Қазағым қара нар еді
Қазағым қара нар еді
10 жыл бұрын 4742
Сабыр Адай

Қара орманымды қалқан ғып,
Қара тасыңды талқан ғып,
Қайралған қызыл тіліммен,
Қағажу көрген діліммен,
Қайысып келді қабырғам,
Қаймана заман қағынған;
Қайқы бас «Қарақашақтай».
Табан астынан табылған.
Уланды жалын жан денем,
Азғындығыңды ар көрем.
Бас идім саған, туған ел,
Майысып балғын тал денем,
Елімнің кетті елдігі,
Ерімнің кетті ерлігі,
Ділім мен дінім, тілімді,
Тірілту мақсат ендігі.
Қазағым қара нар еді,
Қазақы тілім нәр еді.
Тіресе білер текті едім,
Жасымас жігер отты едім,
Халқымда не мін бар еді...
Ақсақал алқа құратын,
Иіліп келін тұратын,
Қызымның бойы наз еді.
Көгілдір көлім қаз еді.
Құлагер ұлым бәйге алып,
Ғұлама шалдар жайланып,
Көк шүйгінге көміліп,
Көк мойнағын тебініп,
«Көк сүңгісі емініп»
Көкжалдар жаудан келгенде
Тобылғы сапты қамшының,
Зер шашағы төгіліп.
Жеңешем құйған қымыздан,
Жұтқаны қандай керіліп!
Әйтеке биім сұңқылдап,
Әулие күйім ыңқылдап,
Ақбөбегім нұрланып,
Қайыбым әнмен ырғалып,
Әуені көкті аралай.
Ойнақтаған он саусақ,
Пернені кетер жағалай.
Солай да солай күн өтті,
Солардан қалған заман-ай!
Сөйлесе сезді зерлеген,
Байланып сөзден көрмеген.
Абыл, Ақтан, Қашаған,
Өлеңнен мүсін қашаған.
Тас жармаса бас жарған,
Тентекті тежеп таспа алған.
Өлгенін жырмен жоқтаған,
Тірісі сөзге тоқтаған.
Билігі асса ұл сөйлеп,
Қылығымен қыз сөйлеп,
Даңқ қумаған данасы,
Даналық құрған баласы.
Солардан қалған қызыл тіл,
Сорыңды кімнен көрермін...

3 пікір
  • Пай ш3ркін!
    10 жыл бұрын
  • Иә, нар қазағымыз, қазір кім болды....? Бұл нағыз жүректен шыққан жыр! Сіз сиықты ар-намысы, иманы бар жігіттер елімізде көбейе берсін деп тілеймін!
    10 жыл бұрын
  • Паһ шіркін,тектілік бізге тек иманмен ғана оралады. Ата-бабамызбен мақтана бермей олардағы иманды бойымызға сіңіріп,олар жасаған жақсы амалдарды бізде жасап үйренуіміз керек. Сонда ғана бізде жарқын болашақ болады иншаАллаһ. Ел боламыз десек бесігімізді түзейік, ал бесікті түзерлік біздер алдымен өзімізді түзеуіміз ләзім...
    10 жыл бұрын