықты тұруына қолай тудырады. Тұғырдың үстінде текше табан немесе құсқонары болады. Текше табанды құстың тұяғы білемдей ұстап отырады. Кейбір құсбегілер дәулетіне қарай тұғырды алтын немесе күміспен қаптайды. Құс әбден қартайғанда тұғырда отырып, құлап қала береді. Қазақ құсбегілері: «Тұғырдан әл тайған жоқ» дейтін тәмсілді осындай күйге қатысты айтады.

Саптыаяқ. Бүркітке жем салып беретін ыдыс. Бұл қарағай, терек, қайың сияқты қатты ағаштардың тошынан ойып жасалады. Оны берік болуы үшін малдың майына қайнатады. Сабына қайыс бүлдіргі тағады. Сыйымдылығы 1,5-2,5 литрдей болады.

Шырға. Құсты аңға түсуге баулитын құрал. Бұл аңның бейнесі стилінде жасалады. Оның тұлып, кеп, далбай т.б. атаулары бар. Мысалы, түлкінің терісін бітеу сойып, ішіне шөп тығып, тірі түлкіге ұқсатқан түрін кеп дейді. Шырғаны шыжым бауға орап алып жүреді. Оны сүйретіп жүріп құсты баулиды. Ал, уақыт өте келе жас құсты аузы байланған тірі аңға салып баулиды. Оны тірі шырға дейді. Ұшып кетіп адасқан құсты қайтару үшін де шырғаны пайдаланады.

Түтік. Бүркітті қайырып баптаған кезде пайдаланатын құрал. Бұл ұсақ малдың немесе үлкен құстардың (тырна, қарақұс т.б.) жіліншігінен жасалады. Кейде өзегі бар жіңішке түтік ағашты да пайдаланады. Ұзындығы – 30 см шамасында. Түтіктің екі басын тұжырып, сыртын егеп, майдалап, өңдейді. Өзегін жұмсақ сыбызғы өзегі тәрізді етіп жасайды. Түтікті пайдаланып семіз құстың ішін шаю, салқындату, ішін тазалауға, саңғытуға қолай туғызады. Ол үшін түтіктің бір басын бүркіттің өңешінен жемсауына қарай жүгіртіп, екінші сыртында тұрған басынан салық су немесе қара шай құйып құстың ішін шаяды.

Аяққап. Суық күндері немесе қарлы сонарда бүркіттің саусақ-тұяқтарын мұздап, үсіп қалудан сақтйатын һәм аңның жұмсақ терісінен тігілген жабдық. Әрі әккі аңдардың бүркіттің тырнағын шайнап тастауынан да қорғайды. Аяққапты көбінесе қолбала құсқа алғашқы жылы кигізіп баулиды. Аяққапты төрт саусаққа бірдей етіп, кейде жеке-жеке әрбір саусаққа арнап, қолғап сияқты тігеді.

Иыққап. Бүркіттің екі иығын басып арқасын орай байлап қоятын құрал. Бұл жабдық бүркіттің топшысын суықтан қорғайды. Топшысы тоңазыған құс аңға түскенде әлсіздік танытады. Тіпті «құрт қанат» дейтін дертке шалдығуы да мүмкін. Суық өңірдің құсбегілері иыққапты киізден тігіп, қалың матамен тыстап, түрлі ою-өрнекпен әшекелейді. Оны пішініне қарай: жауырынтақ, иыққап, жабасалма, қосақтаулы қап т.б. түрге бөледі.

Таңдай ағаш. Бүркітті үздіксіз піштактай беруден (дауыс шығарудан) сақтайтын құрал. Кәнігі аңшылар бүркіттің дауысын естіп аң қашып кетпес үшін бүркіттің таңдайына ағаш салып алып жүреді. Оны таңдай ағаш дейді. Бұл құрал құстың тұмсығымен мөлшерлес ағаштан жонып жасалады. Ұшына ноқта бау тағылған қалақ тәрізді болып келеді. Таңдай ағашпен құсбегілер құстың таңдайын басып, ноқталығын тұмсығына кигізіп қояды. Бүркіт дауыс шығара алмай тыныш отырады.

Құндақ. Бүркіттің денесі толық сиятындай етіп жасалған құндақ бесік. Оны талдан иіп астау тәрізді топсалы етіп жасайды. Ішіне киіз төсейді. Құсты орап тастау үшін тартпа баулары болады. Ол құсты тоңып қалудан әрі қанат шалғыларының зақымдануынан сақтайды. Алысқа сапар шеккенде бүркітшілер құсын бала сияқты құндаққа бөлеп алып жүреді.

Биялай. Бүркітші оң қолына киетін, жеңі шынтаққа дейін жалғасқан, берік теріден жасалған қолғаптың түрі. Биялайдың ұзындығы 50 см, ал кеңдігі ішіне қысқы киімнің жеңі сыйып кең болуы шарт. Оны түйе, өгіз, тау ешкінің қалың мойын терісінен жасайды. Терінің түкті бетін ішіне қаратып, әрі қалың киізбен қоса астарлайды. Құсбегі құсын биялай киген соң барып қолына қондырады. Асау құс биялайды қысып ұстағанда өткір тырнағы өтіп кетпеуі қажет. Биялай жақсы болса құс орнықты отырады.

Балдақ. Құсты аттың үстінде алып жүргенде қол талып шаршамас үшін қолданатын құрал. Ұзындығы 2-3 қарыс, айыр ағаш таңдап алынады. Айыр ашасы биялай киген қол толық сыйып тұратындай кеңдеу келеді. Қолды ұстайтын ашаны жұмсақтап төсеніш салады. Оны кепіл деп атайды. Тау текенің мүйізін иіп жасаған мүйіз балдақтарда кездеседі. Балдаққа әртүрлі өрнек салып әшекейлейді. Балдақтың екінші басы доғал болып келеді. Оған қайыс бүлдіргі орнатып, ердің оң қапталына байланады. Құсбегі биялайын киіп, оған құсын отырғызып, атына мініп, құс отырған қолын ердің қапталындағы балдаққа салып аңға шығады.

Қатыр. Құс аңға түскен сәтте, ірі аң құсты жарақаттап тастамас үшін тез өлтіруге көмектесетін құрал. Оны қарақұйрық, жирен, бөкен тәрізді қоңыр аңдардың мүйізінен үшкірлеп жасап, сабына бүлдіргі тағып алып жүреді. Құс аңды ілген сәтте артынан тез жеткен иесі осы үшкіл құралды аңның құлағына бойлата сұғып жібереді.

Жемқалта. Аңға алып шыққан бүркітке жем беру үшін ішіне ет салып алып жүретін дорба. Көлемі 20х25 см. Сәндік үшін оюлап, кестелеп қояды. Егер де құс аңға түспей айнып кеткен жағдайда жемқалтадағы етті көрсетіп шақырып алады. Жемқалтаның іші таза болуы керек. Құсбегілер қалтаға түлкі немесе қоянның дәмді сан етін салып жүретіндіктен кейде «құнарқалта» деп де атайды.

Жеңсебұрау. Аңшылар бүркіттен қашып таяз інге кіріп кеткен түлкі, қарсақ, мәлін сияқты аңдарды жеңсебұрауды пайдаланып іннен алып шығады. Жеңсебұрау айыр ағаштан жасалады. Оны інге жүгіртіп, ішіндегі аңның денесіне тигенде бұрайды. Бұралған айыр ағашқа аңның жүні байланып, сыртқа қарай тартқанда бірге сүйреліп шығады.

0 пікір